Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6536 0 пікір 8 Қаңтар, 2016 сағат 15:09

ПУТИН СТАЛИН ЕМЕС - ГОРБАЧЕВ...

Путин Батыс альянсына қарсы қырғи қабақ соғыс жариялаған еді. Ол соғыс тарихта Екінші Дүние жүзілік Қырғи қабақ соғысы деген атаумен кірген болатын. Ол туралы біз жазғанбыз [1]. Путин өзін әлем тарихында Черчиль мен Рузвельт пен қатар қойғанды жөн көреді. Батыс елдер баспасөзі жылма-жыл оны батыс елдер журналдарының ең беделді саясаткері ретінде бағалағанын аса рахаттана оқиды.

Десек те, Путиннің 2007 жылғы Германияның Мюнхен қаласындағы сөзі әлемді бір шошытты. Иә, Путиннің сол сөзі Уинстон Черчильдің 1946 Фултондағы (АҚШ-тың шағын қаласы) айтқан сөзімен, яғни алғашқы қырғи-қабақ соғысты жариялаумен тең еді. Путин бұл ойын Батыс елдердің баспасөзіне және Ресей теледидарына арнап кейінірек тәптіштеп бірнеше рет айтып берді. Мәселенки, Ресей Президенті Владимир Путин Валдай форумындағы сөзінде АҚШ-ты және оның геосаясатын аяусыз сынап, «осыдан былай ешбір маңызды саяси әрекет Ресейсіз шешілмеу керек және шешілмейді» деді. Батыс елдерін Ресей алдында кінәлі екенін, Ресейдің геосаяси мүдделерімен санаспайтынын айтып, енді оған жол берілмейтінін жеткізді. Путиннің бұлай ашынып сөйлеуіне Батыс елдері альянсының Ресейге (Ресей Украинаның Қырым жартыаралын басып алып, сол мемлекеттің шығыс өлкелерінде гибридтік, әскери операцияларын бастаған болатын) экономикалық санкциялар салуы себеп болды [2]. Путиннің осы сөзі мен саясаты Ресейдің әр орысының жүрегіне шоқ салды. Қарапайым орыстың рухын көтерді. «Қашаңғы біз орыс Батыс елдерінің айтқанын істеп, олардың алдында тізерлеп тұруымыз керек. Жетеді, осыдан былай өз мүдделерімізді батыл қорғайтын боламыз» деген уәждер айтыла бастады.

Путиннің Батысқа қарсы асқақ сөйлеуінің бірнеше қисыны бар еді. Батыс дәрменсіз. Батыс тым бейбітшіл және ымырашыл, Ресей сияқты қуатты әскери ядролық қаруы бар мемлекетке қарсы шараларға бара алмайды. Оның алдында Ресей Приднестровьені Молдавиядан бөліп алған, Қарабахты Әзірбайжаннан тартып алып Арменияға бергенде, Батыс альянсы салқынқандылық байқатып Ресейге тек ескерту жасаумен шектелген-ді. 2008 жылы Ресей Грузияға шабуыл жасады. Батыс альянсы тағы да бұл шағын мемлекетке айтарлықтай араша бола алмады [3]. Батыс елдер альянсы Ресейдің газы мен мұнайына тәуелді еді, Батыс державалар бірлестігі Ресейдің де мүдделерімен есептескен жөн болар деп Молдавия, Әзірбайжан, Грузияның территориялық тұтастығы үшін конфронтациядан тартынған еді. Бірақ Ресейдің ұлыдержавалық санасы қоздаған үстіне қоздай берді. Орыс халқы Путиннің экспансиянизмін бірауыздан қолдады. Ендігі кезек Украинаға төнді. Ресей милитаризмі Украинаға ауыз салды. Бірақ Украинаның жөні бөлек еді. Батыс елдері Украинаға экономикалық және дипломатиялық қолдау жасады. Солай Украина Қырым, Донецк пен Луганскіден айырылса да агрессорға қарсы тұра алды. Ресей империяшылдары айтқандай «Новороссия жоспары және Орыс әлемі» жүзеге аспай, қаңтарылып қалды. Украинадағы «гибридтік соғыс» пәлендей сәтті болмай тұр. Есесіне Батыс елдер санкциялары Ресейді қысып барады.

