Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 16817 0 пікір 11 Ақпан, 2016 сағат 15:47

СТИВ ДЖОБСТЫҢ «APPLE» КОМПАНИЯСЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Әлемді өзгертем деген алаңғасарлар шын мәнінде оны өзгертеді. Apple компаниясының «Өзгеше ойлай біл» атты жарнамалық бейнебаянында айтылған сөз, деп жазады «Алауинформ».

Алма әр түрлі болады: қышқыл, ащы, тәтті, кейбірі ағашынан алысқа құламайды, тура Ньютонның басына түсетіндей ғана болады. Оған қоса жартылай тістелген алмалар бар. Сондай алманың бірі Apple  компаниясының логотибіне айналды.

Әлем осы компанияның негізін қалаушы, аса талантты Стив Джобстан 2011 жылы айырылып қалды.

«ӨЛІМ ЕСКІДЕН ТАЗАРТАДЫ. ОЛ ЖАҢАҒА ЖОЛ АШАДЫ. СОЛАЙ БОЛУЫ ТИІС. ӨЙТКЕНІ, ӨЛІМ ӨМІРДІҢ ОЙЛАП ТАПҚАН ЕҢ ЗОР КЕРЕМЕТІ» ДЕГЕН ЕКЕН СТИВ ДЖОБС БІР СӨЗІНДЕ.

Әр адамның бойына лайықты біркелкі жетістіктің жаттанды тәсілі болмағанмен,  бұл мақаладан әркім Стив Джобстың жүріп өткен жолымен танысып шыға алады. Бәлкім, өзіне пайдалы ақпаратты табар.

Стивен Пол Джобс 1955 жылы 24 ақпанда Сан-Франциско қаласында дүниеге келді. Туа салысымен оның өмірінің қызықтары басталады. Оның ата-анасы одан бірден бас тартады. Жағдайы келмегендіктен емес. Анасы Джоан Шибле неміс эмигранттарының қызы. Олар фермерлікпен шұғылданған. Әкесі Абдулфаттах Джандали университетте жұмыс істеген. Анасының әкесі олардың қосылуына қарсылық білдіреді. Қызын мұрагерлік тізімнен шығарамын деп қорқытқан. Сол себепті бұл жұп қосыла алмаған. Балаларын өзге отбасыға бағып алуға өткізеді. Өгей ата-анасына бала жоғары білім алуы керек деген талап қояды. Стивті асырап алған әке-шешесі  бұл талапты орындайды.

Сөйтіп, нәресте Стив Джобстар отбасына келеді. Екеуін де жақсы көрген. «Олар менің толыққанды ата-анам, 100 пайызға» деп өзі айтатын. Кей әріптестері Джобстың қылық-әрекеттерінен тастанды баланың өкпесін көрдік деп те әсіреледі. Бірақ Стивтің өзі  мұны мойындамаған. «Мені асырап алғанын басынан білдім. Мен өзімді еркін сезінетінмін. Бірақ ешқашан тастанды сезінгенім жоқ» дейді ол.

Стив бала күнінен әкесі Полға көмектесіп өсті. «Қоршаудың ішкі жағын жақсылап жасау керек» деген әке сөзі Стивттің санасында мәңгілікке жазылған сөз болды. «Оны ешкім көрмегені маңызды емес, ол ішкі жақ тап-тұйнақтай таза болуы керек» деген сөздер оның өмірінде үлкен рөл атқарды. Осы қағиданы ол өзінің өнімдерін жасаған кезінде де бұлжытпай орындайды.

Бала күнінде Стив өзін гуманитарлық білімге жақынмын деп есептеген. Бірақ техниканы да жаны сүйетін. Алғаш рет компьютерді Эймс қаласынан көреді. Көре сала ғашық болады. Гуманитарлы және нақты білімдерді қатар меңгерген адамдардың маңызы туралы оқыған ол «мен осындай адам болам» деп шешеді.

Технология мен креативтілікті біріктіре отырып жетістікке жеткен алғашқы адам Джобс болды. Оған кез келген зат әрі сүйкімді, әрі пайдалы болатыны ұнайтын. Компьютер жасау ісіне сұлулықты енгізген Джобс болды.

Ата-анасы оған қатты сенді. Жастайынан баласының өзгеше екенін түсінген. Олардың сенімі есейген соң ақталды. Стивтің айтуынша, ол сенім оның мінезінің қалыптасуына ерекше әсер еткен. «Әке-шешем мені қатты жақсы көрді. Менің басқа екенімді түсінгенде олар да жауапкершілік сезінді. Жақсы деген мектепке орналастырып, қажетімнің бәрін әперіп отырды. Олар менің потенциалымды ашуға үлес қосты» дейді Стив Джобс.

