ҚАЙЫРЫМСЫЗДЫҚ - АЗАП ПЕН ТОЗАҚТЫҢ БАСПАЛДАҒЫ
Сөз жоқ, адамзат қоғамын қайырымсыздық қаптады...
Себебі, қаржылық-материалдық дағдарыс емес, рухани дағдарыс.
Күллі адамның баласы рухани дағдарысқа ұшырап, рухани мүгедектікке бет алды. Бұған табиғат апаттары, мұнайдың бағасы, тіпті, әр-әр жердегі соғыстардың тұтануы салдар емес, ең үлкен себеп – адамдардың өзінде, дәлірек айтсақ, адамдардың ішкі дүниесінің, яғни, кісілік қасиетінің жоғалуында. Егер адамның жүрегінде аяушылық пен қайырым болмаса, қатыгездік пен қайырымсыздық басып алады.
Мен бұл кезекті уәжімді адамдардың бойы мен ойындағы қайырымсыздыққа арнауым тегін емес. Әрине, әлемдік мұнай бағасы мен қазақ теңгесінің құлдырауын; не болмаса қазақ жерін жайлаған жемқорлықты; тіпті, орыс орманының аянышты ахуалын тілге тиек етсем де болар еді...
Жоқ! Адамзат үшін үлкен қауіп – қалтаның жұқаруы болмай тұр, зор нәубет – қайырымсыздық болды! Осы күндері әлеуметтік желілерде біздің қазақтардың қасқырларды қырып, қосақтап байлап тастаған бейнекескіндері толып кетті. Әумесер әрекетшілердің бірі көліктің дөңгелегімен қасқыр-байғұстың белін үзіп, қорлап өлтірсе; біреуі қасқырдың етін қазанға салып асып жатыр; келесісі дарақы күлкімен мақтануда...
«Көк Бөріден тарадық» дейтен мифтік түсініктегі қазақ қасқырды қорламақ түгілі, бөрінің атын да беталды атамаған жұрт.
Арлан – айбатты, айбынды, өжет, өр, батыл, батыр әрі шыдамдылық пен төзімділіктің символы. Көкбөрі – жанары ғана оттай лаулаған жыртқыш емес, рухы майыспайтын мықты мақұлық, киелі тіршілік иесі.
Біздің ұлтымыз: «Ақылсыз атқа мінсе, атасын басып кете жаздайды» дейді. Киесінен безген, ит-құсты қорлаған жауыздарға заң аясында шара қолданылуы керек. Бәрінің сыры мен ісіне қанық Алла Тағала жауыздардың не өзіне, не ұрпағына бұл қиянаттың жауабын қайтарады. Жалпы, адам баласы қиянаттың қайтып келетін заңдылығын ұмытпауы керек.
Кеше ғана дүниеден өткен қазақтың танымал жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш КЕКІЛБАЕВтың аракідік өлең де жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. Әбағаң өлеңді жаны қатты ауырып, айтары қара сөзге пар келмегенде жазған сияқты. Қараңыз:
«Адам қолы талай жауды жайратқан,
Адам қолы талай бауды жайнатқан.
Адам қолы тіккен талай кебінді,
Адам қолы жуған талай жөргекті.
Адам қолы сепкен талай өлімді,
Адам қолы талай бесік тербетті.
Бір өңешті толтыра алмай қос қолмен,
Бұл жалғанда талай пенде босқа өлген.
Адам онда білмей рақат дегенді,
Адам онда сезбейтұғын шабытты,
Қолдар онда жазып зарлы өлеңді,
Қолдар онда көтеретін табытты.
Қолдар! Қолдар! Аян, аян өзіңе!
Оның бәрі өзің жазған шежіре!» – деп қатал сөйлеп, шындықты шиырлай жырлаған Әбағаң, түбінде адамның иманға келіп, ибасы мен мейірімін сақтау қажеттігін ескертеді:
«Талай-талай таңбаң қалды уақытта,
Жылдар келді, жылдар туды не түрлі.
Бүгін қос қол болашаққа, бақытқа
Барар жолдың рельстері секілді...»
...Иә, жамандық істеген адамның қолы қиянаттын тиылып, жақсылыққа жұмсалуға тиіс. Баласы мен немересінің, ұрпағы мен ұлтының ертеңін ойлайтын парасатты адам қайырымның қайырының ұшан-теңіздігін түйсінбесе, қасірет-қайғы алыс кетпейді...
Міне, сондықтан қайырымсыздық – азап бен тозақтың баспалдағы ғана...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Abai.kz