БОЖКО СУ ТАСҚЫНЫНА ӘР ШЕНЕУНІК БАСЫМЕН ЖАУАП БЕРЕДІ ДЕДІ
Қарағанды облысында биыл да топан су басу қаупі жоғары. Өйткені аймақтағы қар қалыпты деңгейден 2 есе көп. Мұндай ақпаратты облыс аумағын тікұшақпен аралап шыққан Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко айтты. Ол көктемдегі су тасқынына әр шенеунік басымен жауап беретінін ескертті, - деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Владимир Божко, емтихан қабылдаған мұғалімдей, қарамағындағыларды қыспаққа алды. Елді мекендердегі төтенше жағдайлар бөлімдерінің кей бастықтары мен аудан әкімдерінің оқу-жаттығу жұмыстарымен шектелгені Ішкі істер министрінің орынбасарына ұнамағаны анық. Оның үстіне биыл облыста қар қалыпты мөлшерден екі есе көп жауған. Ерте көктем басталса, селге төтеп беру қиын екенін айтты. Сондықтан Божко су тасқынына әр шенеуніктің басымен жауап беретінін ескертті.
"Қардың биыл көп екенін байқадым. Бірде-бір қара жер жоқ, айнала аппақ. Сондықтан тұрғындар ауласын тазаласын. Көшеге шығарылған қарды тазалау - биліктің шаруасы. Учаскелік полицейлер әкімдікке тұрақты есеп берсін. Міндетін дұрыс атқармағандар қызметтік жауапкершілікке тартылады", - дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко.
Министр орынбасары, әсіресе Қарқаралы, Абай, Осакаровка аудандарының шенеуніктеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Былтыр бұл елді мекендердегі ондаған ауылды топан су басқан болатын. Бүгінгі күні аталған ауылдар әлі күнге ескерту дабылдары мен ауа райын болжайтын гидрометеорологиялық стансалармен жабдықталмаған. Тіпті қардың мөлшерін өлшейтін арнайы қондырғы да алынбаған. Бір ғана Қарқаралы ауданындағы облыстық, республикалық тас жолдардың бойында, жиналған суды ағызатын 2 құбыр ғана бар. Ол аздық етеді, ал жаңасын орнатуға қаражат қолбайлау болған. Астаналық шенеунік, бұл жолдар селге бөгет болып жатса, бұзылатынын айтты. Ал, аудан әкімдігі әзірге қауіптің жоқ екенін жеткізді.
Еске салсақ, былтыр көктемде облысқа қарасты 9 ауданындағы 50 шақты елді мекенді топан су басқан болатын. Осының салдарынан жүздеген үй қирап, халықтың дүние-мүлкі мен малы суға кетті. Алдыңғы жылы көктемде Көкпекті ауылында тоған жарылып, 5 адам қаза тапты. Екі бірдей апаттан сабақ алған Владимир Божко шенеуніктерді бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс істеуге шақырды. Ал тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстардың барысымен Ішкі істер министрлігін жергілікті полицейлер таныстырып тұратын болып уағдаласты.
Абай-ақпарат