Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7502 2 пікір 19 Ақпан, 2016 сағат 10:53

ТҰРСЫНАЙ ОРАЗБАЕВА: ӨНЕРГЕ ҚАШАНДА ТАЗАЛЫҚ КЕРЕК

 (Аяқталмаған сұхбат)

Сайрам ауданы − қасиетті Сансыз Баптар мекені. Жері − жұмақ, даласы − байтақ өлкеде талай таланттар туған. Солардың бірі, ақын, аудармашы, сазгер, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, А.Фадеев атындағы және «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлықтарының, сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалі мен «Құрмет» орденінің иегері − Тұрсынай Оразбаева. Қазақтың аяулы ақын қызы Мәскеуден «науқастанып келіпті» дегенді естігенде, ата дәстүрмен алдына көңіл сұрай барған едік.

− Мәскеу жайлы айтыңызшы, әпке.

− Мәскеу − көп ұлтты қала. Адамдарының бәрі асығыс. Әрлі-берлі сапырылысып жатады. Көшелерінде адасқандай болсаң, кетіп бара жатқан жолаушыдан жөн сұрауға батына алмайсың. Қарапайым жанға Мәскеуге бару арман көрінгенмен, бизнесмендер топырлап күнде келіп жатады. Біз жақтан барған бизнесмендер ырду-дырду ресторандардан шықпай, мың долларға қиналмай түстеніп кетеді екен. Осыны естігенде: «Жетіскен екенсіңдер!» − деп ызам келеді. Одан да сол қаражатты жетім-жесір, мұқтаж жандарға берсе ғой, сауабы тиер еді.

− Қазақтың талай зиялысы Мәскеу жайлы қалам тербеген. Көркем әдебиет бойынша сіздің өлеңдеріңіз бен Айгүл Кемелбаеваның хикаяты арқылы Мәскеуге қанықпыз. Туған елге деген сағыныш Айгүлдің прозасында «сүт құбырына» айналыпты...

− Иә, иә оқығам. Ел мен жердің қадірін жырақта жүрген адам қатты сезінеді. Сағыныш − қиялды қанаттандырады. Жалпы адамзаттың қиялы жүйрік қой. Айгүлден қаншама жылдар бұрын, Саха елінен телегей-теңіз боп, буырқана аққан Лена, Ньюрба, Марха, Таатта өзендерін көрдім. Абайсызда түсіп кеткен адамды жұтып жібере жаздайды. Көл-көсір су жергілікті халықты әбден мезі еткен. Күн жылынса болды, сай-саланы арнасын асып көтерілген су алып кетеді. Ми батпаққа батып, немесе тасқын суға кетіп өлген адам шығыны көп. Менің көз алдыма шөл далада кенезесі кеуіп, тұзға шөгіп, қайраңдап қалған Аралдағы кемелер елестейді. Сондайда: «Тайга менен Азияның арасын жалғайтын канал салынса ғой,» − деп армандайтынмын. Ғалымдар да тиімді жоба жөнінде зерттеулерін ұсынып жүрді. Кейін одақтас елдер тараған соң, әркім өз дүниесін қорып, бұлдап жатқанында әкімдер бас қатырып жатсын ба, үздік деп танылған жобалар кәдеге аспай қалды. Соған әлі күнге жүрегім ауырады, себебі екі елдің мұң-мұқтажын көзбен көріп, жаныммен сезінген пенде ем...

− Жаңа сөзіңізде әкімдер жөнінде айтып қалдыңыз. Жалпы ақ жағалылар жайында не дейсіз?

− Мен өмір бойы әкімдермен тіл табыса алмадым. Қатар замандастарымның әдеби кештері мен кездесулері жергілікті биліктің қолдап-қолпаштауымен өтіп жатады. Оларға қарап, әрі сүйсініп, әрі қызығып жүрсем, сайлау кездерінде әлгі өзің айтып отырған ақ жағалылардың шашбауын замандастарым көтеріп жүреді. Содан дүниенің сен − маған, мен − саған айырбас екендігін ұқтым. Өнерге қашан да шынайылық, тазалық керек қой.

− Ал туған жеріңіздегі әкім-қаралар сізге қандай сый-құрмет көрсетті?

− Е-ее, айналайын-ай! Әлімсақтан ақын бабаларымыз шен-шекпенділермен алысып, өз дәуірінде биліктен қолдау таппаған. Бұл жерде «сарай ақындары» туралы әңгіме жоғарыдағыдай. Биліктегілердің ақын-жазушылар  үшін қадірі қалмады, ал биліктегілер үшін  ақын-жазушылардың сүйкімі қашты. Жан баласынан жасырып келіп едім, саған шынымды айтайын. Шымкенттегі шығармашылық кеште әкімнің орынбасары сахнаға шығып: «Сайрам ауданының атынан машина! − дегенде, мені қойшы, отырған жұрт дүр сілкінді. Мәртебем үшін, халқым қуанды. Басқалар сияқты ақын да адам. Сахнадан шыққасын, конвертті ашсам, іші бос! Атқамінерлердің мұнысы қай мазағы деймін күйініп. Көз бе көз, жүз бе жүз санап алмаған соң, сөзімді қалай дәлелдермін?! Содан кейін туған жерде билік жүргізген ақ жағалылар мені іздемеді, мен оларды іздемедім. Бірақ бұған да тәубе, осындай жалған қошеметтің өзі Ерсінбек ағама (Қойбағарұлын айтады) бұйырмай кетті ғой.

Берді екен деп, байып кетпеймін. Жоқ екен деп, құдай берген дарын жоғалмайды. Көңіл-дағы... Араға жылдар салып, билік өкілдері «Сайрам ауданының құрметті азаматы» атағын берді. Олардың ықылас-пейілдеріне разымын.

− Тұрсынай-әпке, көңіл-күйіңізді түсіріп жібердім ғой деймін. Мәртебеңізді көтерген кездесулер жайлы еске алыңызшы...

− Мен өз өнеріме алғашқы құрметті Саха елінен көріппін. Сол елдің танымал ақын-жазушыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болдым. Мен оларды, олар мені аударды. Жолым түскен әрбір сапарымда ел-жұрты тікесінен тік тұрып, шет елдің президентін қарсы алғандай құрметпен күтіп алады, құрметпен шығарып салады. Саха-Якутия автономиялы Республикасының президенті «Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын салтанатты түрде өз қолымен табыстаған.

Кейінгі құрметті Өзбекстан елінің басшысынан көрдім. Ташкент қаласында қазақстандық жас ақын-жазушылардың кезекті басқосуы өтіп жатты. Делегация құрамында мен де бармын. Сол сапарда, Әлішер Науайы атындағы драма театрда ұйымдастырылған кездесуде «Өзбек бауырларға» атты өлеңімді оқып бердім:

«Науайыңды сүйемін Абайымдай,

Сыйласамын бір туған ағайындай.

Қашан келсем, тұрасың гүл-гүл жайнап,

Мәңгі баһар – шырайлы май айындай.

 

Өмірі абад – ғажайып гөзәл ән деп,

Ежелден-ақ «Өзбегім – өз ағам» деп.

Келіп тұрмын тойыңа ақ тілеумен,

Жүрек сырын толғайтын сөз алам деп.

 

Күннен күнге құлпырған сәнің керек,

Жанымды жадыратар әнің керек.

Жаңа өмірдің Хамзасы, Надирасы –

Сүйкімді ұл-қызыңның бәрі зерек.

 

Даңқың өрлеп, алға озып, жанса бағың,

Тойыңды өз тойымдай қарсы аламын.

Кең даламнан жеткізіп құттықтауды,

Табысыңа қуана қол соғамын!

 

Қыз алысып қыз берген тату досым-ай,

Сіз бен бізге керек-тін бақыт осындай.

Достығымыз мұнан да ажарлансын,

Қызыл-жасыл, үр жамал атласыңдай».

Ду қол шапалақтау. Қошемет. Сахнаға Өзбекстан Республикасының бірінші хатшысы Иномжан Усманходжаев жылдам шықты да, иіліп келіп, қолымнан сүйді.

− «Құрмет» орденін иелендіңіз. Елбасымыздың қабылдауында болған боларсыз?

