ЖАСТАР НЕГЕ ШЕНЕУНІК БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ?
Елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келетінін дәлелдеген. Өйткені, біздің жастар баюдың төте жолы – мемлекеттік қызмет деп біледі. Жеткіншектердің санасында қалыптасқан осы психологияға, осы тенденция бізді қайда апарады?
Қазір ешкім ғарышкер болғысы келмейді. Өйткені ғарыш айлағын игеру қазақ үшін – мифология. Аңызбен арбалып, ертегіге еліту нарықтық қоғамда мүмкін емес. Содан болар, жастарымыздың дені болашақтың үміт жібін мемлекеттік қызметтің мойнына байлағысы келеді. Бұл арман екінің бірінің басына қона салмасы тағы белгілі. Сондықтан да күн санап жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біріншіден, еліміздегі 3 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр екен. Сол 3 млн-ның 700 мыңы – жастар. Яғни 700 мың жасымыз такси айдап, әрбір жерде жалданып, түрлі бейресми жұмыс жасап жүр деген сөз. Екіншіден, мұның сыртында 30 мың жұмыссыз ұл-қызымыз бар. Үшіншіден, елімізде жыл сайын 60-70 мыңдай түлек ЖОО-ларды бітіріп шығады. Мұның бәрі дерлік қызмет тізгінін ұстап кетіп жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінгідей дағдарыс алқымнан алған кезде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың ертеңі бұлыңғыр екені тағы рас.
Жастардың шенеунік болуға талпынуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, олар әлеуметтік жағдайды жақсартуды ойлайды, екіншіден, туыстарға жәрдем еткісі келеді, үшіншіден, материалдық құндылыққа оңай жетуді көздейді, төртіншіден, жұрт алдында беделді болуды армандайды... Әрине, өтпелі кезеңге тән бұл құбылысты жою үшін ең алдымен «мемлекеттік қызмет – карьера жасайтын мекеме» деген түсініктен арылуымыз қажет.
Өйткені, қазір кез келген азаматтың карьералық тұрғыда өсуі, яғни әлеуметтік сатыға көтерілуі тек қана шенеуніктіктің аясында қалыптасып отыр. Тіпті шенеуніктеріміз елдегі кәсіпкерлерден ауқатты. Демек, бұл жағдай жастарға баюдың, материалдық құндылықты арттырудың жолы болып көрінеді. Осындай кезеңде біз оларды металлург, машина жасаудың шебері немесе т.б бол деп үгіттей аламыз ба? Қазір еліміздегі кез келген өндірістік саладағы тұрақтылық деңгейі төмен. Жастарымыз әр өндірістік сала біреудің жекеменшігі екенін біледі. Демек, бұл жерде жастарды кінәлауға болмайды. Себебі жас мамандар қазір бір өндірістік салаға барса, ол жердің иесі, яғни басшысы бола алмасын, өмір бойы қатардағы маман болып қалатынын жақсы түсінеді. Біздің елдегі көптеген салаларда әлеуметтік қауіпсіздік мәселесі жолға қойылмаған. Бүгінде мемлекетіміздегі әрбір төрт жас маман ғана жұмыс орнына орналаса алады екен. Бізде мұндай проблемалар көп.
Айтуға оңай, әрине. Сол себепті де бұл түсінікті өзгерту үшін мемқызметкерлердің жемқорлығына түпкілікті балта шабу жолдарын қарастыруымыз қажет. Жастардың шенеуніктікке ұмтылуының бір қырын – парақорлыққа құмарту деп түсінген жөн. «Диплом деген көк қағаз, жұмысқа қарым-қабілет керек» деген пікір нық орналасқаны жөн. Сонымен қатар әр университет өзінің түлектерінің 70 пайызын жұмыспен қамти алмаса, ол оқу орындарын жабу мәселесі қаралуы керек. Бұл жайттарды жасай алмасақ, діни экстремизмнің артуы, отбасылық ажырасулардың көбеюі, жетімдер санының артуы тоқтамақ емес. Нақты деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздің құрылыс саласына 10 мыңға тарта, ауыл шаруашылығында 10 мыңға жуық, машина және жабдықтау технологиясында – 8 мың, қызмет көрсету саласында 7 мың маман жетіспейді екен. Құр қиялға ерік берген жас жеткіншекті білікті кадр болуға үгіттеп, бетін осы салаларға бұрсақ, бір серпін байқалар ма еді?.
Түйін
Арман алға жетелейді. Жастардың арманына шек қою мүмкін емес. Десе де, өмір ағысына тек арман жетегімен емес, шынайы көзқараспен қарайтын кез жеткен секілді.
Қанат Бірлікұлы
Abai.kz