Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 7321 1 пікір 22 Қаңтар, 2016 сағат 16:03

ГҮЛДӘРИЯ ӘШІРБАЕВА ҚАЙТАРЫМ (ӘҢГІМЕ)

Сол жылы құрбым Ләзиза аяқ астынан күйеуге шығып, артынша тойға шақырылдым. Албырт абитуриент шақтан бастап, бір-бірімізбен жақын араласқан достар едік. Барайын десем, жер шалғай. Манкент пен Жәркенттің арасы жердің түбі деуге келіңкірейді. Бармайын десем, дос көңілін қимаймын. Құрбымның мен дегендегі кіршіксіз сезіміне титімдей де қылау түсіргім жоқ. Әрі ойланып, бері ойланып, үй-ішінен әзер дегенде рұқсат сұрап, жол жүруге қамдандым. Барар жолды, қайтар жолды есепке алып, ақысыз еңбек демалысына шықтым. Теміржол бекетінен билеттер және той салтанатына лайықты көйлек сатылып алынды.

Сарыөзек демекші, нағашымның ұлы Бауыржан сол жерде әскерде еді. Жолай оған да соғып, хал-жағдайын білгім келді. Сапарым жайлы естіген нағашымның: «Балама сәлемдеме» деп, бір сөмкені сықитып, мың теңгемен қоса беріп жібергені. Өзімнің жеңіл-желпі киім-кешегіммен бірге, жас жұбайларға арналған сыйлық салынып, екінші сөмке толды. Иығымда − шағын қолсөмкем және бар.

Белгіленген мерзімде Манкенттен поезға отырдым. Плацкарт вагонда кісі көп. Орныма жайғасқаннан кейін, көрші отырған жасы егде қариялармен қатарласып, мен де сыртқа көз салдым.

«Алғаш мені көргенде, Ләзиза қандай сезімде болар екен? Не де болса, әйтеуір қуанар. Барлық достардың, қала берді бүкіл курстың атынан, бір өзім бара жатырмын. Оралдағы Арманға, Чарджоудағы Мұратқа өкпе жоқ қой, сірә! Алматыдағы Айнагүлге, Қапалдағы Дәуренге, Бақанастағы Басқарбекке не жорық?! Оларға Жәркент тиіп тұрған жоқ па?! Тойдың сыбысы шыққаннан шетінен хабарласып, бәрінің де бара алмайтынын естідім. Жолым жіңішке болса да, достық үшін, өзен-көлдер мен орман-тоғайлы далаларды артқа тастап, жол үстінде келе жатқаным мынау. Құдай өзі жол берсін!».

Түс әлетінде пойыздың қайнаған-қайнамағаны белгісіз, сыр бермей сазарып тұратын самаурынынан, көпшілік алып жатқан соң, мен де бір шәйнек шай алып, қарияларға демдеп бердім. Жайдары жандар болып шықты. Дастархан басында атамыз бен апамыз әңгіменің тиегін ағытты. Менің сапарымның мақсатын сұрастырды. Тіпті алыстағы әке-шешем, бауырларым, оқу-жұмыс жағдайымнан да құлағдар болып алды. Өздерінде де мендей немерелердің бірнешеуі бар екен.

Поезд Алматыға аялдағанда, жанымызға әскери киім киінген орта жастағы ер адам жайғасты.

         ─  Жол болсын, балам? ─ деді қария.

         ─ Сарыөзекке, ақсақал. Біздікі жұмыс бабы ғой, әрлі-берлі тынбаймыз.

         ─ Жөн-жөн, Сарыөзектен түсетін болсаң, мына қызымды өзіңе тапсырам. Қараңғыда түседі екен. Әрі қарай Жәркентке баруы керек. Оның үстіне Сарыөзектегі әскери бөлімшеде борышын өтеп жүрген інісін көре кетпекші. Өзіңмен бірге ерте жүр, қарағым, қыз баласы.

         ─ Мақұл, ақсақал. Бірақ біздің Сарыөзекте әскери бөлімшелер көп. Солардың қайсысына барады?

         ─ Айта ғой, қызым. Қай бөлімше?

         ─ Қазір нөміріне қарайын ата, бірақ «Қырық шақырым» деп аталатыны есімде.

         ─ Әә-әә-ә. Ол ─ ұзақ. Сарыөзектен қырық шақырым қашықтықта орналасқандықтан, солай аталып кеткен. Қорықпа, қарындасым, жол-жөнекей үш бөлімшеге соғып, шаруамды реттеп болғасын, сені жеткізіп салайын.

         ─ Әп-бәрекелді, балам! Біз кемпіріміз екеуміз Қызылордадан міндік. Семейде тұратын баламызға бара жатыр едік. Мына қызымыз кеше Манкенттен отырған. Сапарлас болған соң, жол жөнекей шүйіркелесіп, қызымыздай боп кетті. Айдала. Танымайтын жер. Тас қараңғыда, қалай, қайтіп, кіммен барады деген уайыммен отырғанымызда, сені бізге құдай жеткізді ғой, айналайын!

         Ішімнен мен де қуанып отырмын.

«Жақсы болды ғой».

         Сағат түнгі он бір жарымда пойыз Сарыөзекке келіп жетті. Атам мен апам прапорщик ағаға мені қайта-қайта табыстап, жылуарлы қоштасты.

         Перронда қара суық жел.

Уу-уу-у! Ұли ма?! Гуілдей ме?! Бастапқыда вагондардың екпіні шығар десем, далада алай-дүлей дауыл. Пойыз бекеттен алыстағаннан кейін, үстімдегі жұқалау қара пальтоның етегі желмен желбіреп, тұла-бойымды суық керней бастады. Оңтүстіктің жаймашуақ табиғатына бейімделген ақымақ басым, картадағы Жетісуды: «Оңтүстікте ғой» деп, жеңілдеу киіне салыппын. Боранды бекет − Сарыөзектен өтіп, тау баурайымен жолаушылайтыным есте болсашы... Иығымдағы сөмкемнің көлемі шағын болған соң, ол да адамды желмен бірге әбіржітіп, олай-былай ырғатылуда.

         «Адамзаттың Айтматовы» ─ «Боранды Бекет» хикаятында осы Сарыөзек туралы жазған ғой. «Адамдары, әсіресе табиғаты қандай қатал еді,» −  деп, оқып шыққаннан кейін таңырқап едім. Сол Сарыөзекке дәм-тұз айдап келіп тұрмын, міне. 

         Бір топ әскерилер прапорщик ағаны мана күтіп алып, қорапқа салынған жүктерді вагоннан асығыс түсірген. Пойыз жүріп бара жатқанда, жұмыстарын әрең аяқтап, әредікте тұрған жүк көлігіне қалай болса солай лақтыра салған қораптарды ұқыптап тией бастады. Қораптар түгел тиеліп болған соң ғана, прапорщик маған мойын бұрып:

         ─ Жүре ғой, қарындасым! ─ деді.

         Бұл кезде өне бойым түгел мұздап, қарашаның қара суық ызғары табанымнан өтіп, үскірік суықтан тістерім сақылдай бастаған.

         Жүк көлігі ыңыранып қозғалды да жүріп кетті. Ал прапорщик аппақ «Жигули» автомашинасының жанына келіп кідірді. Қасындағы әскери киімді жүргізушісі болар, сірә, машинаның жүк салғышына менің жол сөмкелерімді жайғастырып, артқы салонның есігін ашты.

         Көлік ішінде бірте-бірте денеме жан кіріп, жылынайын дедім. Прапорщик болса, алдыңғы орындықта қаққан қазықтай қақиып отыр.

         Тас қараңғыда автомашина жеңіл жүріп келеді. Жолдың екі қапталында далиған жоталар мен тау сілемдері қарауытып қалып жатыр. Таусылмайтын таулар тегі. Бірінен кейін бірі аспан тіреп, терезеден көз алмай келе жатқан маған айбат шеккендей. Меңіреу тыныштық. Жаңа ғана Сарыөзектің төбесіндегі самаладай жанған шамдар, желмен ырғалған бағаналардағы электр сымдары, сондай қорқынышты көрініп еді. Ол түк емес екен. Көз үйренбегендікі ме, тас қараңғы түнде таулардың арасымен сапар шегу дегеніңіз, маған сұмдық қорқынышты әсер етті. Әйтеуір көлік бұзылып қалмай, межелі жерге аман-есен жетсе игі еді...

Бір кезде көлік тоқтады. Жүргізуші жүгіріп барып, машинаның алдын көлегейлеген адамға құжаттарын көрсетті. Сол-ақ екен, қақпа ашыла бастады. Ауланың ішкі қапталына келіп тоқтай бергенде, бекетте көрген жүк көлігі де соңымыздан келіп жетті.

─ Қарындасым, жүре ғой. Мұнда көп бөгелмеймін, бірақ отыра берсең, тоңып қаласың. Бізбен бірге жүр, − деді прапорщик.

Көлік ішінде жалғыздан-жалғыз отырған да ыңғайсыз. Прапорщиктің соңынан ілбіп келе жатырмын. Ол кеңсеге кіріп, құжаттарына қол қойдырды. Қол қойған әскери адам жауынгерлер түсірген қораптарды санап алды. Сонымен прапорщиктің жұмысы бітіп, одан әрі жүріп кеттік.

Кең даламен жүйткіп, тағы бір әскери бөлімшеге аялдадық. Таудың қуыс-қуысы мен даланың қоныш-қойнауы әскери бөлімшеге лық толы ма дерсің?!

Бұл жолы қол сөмкемді бұлғаңдатпай-ақ қояйын деп, салон ішіне тастап кеттім. Көлік жанында қарауыл жауынгер қалды.

Прапорщик құжаттарын құшақтап, әлдебір кабинетке кірді де, біз жүргізуші екеуміз дәлізде күттік. Бір кезде есік ашылып, прапорщик кабинеттен қолына сигарет қыстырған күйі далаға беттеді. Артынша оралып, құжаттарын ала шықты да, дәл бағанағыдай, әскери қызметшімен бірге жүк көлігінен түсірілген қораптарды бірме-бір санап түсірді.

Болғасын кері қайттық. Орныма отыра бергенде, жүрегім тас төбеме шықты. Себебі сөмкемнің аузы ашық, әрі ішіндегі заттарым ақтарулы жатыр. Жалма-жан ақшам салынған әмиянымды іздедім. Ішінде жүз теңгеліктен он бес дана теңге мен ұсақ тиын-тебен болуы керек еді, ашып қарасам, − бос тұр. Бәрін бірге қақшыпты. Енді қайттім? Айтпақшы, қайтар жолыма деп, сөмкемнің жан қалтасына салған мың жарым теңге қаражатым аман ба?! Қолыммен сырмасын сырып жіберіп, саусағымды сүңгіткенімде, қанша екенін қайдам, әйтеуір қағаз ақшаның тұрғаны  байқалды.

Апырай-ә, жаңа қарауылдап тұрған  жас жауынгер жылмыңдап қарағандай еді. Неде болса, бұл соның тірлігі болды-ау.

«Жоқ, олай емес, Дана! Өрімдей сарбаз өзінен жоғары шендіге қалай батынады?! Сонда, сонда... Әлгі прапорщик... Иә, ол темекі шегіп қайтқан кезде, менің алдымнан біртүрлі бүгежектеп өткендей болды ғой. Үп-үлкен кісі... Мүмкін емес...»

Енді қайтсем екен? Жеті түнде кімнен пана сұрамақпын? Бұл жайында прапорщикке айтсам ба екен, айтпасам ба екен, ә?! Айтпай-ақ қояйын... Ыңғайсыз ғой. «Сенің ұрың кім?» − деп, көліктен түсіріп кетсе ше? Жарайды, кім де болса, бір құдайға аян. Сәл сабыр етсе, діттеген жерге де жетер...

«Пысықтығым ұстап, қайтар жолдың билеті мен артық ақшамды бөлек салғаным қандай жақсы болған!»

Жүргізуші мен прапорщикте үн жоқ. Артымыздан ауыр жүк көлігі қалыспай келе жатыр. Бір кезде тағы бір жерге аялдадық. Түскен кезде сөмкемді тастамай, ала жүрдім. Бұл жерде де көп бөгелмедік.

─ Міне, келдік, ─ деді прапорщик бір кезде. Көліктен түсіп, бөлімшенің постында отырған кезекші жауынгерге інімнің аты-жөнін айтып едім, тізімде бар болып шықты. Жүргізуші − жол сөмкелерімді табыстап, прапорщик − ұсынған бес жүз теңгемді аң-таң қараспен алды да, жылы қоштасып жүріп кетті.

Далада үскірік дауыл. Күштілігі сонша, бет қаратпайды. Сәл тұрсаң, бетің үсіп кетердей. Кезекші жауынгердің жанында інімді күтіп отырмын. Сүт пісірім уақыттан соң, есік айқара ашылып, нағашымның баласы кіріп келе жатты...

Бөлімше командирі екеумізді оңаша бөлмеге жайғастырды. Менің іздеп барғаныма інім қатты қуанды. «Осы − өңім бе, түсім бе?» дегендей, әлсін-әлсін құшақтап, еркелеп қояды. Бауыржанға әке-шешесінің сәлем-сауқатынан ауыз тигізіп, ауыл-аймақтың хабарын айтып, ертеңгі күнге көңлім алаң қалыпта, таң атқанға деуір ұйықтамадым.

Таңертең сарбаздармен бірге тамақтанып, Бауыржанның үйінің сәлемдемесін қылдай бөліп бердім. Тағы бір-екі сөмке жылы-жұмсақ ала келмегенімді қарашы! Сақырлаған сарбаздарға бір сөмке жұғым да болмайтынын, әскер көрмеген басым, қайдан білейін.

 Бөлімшеден Сарыөзекке қатынайтын әскери жүк көлігіне мені шығарып салып тұрып, інім ақша сұрады. «Қап, құдайым-ай! Адамдарға сенгіштігім мен аңқаулығым-ай осы. Нағашымның  Бауыржанға атаған аманатын жеткізе алмағаным қандай өкінішті!» 

«Қой, ақшамды ұрлаттым» − десем, өтірік айтқандай болам. «Аз да болса, көптей көр,» ─ деп қолына бір бес жүз теңгелік қыстырдым. Қалған соңғы бес жүз теңгемен илалап Жәркентке жетсем, Ләзизаның өзі көмектесе жатар...

Түс әлетінде Сарыөзектен Жәркентке қарай, жолаушылар автобусы шықты. Салон іші ұядай жып-жылы екен. Жол ұрып тастады ма, әлде түнгі ұйқы қысты ма, денем балбырап, кірпіктерім айқаса берді. Автобус терезесінен қу медиен тақыр далаға, жақпар-жақпар тауларға, жәпірейген шағын үйлерге қарап отырып, қалғып кетіппін. Қанша жүргенін қайдам, автобус тоқтағанда көзімді ашсам, жолаушылар апыл-ғұпыл түсіп жатыр. Жәркентке жетіп қалыппыз. Жолаушылардың соңын ала мен де түстім.

Ығы-жығы сапырылысқан адамдар. Біздің жақтың көшелерінде кәуәп пен палаудың иісі аңқитын еді, мұнда лағманның иісі бұрқырап тұрды.

Сөйлесу пунктіне барып, Ләзизаның әке-шешесінің үйіне қоңырау шалып ем, тұтқаны тәтесі алды:

─ Әә, айналайын! Дана бұл сен бе?

− Иә, тәте мен.

─ Қайда тұрсың қазір?

─ Жәркенттің автостанциясында.

─ Онда қазір жүретін кез келген автобусқа мініп, Төртаралдың тұсындағы жол қиылысынан түсіп қала ғой. Сол жерден сені Айдар қарсы алады.

─ Жарайды, тәте!

Мен Талдықорғанға жүргелі тұрған автобусқа қайта отырып, «Төртарал» деп баттитып жазып, стрелка қойған жерден түсіп қалдым.

Ләзизаның інісі Айдар туралы сырттай естігенім болмаса, көрмеп едім. Тура құрбымның өзіне тартқан сұңғақ бойлы, әдеміше бозбаланы көріп:

─ Айдар! Бұл сен бе?! ─ дедім.

─ Иә! ─ деді ол құшағын жайып.

Жол соғып, жаурап қалған мен, өзімнен бойшаң Айдардың кеудесіне басымды қойған күйі, еңіреп жылап жібердім.

Ол:

─ Қойыңыз! Қойыңыз, тәте! Жылағаныңыз  не? ─ деді сасқалақтап.

Адам баласы қуаныштан да жылайды ғой. Мен де сөйттім.

Ләзизаның үлкен бауырлары Гүлбаршын тәте мен Мұрат ағаны жақсы танитынмын. Себебі олар Алматыда тұрады. Анда-санда құрбыммен бірге үйлеріне барып, жатақхананың тар бөлмесінде қысылып қалған кеңсірігіміз ашылғандай, солардікінде аунап-қунап қайтушы едік. Көпшіліктің арасынан олар бірінші келіп амандасты. Ләзизаның  ата-анасымен қауыштым...

Құрбым Жәркенттің арғы шетіндегі Тұрлан аулына күйеуге шығыпты. Күйеуі Бағлан ─ мал дәрігері болып, ауылында жұмыс істейді екен.  Үйінің кенжесі көрінеді. Жігіт қызға бір көргеннен ғашық болыпты да, алып қашыпты. Бұл әңгімені Мұрат ағаның келіншегі Нұргүл айтты.

«Ту-уу-у, Ләзиза-ай! Соңыңнан қанша жүгірген Кенжеханға қарамай, енді қарашы!? Қайдағы бір мал дәрігері... Бағланды білмедім, көрмедім, ал Кенжехан жігіттің сұлтаны еді ғой. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осы. Мейлі, бақытты бол, жаным!»

Бүгін кешке той. Мен Ләзизаға қыз жолдас болатын болдым. Той алдында сейілге шыққан күйеу бала мен қалыңдықтың керуені үйге соғып, мені әдейілеп алып кетті.

Алғаш кездескенде, құрбымның бет-әлпетінен қуаныш пен бақыттың нышанын байқадым. «Алып қашып кетті» дегенде, қатты аяған ем. Қазір жағдайы қалыпты сияқты. Күйеуімен таныстырды. Ұзын бойлы,  шашы селдір, бадырақ көз, шикіл сары.

Жас жұбайлар бастаған салтанатты шеру Жәркент қаласына аялдап, күйеужігіт гүл іздеді. Мұндағы гүлпаздардың қатал табиғатқа қарамай, гүл егіп-сатуы үлкен ерлік сияқты көрінді. Жерде аппақ қар. Сақылдаған сары аяз. Ал гүл сатушылардың алдындағы су құйылған шелекте ақ, қоңыр қызыл, сары, алқызыл түсті хризантемалар көздің жауын алып тұрды. Ол кезде ел-жұрт сап-сары, күн сары хризантемаларды «уайым, қайғы, қасірет шегу» деп жақтырмайтын. Қазір ғой, дәл осы түстер сәнде. Тағы керісінше, «бақыт, байлық шақырады» − деп, гүлдестенің ішінде, мейлінше, сары түстің басым болғанын қалайды. Күйеужігіт, сол дәуірдегі өз заманымыздың түсінігіне орай, сары және сарғыш түстерден қашып, қалыңдық пен қызжолдасқа, хош иісті, түрлі-түсті хризантемаларды күлімсіреп ұсына берді.

«Түу-үу-у, исі неткен керемет!»

Әсем гүлдестені мұрныма тақау апарып, құшырлана иіскедім. Айтпақшы, «Хризантема» гүлінің қазақшасы − жапон тілінен аударғанда «Бақыт гүлі» деп аталады.

«Бақыт гүлдерін құшақтаған жас жұбайлар! Сендер де бақытты болыңдар!»

Аппақ көйлектегі, айдай толықсыған қалыңдық қандай әдемі! Қызылды-жасылды киініп, жас жұбайларды қолпаштап жүрген жастардың әзілі қандай жарасымды! Қарашаның қара суығынан, қойнымыздағы қуанышымыз басым түсіп, естелікке суретке түстік.

Міне, Ләзизә мен Бағланның салтанатты үйлену тойы. Ығы-жығы халық. Күйеу жігіт, қалыңдықпен бірге мен де бақыттың құшағында тербетілдім. Жолдас жігіт ─ жолдас қыз болып,  шырқ айналып биледік. Ләзизаның бал-бұл жанған жүзін көріп, көңлім көкте қалықтады, күлкім жерде шарықтады. Әлемдегі ең бақытты адамдар біз сияқты. Бақытқа маспын. Көз алдыма Алматыда ҚазМҰУ-де бірге оқыған курстастарым елестеді. Кенжехан Тәңірбергенов, Мұрат Жетекбай, Дәурен Қуат, Айнагүл Есімбекова, Раушан Исабекова, Гүлсая Сейдеғалиева, Наурызбай Жарбосынұлы, Жарылқасын Жаппасов, Шадияр Молдабек, Әлібек Шегебайлар дәл осы арадан табылғанда, тойдың түбін түсірер еді. Өздері − ақын, өздері − әнші, биші, домбырашы, гитарист қыз-жігіттер мына тойды жандырып жіберетін еді. Айтамын-ақ, басқа-басқа Кенжеханның бүгінгі сауыққа зауқы болмайтыны белгілі. Еһ, достар! Жан құрбымның үйлену тойында, қуаныштан көңлім тасып тұрғанымен, сендер маған соншалық жетпей тұрсыңдар. Сендерді, ару Алматыны сағынып кеттім...

Тойдан кейін, Ләзизаның жанында бірнеше күн болдым. Екеуара айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Жолда басымнан өткерген оқиғалар да айтылды. Қалтамда көк тиын қалмағанын естігенде:

─ Жарайды, бастан құлақ садаға. Бағланға айтып, жолыңа қаражат алып беремін, ─ деді.

         Мен ыңғайсызданып:

         ─ Сарыөзекке дейін жетсем болды. Әрі қарай пойызға билетім бар ғой, ─ дедім.

Бұл тақырыпқа кейін қайта оралғым келмеді.

Күнде кешке Бағланның жолдас жігіті Жанат келеді. Бағланмен бірге совхоз әкімшілігінде бас зоотехник болып бірге істейді екен. Төртпақ денелі, қара торы, қой көзді жігіт, маған бір көргеннен-ақ ұнамаған. Түр әлпеті, киім киінісі, өзін ортада ұстауы бәрі-бәрі. Жасықтау сияқты ма, қалай? Біртүрлі суқаным сүймеді. Маған «маңғаз қызметкер» болып көрінгісі келген болар, байғұс, кеткенімше кәстөм-шалбар, ақ көйлекті галстугымен тағып, қылғынып кеп тұрды. Кешегі той салтанатында жанында жарқылдап жүргенімді басқаша ойлап қалған-ау, әсті...

Бағлан шебер домбырашы болып шықты. Тәп-тәуір ән айтып, күмбір-күмбір күй шертеді. Мен де қаражаяу емеспін. Әр күні үйде отырып-ақ, өзара сауық құрамыз. Сахнада Бағлан мен Дана кезек-кезек өнер көрсетеді, ал Жанат пен Ләзиза − көрермен. Басында Жанаттың үндемей, телміріп қарасынан ыңғайсызданушы едім. Келе-келе, оның бар-жоғын елемейтін болдым.

Бір күні Ләзизә:

− Дана, біздің Жанат саған өлердей ғашық, − деді оңашада.

− Рас па?

− Иә, шын айтам. Өзіңе айтуға батылы жетпей, Бағланға айтыпты.

− А-ха-ха-ха-аа! − шек-сілем қата күлдім.

Ләзизә маған аңтарыла қарап:

− Қой, енді. Жігітті аясаңшы, − деді.

− Мені ше, мені кім аяйды? Ит өлген жерге махаббат емес, дос іздеп келгем жоқ па?

− Жанат жақсы жігіт. Аздап ұялшақтығы бар. Сен оның сезіміне күлме. Оған тұрмысқа шықсаң, достығымыз жалғасар еді. Жақын жүрер едік.

− Мені, тағдырымды ойлағаныңа рахмет! Бірақ қашықта жүрсек те, достығымызды үзбей, одан әрмен сабақтау өзімізге байланысты. Маған ғашық жігіттерді өзің де білесің ғой. Солармен салыстырғанда Жанат кім? Жай ғана көлденең көк атты біреу.

