Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 14952 0 пікір 26 Қаңтар, 2016 сағат 11:14

ЕНДІГІ ЖЕТПЕГЕНІ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ЖАЛАҢАШ ТОЙЛАУ ЕДІ...

Алда келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын алматылық боди-артшылар жалаңаш тойлауды жоспарлап жатқан көрінеді. "Экспресс К" басылымының осы бір "сүйінші" ақпаратын оқып отырып, намыстан жарылып кете жаздадым. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қайда қарап отыр деп ойладым.

Қазір Қазақстанда қазақты жүйелі түрде масқаралау "ойыны" жүріп жатқандай елестейді. Алаш жұртының қыздарын ұлтымыздың төл жаңа жылының қарсаңында жалаңаштау арқылы боди-артшылар нені дәлелдемек? Қазақ қызының, алаш аруының жезөкшеге айналғанын ба? Жоқ, әлде күн мен түн теңелетін қасиетті мейрамымызды мансұқтамақ па? 

Бір қызымыз "өнер деген осы екен" деп жалаңаш денесін жұрт алдында көрсетсе, бар бойжеткеніміздің тыр жалаңаш қалғаны емес пе?  23 наурыз күні Алматыда өтетін бұл мерекелік іс-шаралар аясында тағы қандай сұмдықтар болатыны әзірге белгісіз. Десе де, жақсы жаңалық емес.

Атышулы осы фестивальге Франция, Өзбекстан мен Қырғызстаннан да қатысуға ниет білдіргендер бар көрінеді. Демек, тәнін елге көрсетуге құмар жандар аз емес деген сөз.

"Өзбек пен қырғыздың қызы жалаңаш қалды" деп қабырғамыз қайыса қоймас. Арқаға батқаны - азғын-шараның бүкіл жарнамасында мына сурет жүр. Бұл жерде өзге ұлтты емес, қазақты масқаралайтын шоу екені осы суреттен-ақ көрініп тұрған жоқ па? Қазақтың ою-өрнегі, домбырасы, бөрігі... Мың жылдық тарихы бар қасиетті домбыраны бұлай масқаралағандар жазалануы керек қой. "Нағыз қазақ - қазақ емес, Нағыз қазақ - домбыра" деп еді Қадыр ақын. Домбыра мен қазақ егіз ұғым болып кеткелі қашан? Енді міне, қызыңның да, домбыраңның ары саудаға салынып жатыр. Бір кездері арақ болып, қазақты "алқаш" ретінде көрсетуге пайдаланылған домбыра, енді басқа сыпатта сахнаға шықты. Масқара ма? Масқара! 

«Біз боди-арттың нағыз өнер екенін ісімен ғана емес, тәнімен де дәлелдеуге әзір жандарды шақырамыз», - дейді фестивальді ұйымдастырушы Анастасия Доронина.

Азғындықты "нағыз өнер" деп бағаласақ, жетіскен екенбіз. Халқымызды салт-дәстүрден бездірер мұндай шоуларды (қыздардың жалаңаш денесіне Наурыз мейрамының атрибуттары бейнеленеді) болғызбау қажет. Иса Мәсіх пен қытай композиторы жайлы фильм түсіріп жүрген Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы жолы қауқар танытпаса, қазақ халқы министрінің бетіне түкірері хақ. Сіз не дейсіз?

Шәріпхан Қайсар

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354