САПАРБАЕВ ӨЗ КАДРЛАРЫНА НЕГЕ ШҮЙЛІКТІ?
Жақында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев облыс аумағына қарасты Мұғалжар ауданы әкімінің үйіндегі электр жарығын қиып тастау туралы тапсырма берген. Бұл туралы «Абай-ақпарат» «ҚазТАГ» мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ақтөбе облысына қарасты Мұғалжар ауданы әкімі Серік Шаңғұтов жақында облыс басшысы Бердібек Машбекұлының алдында есеп берді. Дәлірек айтсақ, халыққа есеп беру жиынына облыс басшысының өзі келіп қатысты. Аудан халқының хәл-жайымен жақсы танысқан облыс басшысы сұлу сөзбен, құрғақ цифрларға түзілген аудан әкімінің баяндамасына көңілі толмағанын ашық жеткізді.
«Ауданды электр жарығымен қамтамасыз етуге тиісті «Энергосистема ЖШС» жарық пен электр желілерін тарту үшін 35 киллометрге қаражат сұрап отыр. Сіздер (әкім және орынбасары) екеуіңіз осы мәселені шеше алмай отырсыздар ма сонда? Мұғалжарға қарасты Қайыңды аулының тұрғындары 10 жыл бойы жарықсыз отыр. Ал сіздің үйде, әкім мырза жарық бар екен. Сонда өзгелердің жағдайы сіздің басыңызды ауыртпай ма?», - деді Бердібек Машбекұлы.
Осы оқиғадан кейін Бердібек Сапарбаев аудан әкімінің үйіндегі электр жарығын қиып тастауды және 10 жылдан бері жарықсыз отырған Қайыңды ауылына электр жарығы тартылған күні ғана әкімнің үйіне жарық беруді тапсырған.
«Мұнда ауданның электр жарығына жауапты адам бар ма? Дәл бүгінгі күннен бастап әкім Шаңғұтов пен оның орынбасарының үйіне электр жарығы берілмесін. Бұл ауылда 800-ге жуық отбасы бар. Олар жиырма бірінші ғасырда жарықсыз, қараңғыда отыр. Әкім Қайыңдының қиындығын шешкенде ғана оның үйіне жарық береміз. Қайыңдының жағдайын өз басынан өткізгенде ғана әкім мырза халықтың жағдайын түсінер», - деді облыс басшысы. Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов Бердібек Машбекұлының бұйрығын мақұлдамасқа шара қалмады.
Айта кетейік, дәл осы Сапарбаев мырза шаңын қаққан Шаңғұтов тізгінін ұстап отырған Мұғалжар ауданында 4300 адам жер кезегінде тұр екен. Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы жұмыссыздар саны қысқармай отырған аудан да Шаңғұтовтың қарамағындағы аудан екен. Шаруалары шаш-етектен әм шешімі кезек күттірмейтін Шаңғұтовтың елі Сапарбаевтың шүйліккен жалғыз ауданы емес-тін.
Облыс басшысның сөгісінен кейін, «діріл-діріл, діріліп» тұрып сөз алған Шаңғұтов өңірдегі өзге де атқарылған шаршаларды айтпақ болған-тын.
«Мен негізінен газ, су, жылуға көңіл бөліп, жол сəл кешеуілдеп қалды. Қандыағашта 32 көше бар. Оның 11-не асфальт төселді», - деді Шаңғұтов.
Ал аудан әкімінің бұл сөзіне Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өз уәжі бар екен.
«11 жыл əкім болып, 11 көшеге жол төсепсің. Əр жылға бір жол. Қалған көшені жөндеуің үшін саған 30 жыл керек пе?», - деген Сапарбаев сауалынан Шаңғұтов үнсіз құтылды.
Түйін
Шенеуніктердің өз міндеттерін дұрыс атқармауына және кәсібилігі жетіспеуіне халықтың бақылауының кемшіндігі мен қоғамның белсенді болмауы себепкер. «Осындай сыни пікірлерге басшылық көз жұма қарайтын болса, оларға деген теріс пиғыл одан сайын күшейе түсетіні рас. Қазақстанда аудан әкімін облыс әкімі тағайындайды. Атқарушы орган міндетін атқаратын аудан әкімі ол аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ескере отырып, жалпы мемлекеттік саясат жүргізуі тиіс.
Ендеше, Сапарбаев өзі тағайындаған кадрлардың жұмыс жүргізудегі жайбасарлығына сонша неге шүйлікті? Облыс басшысының қаһарына іліккен Шаңғұтов енді жарықсыз отырады десек те, Сапарбаевтың бұл тактикасы Қайыңды қиындығын шешіп бере ме? Әлде 11 жыл бойы әкім тағынан түспей келе жатқан Шаңғұтовқа өңірге былтыр ғана басшы болып тағайындалған Сапарбаевтың сөгісі түкке тұрмай ма? Нәтижесін уақыт көрсетер. Әзірге облыс басшысының пәрменімен, аудан әкімінің үйінен жарық қиылды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz