Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2024
Алашорда 25555 8 пікір 4 Ақпан, 2016 сағат 10:35

НҰХ ПАЙҒАМБАРДЫҢ РУЫ КІМ? ( жалғасы)

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде: Нұх пайғамбардың руы кім?)

 

Редакциядан: 

Ел ішінде тарих ғылымының заңдылықтарына, ережесіне бағынбайтын тағы бір «тарих» бар. Ол – аңыз-әңгімелерді, көне жырларды, жер-су, адам аттарын пайдаланып, соны негізгі аргумент ретінде көрсетіп, оны әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың тарихындағы атаулармен байланыстыра отырып, мақсат еткен тақырыпты неғұрлым тереңдетіп, ру-тайпа шежіресін дүние бастауына дейін жеткізу. Мұндай «тарих» қазақ ішінде баяғыдан айтылып, жазылып келе жатқан нәрсе. Оған тоқтау жоқ. Тағы бір қызығы, бұл дүниелерге қызығушы, оқушы адамдар көп болады. Сондықтан, Мұхаметкәрім Қожырбайұлы есімді азаматтың жіберген көлемді материалын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мақалаға қатысты айтарыңыз, алып-қосарыңыз болса, бізге жолдаңыз.

 

Abai.kz

 

Ұлы жүз руларының ішінде Жалайыр ноқта ағасы, ең үлкені, құрметтісі және жауынгері болып есептеледі. Жалайырлардың жауынгерлігі жайында «Әзірейіл барда жаным бар деме, Жалайыр барда малым бар деме» деген қазақтың халық мәтелі бар. Жалайырлар Ақарыстың (Аға арыстың) ноқта ағасы болып есептеледі. Жиын-тойда, табақ тартқанда рулардың үлкені Жалайыр бар ма деп сұралады. Жалайырлар жоқ болса, құрметке Ошақты руы ие болады. Әдеби деректер мен қазақ шежіресіне сәйкес, жалайырлар Сырманақ, Шуманақ және Бірманақ болып бөлінеді.

        Осы Қосайлардың Манқыстаулық Қосайлар мен түбі бір екендігін, яғни оларда өз тегін Манқыстаулық Қосайлардан алатынын Бірманақ деген атауынан да анық көре аламыз.     Бірманақ – біріккен сөз.

        Би, ір (ірі) – ең алғаш тілі шығып ұлы (ірі) би атанған ел. Қаз Адайдың «Тіл таңбалы Адай» атанатыны осы.

        Ман — Ман ата, Адам ата ұрпақтарының топан судан кейінгі жалғасы, яғни Нұқ пайғамбар қауымы.   Маңғыстау сол Мандардың қыстауы, яғни тұрақты мекені.

        Ақ —  Ақ Ман (Ақиқат) деген сөздерден тұрады. Ақиқат деген ұғымымыздың сөз түбірінің, Қазақ Атамыздың есімінің екінші буынының да «Ақ» болатыны осы. Ақиқат ұғымы Манқыстауда дүниеге келген. Бұл ұғымның авторы да Қаз Адайлар, шежіре тілімен айтқанда Адайдың немересі Ақпандар (Ақ Ман ұлдары). Ақиқаттың екінші балама атауы Әділеттің де сөз түбірі Әд (Ад). Бұл Манқыстаулықтардың авторлық құқығы, бұл тұжырымнан «санасында саңлауы бар» қазақ азаматтары ешқайда қашып кете алмайды.

        Ал, «Жалайырдың бүкіл рулары кейін түріктеніп кеткен моңғол тектес дегенге итермелейді» дейтіндеріне келсек, жалайырлардың моңғолданып кеткен ештеңесі жоқ, керісінше моңғолдардың (мұңалдардың) өзінің тегі  қазақ екенін бағамдасаң жетіп жатыр. Сонда санасында саңлауы бар бүкіл қазақ баласын толғандырған бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмайды.

        «Қарқаралы уезінде Керей тайпасының екінші ірі аталары Абақ керейлер мекендеді. Уезде бұл аталардың өкілдерінен Жастабан руы мен оның Қосай, Бекназар деген аталары қоныстанды. Бұл аталар уездің шығыс жағында Шыңғыс жотасынан солтүстік-шығысқа қарай, Ащысу мен Шаған өзендерінің арасына орналасқан Шұбартау жазығын, Бақанас өзенінің бойын мекен еткен.

        Қосай — Нұралы, Сарыбай, Малмыр, Қаса аталарынан тұрады; Бекназар — Шоқантай, Қожакелді, Малдыбай, Можақ аталарға болінеді. Қосайларда 1477 қожалық, ал Бекназарларда 1098 шаруашылық болып, олар Дегелең, Бақанас болыстарына бірікті. Бұл аталардың шағын топтары Нұра, Жарлы озендерінің аралығына (уездің солтүстігінде) қоныстанды. Зайсан уезінде Кендірлік болысының көпшілігі абақ керейлер болды. Болыс шығысында Қытаймен шектесіп жатты; оның (болыстың) солтүстік шекарасы Қаратал және Жеменей өзендерінің, батысында Үйдепе өзенінің бойымен, оның ағысын бойлап жоғары қарай Сауыр жотасына дейін барды, оңтүстік шекарасы Сауыр жотасымен өтті. (Энциклопедиялық мәліметтен).

        Найман (Жанарыс, Орта жүз) шежіресінде Ергенекті Уақтан – Жусан, одан Қарақыз, одан Сәтбек, одан Бидалы, одан Құдайқұл, одан Андағұл, одан Қосай болып таратылады. Наймандардың тегінің Манқыстаулық екендігін де осы сөздің өзінен табамыз. Найман – Най Манның ұрпағы.

       Қыпшақтан (Орта жүз, Жанарыс) – Тары – Қитаба – Еділ – Шоғал – Бессары –Қара – Қайыпберлі  — Қосай болып таратылады.

        Шежіре бойынша Әлмәмбет (Кете, Әлім, Бекарыс, Кіші жүз) Айдармен бірге Бағадденнің Аққошқар атты ұлынан тарайды. Әлмәмбеттен—Тұрсын, Баубек, Аманқара, Жаңатуған, Ебескі, Салы, Есет, сосын Қазыбек атты ұлдар дүниеге келіп олардың бәрі өздері аттас рулық бөлімге түп ата болады. Әрі қарай Жаңатуғаннан—Шөрке. Ал Ебескіден-Алтай, Құттығай, Жұлдыз атты үш ұл туылған. Осы үш ұл — үш бөлімге бастау болған. Алтай батырдың аттары Әжібай бимен бірге 18 ғасырдағы орыс деректерінде жиі кездеседі. Алтай батырдан—Есей, Қосай, Нұрлыбай, Нарынбай, Барлыбай болып таратылады.

       Әйгілі Бөлтірік (Әлменұлы) шешеннің шыққан тегі Ұлы жүз —  Ысты. Шежіре дерегі бойынша Ыстыдан өрбіген бір ата Ойықтан Қызылқұрт, Зорбай (Ауызүсіген), Орбай (Көкшекөз), Сәтек туған. Осы төрт бұтақтың Зорбайынан Бәйгелді, одан Қосай, одан Малай, одан Сүйіндік, одан Өтеген, одан Сабдалы, одан Әлмен, одан Бөлтірік туады.

        Сары —  қоңырат тайпасының жетімдер руының бір тармағы. Сарыдан құба, тебей, қосай, барақ, ерсімбет, сұлу, құл, бөгембай, кенжеқара, қыра, беген, қара аталары өсіп-өнген.

        Орта жүз (Жанарыс) құрамындағы Уақтардың көптеген ұрпақтары өздерін Ерқосайдан таратады. Уақ: Бетке · Ерқосай · Қалдыбатыр · Жантелі · Баймен · Тоқтамыс · Сарман · Ергенші болып таратылады.

      Бұл тізімді әлі де ары қарай жалғасырып кете беруге болар еді. Оның бізге қажеті де жоқ. Себебі, Қосай  есімді ру (ел) тек қана қазақтың емес, әлемнің барлық елдері мен үлкен рулар мен тайпалар бірлестіктерінің бәрінің де құрамында бар. Демек, елді елге қосып, әр бір бөлек шыққан рулар мен елдерге оң батасын беріп отырғандар осы Қосай аға ұрпақтары. Қосайлар өзге қазақтарға Ата, бізде олар Аға  делінеді. Қазақтың үйге кірер есігінің екі қапталын босаға дейтіндері осы. Қосайлар жүрген жерде ел болып ұйысу, шынайы адами қасиет, ауызбірлік, бақ пен береке бар. Қазақтың алыс сапарға шықсаң (Қосайдан жолдасың болса, жолың болады», немесе келелі іс бастарда Қосай ата ұрпағынан бата алып бастайтындары осы. Осы деген сөздің түбірінің Ос болатыны да осы.

       Осы ұлы қағиданы бүкіл әлемге бастап берген Ос (Ош), Қос, Қосай атты атамыз бен анамызға және  сол ізді жалғастырып келе жатқан бүгінгі ұрпақтары Қосайларға бүкіл әлем қарыздар.

      Үш саны (қос, егіз, жұп+ай) Қосай атамыздың сандық атауы, ол қазақта киелі де, қасиетті саналады. Басын ашып кетейін, киелі саналатын үш санының сандық атауы емес, Қосай атамыздың өзі. Қазақтың киелі сандарының бәрінің мағынасы осындай. Бұл күмәнға да, дауға да жатпайды. Адам баласы дүниеге келеді, өледі, өлгесін ұмыт болады. Тек екі адам ғана мәңгі өлмейді: біріншісі елін жақсылыққа жақындатқан адам, екіншісі елін сорлатқан адам.

      Қосай атамыз ұрпақтарына төмендегідей тұжырымдар мен  өсиеттер қалдырды:

    —   Үш жүз — Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз.

    —   Үш жұрт – Ағайын жұрт, Нағашы жұрт, Қайын жұрт.

    —   Үш байлық: бірінші  денсаулық, екінші ақжаулық, үшінші қорадағы он саулық.

    —   Үш би – Үйсін Төле би, Арғын Қаздауысты Қазыбек би, Алшын Әйтеке би.

    —   Үш қат – Жоғарғы қат (аспан), Орта қат (жер үсті), Төменгі қат (жер асты).

    —   Үш қуат – Ақыл қуат, Жүрек қуат, Тіл қуат.

    —   Үш ғайып – Ажал ғайып, Қонақ ғайып, Несібе ғайып.

    —   Үш дауасыз – Мінез, Кәрілік, Ажал.

    —   Үш қадірлі – Ырыс, Бақ, Дәулет.

    —   Үш қадірсіз – Жастық шақ, Денсаулық, Жақсы жар.

   —   Үш тәтті – Жан тәтті. Мал тәтті. Жар тәтті.

   —   Үш ақиқат – қымбаты шындық, арзаны өтірік, дауасызы кәрілік.

   —   Үш қуаныш – алғыс алу, өзіңді көптің іздеуі, ісіңнің өшпеуі.

   —   Үш биік – билік, дәулет, даналық.

   —   Үш асыл – көз, тіл, көңіл.

   —   Үш қасиет — Өліде аруақ, малда кие, аста кепиет.

   —   Үш тағылым – мейірімнен сауап, жақсылықтан шарапат, жамандықтан кесапат.

   —   Үш тоқтам – ақыл арқан, ой өріс, адам қазық.

   —   Үш арсыз – Ұйқы арсыз, Тамақ арсыз, Күлкі арсыз.

   —  Үш жамандық – Нақақ қан төгу. Кісі малын нақақ алу. Ата-бабадан қалған ескі жұртты бұзу.

   —   Үш тұл – Қайратсыз ашу тұл. Тұрлаусыз ғашық тұл. Шәкіртсіз ғалым тұл.

   —  Үш апат – Ғалымдар мен қарияларды сыйламау.  Өкіметті сыйламау. Асты ысырап ету.

   —   Үш кемдік – надандық, еріншектік, зұлымдық.

   —   Үш кедейлік – кежірлік, еріншектік, ұйқы.

   —   Үш жаман – жаман ат, жаман қатын, жаман көрші.

        Енді осылардың үстіне ұрпақтарын бүкіл әлемге таратқан Қосай Нұқтың — Хам, Сам, Иапес деген үш ұлын қосыңыз.

        Атадан қалған ұлы жол бүгінгі Қосайларға аманат!

         «Сақ деп аталатын тайпалардың әрқасысының өз алдына ханы болған. Хандардың әмірі күшті еді, хан қаза болса, оның өлігін арбаға салып ел аралатқан» — дейді. («Қазақтың көне тарихы» Алматы 1993. 52-53 беттер). Тарихтан белгілісі «сақ» аталған халық (б.ж.с. дейінгі 7-4 ғасырларда) қазіргі Арал, Сырдария, Қаратау, Алатау, Талас, Шу, Іле, Тарбағатай, Памир-Алтай, Балқаш, Каспий, Жем, Жайық, яғни қазіргі қазақ елі аймағында қоныстанған. Оларды «тигра хауда сақтары» (шошақ төбелі тымақ киетін сақтар» деп атаған. Қазақ халқы да күнгі кешеге дейін өздерін «шошақ төбелі қазақпыз» деп атаған.

