Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 11525 1 пікір 8 Ақпан, 2016 сағат 12:05

«ДАИШ» ҰЙЫМЫ. ОЛАР КІМДЕР?

Бүгінгі таңда бүкіл әлем бетпе-бет келіп отырған лаңкестік қылмыс пен діни экстремизм дерті адамзат болашағына қауіп төндіруде. Әлемдік аренада ислам атын жамылып, террористік пен зорлық-зомбылық жасайтын, жүйесіз жаңа ұйымдар көптеп бас көтеруде. Соның ішінде, барлық әлем елдерінің тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп, үрей ұялатқан ДАИШ лаңкестік ұйымы белсенді әрекет етуде.

 

2013 жылдан бастап «Әл-Каида» террористік тобының құрылымы ретінде көзге көрінген ДАИШ лаңкестік ұйымы 2014 жылдың маусымынан бастап Ирак және Сирия аумағында халифат құрылғанын жариялап, Абдалла Ибрагим әл-Самарийді (Әбу Бәкір әл-Багдади) өздеріне халиф етіп сайлады.

ДАИШ лаңкестік ұйымының негізгі мақсаты Таяу Шығыс елдерінің арасына іріткі салып, өз территорияларын мейлінше кеңейту. Лаңкестік ұйым «Халифат» құрамыз деген желеумен Ирак және Сирия елдеріне ойран салып, діни дүрдараздық тудырып, жазықсыз жандардың қанын төгуде. Қазіргі таңда ДАИШ – террорлық ұйымдардың ішіндегі ең қауіптісі. Бұл ұйым жаһандық желіні пайдаланып, өз құрамдарын әлемнің көптеген елдерінің жастарымен толықтыруда.

Жалпы, халифат орнату идеясы экстремистік топтардың арасында ғана емес, мұсылман елдерінде астыртын әрекет ететін ұйымдар арасында да белсенді насихатқа ие екені анық. Мәселен, Ауғанстан мен Өзбекстанның терроршыл топтары бұрыннан-ақ  Орталық Азияда халифат орнату идеясын жүргізуде. Сондықтан да, ДАИШ өз қатарын толықтыру үшін көп қиналмайтыны анық байқалады. Оның үстіне, Ирак пен Сириядағы терроршыл топтар «Талибан», «Өзбекстанның ислам қозғалысы», «Боко харам» тәрізді лаңкестік ұйымдармен бірлесе қимылдауда. Өкінішке орай, қазіргі уақытта діни сауатсыздық салдарынан әлемнің көптеген елдерінің азаматтары ДАИШ содырларының қатарына қосылуда. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, ДАИШ ұйымының құрамында әлемнің көптеген елінің азаматтары бар. Өкінішке орай, олардың қатарында Қазақстанның азаматтары да бар екені белгілі.

Сирия жерінде болып жатқан ДАИШ содырларының іс-әрекеттері, соның салдарынан Орталық Азия елдеріне төнетін қауіп-қатерлер отандық сарапшы-мамандарды да бей-жай қалдырмайды. Лаңкестерге қосылып, басқа елде қарулы қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматының келешегі не болмақ? Егер олар елге оралса, бүгінде қорқыныш ұялатып отырған қауіптерді күшейтпей ме? Мұндай азаматтардың елге оралғаннан қауіп болатынын ресми органдар да мәлімдеп жатыр. «Олар елге келсе, терроризм қаупі де күшейеді. Өйткені, ол жақтан тәжірибесіз дилетанттар емес, керісінше, нағыз соғысты көрген, диверсиялық әрекеттерге әбден қанық «ардагерлер» оралады», – деген алаңдаушылық та жоқ емес.

Ендеше, көрші мемлекеттерді алаңдатып отырған ДАИШ содырлары біздің көңілімізге де күдік ұялататыны анық. Осы орайда экстремистік ұйымдарға қарсы елімізде пәрменді шаралар іске асырылып жатқандығын айта кеткен орынды. Қазіргі таңда сырттан келетін қауіпке мемлекет тарапынан жүргізіп отырған идеологиялық күресіміз қауқарлы деуге болады.

Осы мәселелерді ескерген еліміздің құзырлы органдары ДАИШ ұйымы Астана қаласы, Есіл аудандық сотының шешімімен 2015 жылдың 15 қазанында террористік ұйым ретінде танылып, оның ел аумағындағы қызметіне тыйым салды. Бұл – дер кезінде қабылданған дұрыс шешім.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасайтын әр жылғы Жолдауында және «Мәңгілік ел – қазақ халқының ұлттық идеясы» жобасында елдің экономикалық жағдайымен қоса дін мәселесіне айрықша көңіл бөледі. Біз – көп ұлтты зайырлы мемлекетпіз, сондықтан ішкі діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісімнің, сырттан келетін діни терроризм мен экстремизмге қарсы тұрудың маңыздылығын  ерекше баса айтады. Ендеше ұлт болып, мемлекет болып қоғамды және болашақ ұрпағымызды дін атын жамылған керағар ұйымдардың ықпалынан сақтау – баршамыздың міндетіміз.

Терроризм идеологиясының таралуын алдын алудағы негізгі құралдың бір – қоғамның діни сауаттылығы. Діндер тарихы, оның қоғамдағы рөлі туралы ақпаратты жеткізу жұмысында, ең алдымен, мектептерде және ЖОО-да дінтану пәні оқулықтары мен мамандардың сапасына ерекше көңіл бөліну керек. Сондай-ақ, уәкілетті органдар жасап жатқан жұмыстармен бірге мешіт имамдарының да белсенділігін арттыру – кезек күттірмейтін қажеттілік.

Төлеу Ғибадат, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Ақпараттық-талдау бөлімінің аға сарапшысы

Abai.kz 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5244