МҰНАЙДЫҢ БАҒАСЫ ТАҒЫ ҚҰЛАДЫ. ҚҰЛАЙ БЕРСІН...
Brent маркалы мұнай Лондонның ICE биржасында кеше 6,7 пайызға құлдырап, баррелі 28, 95 доллар болды. Мұнайдың бұлайша шұғыл арзандай бастауын сарапшылар Иран Ислам Республикасына салынған санкцияның аяқталуымен түсіндіреді. Тағы бір себеп: ірі көлемде энергия тұтынушы Қытай экономикасының әлсіреуіне барып тірелетін көрінеді. Осы бір жұманың ішінде мұнайдың бағасы 10 пайызға дейін арзандап үлгерді. Жыл соңына дейін тағы да арзандай түсуі мүмкін деген болжамдар бар. Мұнай өндіруші елдер, соның ішінде солтүстіктегі көршіміз – РФ «қара алтын» құнының тоқтаусыз құлдырауынан іш тартып, «қиын күндер алда» дегенді айтып қауіптенеді. РФ-ның Қаржы министрі Антон Силуанов 2015 жылы 12 желтоқсанда баспасөз өкілдерімен жүздесу үстінде: «Мұнайдың бір баррелі 30 доллардан да төмендеуі ықтимал. Сондықтан барлық қиындықтарға дайын болуымыз керек», - деген еді. Ал, Антон Силуановтың қазақстандық әріптесі Бақыт Сұлтанов: «Үкімет барлық мәселені назарда ұстап отыр. Мұнай бағамы барреліне 30 доллар, 20 доллар және одан төмен болған жағдайда сценарийлерді жүзеге асыруды қарастыру кезеңіндеміз. Сондықтан бізде қаржыландыру бойынша ешқандай қауіп жоқ», - дейді.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметі әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы-қаражаттың да қысқармайтындығана сендіруде.
«Шығыстардың негізгі бөлігі - әлеуметтік төлемдер. 2015 жылға қарағанда 2016 жылы оның үлесі 39 пайыздан 40 пайызға дейін өсті. Әрине, мемлекеттік аппаратқа қатысты бөлікті оңтайландыру бойынша белгілі бір резервтер бар, алайда ешқандай да әлеуметтік міндеттемелер қысқартуға жатпайды»,-деді Қаржы министрі.
Қазақстан 2015 жылды 1,2 пайыз экономикалық өсіммен аяқтаған көрінеді. Келер жылғы өсім 2 пайызды құрауы ықтимал.
Қазақстан экономикасының локомотиві – мұнай экспорты болғанымен барлық тіршілік, әрине, тек мұнайға ғана тіреліп тұрған жоқ. Қазақстан әлемдегі ең стратегиялық өнім есебіндегі қымбат дүние – астықты сыртқа сата алатын ел. Аграрлық салада да әлеуеті басым. Бері дегенде өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын мүмкіндігі зор. Бұл жайтты солтүстік облыстарды аралап шыққан арнайы сапарында Президент Назарбаев та елдің есіне салған еді. «Ең бастысы ішім жемнен тарықпаймыз. Азық-түлік жеткілікті. Қарын тоқ».
Алайда, бүгінгі жұрт қарынының тоқтығына ғана малданып жүре алмайды. Оған табысты жұмыс, жайлы тұрмыс, алаңсыз өмір, ашық қоғам қажет. Коррупциясыз билік, Қазақ жерінің ен байлығын еншілеп алып есірген топтың тоқпағынан азат, әкімшілік кедергілері кем, еркін қимылдауға ерік тудырып отыратын мемелекет керек. Оқу-білім керек. Ертеден қара кешке дейін мұнайдың бағасы мен дағдарысты айтып күңіренбей, ел рухын серпілтіп оятатын сергек ой, серек қимыл керек. Қалғаны... қалғаны өмірдің ағысымен реттеле жатады.
Сонымен, мұнайдың бағасы 28 долларға құлады. Құласын. Қирап қалмайтын шығармыз?..
Abai.kz