Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Мәйекті 9868 0 пікір 27 Қаңтар, 2016 сағат 10:44

ҚОСЫЛУ МЕН АЖЫРАСУ. "ҚОШТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ"

«Өмірдің сұрағы көп, жауабы аз. Жанып-сөнетін жалған дүниенің жұмбағын шешкен жандар бар ма екен, өзі?! Өмірдің мәні – кездесу мен қоштасу ма, сонда? Қоштасатын болсақ неге кездесеміз? Ақыры тағдыр кездестірген екен, жақын жандарымызбен неге қоштасамыз? Неге?» - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров – М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында сахналап жатқан «Қоштасқым келмейді» (авторы: А.Володин)  қойылымында осы сұрақтарға жауап іздейді.

«Қоштасқым келмейді» драмасы ХХ ғасыр драматургиясының классигі Александр Володиннің "С любимыми не расставайтесь" шығармасының негізінде сахналанып отыр. Адамдардың кездесуі мен қоштасуы жайлы сыр шертетін қарапайым, әрі қиын драма. Пьеса мен қойылымды «Ажырасу туралы іс» деп те атауға болады. Өйткені, жұбайлардың сегіз жұбы бірінен кейін бірі ажырасады. Әрбір кейіпкер – ғашықтық пен сатқындық, тәкаппарлық пен қызғаныш, сүю мен жек көру сияқты өткелдерді басынан кешіреді. 

1972 жылы жазылса да, әлі күнге өзектілігі мен өміршеңдігін жоғалтпаған Александр Володиннің аталмыш драмасы – өмір шындығын әсерлемей қарапайым тілмен суреттеп, адам болмысын шынайы көрсете отырып, рухани құндылықтардың тереңіне бойлататындығымен мені қатты қызықтырды. «Қоштасқым келмейді» деген атаумен сахналап отырған осы қойылымға отбасы мәселесі, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасындағы әлеуметтік мәселелер, махаббат пен достық секілді мәңгілік тақырыптар арқау етілген. 

Қазіргі қоғамда белең алған ажырасулардың себебі неде? Кейіпкерлердің «Біз бөлек жандар екенбіз» деген басты жауаптары бір кездері жалындаған ұлы сезімнің, кейін өмір сынағынан өтпей қалғандығына басты айғақ па? Сұрағы көп, жауабы аз өмірдің жұмбағын әрбір кейіпкер өзінше шешеді, өз тағдыры арқылы ұғынады.

Осындай өмірлік тақырып жөнінде театр актерлері тазалық пен сатқандық, өмірдің мәні мен мәнсіздігі жайлы ой-тағылымдармен ой бөліседі, сырласады. «Қоштасқым келмейді» қойылымында М.Әуезов театрының актерлері шағын залдың ішінде көрермендерімен сыр-сұхбат өрбітеді. Жүректегі жазуларды оқиды.

Сценографиялық тұрғыда сахнада басы артық ештеңе жоқ. Қойылымға қатысатын актерлер бір жарым сағат бойы сахнадан кетпейді. Сырғи ашылатын шымылдық та, кулиса да болмайды. Сондықтан эксперименттен көрі лабораториялық жұмыс деп атаған дұрыс шығар.  Қойылым «Шартты театр» құрылымының заңдылықтары негізінде сахналанып отыр.  Міне, мұның өзі актерге сахнада өзгеше өмір сүру мен басқаша әрекет жасауды талап етеді. Бұл арада ең басты принцип – актердің энергиясын басты құралға айналдыру. Сондықтан артистер бір сәт оқиға куәгерлеріне айналады, бір сәт олар көрермендерге айналады, енді бір сәт өздерінің азаматтық ұстанымдарын айтады. Оқиға кейіпкері куәгер болып, ортаға шыққаннан кейін көрерменмен екеуінің арасында өзгеше байланыс орнайды. Көзге көрінбейтін кереметтер арқылы ол өзінің көрерменінің  жүрегіне жол табады.

Қазір бұл қойылымға театрдың үш буыны қатар атсалысып отыр. Олардың  көбі  осы театрдың сахнасында әлемдік, ұлттық классикалық шығармаларда салмақты рөлдерді ойнаған актерлер.  Бұл қойылымда олар мүлдем басқа кейіпке енеді. Әлемдік заманауи сахна өнерінде «Жаңа драма» деген бағыт бар. Егер дәстүрлі драматургияда шығарма жазушының үстелінде дүниеге келсе, «жаңа драма» – сахна үстінде туады. Ия, пьеса кейіпкерлерінің нақты есімдері бар. Алайда, актерлер өзінің мамандығына ғылыми тұрғыда көз салып, бейнені психологиялық тұрғыда зерделеп кейіпкердің авторына айналады. Яғни, бейненің өмірбаянын, мәдени типтік болмысын, азаматтық ұстанымын, әлеуметтік мәртебесін өздері ойлап табады.

Сондықтан, қойылымға сегіз жанұяның өмірі арқау болса, оның бәрі бір-біріне ұқсамайды. Он түрлі сынған тағдырлар. Сынған айнаны қайта жалғауға бола ма? Жоқ. Көрерменді осындай бір философиялық ойға, тағылым әлеміне жетелеу - мақсатымыз. Жасыратыны жоқ, бұл қойылымда М.Чехов, Б.Брехтің театр әдісіндегі элементтер қолданылады. Мұндағы мақсатым – көрерменнің санасына әсер ету. Яғни, рациональдық театр әлемінің эстетикасымен таныстыру.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының Баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1524
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3301
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5918