− «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегенді ата-бабамыз текке айтпаған. Марапатталар кезде, Алматыдан Мәскеуге енді ғана оралып ем. Қаражат қолбайлау болды да, Қазақстан Жазушылар одағына наградамды ала тұруды телефон арқылы аманаттадым. Кейіндеу Алматыға жол түскен сапарда Нұрлан Оразалин өз қолымен табыс етті. Елбасының еңбегімді елеп-ескергені шабытымды еселеді. 

− Алдыңыздағы ақын-апаларыңыз бен қаламдас сіңлілеріңіздің өмірі мен шығармашылығы жөнінде не айтқыңыз келеді?

− Шымкенттен қос ақын қыз қатар жарқ еттік. Ханбибі Есенқараева екеумізді Фариза апамыз Алматыға қайта-қайта шақырып, біздердің өнер мен мәдениет ортасында біте қайнағанымызды қалады. Жұмысымды сол себепті Алматы қаласына ауыстырдым.

Өнердегі достарым Қатира Жәленова, Күләш Ахметова, Жадыра Дәрібаевалармен мақтана алам. Ал талантты ақын, аудармашы Сәуле Үсенбекованың шығармашылығынан зор үміт күтем. 80-90 жылдары көркем әдебиетке келген жастар арасында қолына қалам ұстаған нәзік жандыларды көзге ілмеушілік сезіле бастаған. Ер-азаматтар жағы қыз-келіншектерден ақын-жазушы шықпайды деп бір тиіссе, «кәрі қыздар» деп екі тиісті.

− Есенғали Раушанов сынды ағаларымыз ба?

− Иә. Сол кезде ашумен: «Әйелден ақын шықпайды!» − дейді біреу масқара-ай! Ақылды сөз айттым деп, білгішсінген қасқаны-ай! Айдай әлем алдында барыңды жоққа шығармақ, Жонынан емес, тілінен тілер ме еді таспаны-ай!» деген өлең жолдары жазылып еді.

Шын мәнінде, ақындық әйелден бастау алған. Сезім, махаббат, өнер сияқты адами қасиеттер о баста әйелден пайда болды. Нақты дәлел ретінде «Бесік жырын» алайық. Күллі өнер атаулы әйелге бірінші дарығандығы ғылымда дәлелденген. Әйел-аналардан «Бесік жыры» арқылы ұрпақтарға жалғасты. Қазақ әдебиеті тарихындағы айтыскер ақын апаларымыз Ұлбике мен Саралар, өз тұсындағы азулы ақындардың ешбіріне дес бермеген. Бұл менің ақын апаларым мен қатар құрбыларым жайлы айтпағым.

− Жерлес ақын-жазушылардан кімдермен шығармашылық байланыстасыз?

− Кейінгі жастарды танымаймын. Елден жырақта жүрген соң, олардың қабілет-қарымын байқау едәуір шектелді. Ерсінбек Қойбағарұлы, Мирполат Мирзо, Захардин Қыстаубайұлы, Қабылбек Төретайұлы, Сабырбек Нұрманұлы, Үсен Шойбеков, Баян Тіленшина, Зияда Исатайқызы,  Әбдірахым Пратовтарды ақын-жазушы ретінде бағалаймын.

Ерекеңмен сонау жастық шақтан ағалы-қарындастай болдық. Екеуміз көршілес ауылдардан: мен − Қайнарбұлақтан, ол − Құрлықтан едік. Біз бір-бірімізді қажет кезде демедік, жетектедік, қамшыладық, пікірлестік. Оның мәдениеті мен түсінігі, білімі, өз ортасында өзгелерден озық тұратын. Сол даралығын көзі қарақты оқырман шығармаларынан байқар. Жайсаң азамат еді, жарықтық. Науқастанып қалып, Бағдагүл жеңешеме көңіл айтуға да жарамадым. Менің Ерекең жайлы айтарым ішіме сыймайды. Өте көп. Сәл тәуір болып алайын, сосын...