        Осы жерде олар өздерін неге Шошақ бөріктілер деп атады деген сұрақтың өз-өзінен туындап тұрғаны анық. Оны анықтау үшін тағы да ешқашан жаңылысып көрмеген сөз түбіріне жүгінеміз. Өздерің көріп отырғандай шошақтың түбірі Ош (Ос), яғни Қосай атамыздың есімі. Бұл баяғы Нұқ пайғамбар заманындағы топан суға қарық болған елдің атауы. Сол елден тек қана Нұқ пайғамбардың отбасы және Мұсылмандықты мойындаған сексен отбасы кемеге мініп аман қалған делінеді ежелгі шежірелердің бәрінде. Кеменің тоқтаған жері Қазығұрт тауы. Бұл сөздің толық мағынасы Қазық жұрт.  Нұқ пайғамбардың тегі Қосай. Сол ел түгелдей суға қарық болып, тек қана Нұқ пайғамбардың кемесіне мінген жандар аман қалып, сол елге Нұқ пайғамбар соңғы «Нүктені» қойды. Одан кейінгі ұрпақ Қосай Нұқ болып, ал сөйлемде Қос Нүкте болып жалғасып кетті. Қос Нүкте — Қосай Нұқтың лақап аты. Қосай руының қазақтың барлық руларының құрамында болатыны, Қосайдан жолдасың болса жолың болады делінетіні және олардың аға баласы деп құрметтелетінінің сыры осы.

         Біз бұл тұжырымның ақиқат екенін мына солтүстіктегі көршіміздің қос нүктені «двое точие» дейтіндерінен айқын көре аламыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, «точканың» сөз түбірі ош (ос) болып Нұқ пайғамбар атамыздың тегі Қосай атамыздың атын ұстап отыр.

          Ал, сәукеленің ұшына тағылатын «Үкіге» келсек. Бұл Нұқ (Нүк) қауымының түп атасы – Үкаша ата.  Үкаша Атамыздың, яғни Нұқ атамыздың моласы осы Қазығұрт тауына жақын маңайда. Ежелгі жазбалар Нұқ пайғамбар қауымын Үкіш қауымы деп атапты.

          Үкіш қауымы – Нұқ пайғамбар қауымының ежелгі атауы. Нұқтың сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) Ұқ (Үк) болатыны осыдан. Қазақ келіндерінің сәукелесі мен домбыраға тағылатын Үкінің және үмітімізді үкілейтініміздің сыры осы. Қазіргі «үкім» (жарлық), «үкімет» деген ұғымымыздың да авторы осы Үкіш (Нұқ) қауымы. Бізден басқа ешбір ел өз билігін үкімет деп атамайды.

         Тарих тағлымы: Атам Қазақтың бүкіл мен бүгін деген сөздерінің түбірі «үкі, үгі» болатыны да осыдан. Құрметті оқырман! Еске ұста! Сөз түбірі (өз түбі, яғни сөздің атасы) ешқашан жаңылысып көрген емес. Аталарымыз тарихты осылай жазған, аталарын осылай сыйлаған. Сөз жасасаң, осылай жаса. Тарих жазсаң, осылай жаз. Даналық деп осыны айт!

         Ежелгі шежірелердің бәрінде Нұқ пайғамбардың Хам (Қам), Сам (Шам) және Иафес есімді үш ұлының болғандығы айтылады. «Нұх пайғамбар үш ұлын үш тарапқа: Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Иафес атты ұлын солтүстік жаққа жіберді. Үшеуіне айтты: «Адам перзенттерінен үшеуіңізден өзге ешкім қалған жоқ, үшеуіңіз үш жұртқа отырыңыз, ұрпақтарыңыз көп болса, сол барған жерлеріңізді жұрт етіп отырыңыз».

        Иафес атасының әмірімен Жуды (қазіргі атауы Қазығұрт М.Қ.) тауынан кетіп, Еділ мен Жайық суының арасына қоныс тепті. Иафестің сегіз ұлы бар еді, ұрпақтары көп болды. Олар мыналар: Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих. Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар», -деп өсиет қылды, оған Иафес ұғланы (оғланы) деген лақап қойды.

