Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9424 0 пікір 15 Ақпан, 2016 сағат 16:42

Қазақ жеріндегі көтерілістер БІЗГЕ САБАҚ БОЛДЫ МА?

Биылғы 2016 жылғы ең үлкен, әрі маңызды мерейтойымыз – жігіттік жасқа толып отырған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тойы. Осы Тәуелсіздікке, азаттыққа қол жеткізген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдық тойы. Қазақ халқы азаттық үшін ХХ ғасырдың аяғында ғана күресіп қойған жоқ. Өмір бойы күресіп келді. 1916 жылы Ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. Оған биыл – 100 жыл толады.

Бостандық сүйгіш қазақ халқы Тәуелсіздік үшін ылғи да сыртқы жаумен аянбай күресіп келді. Жоңғарлармен жан алысып, жан беріскен соғыстан әбден әлсірегенде, қазақ халқын Ресей отарлап алды. Бірақ халқымыз онда да басын иіп, мәңгілік құл болуды ойлаған жоқ. Патшалық Ресей кезінде ірілі-ұсақты 300-дей ұлт-азаттық күресін бастан кешірді. Солардың ірілерінің бірі – 1916 жылғы кекті Ұлт-азаттық көтерілісі болды.

Көтеріліске шығуға халық арасында «Июнь жарлығы» негіз болды. Бұл жарлық бойынша 19 бен 31 жас аралығындағы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу көзделген еді. Нәтижесінде, майданға бала бермеуге бекінген қазақ халқы көтеріліске шықты. Көтерілістің ең ірісі – Амангелді Иманов бастаған «Торғай көтерілісі» еді. Мұндай бас көтерулер қазақ даласының әр жерінде тұтанып, Жетісу, Сырдария, Ақмола, Семей, т.б. әкімшілік губернияларда халықтың толқуы орын алды. Мысалы, Жетісудағы көтерілістің бірі – «Қарқара көтерілісі» болды. Бұл көтеріліске Ұзақ батыр мен Жәменке би басшылық етті. Көтерілісті басып-жаншыған соң, Ұзақ батырды сотсыз, тергеусіз атып тастады. Ал Жәменке биді у беріп өлтірді.

Жетісудағы екінші көтеріліс қазіргі Алматы облысының Қарасай батыр мен Жамбыл ауданының аумағында болды. Оны басқарған Бекболат Әшекеұлы мен белгілі революционер Тоқаш Бокин еді. Бұл көтеріліс те басып-жаншылған соң, Бекболат Әшекеұлын Алматыда дарға асты. Тоқаш Бокинді Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өшіккен жаулары тірідей өртеп жіберді. Ал көтерілісшілердің қолға түскендерін жазалаушы отряд көтерілісшілер қиратқан әр телеграф бағанасының түбіне әкеліп, екі қазақтан бауыздады. Тірі қалғандары Қытайға ауып кетуге мәжбүр болды.

1916 жылғы патшалы Ресейдің астамшылық, отарлау, озбырлық саясатына қарсы көтеріліс бұрынғы Семей губерниясы, қазіргі Шығыс Қазақстан аумағында да болды. Мысалы, Өскемен уезі «Тойынты тарғын» болысындағы көтерілісті Күркебай батыр мен оның баласы Базар басқарды. Екеуі де «құралайды көзге атқан» мерген болған. Көтеріліс жеңілген соң, бұлар Алтай тауына барып бекініп, ары қарай Тарбағатай тауы арқылы Қытай асып, соңында Құлжа аймағына өтіп кетеді.

Осы Семей губерниясына қарасты Ақсуат жерінде Мүрсәлім Бектенұлы бастаған көтеріліс бұрқ ете қалды. Жазалаушы отрядпен бірнеше рет бетпе-бет келіп, нашар қаруланған көтерілісшілер жеңіске жете алмайтындарын білген соң, соғыса отырып, Қытай асып кетті.