− Ұлықбекті айтамысың?! Ол да ұзақта тұрады емес пе? Манкенттен Өзбекстанның Үшқұдығына қатынағаныңша, Қазақстанның Жәркенті жақындау тұр. Болашағыңды ойлашы. Оның мамандығы − журналист, әрі кетсе, бір редакцияны басқарар. Ал Жанаттың болашағы зор деп ойлаймын. Білдей бір совхоздың бас зоотехнигі. Бір секірсе, директор болып шыға келмекші. Отбасылық жағдайы да жақсы, бай-бақуат тұрады. Не кием, не ішем демейсің.

«Құдайым-ау, мына сөзді шынымен менің құрбым айтып тұр ма? Қас пен көздің арасында қалай өзгеріп кеткен? Періштедей, тап-таза еді. Тұрмыс құрған соң, демде әйелдікке салынып, тоғышарлық пайда бола бастаған-ау...»

 Бұрындары біздің көзқарас, дүниетаным, талғам, түсінік, бәрі-бәрі ажырағысыз болатын. Күндіз-түні екеуара әңгімеміз таусылмай, таңнан-таңға жалғаушы ек. Құрбымның сөзіне жаным жадап кетті.

Бұдан кейін олар менің жадыраған кейпімді көрген жоқ. Сүлесоқ жүрдім. Күнілгері қайтар жолға билет алып қойғаныма өкіндім. Тойдан кейін-ақ, сыпайы-сырдаң жүріп кетуім керек еді. Қап, әттеген-ай! Құрбыма көңлім суып қалды.

Сол күндері Ләзизаның үйінен шығуы да мұң болды. Күйеуін таңертең шығарып салады, кешке күтіп алады. Арасында: «Түстік асы мен шайын әзірлеймін,» − дейді. Қасында мен жүремін кіріп-шығып. Сондай зеріктім. Оқиын десем, әңгередей үйден бір кітап, не бір жапырақ газет-журнал тапсам-шы. Жас, зиялы отбасы! Амал-жоқ, үйдегі кемпір-шалды жағаладым. Мен білетін қариялар әңгімешіл болушы еді, бұлар үндемейді екен. Томырайған атай ертемен шайын ішіп алып, мал бағуға өріске аттанады. Содан іңірде бір-ақ келеді. Ал енесі абажадай пештің түбінде отырып алып, таң атқаннан күн батқанға деуір тоқыма тоқиды. Тіс жарып, жан баласына ләм-мим демейді. Тіпті келіні Ләзизәға да шаруа жайын жайбағыстап, бір ауыз сөйлегенін естімедім. Үй ішінде маған белгісіз бір салқындық бар. Уақыт өткізу үшін, мен де Ләзизәнің енесімен бірге жарысып, тоқыма тоқуға кірістім.

Бір күні әзер дегенде Бағлан-бастық Жаркентке алып шықты-ау. Бірақ базар аралатып, кафеге отырғызумен шектелді. «Қонақ − қойдан жуас» қой, не дейін!.. Жәркенттің өлкетану мұражайына барып, аты әйгілі тұлғалардың ізі қалған тарихи жәдігерлерді тамашалап қайтуға қанша аңсарым ауды, әттең қалтам тесік. Әйтпесе, Әбілхан Қастеевтей ұлы суретшінің шығармалары мен үшін тәлім аларлық дүниелер еді. Осы өлкеде Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» көркем фильмі түсіріліп, басты рөлдерде Асанәлі Әшімұлы мен Нұрмұхан Жантөриндер ойнағанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақ-қытай шекарасына келіп тұрып, «Қытай қорғанын» көрмедім десем, кім сенер?! Талай марғасқа ақын-жазушының шығармасына арқау болып, небір атақты адамдардың табаны тиген Жәркенттей киелі өлкеге енді қайтып келемін бе, жоқ па?!  

         Кетерімде олар мені автостанцияға ертіп келді. Үшеуара перронда тұрмыз. Қаражатсыз сапарға шыққалы тұрғаным еске түскенде, жанарым еріксіз  жер шұқыған...

         «Ләзиза неге кешіктіріп жатыр, әнеугүні Бағланнан әперемін дегендей еді... Мүмкін мені ұялтпас үшін, оңашада бергісі келген шығар...»

         Сол оймен:

         ─ Ләзиза жүрші, лимонад алайын, ─ деген сөз қапелімде ауыздан шығып кетті.

Анадай жерде тұрған ұсақ-түйек сататын дүңгіршекке

барып мен:

         ─ Лимонадыңыз бар ма, «Буратино»? ─ деп едім, сатушы:

         ─ Лимонад жоқ, сусындар бар: фанта, кола, спрайт, ─ деді жалма-жан.

         ─ А-а, оларыңызға рахмет!

         «Жоқ буратиноны тауып сұрағаным-ай... Бар болғанда ше?! Қай ақшама сатып алар едім? Жанымда Ләзиза бар емес пе, сол төлер еді. Оның үстіне ақшамның жоғын біледі ғой. Айтпақшы, ол неге беретін ақшасын бермей, кешеуілдетіп жатыр. Бағланның көзінше беріп ұялтпай, оңашада ұстата салса қайтеді?!»

         Осы оймен құрбымның бетіне қарасам, еш уайым-қайғысыз, көңлі тоқ, көйлегі көк келе жатыр. Көзінде нұр ойнайды. Ілтипатты, ізетті кескінінде паңдықтың табы пайда бола бастаған сияқты.

         Келсек, Бағлан бізді күтіп тұр:

         ─ Кел, Дана! Мұнда отыр. Адам толып қалды.

         Жол сөмкемді багажға салып қойыпты. Екеуі де бетімнен сүйіп, құшақтап қоштасты.

         Жеңіл көлікке отырып, есігін жаптым. Олар маған қарап, күлімсіреп тұр. Қол ұстасып алған. Машина отала бастады.

         «Бағлан қазір беретін шығар. Көп адам елдің көзінше кісімсіп бергенді ұнатады ғой...»

         Жоқ, олар міз бақпай тұр. Ләзиза қолын әлсін-әлсін бұлғайды.

«Әйнекті ашып жіберіп, Ләзизаның есіне салсам ба екен, ─ ұмытып кеткен шығар?!»

«Қой, сабыр қыл! Көпшіліктен ұят-ты. Бермегенін тартып аласың ба?!»

Машина орнынан баяу жылжи бастады.

«Мен дегенде Ләзизаның шығарға жаны жоқ еді ғой. Берейін деп тұрған ақшасын Бағлан ұмытып кетіп, бәлки қазір көліктің соңынан тұра жүгірер...»

Сол үмітпен артыма соңғы рет бұрылып қарағанымда, қол ұстасып, жайбарақат аяңдап келе жатқан жас жұбайларды көрдім. Екеуі де маған қарап мәз.

Мен де соңғы рет қолымды бұлғадым.

Машина оқтай түзу көшеге бұрылып, жылдамдығын үдетті.

«Шынымен-ақ, бір теңгесіз жол жүріп кеткенім бе? Енді қайттім?! Қанша уақыт сеніп келген, жер түбінен іздеп келген досымның достығы осы болды ма?!»

Жағдайымды өз құлағымен естіді. Бет-әлпетімдегі әбіржуді қалай ғана байқамаған түр танытты?! Табалағандай, маған жымиып қарай бергені несі?! Жүрек езілді, қабырға сөгілді, жан-дүние астан-кестең...

Ішімнен қиналып тұрсам да, салон ішін көзбен шолып үлгердім. Таксист − орта жастағы кісі. Оның қасында денелі, жасы елулерден асқан әйел адам отыр. Менің жаныма 35-40 жастардағы екі ер-азамат жайғасыпты. Олар екеуара шүйіркелесіп келеді. Әркім өзімен-өзі.

Келерде жүрегім алып-ұшып, қуанып келіп едім. Қайтарда ағыл-тегіл жылап барам. Қимастықтан емес...

«Құдай-ау, қазір таксистке не деймін? Қазақ болса бір сәрі, ұлты басқа сияқты... Ұйғыр ма, дүнген бе? Айдаладағы бөгденің табасына қалғанша, жаңа неге әйнекті ашып жіберіп, Ләзизадан ақша сұрамадым екен, ә?!»

Тарам-тарам аққан жас бетімді жуып кетіпті. Пальтомның жеңімен мұрнымды тартқансып, көз жасымды сүртіп алам. Өтірік далаға қарағансып, егіліп келем.

«Мүмкін, екеуінде де ақша болмаған шығар, сонда да Бағланның әке-шешесі, өзінің әке-шешесі, бауырлары, дос-жарандары бар дегендей, ауыса тұруға болмас па?! Өзегім өртеніп, ыстық-ыстық жас ытқып-ытқып төменге сырғып жатыр.

 Жеме-жемге келгенде, жүрген-тұрғаның қалтадағы қаражатқа кеп тірелетіні рас. Тобымызда Гүлбану атты атыраулық қыз оқыды. Кекірейген болмысына қарап, оны бәріміз «Райса Максимовна» − деп атаушы ек.  Жарассын, жараспасын соңғы сән үлгісімен киініп, бес батпан боянып алатын Райса Максимовнамыз, бір күні ақшадан қатты тарықты.

 Сәнқой сылқымымыз дүкенге барса, іздеп таба алмай жүрген иіс суының сатылып жатқан үстінен түсіп, қалтасындағы соңғы ақшасын жұмсайды. Артынша жұпар аңқыған иіс суды себініп алып, жатақханадағы бөлме-бөлмені  адақтады:

− Қыздар, қаражаттан көмектесе тұрыңдаршы! Үйден ақша келісімен, қайтарып беремін ғой.

− Біздің де теңгеміз таусылып, кіммен ауысарымызды білмей отыр едік, − деді Ләзиза.

Мен бұл жауапқа таң қалдым. Себебі кеше ғана Ләзизаның үйінен тәтесі келіп, қомақты қаражат тастап кеткенін көз көріп, құлағым естіген. «Жақсылы-жаманды күнде жүз көрісіп жүрген жолдаспыз ғой, қарайласа тұрса қайтер еді?!» − деп ойлағам іштей. Күндіз-түні жанында жүргесін, сол теңгесі құрғырды оның жұмсамағанын да білем. Райса Максимовнадан ұялғаным соншалық, артық-ауыс тиын-тебенімді саудыратып алақанына салып едім сонда.

Балдай тәтті студент-құрбылардың арасынан Ләзизаның сараңдығын бірнеше рет байқамадым емес, − байқадым. «Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын» достар жиі бас қосып, театрда жүретін жаңа қойылымдарды жібермейтінбіз. Сонда Ләзизаның бір өзі: «Театрға бармаймын,» − деп әлек салғанда,  жалынып-жалбарынып, билетін әперіп, ертіп барушы едік. Бұл жағдай кейін қалыпты көрініске айналып кеткен-ді.

«Құрып кетсін!»

Терезеден тысқа көз салдым. Төбемнен таулар төніп тұр. Мені мазақтағандай,  бірінен кейін бірі, тегі таусылса-шы?!

«Ей, таулар! Қандай тәкәппар едіңдер және салқынсыңдар да! Дәл осы қалыптарыңмен қаншама ғасырдың куәсі болдыңдар екен?! Қойнауыңды қаншама ат-көлікке мекен етіп, қаншама жолаушының сапарына тілекші болған, көк  тіреген қарлы шыңдарыңменен, асқақтаған құздарың, мендей пақырдан да рақымын аямасын-шы... Лаумен жүретін баяғы заман болмаса-дағы, жүйткіген жигулидің жүргізушісін мейірімді ете гөр...»  

«Таксидің құны Сарыөзекке дейін бес жүз теңге екенін біле тұра, мұнда неге отырдым, а?»

Жол билеті арзандау автобусты біраз күтуге тура келді. Такси ағылып жатқаннан кейін, Бағлан ғой, «отыр-отыр» деп кеу-кеулеген.

«Таксистен де, жолаушылардан да ұят болатын түрі бар енді... Таксистке айтып, түсіп қалсам ба екен?»

Ойымды оқып қойғандай, машина кілт тоқтады.

─ Бензин құйып алайын, ─ деді таксист түсіп  бара жатып.

Айдала. Жапан далада жанар-жағар май құю стансасы.

Ал енді түсе ғой, Дана!

