Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 7156 0 пікір 27 Қаңтар, 2016 сағат 13:00

ЗУҚАНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫ ЫСТАНБҰЛДА БАСТАЛДЫ

 

Биыл, яғни 2016 жылы  Алтайда өмір сүрген әйгілі батыр,  дін қайраткер, ел қормалы, ұлт-азатық күрес басшыларының бірі, қазақ тарихындағы даңсалы тұлға Зуқа қажы Сәбитұлының туғанына 150 жыл толды.

 1866 жылы Қазақстанның қазіргі Зайсан ауданы, Кендірлік ауылында туған батырдың биылғы 150 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өту шаралары 2015 жылдың соңғы ширегінде басталып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Естеріңізге сала кетейік, Алаштың ардагер ұлы 1929 жылы сол кездегі қытай билеушілері тарапынан қастандыққа ұшырап, басы алынған еді.

Айтулы датаға орай  батырдың ұрпақтарының ұйтқы болуымен Түркияда тұратын қандастарымыз да шараға әзірлік жұмыстарын бастап кетті.

Қаңтардың 24-жұлдызында, Ыстамбұлдағы қазақтар көп қоныстанған Бағжылар ауданында, Қожа Ахмет Яссауи қорының залына жиналған қауым Зуқа сынды Алаш қайраткерінің 150 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық шараларын пысықтап, батыр рухына және Қазақстан тәуелсіздігі жолында қаза тапқан шахиттер мен Алаш арыстарына арнап «Құран хатым» түсірді.  Шараға батырдың ұрпақтарымен қатар қазақтың зиялылары мен ақсақалдары, аудан башылығы, Түркия үкіметінің өкілдері қатысты. 

Шара мақсаты: Үстіміздегі жылы Қазақстан, Түркия, Германия, Франция, Аустрия, Англия, Қытай, Моңғолия қатарлы елдерінде Қажы Зуқа батырдың туғанының 150 жылдығына орай өтетін еске алу шараларын үйлестіру және ұйымдастыру барысын талқылау болды. Айта кетейік, 2015 жылы қараша, желтоқсан айында Қазақстанның Алматы қаласындағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Ер Жәнібек қоры да осы мәселені талқылап, халықаралық деңгейде, әрі жоғары дәрежеде ұйымдастыру туралы шешім шығарған болатын. Осымен бірге Қытайдың Үрімжі қаласындағы Қазақ зялылары бас қосып, дайындық шараларын бастап кеткен еді. Ыстамбұлда өткен жиналыс барысында Бағжылар ауданының орынбасар әкімі Кенан Гүлтүрік мырза сөз алып әкімшілік және түрік үкіметі тарапынан Түркияда және Қазақстанда өтетін барлық шараларға барынша қолдау көрсететіндіктерін білдірді.

Ұйымдастыру алқасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және Ер Жәнібек қорымен, ҚР әкімшіліктермен, түрлі қоғамдық ұйымдармен, жеке тұлғалармен  бірлесе отырып атажұртта да, атап айтқанда Астана, Алматы қалаларында батырдың өмірі мен күресіне арналған конференциялар өткізбек. Астана, Алматы, Ыстамбұл, Вена, Мюнхен, Көлін, Париж қатарлы қалаларда «150 рет құран хатым» түсіріліп, қайырымдылық шараларын өткізуді жоспарлап отыр.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, жетім-жесірлер мен панасыздарға көмектесуге арнаған, 1920 жылы Алтайға басып кірген Орыстың Ақ патша генералы Бакичев армиясын тойтарып, шекарадағы қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратқан Моңғол әскерлеріне соққы берген халықтың қормалы, Алаштың ардагер ұлы Зуқа туралы 3 тарихи роман жазылғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, Қажығұмар Шабданұлының түрмеде отырып жазған «Пана» романы, Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» және Баяхмет Жұмабайұлының «Сағыныш» романы. Сонымен бірге А.Мин, Ростислав Петров жазған «Черный Иртыш» тарихи романында да айтылады.  Алтайдың Көктоғай ауданында батырға арнап Ескерткіш орнатылса, Баянөлгей аймағының Өлгей қаласының орталық көшесіне батырдың аты берілген. Алматы қаласы, Райымбек ауылында «Зуқа батыр атындағы мешіт-медіресе» бар.

Бейсен Ахметұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2056