Қош. Путин осы жағдайларда өзін дарынды тактик, бірақ нашар стратег ретінде көрсетті. Қазақ дипломатиясы шебер қырынан көрініп біз аман қалдық. Десек те уақыт өткен сайын Ресейдің ішкі жағдайы нашарлап келеді. Ең алдымен Ресей Евразиялық экономикалық одақтастарына валюта және тауар экспансиясын жасамақ болды. Ресей рублі құлдырап жатқанда олар өз тауарларымен Қазақстан мен Белоруссия нарықтарын қамтамасыз етпекші болды. Бұл саясат, яғни Қазақстанға Ресей тауар экспансиясы 1998 және 2009 жылдары жасалған болатын, солай біз өз тауар өндірушілерімізді бәсеңдеткен едік. Өткен жылы төл валютамыздың бағамын мөлшері 85% төмендетуге мәжбүр болдық. Бұл жағдай қолайсыз болса да өз тауар өндірушілеріміздің мүддесінен шықты. Сол сияқты теңгенін бағамын қисынсыз ұстап тұру барлық ұлттық қордағы қаржының таусылуына әкелмек еді.

Қазақстанның өткен жылдардағы сыртқы және ішкі саясаты негізіен дұрыс болғанға ұқсайды. Бірақ, ДСҰ-ға тым жай кіру, экономикалық реформаларды кешеуілдету (құрылымдық реформаларды меңзейміз), сот реформасы, жергілікті жерді басқару жүйесін оңтайландыру сияқты мәселелерде кешеуілдеп қалдық. Жүзеге асқан ҚР Азаматтық кодексі, мемлекеттік секторды қысқартуды (мүмкін 20% дейін) керектігін елбасының өзі талай рет айтты. Қазақстанның саясатының басты мақсаты – еліміздің егемендігін сақтап қалу, тұрмыс деңгейін экономикалық дағдарыс кезінде мейілінше төмендетпеу. Ресеймен конфронтацияға түспеу. Ал Ресейге келсек олардың реформа жасайтын түрі жоқ. Ресей барлық көршілірімен араз, бірақ орыстың 95% (егерде социологиялық зерттеулердің айтқаны рас болса) Путиннің бүгінгі саясатын қолдайтын көрінеді. Солай десек те оларда да 2015 жылы бірқатар әлеуметтік және экономикалық наразылықтар байқалды. Инфляция мен рубльдің құлауы қарапайым орыстың қаржысын орталандырды. Енді шет елдік тауарларды алу көп қымбатқа түседі. Кедейлер мен кембағал жандар саны көбейді. Олардың дені – тиісті айлығын ала алмай жүрген мұғалімдер мен дәрігерлер (жергілікті бюджеттер бірқатар өлкелерде ауыр жағадайда). Орталық бюджет өздерінің шығындарын ұлттық қордан алып отыр, бірақ резервтік және ұлттық қор да орталынып келеді. 2017 жылы ол қорлар таусылуы ықтимал. Сол сияқты дальнебойщиктер (ауыржүкті автомобильдерге қосымша жол салығы салынған болатын) наразылығы өткенін айта кету керек. Олардың бейбіт наразылығы негізінен жеңіспен аяталып келеді. Ресейдің бірқатар ұлттық республикаларында да наразылық байқалады. Ашық наразылық білдіріп отырған Татарстан мен Шешенстан. Олар өздерінің өлкелік экономикалық егемендігін республикалық саяси-мәдени егемендікке айналдыруға тырыса бастады. Басқа этностардың да ұлттық санасы оянып, орысты демографиялық жолмен тықсырып келеді. Мәселенки, біраз жыл өткен соң, Тувада орыс қалмайтын сияқты, Якутияда да орыс үлесі құлдырап барады. Жастар арасындағы ұлтаралық төбелес көріністері бейнеленген таспалар интернет арқылы тарауда, олардың астына жазылған комментерийлерден адам шошиды. Жергілікті татар ұлтшылдарының ана тілін қорғау әрекеттері, республикалық Президент статус атауын сақтап қалу қозғалысы, Түркиямен мәдени және бизнестік байланыстарға шек қоймау талабы актуалды. Якутияда ұлтшылдық бағыттағы экологиялық қозғалыс күшейіп келеді, якуттердің үлесін басшылар корпусы арасында көтеру идеясы көп көтеріледі; Бурятияда орыстарды көшіріп әкелу саясатына наразылық бар. Мәскеу бұрын бас қатырмай, жергілікті халықпен санаспай, әкімшілік жолмен барлық мәселерді оңай шешетін, қазір олай істеу қиындап барады, аз ұлттар көшеге шығып наразылық білдіруі ықтимал. Бейбіт түрде дамитын түрлі ұлт-азаттық қозғалыстар пайда болуда. Бұрын аз ұлттар элитасы ұлттық талаптардан аулақ жүретін, енді ұлттық элита ұлттық талаптарды ерттеп мінген сияқты. Ресей саяси элитасының бір тобы өздеріне салынған шет елдерге шықпау туралы шектеулерге наразы. Олар әзірше билікке батыл талап қойған жоқ.

