«КАРАТИСТТІҢ» ӘКЕСІ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ
Астанадағы кинотеатрлардың бірінде сатушы қызды теуіп құлатқан Қуаныш Тұракелдиевтің әкесі Болат Тұракелдиев премьер-министр кеңсесіндегі қызметінен кетуге өтініш берген. Ол туралы Қуаныштың қорғаушысы Асқар Үсенбаев мәлімдепті. Оның айтуынша, Қуаныш Тұракелдиев өзінің жасаған әрекеті үшін өкініп отырған көрінеді.
«Қуаныш өзінің әрекеті үшін өкініп отыр, ол кінәсін мойындады және татуласқысы келеді. Жәбірленуші тараптан кешірім сұрауда. Қазіргі таңда ол Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр», – деді қорғаушы. Ол сондай-ақ Қуаныштың премьер-министр кеңсесіндегі бас инспектор Болат Тұракелдиевтің ұлы екенін растады.
Ал «Кинопарк-8 Сарыарқа» кинотеатрында шенеуніктің ұлы Қуаныш Тұракелдиевтен жәбір көрген бойжеткен Меруерт Керімбердиева 21 жаста екен.
Тұракелдиев бойжеткенге қалай тап бергені есінде жоқтығы, өзін билей алмайтындай ашулы күйде болғанын алға тартуы заңгерлердің ызасын туғызған сыңайлы. Танымал қазақстандық заңгер Жангелді Сүлейманов Қуаныш Тұракелдиев есінен адасқан адам деген болжамын жасады. Ол бұл туралы өз Facebook парақшасында жазған.
«Тұракелдиветі есінен адасқан деп тану керек. Себебі есі дұрыс адам мұндай қылық көрсетпейді. Психиатриялық сараптамадан өткізіп, тексеру керек… Бұл адам қоғамға қауіп төндіреді… Ол адамға автокөлікті басқаруға болмайды, сондай-ақ жеке қару ұстауына да тиым салу керек, – дейді Сүлейманов. Бұл ескеретін жай. Қазіргі уақытта көлігімен жолындағы адамды шыбын құрлы көрмей басып өтетіндер, осындай психикасы дұрыс емес, шенеуніктер мен байшыкештердің шолжаң балалары емес пе?
Abai.kz