       Түріктің төрт ұлы бар еді; Түтік, Хакал, Барсажар, Амлақ. Түрік өзі өлер шағында үлкен ұлы Түтікті өз орнына отырғызып, қайтпас сапарға кетті» (Әбілғазы «Түрік шежіресі»).

        Өздеріңіз көріп отырғандай Нұқ пайғамбардың өз қауымы, яғни оның руластары бүгінгі қазақ даласында, яғни қазық жұртта (Қазығұртта) қалып отыр. Егер біле білсең, яғни сөз түсінер ақылың мен білімің болса олардың сол жерде әлі отырғанын да бағамдайға тиіссің.

         Әңгімеміздің басында Қазіреті Нұқ пайғамбардың тегі Қазақтың Қосай руынан екендігін айтқанбыз.

         Мұса пайғамбардың тегі Нұқ пайғамбардан тарайтындығы Құран Кәрімде де айқын көрсетілген. …«Бұрын Нұхты да тура жолға салып және оның ұрпақтарынан Дәуіт, Сүлеймен, Әйюб, Юсуф, Мұса және Һарунға да тура жол көрсеттік. Игілік істеушілерге осындай сыйлық береміз» (Әл-Әнғам сүресі, 84 аят).

      Қазақ атамның бізге қалдырған өсиеті бойынша Аллатағала дүниені жаратқанда бәрі-бәрін үш-үштен жаратқан. Аллатағала деген сөздің өзі де  Алла, Ата және Аға деген үш киелі ұғымнан тұрады. Бүкіл жаратылыстың да үш анасы бар: Ауа ана, От ана және Жер ана. Аллатағала бүкіл ғарыш-ғаламды да, соның ішінде адамды да осы үшеуінің қоспасынан жасаған. Үш саны мен, сен және ол. Үш саны адамзат баласын (Құдайкенің көшін) бүкіл әлемдік топан судан алып шыққан Қосай атамыздың лақап аты. Қосайдың сөз түбірі «Ос» (жер өз осінде айналады), яғни өзек деп аталатыны осы. Олар Құдайке елінің көшін ана «дүниеден» мына «дүниеге» жалғаған көпір. Мына батыс елдерінің ғарышты Космос (Қосай мост-Қосай көпір) деп жүргендерінің сыры осы.

       Тарих тағлымы: Қазақта ең алғашқы «аға» деген құрметті атауды иемдеген Қосай атамыз. Сондықтан олар аға баласы ретінде үлкен құрметке ие. Алыс сапарға шығарда, халық мүддесі үшін келелі іс бастарда, жауға аттанарда Қосай ата ұрпағынан бата алу, қасыңдағы сапарлас серігің Қосай ата ұрпағы болса жолың болады деген ұғым содан бері жалғасып келеді. Қасында ағасы жүрсе, інісі қор болушы ма еді. Қазақтың «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген мақалының авторы да осы Қосайлар.

        Қасыңда досың жүрсе де қор болмайсың. Дос Қосай атамыздың лақап аты.  Екеуінің түбірлес болатыны осы.

       2007 жылы 360 әулиелі киелі Маңғыстаудағы Қаратаудың ең биік шыңдарының бірі Отпан тауға «Адай Ата-Отпан тау» тарихи кешені салынып, Адай ата кесенесі бой көтергелі бері жыл сайын атадан қалған өнегелі жол, қалыптасқан дәстүр бойынша, Адай ата ұрпақтары кезек кезегімен Отпан таудың басында Бірлік отын жағып, 14 наурыз күні Амалды қарсы алып, ынтымақ пен бірліктің тойын тойлап келеді. Биылғы кезек – Адай атаның екінші немересі – Үшінші буын ұрпағы — Аға баласы — Қосай ата ұрпақтарының еншісіне тиді.

         Отпан тауда жағылған оттың ғұмырының ұзақ болуын Алладан тілеп, осыған қолымыздан келген үлесімізді қосайық, Ағайын!  Өсіңдер! Өніңдер! Ұлы аталарыңызға лайық ұрпақ тәрбиелеңіздер! Ошақтарыңыздың оты сөнбегей!

         БІРЛІК ОТЫН МӘҢГІ БІРГЕ ЖАҒАЙЫҚ!

 

Мұхаметкәрім Қожырбайұлы

 

Соңы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1655