РЕСЕЙГЕ КӨШУШІЛЕРДІҢ КОНСУЛДЫҚТАҒЫ КЕЗЕГІ
Астанада Ресей елшілігі консулдығына сол елдің «Отандастар» бағдарламасына құжат өткізуге күніне ондаған адам келеді. Елшілік мәліметінше, ТМД-да негізінен бұл бағдарламаға Қазақстан азаматтарының ықыласы ерекше.
АНКЕТА, МЕКЕНЖАЙ АНЫҚТАМАСЫ
Қарағандының 24 жастағы тұрғыны Ирина Смирнова құжаттарын Челябинск қаласына көшу үшін тапсыруға келген. Ол тұратын қала мен Астана арасы - 200 километр, темір жол арқылы - үш сағат жол. Ол жуырда университет бітіргенін, енді Ресейде жұмыс істегісі келетінін айтады.
Бойжеткен консулдық бөлімге алғаш келіп тұрғанын, бірақ тиісті құжаттарды түгел әкелгенін айтады. Ол керек құжаттар тізімін елшіліктің консулдығы сайтынан тапқан.
- Құжаттар жинау қиын емес. Құжаттардың көшірмесін нотариус куәландыруы керек, бірақ оларды әуелі аудару қажет. Мөрдегі сөздер сияқты қазақ тілінде жазылған сөздердің бәрін аударып, куәландырасың. Бұдан бөлек, фотосурет пен мекенжайың туралы анықтама әкелесің, анкета толтырасың, - дейді Ирина Смирнова.
Мұнда ешкім «Қазақстаннан не себепті кеткіңіз келеді?» деп сұрамайды. Жұрт көбінесе құжатты тез қабылдау үшін қандай ретпен жинап, өткізуге болатынын сұрайды.
Астана тұрғыны Иван Малыхин қоныстандыру бағдарламасына қатысушы куәлігін алып қойғанын айтады. Малыхиннің Азаттыққа айтуынша, ол құжаттарын өткізген күні өзі сияқты жаңа өмір іздеп көшкісі келетін ондаған адам кезекте тұрған.
- Мен кезекке жазылған кезде бос орын екі айдан кейін ғана болған, ал құжаттарымды қайта алған кезде кезек тіпті көбейіп, жұрт бірнеше ай бұрын кезекке жазылып жатқан. Маусым айында келгенімде, қаңтарға кезекке жазып жатқан. Көшкісі келетіндер өте көп, жұрт бала-шағасымен кетіп жатыр. Бұл - бір ғана Астанадағы жағдай. Қазақстанда девальвация болып, жалақыны қысқартты, жұрттың көшуіне мұның бәрі әсер етеді ғой, - дейді Иван Малыхин.
Жуырда Қазақстандағы Ресей консулдығы сайтында Ресей азаматтығын алу жайлы кеңес алуға жазылғысы келетіндерді алаяқтардан сақтандырған хабарландыру пайда болды. Хабарландыруда «алдын ала өтірік жазылып» кезектегі орнын ақшаға сатуға тырысатын адамдар бар деп жазылған.
Ресейге көшушілер (қаңтарда түсірілген видео):
Ресей консулдығы сайтында жарияланған хабарландыруда «Егер осы мәтінді оқып отырсаңыз, демек қазіргі сәтте қабылдау кезегінде бос орын жоқ деген сөз. Қабылдауға жазылу үшін бос орын бар-жоғын күн сайын тексеріп отырыңыз: кезек әр күн сайын (демалыс, мереке күндерінен бөлек күндері) автоматты түрде ашылады. Бірақ кезекке бұрын жазылып қойғандардың ішінде біреулер орнынан бас тартса, бос орын шығып қалуы мүмкін» деп жазылған.
«29,7 ПАЙЫЗЫ ҚАЗАҚСТАННАН»
Ресей федералдық көші-қон (ФМС) қызметі дерегінше, соңғы кезде «Отандастар» мемлекттік бағдарламасы бойынша бұрынғы одақтас республикалардан Ресейге жыл сайын 100 мыңнан көп адам көшеді. Оның 29,7 пайызы әрі бұл бағдарлама бойынша «ең көп өтініш беретіндер» - Қазақстан азаматтары. Одан кейін - Өзбекстан, Молдова, Украина, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары. Ресей елшілігі Азаттықтың ресми сауалынаосындай деректермен жауап береді.
2013 жылы «Отандастар» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі тағы жеті жылға ұзартылған. Қазақстандағы Ресей елшілігінің мәлімдеуінше, бағдарлама іске қосылған 2007 жылдан бері ТМД елдерінен 375 мыңға жуық адам Калуга, Липецк, Воронеж сияқты облыстар мен Омбы, Новосибирск және Калининград қалаларына қоныс аударған.
Қазақстандағы Ресей елшілігі федералдық миграциялық қызметтің былтырғы қыркүйектегі деректеріне сілтеме жасап, Азаттыққа бұрынғы советтік республикалардан көшкен азаматтардың 41 пайызының - жоғары білімі, 43 пайызының орта арнаулы білімі бар деп хабарлады. Олардың көбі - жұмыс істеуге жарамды жастағылар.
Ресей елшілігі комментариінде «мемлекеттік бағдарлама дәрігер, мұғалім сияқты сұраныс жоғары мамандар тапшылығын азайтуға көмектеседі» деп хабарлайды.
Бұдан бөлек, миграциялық қызмет былтыр ТМД елдерінен осы бағдарламамен 1500 студент пен 44 ғалым Ресейге көшкенін хабарлайды.
Консулдықтың хабарлауынша, бағдарлама студенттер мен Ресейде бизнес жүргізгісі келетіндер есебінен кеңейген. Бұған қоса, бағдарламаға қатысушы адамның отбасы мүшесі ретінде танылатын туыстарының тізімі де кеңейтілген, «әкімшілік процедуралар саны қысқарған» әрі көшетіндерге берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайған.
«ОНША КӨП КЕТІП ЖАТҚАН ЖОҚ»
Қазақстан ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің Азаттыққа хабарлауынша, былтыр тоғыз ай ішінде Қазақстаннан 19 мың адам Ресейге көшкен. Комитеттің бас маманы Ерболат Мұсабеков «біздің қолымызда 2015 жылдың мәліметтері әзірше жоқ» дейді. Оның дерегінше, 2014 жылы Ресейге 24 мың адам көшкен.
- Меніңше, бұл - онша көп емес. Бұрын – мысалы, 2005, 2006, 2007 жылдары бұдан да көп – 65 мың, 56 мың адам кететін. Қазір онша көп адам кетіп жатқан жоқ, - дейді Ерболат Мұсабеков.
Статистика комитеті қызметкерінің айтуынша, жұрт «туыстарының жанына көшкісі келеді әрі кетіп жатқандардың көбі - жасы келген қарт адамдар».