Рекреациялық наразылық. Бүгінгі таңда орыстар Египетке (Мысыр елі), Түркияға бара алмайтын болды. 2000-шы жылдары Ресей турфирмаларының жер шарында апармайтын елі, орыстың демалып, сайрандамайтын жері жоқ сияқты еді. Бәрінен де орыс көп шарлайтын мемлекеттер Туркия мен Египет еді. Енді ол маршруттар орыс үшін жабылды. Турфирмалар шығынға ұшырап, орысқа, Путин саясатына ренжулі.

Тұтынушылық нарзылық. Соңғы жылдары орыс жемеген тағам қалмаған сияқты еді. Енді Батыс елдерінде өндірілетін сырлар , атлантикалық селдь, тағы да басқа тауарлар орыс дастарханынан ғайып болды. Бұл да болса ортаң қол орыстың Путин саясатына көңілін қалдырады. Ресей баспасөзі «Перестройкаға», яғни «Қайта құру» мен «Жәриялылыққа» бет алды. КСРО дағы «Перестройка» мен «Жәриялылық» негізінен екі-ақ баспасөзден басталды – ол «Огонек» журналы мен «Московские новости» газеті еді. Бүгінгі таңда – радио «Эхо Москвы», телеканал «Дождь», «Собеседник», «Сноб.ру», «Слон.ру» т.б.с.с. сыни көзқарастағы басылымдар көп. Олар Ресейдегі жағдайды объективті және сыни сипаттайды. Билік оларды қадағалай алмай келеді. Сонымен, ойымыздың түйінін айтсақ Путин Горбачевтің басқа бір түрі. Путин бүгінгі күннің Сталині емес. Горбачев байқұс өзі демократ, өзі имперщик еді, Путин де сол күйге түсіп келеді, ақпараттық қоғамда ақпаратты тию мүмкін болмай тұр. Ресейдегі баспасөздің таралуын сараласақ «Перестройка», яғни «Қайта құру» мен «Жариялылық» басталды демекпіз. Біздің пайымдауымызша бұл үрдіс 10-17 айда шыңына жетеді. Ресейде бұл бағыт саяси дағдарыс пен Ресейдің ыдырауымен аяқталады. Қазақстан тыныс алып, демократиялық зайырлы мемлекет құруға тағы бір шанс алады.

.........

1. Азимбай Гали Новая мировая «холодная война». altyn-orda.kz 13 октября 2013; openrussia.org 18.12.2015; Азимбай Гали Итоги Первой мировой "Холодной войны". Начало Второй мировой "Холодной войны": битва за Украину.08.02.2014 centrasia.ru 2. Валдайская речь Путина. Основные тезисы http://www.vesti.ru/doc.html?id=2071341 3. Әзімбай Ғали Орыстың бас ауруы қазаққа жұқпай ма? Осы тұста ұлт пен элита бірлігі керек 05.01.2016 qamshy.kz; ult.kz ; openrussia.org;

Әзімбай Ғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383