Ақсуат жерінде «Майданға бала бермейміз» деп қарсылық көрсеткен адамның бірі – Тоғас Нұғыман болыс болды. Нұғыман болыс жағдайды жан-жақты саралай келе, қарулы қақтығысқа бармауға бекінеді. Себебі бұларда 2-3 аңшы мылтығы ғана бар. Қалғандары шоқпар, айыр, күрек сияқты қару болмақ. Бұндай қарумен басынан бақайшығына дейін отты қарумен қаруланған жазалаушы отрядқа төтеп беру мүмкін емес. Босқа қырылады. Ойластыра келе, майданға бала да бермей, қарулы қақтығысқа түсіп қан төгуді де қажет етпей, елін бастап барлық тізім-құжаттарын жиып алып, Қытайдың Шәуешек қаласы маңына асып кетеді. Сөйтіп елін қырылудан аман алып қалады. Тоғас елінің болысы Нұғыман Жұбанышұлы Кеңес өкіметі орнаған соң: «Біз патшаға қарсы шықтық. Коммунистер патшаны құлатты. Мақсатымыз бір болды», – деп Ақсуатқа, туған жерлеріне қайтып келеді. Бірақ коммунистер Нұғыман болысты «сен орысқа қарсы шықтың» деп атып тастайды. Бұны көрген, естіген, енді еліне қайтайық деп отырған Тоғас руластары Қытайдан келмей қалады. Бұлардың ұрпақтарының алды 1954–1962 жылдары, соңы «оралман» аталып енді ғана келіп жатыр.

Әрине, қолдарында бірлі-екілі аңшы мылтығы, қалғандары сойыл мен шоқпардан басқа қаруы жоқ кішігірім көтерілістер тез басылып тасталды. Басшылары ұсталып, атылды-асылды, тірі қалғандары жан-жаққа бытырап кетті. Тек қана Амангелді Иманов бастаған көтеріліс алдымен «Ақпан төңкерісіне», одан кейін «Қазан төңкерісіне» ұласты. Осыдан кейін Ресей капиталистік даму формациясынан социализмге өтті. Ресейдің қол астындағы басқа елдер де социалистік құрылымды қабылдауға мәжбүр болды. Сөйтіп, КСРО мемлекеті құрылды. Әлемдегі беделді мемлекеттің бірі болған – КСРО басқа мемлекеттерді де, кейбіріне тікелей көмек бере отырып, кейбірін ақыл-кеңесімен социализмге тартты. Шығыс Еуропада: Польша, Венгрия, т.б. елдер, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның жартысы, Азияда: Қытай, Вьетнам, Солтүстік Корея, Монғолия, т.б. елдер, тіпті Жер шарының екінші бетінде жатқан, Американың түбіндегі Куба да социализмге өтті. Сонымен, 1916 жылғы қазақ жерінде басталған көтеріліс әлемді өзгертіп жіберді.