Ата-ана баласының өзіне деген сенімін нығайта отырып оның әлемнен қандай орын алатынына әсер ететінін ұмытпағаны жөн. 

Стив тапқыр әрі жауапты бала болып өсті. Бірақ мектепте сыйыспады. Өзімшіл бала ешкімді мойныдамады. Оқығысы келмеді. Нашар тәртібі үшін оны мектептен шығарды. Жаңа мектепте Стив тамаша ұстазды жолықтырады. Ол апай математикадан сабақ береді. Мінезді ұлды түсінген жалғыз жан, оның тілін табады. Сол мұғалімнің арқасында Стив сыныпта оныншы сыныптың емтихандарын тапсырып, бір жыл аттап кетеді. Бірақ жоғарғы сыныптың оқушыларымен тағы да тіл табыса алмай, басқа мектепке ауысуға бел буады.

АТАҚТЫ АДАМДАРДЫҢ КӨБІ МЕКТЕП ЖАСЫНДА ТОПТЫ ҚАРҒАНЫҢ ІШІНДЕ САУЫСҚАННЫҢ КҮЙІН КЕШКЕНІН КӨРУГЕ БОЛАДЫ. МҰНДАЙ ЖАҒДАЙДА АТА-АНА БАЛАСЫНЫҢ ЖАҒЫНА ШЫҚҚАНЫ ДҰРЫС. БАЛАҢЫЗДЫҢ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҰҚСАМАУЫ ОНЫҢ ҚАБІЛЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ БОЛУЫ ЫҚТИМАЛ.

Кейіннен Стив Джобс өзінің аттасы Стив Вознякпен танысады. Бірінші ортақ істері серіктестіктің ұстанымдарын айқындайды: Возняк тамаша құрылғы ойлап табады. Ал, Джобс оны тұтынушыға қалай ыңғайлы етіп, қалай пайда табуға болатынын ойластырған.

1972 жылы Стив Портлендтегі қымбат оқу орындарының бірі Рид колледжіне түседі. Бірінші курста оны тастап кетеді. Бүгінгі таңда әр адам ұмсынатын жоғары білім Стив Джобста болмапты. Өмірде жететін жетістіктерге мүлде басқа дүниелер әсер етеді екен.

1976 жылы Возняк және Рональд Уэйн үшеуі Apple  компаниясын құрады. Алмадан шыққан атауға әр түрлі сипаттама беріледі. Стив компаниясын телефон анықтамалығының бірінші бетінен көргісі келген. Сол үшін «А» деген әріпті таңдаған. Екінші бір аңыз бойынша, не деп атаймыз деп бастарын қатырып отырғанда Стив достарына «беске дейін атау таппасаңдар, мен оны алма деп атай салам» депті-мыс.

 

70-жылдары бұл компания жеке компьютерлердің бірнеше сериясын шығарды. Бүкіл әлемге 5 миллион данамен тарады. Сөйтіп, жеке компьютер индустриясының сара жолын салып шықты.  

29 жасында Стив Forbes журналы ұсынатын бай адамдар тізімінде ең жас америкалық болып аталды.

23 жасында Apple-дің капиталы миллионға жеткен екен. 24 жасында он миллион болған. 25 жасында жүз миллионнан асқан.

1980 жылы бір түнде оның капиталы 217,5 миллионға көтерілген екен. Қор биржасына өз компаниясының акциясын қойған кезі.

 

Мұндай жетістікке жетуге не себеп?

Ол, әрине, өте талантты кәсіпкер. Ол -новатор. Оның ойынша, «тек инновация көшбасшыны оның ізінде келе жатқандардан  ерекшелейді» екен. Джобс тұтынушының нені қалайтынын түйсікпен сезетін болған. «Сіз тұтынушыдан не қалайсыз деп сұрай алмайсыз, сіз сұрағанын дайын еткенше олар басқасын қалап кетуі мүмкін».

1985 жылы АҚШ президенті Рейган Джобс пен Вознякты техникалық прогресс үшін марапаттады. Джобстың жаңашыл идеяларын оның қарсыласы Билл Гейтс  те мойындап отырған. Джобстың жетістікке жетуінің және бір себебі, өзіне керекті адамдардың басын қоса білуінде. Командасы әрдайым мықты болған. Ол өзгелерді өз ырқына бағындыра білді. Оның қуаты мен іскерлігі өзгелердің үндемей мойындауына алып келетін. Ол талантты адамдарды тани білетін. Айналасына тек кәсіби білікті адамдарды жинады.