«Ойбай-ау, айналаның бәрінде тау мұнартады. Мына арадан түсіп қалсам, аю жеп қойса да, ешкім білмейтін түрі бар. Меңіреу даладан гөрі, ел ішінен түсіп қалайын да».

Серік Жанәбіл «Ол ертең атылады» хикаятында, ақын Сараның

Бозжорғаға міне сала, Біржан салдың артынан қуып шығып, түн ішінде меңіреу таудан адасып,  шошынып, таң атқанда оны есі кіресілі-шығасылы жатқан жерінен ел-жұрты тауып алғанын айтады.

         «А, құдайым! Сондай қауіп-қатеріңнен сақтағайсың».

Еркеліктен шығар, көзімнен жас аққанда, мұрным қоса сыр беруші еді. Сол әдет үдеп бара жатқан соң, пальтомның қалтасындағы бет орамалыма қол жүгірттім. Жаны нәзік қыз баласы болғасын ба, жасқа шыланған көздерімнің, бейтаныс   жанарлармен түйісіп қалуынан сақтанып отырмын.

Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романы: «... Зытып келем, зытып келем... Артыма қарай-қарай зытып келем,» ─ деп басталушы еді ғой. Сол жерде Қайрош зытып келе жатып, жылап келе жатады. Жылап келе жатып, байдан көрген зорлық-зомбылығын көз жасымен бұлайды. Шіркін-ай, кең даланың төсінде емін-еркін жылаған Қайрош қандай бақытты! Өкіріп жыласа да, бақырып жыласа да, ішіндегі запыранын толық сыртқа шығара алды. Сол мүмкіндік дәл қазір менде болмай, тар жерде қыстығып отырғанымды қарашы!

─ Қарындасым, неге қамығып келесің?

Тұтқиылдан қойылған сұраққа әуелі не деп жауап берерімді білмедім. Маған тақау отырған аға екен.

─ Жәй, аға! Көңлім босап кеткені, ─ дедім одан бетер бір уыс болып.

─ Қой, айналайын! Манадан бері мұрның пысылдап, мазамызды алып келесің ...

─ Кешіріңіз!

─ Жолға шыққанда жылауға болмайды, қалқам. Жаңа сені шығарып салғандар кімдер?

─ Дос қызым мен оның күйеуі.

─ Өзің қайда тұрасың?

─ Манкентте.

─ Оо-оо! Дос қызың мұнда қалай келді?

─ Тұрмысқа шыққан.

Ар жағында отырған аға:

─ Қой мен қыздың жүрмейтін жері жоқ қой, сен де қызық сұрақ қоясың, Асқар, ─ деді маған жақтырмай қарап.

Таксист келіп, көлікті оталдырды.

Бетімді терезеге бұрып алып, теріс қарап отыруды әдепсіздік санадым да:

─ Досым ─ Панфилов ауданына қарасты, Төртарал аулының қызы. Екеуміз бірге Алматыда оқып едік, аға. Сол қыз көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, тойға келгем...

Асқар аға сабырлы қараспен:

─ Жақсы айналайын! Тойдан қайтсаң, қуанып қайтпайсың ба? Неге жылап келесің? ─ деді.

«Нем бар еді, тыныш отыра бермей... Ұсталған жерім осы... Танымайтын кісілермен көргенсіз адамдай шүйіркелесіп...»

«Ойбай-ау, неменеге керілесің? Әлде жан қиналысың  есіңнен шығып кетті ме? Айт енді болған жайды...»

─ Тойға қуанып келе жатып, жолда Сарыөзектің гарнизонында, өзімнің салақтығымнан, сөмкемдегі қаражатымды ұрлатып алдым. Содан көңілсіз отырмын.

─ Апыр-ай, ә?! Досың ше? Дос қызың біле ме?

− Иә, айтқам.

Көңілдің кірі − айтса кетеді. Жаңа ғана дариядай лықсыған көз жасым сап тыйылыпты. Мұрным ғана пыс-пыс етеді.

─ Ойбу, айналайын-ай! Әйбәт бала екенсің. Енді қаражатың жоқ па? ─ деп аяушылық білдірді алдында отырған апа.

─ Иә! ─ дерін дедім де, таксистке ұрлана көз тастадым.

Қазір бұлқан-талқан ашуланып, кілт тоқтайды да, мені түсіріп кетеді. Қай жерге келдік? Далаға қарасам, жер мен көк тұтасып кеткен, салбыраған сұсты таулардың сұлбасы... Алтынемелден асып қалыппыз.

Сол кезде Шоқан бабам тіріліп, маған құшақ жайғандай, құзар шыңнан күн жарқырап шыға келді. 1835 жылы Қостанай облысы, Құсмұрын аулында дүниеге келген ол, 1865 жылы жер жәннәті Жетісуда, Тезек төренің аулында, жарық дүниеден озған еді. Сол үшін де Жетісу жері маған ыстық. Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» хикаяты, Мәжит Бегалиннің «Шоқан Уәлиханов» атты көркем фильмі мен Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы ұмытылмас  туындылар ретінде, ал аққан жұлдыздай өмірден өткен Шоқан бабам да, Тезек төре де атақты Абылай ханның шөберелері деп қастер тұтам...

Жоқ, таксист өйтпеді. Айнасынан бір қарап алды да, ләм-мим деместен, көлігін жүргізе берді.

─ Апырай-ә! Жерлестеріміз үшін ұялып қалдым ғой, қарындасым, ─ деді Асқар аға.

─ Енді қайда барасың? ─ деді Асқар ағаның серігі.

─ Манкентке. Сарыөзектен пойызға отырам, ─ дедім бәсең үнмен.

─ Сонда Манкентке жеткенге дейінгі жолкірең қанша болады?   

─ Билетімді алдын-ала алып қойғам. Бірақ жаңа өздеріңіз көрген досым мен оның күйеуіне сеніп, бір теңгесіз жолаушылап кете бергеніме  әрі өкініп, әрі сіздерден ұялып келе жатырмын, ─ дедім мүшкіл халімді жасырмай.

─ Атың кім, қалқам?

Қасыма таяу отырған Асқар ағаның үні қандай қамқор, түсі қандай жылы еді?!

─ Дана.

─ Дана. Билетің болса, көрсете қойшы...

─ Қазір, мінекей.

Сөмкемді ашып, жанқалтасынан жол билетімді ұсындым.

─ Ім- мм. «Сарыөзектен мініп, Манкенттен түсемін» дедің ә?

─ Иә, аға!

─ Ары қарай қайда барасың?

─ Сол жерде қалам. Аудан орталығында жұмыс істеймін, құдай қаласа, ертең таңертең жұмыста болуым керек.

─ Ой, айналайын! Сен сияқты менің де қарындастарым, желкілдеп өсіп келе жатқан кішкентай қыздарым бар еді. Жастық − бізден де қалған. Достыққа адалдығың ұнап тұр маған. Баяғыда Шымкенттің жігіттерімен бірге әскер қатарында қызмет етіп, Түркістан, Темірлан, Шұбар деген ауыл-қалаларынан дәм ауыз тиіп қайтқам. Кейін тұрмыстың илеуінен аса алмай, қарым-қатынасымыз үзіліп қалды. Енді сол жігіттермен көрісеміз бе, жоқ  па, құдай біледі...

Өткен өмірін сағынышпен еске алып, күрсініп қойды.

─ Дана! Міне ала ғой, мың теңге жете ме саған?

─ О не дегеніңіз! Көп керек емес. Маған бес жүз теңгені Сарыөзекке дейін төлесеңіз болды. Мекен-жайыңызды жазып беріңіз, жеткесін пошта арқылы салып жіберем.

─ Қой, айналайын! Арзымайтын ақшаға бола, қайтесің мекен-жайды... Мендей ағаларың көп болсын! Азарлығы кейін байығаныңда, күле-күле есіңе алып жүрерсің. Мә, ала ғой енді, ─ қусырып отырған алақаныма екі бес жүз теңгелікті қыстырды.

Ол кезде мың теңгенің құны орасан.

Қарсыласуға ұялдым. Айналамдағы адамдардың жан жылуынан ба, әлде ішкі толғанысым әсер етті ме, бетімнің өрттей қызара бастағанын сездім.

Біз әңгімемен жол қысқартып, Сарыөзекке де келіп қалыппыз. Олар мені теміржол вокзалына жеткізіп салып, әрі қарай Талдықорғанға сапар шекті. Жолаушылармен қоштасып тұрып, таксистке Асқар ағаның бес жүз теңгесін ұсынып едім:

─ Қарындас, ақшаң керек емес, аман-есен үйіңе жетіп ал. Менің саған көмегім сол болсын, ─ деді  жымиып.

Мәссаған, бақандай мың теңгені қайтем? Жүргелі жатқан көлікке қайта жармасып, бес жүз теңгеліктің бірін Асқар ағаның алдына өңгере қойдым.

─ Жолдан керегіңді аласың. Қоя ғой деймін!

─ Сіздерге көп рахмет!

 Асығып тұрған такси құйындатып ала жөнелді. Асқар аға ұстатқан екі дана  бес жүз теңгелік екі алақанымда желбіреп қалып кетті. Қайырымды адамдар мінген көлік көз  ұшынан таса болғанша, соңдарынан қимай қарап қалдым.

Вокзал маңы. Күн қақ төбеден шақырайып, шуағын төгіп тұр. Басына ақ сәлде ораған қарлы шыңдар күн нұрымен шағылысып, айнадай жарқырайды.

Мен күткен пойыз іңір қараңғысында келіп жетті. Алакеуім вагон терезесінен, соңғы рет далаға қарап тұрып, айналасына айбат шеге асқақтаған тауларды көрдім. Жол азабынан құтылғаныма және достық парызымды өтегеніме  қуандым.

─ Қош бол, Жәркент! Қош бол, Сарыөзек! Қош болыңдар, жаны жомарт адамдар!

                                                      *        *       *

Қыс мезгілі. Дәрістен шыққан едім.

Аппақ қар жамылған айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Ақ тон бүркенген ағаштар аязға ұрынып, бүрсең қаққан кемпір-шалды еріксіз еске түсіреді.         

Жол жиегіндегі жалғызаяқ сүрлеу жолмен, пальтомды қаусырынып, жайбарақат келе жатырмын.

─ Әпке, маған көмектесіңізші! ─ деген жасөспірімнің аянышты үні естіліп, көңлім нілдей бұзылды.

─  Маған айтасың ба? ─ дедім өзіммен қатарласа қалған жас жігітке бажайлай қарап.

─ Иә, әпке! Маған көмектесіңізші... Алыс ауылдан, осы қалада тұратын әпкемнің үйіне келіп ем. Келген соң хабарлассам, ол басқа қалаға қонаққа кетіп қалыпты. Бара салатын ешкімім де жоқ. Маған ауылға жетіп алуға мың теңге  жолкіре бере тұрыңызшы. Жаңа ғана соңғы тиыныма нан алып жедім. Берген қаражатыңызды кейіндеу қайтарамын. Сеніңіз...

Талдырмаш, өндірдей ғана жеткіншек екен. Үсті-басы жинақы болғанмен, бет-әлпеті шаршаңқы сыңайлы.

─  Ақша деймісің?!

─ Иә, әпкетай!  Жоқ демеңізші... Бүгін үйіме жетіп  алайын, ─ деді

сөзін нығарлап.

         Алғашында жол торыған ұры ма, тиын сұрап дәніккен ішкіш пе деп, секемденгенмін.

«Мынау −  шынымен-ақ, мәжбүрліктен сұрап тұр».

         Әмиянымда мың теңгеден көбірек қаражат бар екен. Балаға ұстата қойдым.

         ─ Рахмет сізге, рахмет сізге! ─ дей берді бозбала ризашылығын білдіріп.

Ілгері жүре бергенімде:

− Кешіріңіз, әпке! Телефон, адресіңізді жазып беріңізші, келерімде хабарласайын, − деді қайта бұрылып келіп.

− Ой, айналайын-ай! Оны қоя ғой, шын ниетіммен беріп тұрмын. Қайтарымсыз-ақ, ал енді!

Рахметін айтып, қолын кеудесіне ұстаған жеткіншек көшеде аңырып қалды.

ГҮЛДӘРИЯ ӘШІРБАЕВА

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051