Өкінішке қарай, КСРО құрылып, билік ауысқанмен, үстемшіл пиғыл өзгермеді. Кеңес кезінде қазақ халқы талай әділетсіздік көрді. Атылды, шабылды, ашаршылыққа да ұшырап, саны 4 миллионға азайды. 1986 жылы «өзім білемге» салып, жергілікті халықпен санаспай, республика басшысы Д.Қонаевты орнынан алып тастауы қазақ халқының намысына тиді. Бұл кездегі қазақ халқының көтерілісі – ұлттық сана-сезімнің пісіп-жетілуімен қатар, халықтың ендігі жерде оны қорлауға жол бермейтіндігін көрсеткен үлкен көтеріліс болды. Алматыда басталған көтерілістің лебі Бакуге, Тбилисиге, Вильнюске, Сумгаитке, Ферғанаға және Саха Республикасына әсер етіп, әзербайжан-армян, грузин, Балтық бойы елдері халықтары, месхет түріктерінің және т.б. көтерілісіне ұласты. Нәтижесінде, 1991 жылғы 8 желтоқсанда Беларусь жеріндегі Беловеж орманында Ресей (сол кездегі президенті Б.Ельцин), Украина (Л.Кравчук) және Белоруссия (С.Шушкевич) басшыларының ұйғарымымен КСРО таратылды. КСРО-ның құрамындағы республикалар жеке тәуелсіз ел болып, социалистік даму формациясынан бас тартып, капитализмге бет бұрды. Бұны көрген біраз социалистік елдер де капитализмге ауысты. Сөйтіп, 1986 жылғы Желтоқсанның 17-дегі қазақтардың көтерілісі әлемді кері бағытқа бұрып, әлем құрылымын тағы да өзгертіп жіберді.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Содан бері «16–17 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» болып аталып келеді. 16 желтоқсанда мемлекеттік деңгейде аталып өтсе, 17 желтоқсанда халықтық митингілер болып, шейіт болғандар еске алынып, құран оқылып, ас беріледі. Биыл, міне, Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толады.

Ал енді 1916 жылғы көтерілісте де талай адам құрбан болды. Басшыларынан басқа, қатардағы сарбаз болғандардың көбі шейіт болып кетті. Амангелді Иманов пен Жетісудағы көтерілістер туралы біраз кітаптар жазылып, кинолар түсірілді. Қалған көтерілістер қай жерде болды, кім басқарды – оларды еске алып, насихаттап жатқан ешкім жоқ. Бұның себебі – әлі күнге дейін 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі жайлы кеңестік идеология шеңберінен шыға алмай, «жалпы орысқа қарсы реакциялық теріс көтеріліс» деген пікірден арыла алмай келе жатқанымызда болса керек. Сондықтан да бұл көтеріліске тарихи әділ баға берілмей келеді. Өйткені оны дәл көрсететін, атап өтуге себеп болатын нақты күні жоқ деп сылтауратамыз. Әрине, қазақ даласындағы бұл көтеріліс әр жерде, әр уақытта басталды.

Дегенмен, олардың бәріне ортақ бір датасы бар. Ол – қазақ халқының көтеріліске шығуына себеп болған патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы «Июнь жарлығы». Ендеше «25 маусым – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс күні» деп белгілеуге әбден болады. 17 желтоқсан сияқты, 25 маусымда 1916 жылғы көтерілісте шейіт болғандарды еске алып, жиналыстар, конференциялар, т.б. шаралар өткізіп, осы күні құран оқылып, ас берілсе, дұрыс болар еді. Бұл күнді «ҚР мемлекеттік мерекелер» күніне қоспаса да, «ҚР кәсіптік және өзге де мерекелер» күніне қосу керек. Биылғы 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығында бұл шаралар іске асуы міндетті.

Әйтеуір біз басқаға келгенде көлдейміз, өзімізге келгенде шөлдейміз. Басқаның түймедей жетістігін әспеттегенде, алдымызға жан салмаймыз. Басқаның қаңсығын таңсық көреміз. Өзгені төрге шығарып, өзіміз босағада отырамыз. Барымызды бағалап, насихаттап, айта білмейміз. Әйтпесе осындай әлемге әсер еткен көтерілістерімізді дүниеге паш етер едік қой. КСРО-ның құрылуы мен құруы әлемді өзгерткені баршаға аян. Ал КСРО-ның құрылуының да, құруының да бастауында қазақтардың көтерілісі тұр. Бұны ашып айтуға әлі күнге дейін жасқанамыз, жалтақтаймыз. Бұндайларды ашып айта алмасақ, ұрпағымызды патриоттыққа тәрбиелей алмаймыз. Ұрпағымыз басқалардың алдында өздерін қор санайтын болады.

Назрахмет ҚАЛИ, зейнеткер, Алматы қаласы

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №5 (322) от 04 февраля 2016 г.


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502