«Таланттарды жинап алып, сен мынаны істе деп айту артық. Біз оларды бізге ақыл айтуы үшін жалдаймыз» дейді Стив бір сөзінде. Кей кезде қол астындағыларды ренжіткен кездері де болған. Біржақты жақсы басшы еместігін өзі де мойындаған. Дегенмен, өзгелердің өнімді жұмыс жасауға шабыттандыратын ерекшелігін атап өтпеуге болмайды. «Адам өмірін құтқару керек болса, артық 10 секундты қалай қысқартар едің?» деген сауалдың өзінен жылдамдық пен уақыттың қадірін білетін адамның сөзін көреміз. «Егер 5 миллион адам «Макты» қолданса, оны қосуға кететін уақыттың 10 секундын үнемдесек, ол тұтынушыға жылына 300 миллион сағат үнемдейді, яғни бұл 100 адамның өмірін сақтауға кеткен уақыт болып шығады» дейді Стив Джобс.

1985 жылы Джобс компаниядан кетеді. Басшылыққа талас басталады. Сол жылы NeXT компаниясын құрады. 1986 жылы Pixar атты анимациялық студияның серіктесі болады. «Ойыншықтар тарихы», «Құбыжықтар корпорациясы» деген  мультфильмдер шығады. 2006 жылы Джобс Pixar компаниясын сатып алған Disney компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі болады.

Әрине, мультфильм түсіруге ол қатысқан жоқ. Джобс мықты менеджер болған. Дарынды басқарушы. Ол өз бизнесі үшін ең керекті адамдарды тартып отырған. Көбіне қомақты ақшамен емес, қызықты идеямен соңынан ерте білген.

Ол әрдайым әлемді бұрынғысынан жақсырақ  етуге талпынып отырған. Оның бар қадамы соған бағытталған. Осы мақсатты әр адам бойына қондырып, соған қызмет етуі керек. Сонда ғана Джобс сияқты әлемді өзгерте алатын ұлы адамға айналасыз.

1991 жылы Джобс Лорен Пауэллға үйленеді. Бір ұл, екі қыздары бар. Сол кезде атақты Apple миллиондаған шығынға бата бастайды. 1996 жылы Джобс компанияға қайтып оралады. Оның инновациялық ойларының арқасында нарықтың басқа сегменттеріне жол ашады. 2001 жылы Apple аудиоплеер iPod жасап шығарады. 2007 жылы алғашқы смартфон iPhone-ды сата бастайды. 2010 жылы планшет нарығына iPad шығарды. 2010 жылы Financial Times Джобсты жыл адамы деп таныды. 2011 жылы Millward Brown агенттігі Apple брендін ең қымбат сауда маркасы деп атады.

Джобстың қабілеті неде еді? «Бір жылда 250 миллиардты желге ұшырудың не екенін білетін ат төбеліндей азғантай адамның бірімін» дейді ол. Ешқашан еңсеңді түсірме. Ол өмірде көп қиындық  көргенін, сәтсіздіктерге ұрынғанын, өкінген кездері тым көп болғанын мойындайды. Барлық қиындықтан сабақ ала білгендіктен сүрінген кезде қайтып тұра алғанын айтады. Жетістікке жететін адамның ең басты ерекшелігі осы болса керек. Адам өзіне сенуі керек.

«Жетістікке жеткен адам мен жетпеген адамды бөлетін шек – бірбеткейлік».

Стив Джобс өз ісін өлермендікпен жақсы көрді. Сондықтан жетістікке жетті. Ақшадан басқа жетістікке жетелейтін бөлек нәрсе бар. Ол қуаныш. Өмірге қуана білу. Бақытсыз адамның жетістікке жетуі уақытша құбылыс. Өмірден ләззат алатын адам, өмірге барын береді.

«Жақсы жұмыс жасау үшін бір ғана жол бар, сол жұмысты жақсы көру» – дейді Джобс. Джобстың көздегені ақша емес еді. «Зиратта бай адам болуың маңызды емес. Ұйықтар алдында бүгін бір ғажап жасадым деу – міне, бұл бақыт!» дейтін ол.

Джобс шешімді тез қабылдайтын, өткір мінезді жан болған. Тәуекелге жиі барып отырған. Өзгелер бұғып қалар жерде, ол алға жылжыған. Осы батылдығы оны арындаған асау толқындардан алып шыққаны да рас. Батылдығы жетпеген талай досы шетке шығып қалған.

2011 жылы тамыз айында Джобс ауыр дертіне байланысты компаниядан кетеді. 5 қарашада дүниеден озады.

 

Джобстың жасап қалдырған өнімдері миллиондаған адамдардың мұқтаждығын өтеп отыр.

