Сейсенбі, 2 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11571. Жазылғандар — 5587. Қайтыс болғандар — 41
Қоғам 3753 0 пікір 28 Қаңтар, 2016 сағат 11:28

ҚАЗАҚТЫҢ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ МҮДДЕСІ ЖЕТІМСІРЕП ҚАЛҒАН ЖОҚ ПА?

1992 жылы жазған «Әйтеке би» атты еңбегінде күні кеше пәниден өткен көрнекті қаламгеріміз Әбіш КЕКІЛБАЕВ былай депті: 

«...Қазіргі алауыздық пен әкімгерлік ел басқару жүйесі аяққа тапталған кезде шықты. Қазақ даласында 1824 жылы хандық билік, 1868 жылы сұлтандық билік жойылды. Сол арқылы қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды. ...«Анау ауылдан шыққандар шетінен сұңғыла, мынау ауылдан шыққандар шетінен миғұла» деп бірін-бірі көзге шұқитын әдет пайда болды. ...адамды қойып рулы елді жөргектен қағынған қып көрсетуге машықтана бастадық. баршамыздың басымызға түсіп, баршамыз әлі арылып болмаған отаршылық зауалының өзін бір-біріміздің бетімізге шіркеу салу үшін тілге тиек ететіндер бар. Отаршылық – тек біздің ғана емес, адамзаттың көбінің басына түскен тақсірет. Одан құтылу үшін ортақ жолындағы ынтымақ керек. Ондай ынтымақ әрқайсымыздың көкейтесті мүддемізді бірдей өліп, бірдей ескеру жолымен орнайды. Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіні де сондықтан. Олар замандастарына сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді үйретті. Біздер бүгінгі тәуелсіздік заманына жеткенге дейінгі бабаларымыздың ғасырлар бойы өз халқының тағдырын ойлап, сол жолда талай мәуесі қырқылғанымен, тамыры үзілмеген азатшыл рухымызға қарыздармыз.»

Тамаша тұжырым. Қоғамдық һәм мемлекеттік биік деңгейдегі ұлттық мінберден айтылған сөз. Қайран дүние, осындай орасан ойлының да қадірін білмей, өмірінің соңғы жылдарына күңгірт-перде тұттық-ау?!. Қадір МЫРЗА ӘЛІ-ден кейін, Ақселеу СЕЙДІМБЕК-тен кейін, Фариза ОҢҒАРСЫНОВА-дан кейін, Марат ҚАБАНБАЙ-дан кейін,Әбіш КЕКІЛБАЙ-дан кейін... қазақтың мыңжылдық мүддесі жетімсіреп қалды...

Саясаткер Айдос САРЫМ: «Орыстілді аймақтардағы халық санының азаюы - осы облыстардың экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді» деген екен. Рас толғам шығар. Түксіз тақырға шөп шыға ма?..

Еліміздің оңтүстігінен солтүстік аймаққа 460 отбасы қоныс аудармақшы көрінеді. Жаңа жерде оларды «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» бағдарламасы арқылы жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етеді. Қостанайлықтар биыл 500 ошақтан астам отанына оралатын қандастарын қабылдауға ниеттеніп отыр. Міне, бұл - нақты қадам, анық іс.

Жергілікті ұлт санының молаюы - қай өңірде де еңбек нарығын қалыптастырып, әлеуметтік ахуалды түзетеді. Әсіресе, шығыс және орталық аймақтарда, Павлодар облысында мемлекеттік тіл мәселесі шешілмегендіктен, қазақтардың жеңілдіктермен қоныс аудару үрдісі - мемлекеттік тілдің - қазақ тілінің қалыпты дамуына ықпал етеді. Өйткені, кез-келген ұлттық мемлекеттің дамуы - ұлттық тілі мен дінінің, ділі мен салт-санасының өсу деңгейіне тікелей байланысты.

Құдайберлі МЫРЗАБЕК бауырымыздың жүрек қынжылы жанымызды сыздатып жіберді: «Бір кісі «жүр-жүрлеп» қоймаған соң, ілесіп үйіне бардым. Отыздар шамасында ұлы бар екен. Әкесіне телефонынан бейнетүсірілім көрсетті. Түнімен крещениеге қатысып, суға түскенін айтты. Әкесі оны: “Көп жылдан бері қалмай қатысып келеді” деп, қуаттап қойды. Мен: “Бұларыңыз дұрыс емес” деп едім, ұлы: “Өте пайдалы. Қыс бойы ауырмайсың” деп, «дәлелдей» кетті. Мен: “Басқа күні неге түспейсің?” десем, “Тек Исус шоқынған күнгі су ғана қасиетті болады” деп, бет бақтырмады... Бір ауылдағы қазақтар: “Орыстардың шоқындырған суын ыдысқа құйып әкеліп сақтап қоямыз, кейін балалар ауырғанда, сиыр ауырғанда ішкіземіз” дегенін де естіп едім. Жалпы, біздің орыспен араласып кеткен ағайындардың ұлттық түйсігі жоқ. Олардың санасында вирус бар...»

...Сондықтан, соңғы кезде қаптап кеткен: «Қазақстанда Қырымның тағдыры қайталануы мүмкін бе?» деген толғаныстан емес, топастықтан туындаған мағынасыз сауал-мақалаларды баспасөзге жариялауға мүлдем тиым салу керек. Бұл сұрақ елі мен жеріне шынайы жанашырдың емес, ой-санасы қорқыныш-үреймен, құлдық синдроммен уланған дүбәрәның сандырағы.

Қазақстан ұлттық құрылымдардың федерация­сы емес, біртұтас, унитарлы, басым бөлігі мен бастаушысы бір ұлттан құралған таза ұлттық мемлекет. Қазақ топырағында басқа ұлт пен ұлысты құрайтын федерациялық, автономдық облыс пен аудан түгілі, ауыл да жоқ.

Бізде ұлттық қауіпсіздігімізді қорғауға тиіс күштік, құқықтық құралымдар бар. Сол құрылымдар ауызы бейпіл, пиғылы харам топтар мен тобырларды анықтап, ауыздықтауға тиіс.

Ата-бабамыздың асыл мұрасы - тұтас жеріміз бен еңселі еліміз қазақ ұлтының қымбат қазынасы. Бірлік пен береке қонған өлкемізде өзеуреген өзге ниет, жат пиғылға орын жоқ және болмайды да. Атамыз қазақ: «Жақсы сөз - жарым ырыс» дейді, жақсы сөйлеп үйренейік!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір