МАТАЕВТАР МӘСЕЛЕСІ: ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ҚОРҒАП БАҒУДА
Қазір қоғамдық орта мен әлеуметтік желіде қамауға алынған Қазақстан журналистер Одағының басқарма төрағасы әм Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев пен оның ұлына қатысты қызу пікір талас жүруде.
Кеше Сейітқазы Бейсенғазыұлы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының Алматыдағы бөліміне әкетілген. Біраз уақыттан соң Әсет Матаев босатылғанымен, Сейітқазы Матаев қамауда қалды.
Құзырлы органдар ҚазТАГ пен Ұлттық баспасөз клубы 2011–2015 жылдары қолды болған 300 миллион теңге (қазіргі бағаммен 850 мың доллар) қазынаның қаржысына қатысты іс бойынша күдікке ілінгенін хабарлайды. Айыптауды жоққа шығарған әкелі-балалы матаевтар болып жатқан оқиғаны «үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ-қа қысым көрсету» деп бағалады.
Одақ басшысының оқыс қамалуына қатысты қазақстандық тәуелсіз саясаткерлер мен қоғам белсенділері «Аbai.kz» порталына пікір білдірді.
Әміржан Қосанов, саясаткер: САЯСИ АСТАРЫ БАР АҚПАРАТТЫҚ РЕЙДЕРЛІК!
Сейітқазы Матаевқа тағылып отырған айыптар шынымен де ауыр екен. 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген баптың өзі не тұрады! Бірақ өз басым талай жыл журналистика секілді жария салада қызмет етіп, кезінде президенттің баспасөз хатшысы секілді аса жауапты мемлекеттік қызметте болған ол дәл осындай, заңнан тыс, қылмыстық әрекетке барды дегенге сенбеймін! Менің білуімше, Сейітқазы «малым –жанымның, жаным – арымның садағасы» дегенді принципті ұстанған ар-ождан мен ел алдындағы абыройын ойлап жүрген азамат. Жә, тергеу басталған екен. Оны да көрерміз. «Аққа Құдай жақ» деп, осы сыннан Сейітқазы мен оның ұлы абыроймен шығады деп сенемін. Меніңше, Матаевқа осындай көпе-көрінеу қоқан-лоққы көрсетілуінің бірнеше себебі болуы мүмкін.
Біріншіден, Матаев – ел ішінде беделі бір төбе Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы. Бұл ұйым қазіргі қиын-қыстау заманда сөз бостандығын қорғау жолында тәуелсіз журналистерді қолдау шараларына мұрындық болып жүр, сонысымен журналистік қауымда, қала берді қоғамда ықпалды әрі мәртебелі. Қазақстандағы саяси конъюнктура билікті осы сөз бостандығын мықтап шектеуге итермелеуде. Осындай «қызықты» жағдайда Журналистер Одағы секілді ұйымның дабыл қағып, шу көтеріп жатқаны билікке аса тиімсіз. Бізде өкімет тәуелсіз әрі сыншыл журналистерді жекелеп қудалап жатыр емес пе? Бәлкім, билік олармен бір-бірлеп күресуден шаршап, «Матаев секілді тұтас бір журналистік Одақтың басшысын бір тұқыртсақ, дегенімізге жетерміз» деп ойлап жатқан болар?! Екіншіден, Матаев Ұлттық баспасөз клубы секілді ерекше танымал диалог мінбесінің негізін қалаушы әрі жетекшісі. Бұл клубта қоғамда бар алуан түрлі пікір иелері ел алдына шығып, БАҚ өкілдеріне өз көзқарасын жеткізу мүмкіндігіне ие болып келеді. Соның ішінде біз секілді билікті сынап жүрген демократиялық сипаттағы, оппозициялық ұйымдар мен тұлғалар да талай мәслихат өткізген. Ал қазір, кезектен тыс парламент сайлауы өтіп жатқан шақта, билік үшін мұндай пікір алуандығы мүлдем керек емес.