 «Біз жер бетіне өзімізідің ізгілік қолтаңбамызды қалдыруға келдік. Әйтпегенде, несіне бармыз?» деген Стив Джобс өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.

 

Жетістіктің 12 қағидасы

1) Сүйікті ісіңмен айналыс. Өзіңе шын керектіні тап. Өмірде ұлылық жасаудың бір ғана жолы бар, ол – жасаған нәрсеңді жақсы көру.

2) Өзгеше бол. Басқаша ойла. «Сарбаз болғанша, қарақшы болған артық».

3) Шамаң жететіннің ең жақсысын жаса. Бастаған әр ісіңе барыңды сал. Қалғыма! Жетістік одан да зор жетістікке есік ашады. Жетістікке талпын! Кемелдікке ғашық адамдарды жұмысқа тарт.

4) SWOT-сараптама жаса. Өзің компанияңды аша салысыңмен бір параққа оның ұтымды және ұтылатын тұстарын тізіп жаз. Шірік алмаларды компаниядан шығару үшін еш мүдірме.

5) Пысық бол. Әр кез зор мақсат қоя біл. Мыңдаған ойдың ішінен тез арада, тиянақты түрде жүзеге асыратынын таңда. Сол оймен бірге мүмкіндік ашатынына бірге секір. Бірінші қадам – ең күрделі нәрсе. Еш ойланбай  атта! Жүрегің мен түйсігіңе сенетіндей батыл бол!

6) Титтейден баста, ұлы мақсатты арманда. Қарапайым бір-екі істен бастасаң, күрделісіне де жетесің. Ертеңгі күнді ғана ойлап тоқтама. Келешекті де ойла. «Бүкіл әлемге не бере алам» деп ойла.

7) Нарықтың көшбасшысы болуға талпын. Соны технологияға ие бол. Қызметіңнің бар саласын қадағала. Ең мықты технология бар болса, оны ешкім қолданбаса да – соны пайдалан. Бірінші бол! Өндірістік стандартты өзің ұсынып отыр..

8) Нәтижеге мән бер. Адамдар әрекетіңе қарай бағалайды. Сондықтан нәтижені назардан тыс қалдырма. Сапаның таразысы бол. Көп адам сапаның не екенін білмейді. Оларға соны ескерту керек. Сапасын білмесе, өнімді сатып алмайды. Безендіруіне мән бер. «Дизайн образ бен не сезінгеніңді білдірмейді, ол ыңғайлылығымен жаулап алады».

9) Ақыл сұра. Әр саланың мамандарынан ақыл сұра. Әрбірі өзінің пайдалы кеңесін айтады. Егер сен істің мәйегі болсаң, онда кей кезде  саған шынайы жауап бермейтініне өкпелеме. Олар қорқады. Бетперде ки, басқа ақпарат көздеріне жүгін. Сенің өніміңді қолданатын тұтынушыларға назар сал. Олардың дегеніне құлақ түр.

10) Өзгерт. Инновация көшбасшыны ізінен ілесушілерден өзгешелейді. Адамдарыңды жұмсап үйрен. Өзге басшылықта отырғандарға сенің ісіңнің 50 пайызын бер. Қалған 50 өзіңе қалдыр. Дұрыс жолдан тайып кетпеу үшін мыңдаған кедергілерге жоқ деп айт. Тек маңызды нәрселерге мән бер. Инновацияға ұмтыл. Әлем үшін ең керектіні, ең жақсыны жасағысы келетіндерді жұмысқа ал. Тіпті техникалық компанияда да өнімге барын салатын адамдардың мәдениетін қалыптастыру керек. Көптеген компаниялар да талантты инженерлер мен ақылды адамдары бар, бірақ нәтижесінде солардың басын біріктіретін ұлы күш керек.

11) Өз қателіктеріңнен үйрен. Жаңаны жасап жатқан адамның қателік жасауы қалыпты. Ең маңыздысы дер кезінде қателігіңді тауып, оны түзеу.

12) Үздіксіз оқып, білім ал. Әр кезде оқитын, тануға тұрарлық нәрсе табылады. Өзгелермен ой бөліс. Өз компанияңдағы адамдармен, компаниядан тыс адамдармен сөйлесіп жүр. Тұтынушыдан, бәсекелестен, серіктестен үйрен. Егер серіктесің сен ұнатпайтын адамдармен сөйлессе, оларды жақсы көріп үйрен. Мақта, мадақта, өзіңе пайдалының бәрін жаса. Дұшпаныңды сына. Бірақ ашық сына. Ақиқатты мойындап сына.

Аударған Шынар Әбілдә

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5240