Ал, Мирполат Мирзо Мәскеуге кеткенімнен кейін, екі рет арнайы іздеп келді. Нақтылап айтсам, Шымкент қаласында өткен шығармашылық кештің соңынан келіп құттықтады. Ал Алматыда өткен шығармашылық кештен оны кездестірем деп мүлде ойлағам жоқ. Алтын уақытын қиып, жердің шалғайлығына қарамай, елдің соңынан елеусіз ғана кеп, мені құттықтағаны және қолыма «Сайра, домбырам!» атты аударма кітабын сыйлағандағы қуанышым күні бүгінгідей көз алдымда. Жерлес, қанаттас, қаламдас, замандасым қазақ әдебиеті антологиясын Абай атамыздан бастап, Әбілдә Аймаққа дейін өзбекшелепті. Поэзиядағы көркем аударма қиынның қиыны болса да, қазақ әдебиетін бүтіндей өзбек әдебиетімен қауыштыруы, екі ел арасындағы рухани достық байланысты одан әрі нығайта түсуге қызмет етеді. Осы еңбегі бағаланып, ақын, аудармашы, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Б.Пастернак атындағы сыйлықтың иегері,  Мирполат Мирзо − Халықаралық «Алаш» сыйлығымен марапатталған. Сен оны танисың ба, өзі?

− Әрине. Ақын, аудармашы, драматург Мирполат Мирзоның шығармаларына қанықпын, бірақ сырттай ғана танимын...

− Мен − Мәскеуде, ол − Тәшкенде. Көрмегеніме көп болды. Сенен өтінем, кездесе қалсаң, міндетті түрде танысып, менен көп-көп сәлем айт! «Өзбек бауырларға», «Құрма түбіндегі кездесу мен қоштасу», «Мәзірі − кәзір әзір» атты өлеңдерімді аударуға бер.

− Жарайды, сәлеміңізді жеткізем. Сіз қалай ойлайсыз, әпке, өмірдің мәні неде?

− Тіршілік үшін от пен су, ауа қандай қажет болса, адамға да соның бәрі зәру. Денсаулық, өнер, білім, отбасы, ұрпақ, қызмет, дәулет, дос-жаран, бәрі-бәрі керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, төрт құбылаңды түгелдеу оңай емес. «Өлең, өлең!» − деп жүріп, ауруды асқындырып, отырысым мынау. Жалғыз қызым Сардаананың әкесі − Абай, Семейдегі арғынның жігіті еді, ерте дүниеден қайтты. Ақындықпен де алыстым, тұрмыспен де тайталастым. Асау өмір өз дегенін істеді. Көңлімдегі бір медет − қызым мен күйеу балам. Олардан өрбіген жиенім − Нұрәмір. Қызым − өнертанушы. Ал күйеубалам Рүстем Мәскеудегі италиялық компанияда көлік саласының жауапты маманы болып қызмет атқарады. Артыма қарайласам, өмірде де, өнерде де із қалдырған сияқтымын...

Осы сәт бөлмеге былдырлап, үш жасар Нұрәмір кірді де, әжесінің етегіне оралып, әңгімеміз үзіліп қалды.

PS: Қадірлі, әдебиет сүйер қауым! Ардақты ақынмен ақпан айындағы алты кездесу маған үлкен сабақ болды. Тұмадан тұнық Тұрсынай әпкем Мәскеуге аттанарында қалта телефоныма хабарласып, «қайыр-қош» айтты. Тамағымда тізбектелген түйдек-түйдек сұрақтар сол жақ кеудемді тыз-тыз түйнетіп, мен қала бердім, елде. Біздің сұхбатымыз аяқталмай қалды.

 Сонда менің қоштасқым келмеген...

Гүлдәрия Әшірбаева,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

2015 жыл, ақпан

Оңтсүтік қазақстан облысы.

 

Өмірдерек:

Тұрсынай Оразбайқызы Оразбаева,  1950 жылы 19 ақпанда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылында туған.   2015 жылы мамыр айының 21-і күні Мәскеуде  дүние салды. Ақын.

Еңбек жолын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. 1970—1980 жж. облыстық радио комитетінде және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып істеген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. 1980 жылдан бері Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор болып істеді. 1989 — 1991 жж. Мәскеуде Жоғары әдебиет курсында оқыған. 1997 жылдан Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші қызметін атқарды.  А. Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008). Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері.

«Таң шапағы», «Іңкәр жүрек әуені», «Ты моя весна», «Гүлсезім» , «Хомус и домбра»,  «Я твоя весна», «Сардана – Әсиягүл»  кітаптарының авторы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417