Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 11193 0 пікір 26 Қаңтар, 2016 сағат 11:14

ҚЫТАЙЛАР ЕРКЕКТІ ҚАЛАЙ "ПІШТІРЕДІ"?

НЕМЕСЕ ТАЗАЛЫҚ ПЕН ЕРКЕК "ПІШУ" ХИКАЯСЫ

 

«Досты пайғамбар, көршіні құдай қосады» деуші еді халық даналығы. Иә, құдай құсқан соң оған еш шараң да, амал-айлаң да жоқ , тек, тату-тәтті барыс-келіс, алыс-беріс жасап осынау дүрбелең дүниенің тыныш күйін сақтап қана саналы ғұмырыңды салиқалы өткізу үшін, көршіңнің қас-қабағын бағып қалбаңдап  сабыласын да баяғы.  

Айтайын дегенім түп төркініміз Ғұн, Үйсін, Юзлер замандарынан бермен неше мың жылдық, бұл күндері, арғы ата-бабалары «арқа етін арша, борбай етін борша қып» ақыл парасатының арқасында салған салтанантты ұлы қорғанынан қопарыла шығып қомақты жерді иелеп құмырсқаның илеуіндей құжнап отырған  айдаһар айбатты, һақарлы қайратты – шығыстағы алып көршіміз, екі өлкесінің азаматы бір-бірінің тілін аудармашысыз түсінбейтін,  бүгінгі бір тұтас ханзу деп аталатын Қытай елі жайлы:  тегі,  біз  не білеміз? Осы ұлттан бізге осыған дейін қандай ұнамды мәдениет жұғысты болды? Алда тағы қандай жаңалықтар әкелуі мүмкүн?  Осы түйіндер жайлы  арнайы зерттеуші болмасам да,  сол елде өткен 38 жылдық өмірімде өз көзіммен көрген, ет құлағыммен ауызба ауыз естіген, қос қолдап нақтылы ұстаған жайттарды қаз-қалпында қаймағын бұзбай  естелік-ессе  ретінде, қазақ азаматтары мен азаматшаларының ескере жүрулері үшін жазып, қағаз бетіне  қалдыруды жөн көрдім.

Негізі, мен қазіргі Қытай мемлекетіне қарасты ШҰАР-дың Іле қазақ облысы Шапшал ауданы байырғы қазақтың ата қонысы (үйсіндер ең алғаш өз алдына ту көтеріп, дербес мемлекет құрған) болған  Үйсінтау етегінде туылып сонда ержеттім. Мен тұрған ауылдың жартысы  ұйғыр да, жартысы  қазақ ұлты, одан тыс кейін келген 5-6 таза қытай отбасы бар-тұғын. Бізді 10 жасымыздан бастап шиаудүйдың (колқоздың) жеңіл-желпі: соқаның атына міну, сүйрем салу, тырмақ салу, тұлықтасқа міну сияқты жұмыстарына баулып, 15-16 жасқа таяған шағымызда жаздай бидай ору науқанында ораққа, күзде шөп піскен кезде бау байлау, шалғы тарту; ал қыста таудан көлікпен (ат, өгіз) қарағай тарту  сияқты жұмыстарға істетіп өсірген. Әр жұмыс орнында әлгі 4-5 таза қытайды жергілікті халық «бұлар аз санды ұлт» деп бастарына көтеріп, астың дәмдісін алдымен соларға беріп, жұмыстың жеңілін соларға қалдыратын. Бала болған соң ба, меніңде ішім жылып көмектескім келіп тұратын еді, ылғи да. Олар ол кезде біздің халық істеп жүрген тек қана қаракүштің қажеті болған қара жұмысқа  өте нашар келетін. Қазір ойласам әсілінде олар тұрған жерде біздегідей далиып жатқан дала жоқ, алақандай жерде айналсоқтап зорға күндерін көріп жүрген екен де, мынадай кең көсіліп еңбек етіп көрмеген тәрізді.

Осы қытайлардың, бірде елді шулатқан мынадай бір жағдайы есімнен кетпейді. Бір қытайдың үйіне ішкі қытайдан (қорған ішінен болуы керек) балдызы ма, туысы ма бір жас жігіт  келген екен. Сол жігітті жапан даладағы еш күзетсіз жайқалып пісіп тұрған шаудүидың (колқоздың) жүгерісіне апармай ма, ондай тегін асты өмірінде көрмеген әлгі байқұс, жүгерінің ішіне кіріп алыпты да, шала піскен сүтті жүгеріні шикідей жей беріпті, жей беріпті. Кешкісін, әлгінің іші шаранадай болып кеуіп, ойбайға басып допша дөңгелепті. Ауылдық жерде көрсетерге  жетіскен дәрігер  жоқ, аудан орталығына апарарға көлік табылмай, ақыры сол түні асқазаны жарылып өліпті де қалыпты. Оны естіген ақ көңіл ауыл адамдары «аз санды ұлт өліп қалды, енді қайтеміз?» деп жылап-еңіреп әлгі қытайларға қазақшалап көңіл айтып, жұбатып жүр. Оны біліп рахмет айтып жатқан жан  жоқ. Талайға дейін көңілсіз күй кешкен күлі ауыл жұрты ''құрметті қонақты''    өздері  өлтіргендей болып бір түрлі болды да қалды.

1976 жылы қытайды, бақандай 10 жыл  аласапыранға салған аты шулы «Мәдеиет төңкерісі» тоқтады да 1977 жылдан бастап жоғары оқу орындарына мемлекеттік емтихан арқылы оқушы қабылдау тәртібі орнады. Оған дейін ата тегінде бай шаруа болған немесе ел билеген ерен  адамдардың тұқымы мен зобалаң заманда зәбір шегіп Совет жерінен еріксіз ауып барған елдің балаларын «бұлар қос жүрек» деп ешқандай оқу орнына түсіуіне  жол бермей, керісінше  тақыр кедей ұрпағын, аузың қайсы десе мұрнын көрсететін момын, жалынсыз жандарды ғана қабылдайтын еді. Осы салиқалы саясаттың арқасында 1979 жылы мен Шинжиаң Унверситетінің математика факултетіне оқуға түстім. Студенттік  кезде, көбінде жастық желектің қызуымен көп нәрсеге аса назар  аударып мән де бермейсің  ғой. Десе де, кейде адамды еріксіз елең еткізіп есіңде  мәңгілік  шегеленіп қалатын қызық жайттар де болады екен. 1982 жылы жаздық демалыс кезінде ауылға келгенмін. Келген күннің ертесі, біздің үйдің жоғары жағында, 10 жылдық мектепті бірге бітіріп, тай құлындай тебісіп бірге өскен сыныптасым Бауырдан Қожамбердіұлының Мәркия атты шешесіне сәлем берейін деп үйлеріне барсам, есіктің алдында Мәркия апаммен екі әйел бірлікте ақшатырдың үстінде сары бидайды сапырып, тасын теріп  тазалап, бір қызықты әңгімелерін айтысып отырған екен. Жақсылап  сәлемдесіп болған соң Бауырдан екеуміз анадай жерде  бозбалалық, бойдақ жігіттік әңгімелерімізді айтысып  біразға тұрғанбыз. Әлгі апалардың үздік-үздік сылқылдап күлген күлкілері еріксіз  назарымды бұрып болмаған соң, «Бұл кісілер тегі неменеге сонша мәз екен-ә?!» деген оймен құлағымды салсам: Мәркия апам «Ойбой, әлгі Жауганса байқұс талтаңдап жүре алмай қалыпты, обалай өзіне. Өңіде сұрланып түсі қашып кетіпті.

– Ей, қалайсың-ей,  – деп көңілін сұрап едім,

– Жақсы боп қалдым, – деп даусы дірілдеп. – Зорға сөйлеп тұр бейшара, –деді сонан соң. Қасында отырған әйелдердің де жаны ашып:

– Иә, оңай дейсің бе, қайта өліп қалмай жүргеніне тәубе. Е, байқұс аман болсын, көрер қызығын көріп болды ғой. Енді бала-шағасының қызығын көрсін де. Бізде барып көңілін сұрап қоялық-ей, – деп бір-біріне күлкі аралас  көңіл-күйлерін білдірісіп жатыр. Сосын, «Бұл не әңгіме? Жаугансаға не болып еді?» деп, Бауырданнан сұрамаймын ба. Сөйтсем, ол былай болған әңгіме екен:  Біз орталау сыныпты оқып жүргенімізде әлгі 5-6 қытай отбасының балалары да мектеп жасына толып ұйғыр, қазақ аралас бастауыштан бір-екі таза қытай сыныбын ашқан, соларға сабақ беретін Жауганса деген қытай  мұғалім болушы еді. 1980 жылдар  үкімет таза қытайларға «жоспарлы туыт» саястын жолға қойып, сәтті жүргізу үшін  әуелі әйелдердің туыт жолын  қиып тастау тәсілін қолданған болатын. Кейін әйелдер жағы «еркектер тыныш жүрсе, біз де бала таппаймыз ғой. Сондықтан бізді емес алдымен нағыз қылмысты жасайтын  еркектерді шектесін де?!» деп дау көтеріп болмаған  соң, енді «еркекті пішу» дейтін данышпандық дана саясатын шығарған екен. Осы салиқалы саясатты жүзеге асыру барысында,  Жаугансаның 6-7 баласы болады да одан тыс әйелі тағы екіқабат болғандықтан, «Бұндай ұятсыз еркекті бірінші ретте пішіп тоқтату керек» деп шешкен жергілікті билік, бассалып, әйелінің қасында тыныш жатуды білмейтін Жауганса мұғалімді пішіп (енін алып тастау) тастаған екен. Әлгі кісілердің жаны ашып әңгіме етіп отырғаны, салмағы жеңілдеп, салы суға кетіп, аяқжағынан  ауырсынып көшеде зорға жүрген осы кісі болып шықты. «Ой тәуба» деп мырыс етіп күлдім де мен де жайыма кеттім. Ол кезде бұл науқан маған пәлендей зор әсер ете қоймаған болатын. «Е, қытайлардың өзінде болып жатқан шаруа ғой, баяғы» деп қарасам керек. Кейін арасын көп суытпай 1987 жылдар бұл саясат ұсақ ұлттарға да бірдей жүргізілетін болып бекітілді. 1990 жылдар жігіттер арасында «Ойбай, Текесте бір  партия мүшесі қазақ кадрін зорлап пішпек болып «пішкіштер» үйіне басып кіргенде, әлі байқұсты әйелі терезеден қашырып  шығарып жіберген  екен. Үкімет қояды дейсің бе, аңдып жүріп ақыры бір күні бас салып ұстап алып, әй-шүйге қаратпай пішіп тастапты. Әйелі жылап-еңіреп: «Енді қайттім ойбай, енді қайттым!» деп ботадай боздап жүр дейді» деп сылтың әңгімелер айтып жүрді. 1996 жылы ата мекенге көшуге іштей дайындалып, ауылдағы кәрі шешем мен аға бауырларға қоштасып келейін деген оймен ауылға барсам, баяғы 5-6 отбасы қытайларым 50-60 түтіннен асып, өздері ыңғайланып бір ауыл болып, ортадан ойып отырып жеке-жеке әр түрлі бұйым сататын дүкендер, май тартатын, бидай тартатын, тақтай тілетін сияқты  кішікірім завоттар құрып шіреп отыр. Е, бұнысы жақсы болған екен десем, ел: «Ой, құрсын бұларың, өте арам-лас екен ғой. Енді қайттік, бүйтіп көрген күніміз құрсын» деп без-без етеді. Тегі не боп қалды  екен деп, жағдайды білгенім де: Менің бала кезімде ауыл ортасын қақ жарып  бастауын тау бұлақтарынан  алатын  бір тастоған мөлдір су сарқырап ағып жататын.Күллі ауыл адамдары да, қолдағы бар мал да сол судан ішетін. Кейіндеп жұрттың шәйінен бір түрлі иіс шыға бастаған ғой. Не болғанын қайдан білсін «өзен басына малдың өлігі түсіп кеткен шығар» деп адам жіберіп іздетіп те көрген екен. Бірақ ештеме таба алмаған тоған баяғыша таза болған. Содан күш қуаты барлар Кішібура сайынан тасып ішсе, қуатсыз кәрілер амалсыз әлгі сасыған иісті суды іше берген. Кейін қараса, әлгі ақылды қытайлар аулаларындағы дәретханысын жер асты арқылы тұруба жүргізіп тастоғанға жалғап  ағызып қойған екен. Бұл іс білінген соң, ауыл адамдары әр бір қытайдың үйіне барып «бұларың болмайды, жабыңдар» деп өтінген, бірақ күш бермеген ақылды аға ұлт өкілдері сол бойында қалдырған, сонымен байқұс қазақтар еріксіз  дұмалап сайдың табанына бірақ түсіпті.

1990 жылы М. атты  мұғалима екеуміз Оңтүстік Қытай Сышуан өлкесінің орталығы Шыңду қаласындағы Сышуан үнверситетіне бір жылдық білім жетілдіруге оқуға бардық. Сышуан ойпатына түсу үшін пойыз тау сағалап  ұзақ жүреді екен. Тау-тастың алақандай ашық жері жоқ, титімдей жазықтау жер көрінсе, соған, ойдан топырақ тасып төгіп егін егіп қойыпты. Шыңду қаласының маңындағы ауыл біткен  түгелдей жер егіп, жайқалтып тастаған. Әлгі егіннің ретті жасалған таптұйнақтай  тақтасына, бір-біріне ұқсатылмай егілген өсімдіктердің құлпыра ашқан алуан түсті гүліне, бастарына қазандай-қазандай шиқалпақтарын киініп, егін етегінде  жүрген құжнаған ер жүрек  еңбекші бұқараға, былтырдан қалған егін сабандарын жол бойындағы қаз-қатар тізілген ағаштың биіктеу ашаларына шөмелелеп жиып қойған пысықтықтарына  қарап, бейне бір шебер суретшінің салған әсем өрнегін көргендей әсерленесің де, осындағы халықтың жанкешті еңбекшілдігіне тәнті боласың.   Вакзалға түскеніміз де қарақұрттай құжнаған халықтан, бізді күтіп алушыларды зорға таптық. Менің бағыма жарай үш ұйғыр жігіті барған екен де, төртеуміз бір бөлмеде тұрдық. Қиынның қиыны М. мұғалимаға болды. Ол жалғыз мұсылман болғандықтан амалсыз үш таза қытай қызымен  бірге бір бөлмеде тұрған еді.  Әр тамақ ішкен сайын, Мүкең асын көтеріп біздің бөлмеге келеді де тұрады.Төрт еркектің ортасында бір әйел адамның отырғаныда  ыңғайсыз сезіледі екен. «Өз бөлмеңде іше салсаңшы» десем: «Бөлмеге әуелі кіріп көрмейсің бе?» дейді. Шынымен де  не пәле бар екен деп бөлмесіне барсам, есігін ашқаннан гүп етіп бір ащы сасық иіс мұрнымды жарып жібере жаздады. Мүкеңнен «бұл не иіс?» деп сұрамаймын ба... Сөйтсем иістің жайы былай екен: Әлгі үш қытай қыздың жеке-жеке үш пыласмас тегенесі бар екен де, азанда әр қайсысы өз тегенеге жылы суды құйып оған сүлгісін салып, қолын алдымен тегене ішіне жуып, одан бетін сол сумен жуып, одан соң сүлгісін жуып, соңында сүлгі суын сығып бетін сүртеді екен. Түс кезінде әлгі тегенеге тамаққа дайындаған көгеністерін жуып, түстен кейін сабақтан босаған кезде бүкіл іш киімі мен қоса бар киім-кешегін жуады екен.

Бұл бұл ма? Бұл тегененің универсалдығы сонша,  түнімен үш қытайдың сұлуы әр қайсы кемінде екі рет, болмаса үш реттен тегенеге бөлме ішінде дәретке отырып, азанда ортақ дәретқанаға апарып төгеді (қытай нанымында түнде далаға шығуға болмайды, егер далаға шықсаң сайтан алып кетеді-міс.) екен. Сонда мөлшермен аядай бөлмеде бір түнде 6 дан  9 ға дейін кіші дәрет сындырылып үлкен дәрет отырылғандығы себепті, бөлме іші борсып, адам отыру өте қиын болғандықтан, Мүкең амалсыз бізге келе береді екен.

Көрмеген адам «ой  қойшы, түнімен отыра беретін бәрі шыжың боп кетті ме сонша?» деуі де мүмкін. Иә, алғашында мен де сондай ойда болған едім. Кейін байқағаным оның өзіндік себебі: Қытай біткен, отырған-тұрған жерінде қайнаған суды көзі ұйқыға кеткенше  іше береді, әрі кез келген затты көзі шалса болды  тоқтаусыз жей беретін азқазаны темірдей, мұрны иіс алмайтын, тілі дәмді парықтамайтын тастай берік халық екен.

Біраз күн бұл ортаның ыстығына шыдамай, ауасына көндікпей, бейтаныс  жандардан  тосырқап беймаза күйде  жүрдік те «жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дегендей әр жерден келген: көбісі ханзу да, үш төрт қана тұңзу, бәйзу, миюзулар мен шүйіркелесіп ағайын болдық та кеттік. Мұндағы: тұңзу, бәйзу, миюзу деген ұсақ ұлттар қайнаған қытайдың ішінде қалыпты да, аты бір ұлт деп аталғанымен заты баяғыда-ақ тап-таза ханзу ұлтына балдай батып, судай сіңісіп  кеткен екен. Өз тілін, не өз мәдениетінен дымды да білмейді, білгісі де келмейді. Бізге, тап бір өмірі көрмеген аңын айдалада көргендей  тосырқап қарайды. Ханзу ұлты туралы ләм ауыздарын ашпайды екен.

Менің сол кездерде гитарамен азадап ән айтатын әуестігім  бартұғын. Соның ықпалында  қасымда студент қыз-жігіттер көп болды да, әр күні кеште университет ауласы, қала берді унвиерситет қабырғасына жапсарлай орналасқан Уаң жиаң гұң юанға (Уаңжиаң – қаланың  бір шетін жарып ағып жатқан шағын өзен екен де, сол өзен атына бола, Уаңжиаң бақшасы деп атап қойған сияқты) барып ән айтамыз, би билейміз, шаршағанда түп-түп бамбок ағашының түбіне  қораланып отырып, әр тақырыпта әңгіме дүкен құрамыз. Ол өңірде жүз пайыз таза қытай ұлты тұратындықтан ешқандай  «ұлттық мәселе» деген сөз, сөйлем, пікіп-талас   болмайды, тек өздерінің еңбекшіл, батыр, қайсар, мықты, ержүрек халық екендіктерін, жан сандарының әлемде ең көптігін қуанышты сезіммен айтып отыратын. Ал мен ұлттық мәселе жөнінде көбірек айтамын. Қыза-қыза кеп компартияның қылмысын да қоса кетемін, кейде.  Бірақ, олардың бір қасиеті «а, солай ма, бізге олай айтпайды ғой. Онда онысы дұрыс болмаған, мұнысы дұрыс емес» деген сияқты үн қосып, сыйлап отырады. Кейде әдейі теріс сөйлесең де еш реніш байқатпай, керісінше еркелігіңді көтереді. Бұндайда өзің де ыңғайсызданып, іштей жеңілгеніңді мойындайсың да әзілге айналдырып әңгіме әуенін басқа тақырыпқа ауыстырып қоя қоясың. Сөйтіп думандатып жүрген күндердің бірінде, бұлар тағы да батырлығын, еңбекшілдігін, көптігін айта берген соң, ойыма қайдан сап ете қалды, әредік сөз кезегінде: «Әй, сабақтастар бәрің де оқыған-тоқыған көздерің ашық көңілдерің ояу азаматсыңдар. Ғылымды мойындайсыңдар ғой , солай ма?» дедім

– Солай.

– Ал ғылым дегеніміз табиғаттың өзінде әу бастан қалыптасқан белгілі бір жүйе. Солай ма?

– Солай.

– Ендеше табиғаттың заңын мойындаймыз ғой ?

– Мойындаймыз.

– Онда, біз жасап отырған мына көркем табиғатта жолбарыс деген бір аң бар. Өзі  әдемі, айбатты, күшті, ержүрек, әрі текті албаты соқтықпайды. Тірісін бәріміз қадірлейміз, қастерлейміз, қорғаймыз, ебі келсе жан салып бағамыз да. Ал өліп қалса терісін алып құрметті орынға сақтаймыз, сүйегі мен қоса бар мүшесін дымын қоймай дәрілікке істетеміз,  қыл-аяғы тіс-тырнағына дейін алып сандықта сақтап қоямыз. Сол жануар естуімше  12  жылда бір рет балалайды екен, әрі бір туғанда асып кетсе екеу, болмаса біреу ғана туады. Осыған керісінше, тышқан деген бір жануар бар. Оның адам сүйсінердей өң десе өңі, бой десе бойы жоқ, кім көрінген көрген жерден жыны қозып, қолында не болса сонымен періп немесе аяғымен жаншып өлтіріп, не мертіктіріп кетеді. Өлсе еті жеуге, терісі керекке жарамайды. Бірақ сол пәле   жыл құрғатпай  балалайды, әрі бір туғанда оншақтыны бірақ туады. Міне табиғаттың заңы. Бұдан нені байқауға болады? Бұдан біз асыл заттың тұқымының аз, нашар заттың тұқымының өте көп болатынын байқамаймыз ба, солай емес пе?» дедім .

 – Иә, иә, шыныменде солай. Сонда сенің айтпағың қытай сапасыз халық демексің бе ?» деді  отырғандар жамырап.

– Жоға, мен тек жаратылыстың заңдылығын айтып отырмын ғой.  Ханзу  халқы шынымен де еңбекқор, төзімді, өнерпаз, сабырлы да  салмақты,  бірақ батырлығы қалай екенін білмеймін, – деп қойдым. Әлгілер бәрін іштей білсе де маған бір ауыз қарсы әңгіме айтпай күндегідей әдемі қалпымызда  тарастық. Сонан бастап көптігін айтпайтын болды маған.

Оларға біздің бірден әсер еткен жағымыз, тазалығымыз екен. Мені іздеп біздің  бөлмеге кіретіндері басқаларға солай дәріптепті. Ер адамдардың бөлме ұстауы қаншалықты керемет дейсің. Десе де оларға, біздің әрқайсымыздың өз кимімізді өз төсегімізге реттеп жинақтап қоюымыз, асты төртеуміздің ортақ столда бірге отырып тең бөліп  ішіп-жеуіміз, қалған қоқыр соқырды жиып-теріп  бір пакетке салып, дер шағында  даладағы қоқыс жәшігіне тастауымыз оларға әсер еткен. Ал олар ер болсын,  қыз бала болсын жуған, жуылмаған киім-кешегін бөлме ортасына ұзынынан бір арқан тартып қойып, сол арқанға бәрін салақтатып іліп қояды екен де, әр кім жатарында өз өз төсегінің алдын  қос қолдап ашып қуысына кіріп кетеді екен.

Ас кезінде  отыз мың  шамасындағы  студенттер мен жұмысшы-қызметшілер қосылып ыдысына құйып алған ганпанін (күріш ас) қолдарына ұстап унверситет ауласында екіден, үштен  топтасып жүріп жиді де,  бықтырма күріштің үстіне салған қуырмаштағы (шала тазаланған (шынын айтқанда),  тек сумен бірер рет шайқап қана қойған, шірігін, түбіртегін оңды алмаған) көкөніс пен шала қуырылған доңыз етін қолындағы қос таяқшамен қысып алып екі жаққа тастап отырады екен. Әр күні солай болған соң ба,  тазалық жұмысшылары қанша тазаладық десе де, аула ішіндегі кез келген көк шөптің үстіне сенімді түрде отыра алмайсың. Бірде мен осы мәселені топты қытайдың алдына «сендер неге унверситет ректорына ұсыныс жазбайсыңдар? Бәрің асхана ішінде ас ішіп, ыдыс-аяқтарыңды сонда жуып қайтсаңдар тазалық жағы жақсы болмай ма?» десем, олар маған «Әй, сенде қызықсың. Сол ректордың өзі де солай болса, ол қалай ақыл айтады бізге» деп күлгені. Сөйтсем, олардың санасында жалпы беттік асты баяғыда  ата-бабаларынан қалыптасып қалған қағида бойынша жүре жүріп жеу ''салиқалы салты'' шегеленіп қалған екен.

Бірде, мен ханзу халқының үнемшілдігін, аста-төк шығынға аса бара бермейтін асыл қасиетін ұлықтап айтқанымда, сөзіме сүйсінген жергілікті студенттің айтқан мынадай бір мысалы есімнен әлі күнге кетпейді. «Біздің осы Шыңду қаламызда  ертеде бір атақты бай болыпты. Оның әр күнгі сүйіп  жейтін асын білесіңдер ме? Жоқ, білмейсіңдер. Ол адам әр күнгі үш уақыттық  ас мәзіріне  тек қана тауықтың тілін жейді екен» деді. Бұған таңқалған мен «Ей, сонда ол соншама тауықтың тілін қайдан табады? Қанша ақша жұмсаса да әр күні сондайлық көп тілді оған кім тауып беруі мүмкін? Бұл енді кедей-кепшік байқұстардың байды мақтап көкке көтеруі  үшін әдейі құрастырылған қулығы шығар» дедім еш сенбей. «Жоға, шын айтам. Негізінде ол байдың тауық фермасы болан екен де, әр күні неше жүздеген тауықты сойып, базарға сататын көрінеді. Кесіп тасталған керексіз басты ит жеуден бұрын жағын айырып тілін алып, еш шығын шығармай өз қарнын бағады екен» деген де, «ойпырмай, жұмыртқадан жүн қырыққан» деген осы екен-ау деп,  шалқамнан түсіп өлердей күлгенім бар.

Қазір екі ел достығы берік, ұстанған саясаттарында да көп кереғарлық жоқ. Оның үстіне біздің ел  қытайдың Европаға тікелей  өтетін даңғыраған жолы. Еліміз кытай кәсіпкерлерін осында келіп кәсіп ашуын, қаржы салуын, егін егіп есесін алып, еш кедерсіз өз елдеріне  үптеп әкетуін барынша қолдап-қуаттап, мүмкүндігінше ынталандырып та отыр. Осындай сәтте осыған дейін тегі қытайдан біздің қазаққа сіңісті болған қандай мәдениеті болды екен деген ой мазалап, біраз толғандым, арғы-бергі өмірімде көрген-білгенімді сараладым, естігенімді өтірік болып қалар деген оймен қаперге алмадым, ақыры тапқаным, басқасын білмедім, тек тағамынан бізге яғни қытай қазақтарына гәнпән (бықтырылған күріш) атты қытайдың ата асы жұғысты болған екен. «Е, дым жоқтан көрі, бұл да  болса барға есеп қой» деп өзіме-өзім таң қалып отырмын. Енді, алда нендей мәдениеттің кірерін, нендей өркениеттің өңмеңдерін бір құдайдың өзі білмесе, менің көзім пәлен деуге  жетіңкіремей  тұрғаны.

Шаяхмет ҚАЛИ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351