Үшінші мәселенің сипаты басқаша. Оның аты – рейдерлік, яғни, заңсыз түрде басқа біреудің меншігін иеленіп қалу әрекеті. «Ақпаратқа ие болған адам әлемді билейді» деген сөз бар. Қазіргі ғаламдық ақпараттану заманында бұл тұжырымның маңызы еселене түсуде. Матаев «КазТАГ» секілді ақпарат агенттігін қайта жаңғыртып, хабар таратудың шетелдік озық стандарттарына сай тамаша үлгісін құрды. Ол агенттік те плюралистік тұрғыда қызмет етіп, басқалар секілді қатып-семіп қалған әрі бояма хабарды емес, жанды әрі көкейкесті ақпаратты таратып, оқырманның қызығушылығына ие болуда. Бәлкім, билік маңындағы бір топ осы құрылымды өз меншігіне айналдырғысы келетін болар. Ол туралы кеше агенттіктің директоры Әсет Матаев та ашық айтып отыр ғой. Бір нәрсе айқын: Матаевқа қарсы науқан жариялаған топтың билік ішіндегі ықпалы орасан зор. Қимыл-әрекетіне қарасақ, олар ешкімнен де қорқып отырған жоқ. Олар парламент сайлауы кезінде Қазақстанға ерекше назар аударып, «осында не болып жатыр екен?», - деп қызығып, елдегі жағдайға мейлінше объективті көзқарас танытып, осындай рейдерлік акцияларға теріс бағасын беретін шетел қауымдастығы мен БАҚ-тан қорқып отырған жоқ. Олар Матаев кезінде өзінің баспасөз хатшысы болған елбасының ашуынан да қорқып отырған жоқ!
Расул Жұмалы, саясаттанушы: МОЛ ҚАРЖЫ БӨТЕН ЕЛДІҢ АҚПАРАТТЫҚ МҮДДЕСІ ҮШІН БӨЛІНІП ЖАТЫР
Қазіргі қолда бар ақпараттар Матаев туралы бәлендей бірдеңе деп айыптауға жеткілікті емес. Мысалы, сайлауға қатысты немесе нақты бір саяси күштермен байланысты болуы мүмкін деп айтуға келмейді. Біріншіден, Матаевты мен ғана емес, баспасөзге қатысы бар азаматтар жақсы біледі. Азамат ретінде де, басшы ретінде де, журналист ретінде де абыройы бар кісі. Сондықтан кешегі болған оқиға өз басыма жай түскендей әсер етті. Мен Сейтқазы Матаевты білемін. Өз басым ол кісінің сондай қаржылық қылмыс жасады дегеніне сенгім келмейді. Меніңше, мәселенің аражігін анықтау үшін, құзырлы органдар тергеу амалдарын мейлінше ашық жүргізуі тиіс.
Екіншіден, мені қатты алаңдатқаны, кешегі құқық қорғау органдарының жасаған мәлімдемесі. Ол мәлімдемеде матаевтар мемлекет қаржысынан журналистикаға бөлінген 300 миллион теңгені жымқырды, ұрлады, қалтасына басып кетті, сондықтан олар кінәлі деген сөздер айтылды. Бірінше кезекте бұл өте сауатсыз мәлімдеме болды және Заңға қайшы. Ал Конституция бойынша нақты азамат кінәлі ме, жоқ па оны анықтайтын тарап біреу ғана – ол Сот. Сот шешімінсіз, біреуді ашық айыптауға Қаржы полициясы болсын, басқасы болсын құқылы емес.
Сондықтан ашық айыптаулар түрлі күдіктерге жетелейді. Тіпті, бұл бір саяси тапсырыс болды ма деген де ой бар.
Үшіншіден, ақпарат саласында жымқырылған қаржыларды сөз ететін болсақ, әлде қайда, ондаған, жүздеген есе қаражатты жымқырып жатқандар жетерлік. Мына құқық қорғау органдары неге солармен айналыспайды? Мысалы, миллиардтаған қаражат көптеген арналарға кетіп жатыр. Ақпарат саласын былай қойғанда, өткенде Үкімет екінші деңгейлі банктерді қолдау үшін мемлекет қазынасынан 10 миллиард доллар бөлді. Бұл сұмдық сома. Сол ақша із-түссіз жоғалып кетті. Халықтың ақшасы қайтарлымады, жауап берген ешкім жоқ. Қаржы полициясы мен ресми органдар міне, осындай шаруалармен айналысуы керек еді. Тіпті, ақпарат саласына қайта оралатын болсақ, қазынаның миллиардттаған қаржысы бөтен мемлекеттің ақпарттық идеологиясын ұстанатын, өзге мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізіп отырған телеарналарға жұмсалып отыр. Бұны қалай түсінуге болады?
Міне, осындай дүниелерден кейін түрлі жорамалдар жасауға болады. Мысалы, бұл Матаев басшылық етіп отырған ҚазТАГ-ты тартып алу әрекеті болуы мүмкін. Жала жабылуы да мүмкін. Себебі, Сейтқазы Матаев осы баспасөз саласында жүрсе де, оппозициямен айналысты. Сондықтан түрлі жорамал жасауға болады. Ал менің пікірімше, Матаевқа қатысты тергеу амалдары мейлінше ашық жүргізілуі тиіс және қоғамдық пікір де белсенді болуы керек.
Ермұрат Бапи, журналист: ОЛАР БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНДА ШЫҒАТЫН ШУДАН ҚОРЫҚТЫ
Бұған дейін Сейтқазы Матаев та, Әсет Матаев та прокуратура шақырған кезде заңды құрметтейтіндіктерін көрсетіп, барып, түсініктемелерін беріп жүрген. Ал енді бүгін, шамасы баспасөз мәслихатының болатынын білді ме екен, мынадай айқай, дау-дамайды сыртқа шығарып жібермеуге тырысты ма екен, оларды ұстап әкетті. Бұл бір компьютермен немесе бір ғана доменмен тұрған ақпараттық агенттік емес, бұл халықаралық ақпараттық агенттік. Бұның филиалдары әлемнің оншақты елдеріне тараған. Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, тіпті Иранға дейін бұның бөлімшелері бар. Сондықтан бұның астарында ақпараттық ресурсты басып алудың жолы жатуы мүмкін. Ресурс әлдекімдерге қажет болып тұр.
Алмас Жұмағали, заңгер: ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ТАРАПЫНАН ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ӘРЕКЕТ КӨРІП ТҰРҒАН ЖОҚПЫН
Матаевтың ісіне қатысты мәлімдемемен танысып шықтым. Бұл жерде Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған заңға қайшы істі көріп тұрған жоқпын. Қаржы полициясы Матаев 12 жылға бас бостандығынан айырылады, немесе кінәлі деп тұрған жоқ. Бұл жерде осындай баптар бойынша айып тағылып, күдікті деп қарастырғаны туралы сөз болған. Ал бұған дейінгі мәлімдемелерді тергеуге кедергі келтірмейтіндей тарапта ресми органның жариялауына болады. Алайда, мәселе көтеруге болатын жалғыз ілік – баспасөз мәслихатында айтылғандай, «күштеп әкелген» деген тұсы. Ал күштеп тергеуге әкетуге – күдікті, айыпталушы жауап беруден бас тартқан кезде ғана рұқсат етіледі. Бұл бірінші мәселе.
Ал, екіншіден, Матаевтың айыпты немесе кінәсіздігіне біз баға бере алмаймыз. Баға беретін, шешім шығаратын орган – Сот. Сондықтан Матаев ісіне қатысты бәлен-түген деуге ертерек. Ресми мәлімдемеде көрсетілгендей, «бұл қылмыстар ауыр болып табылады және бұл үшін Ол (ред.- Матаев) 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деп жазылған. Яғни, «айырылады» деген белгілі бір айыптау бағытында сөздер айтылмаған.
Пікірлерді топтастырған Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz