БІЗ АҢСАҒАН тәуелсіздік ОСЫ МА ЕДІ?!
Егемендік алғанымызға ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, өткен ғасырда ет пен сүтті одақ көлеміне таратқан ел әлі де болса ет пен сүтті сырттан алып отырмыз. Ет пен сүтті өндіретін ауылдар «болашағы жоққа» айналып, құлазып қалуға бет алды. Ауыл шаруашылығын дамытамыз деп, мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржының жұмсалуы, экономикалық даму барысымыздағы қалыптасқан жағдайды ескермей, тек заңды тұлғалардың мүддесін көздегендіктен, мардымды нәтиже бермей, ауыл тұрғындарын қыспаққа алуды үдете түсуде.
Шағын ауылдар «болашағы жоқ» болып, құлазып қалды. Осыдан 10–15 жыл бұрынғы мектеп оқушыларының саны осы күні екі есеге жуық азайып, жеке әкімшілік болып, мектебі, ауруханасы бар, аудан орталықтарынан 5–7 шақырымнан алысырақ орналасқан ауыл тұрғындарының орташа жасы ұлғайып, қарттыққа бет алды. Енді бір 10–15 жылдан кейінгіні болжау көңілге үрей ұялатады. Бүгінгі таңда өмірге ұрпақ әкелетін жас отбасылар ауылдарда «жоқ» деп айтарлықтай. Себебі жастар ауылда қызықтың жоқтығынан емес, өздерін-өздері жұмыспен қамтып, отау құрып отыруға мүмкіншіліктің жоқтығынан кетіп, қала жағалап, арбакеш болуда. Күн ұзақ көше бойында тұрып, әйтеуір біреуге жалданып нан табады. Қиыншылыққа шыдамағандары қылмыскер, түнгі көбелек атанады.
Кез келген мемлекеттің ең басты қауіпсіздігі – азық-түлік қауіпсіздігі. Азық-түлік – ауыл шаруашылығының өнімі. Яғни, азық-түлік өндіруші – ауыл. Ендеше ертең азық-түлік өндіретін жастарды ауылға тұрақтандыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ғана емес, бірегейі емес пе?! Өндіруші күш көбейген сайын, өндірілген өнім де көбейеді. Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілік деңгейі өздерінің өндіріп саудалайтын азық-түлік мөлшеріне тікелей байланысты. Сондықтан да олар азық-түлікті молырақ өндіруге мүдделі және мәжбүр.
Екіншіден, жастарды ауылға тұрақтандыру дегеніміз – халық санының табиғи жолмен өсуіне жол ашу. Ықылым заманнан бері көп балалы аналар – негізінен ауыл тұрғындары.
Осы мәселелер туралы тым болмаса пікірталас тудырардай ұсыныстар үкімет тарапынан естілмейді. Атқарушы билік заңда тәртіп болғанмен, сол кезде орын алған жағдайдың болмайтынын ескермей, «әйтеуір, жердің иесі болсын» деген түбегейлі қате бағыт ұстанған.
Ауыл шаруашылығын реформалағанда, колхоз-совхоздардың 10 пайызы жер ресурсын аудандардың жер қорына өткізіп, 90 пайыз жер ауыл тұрғындарына тиесілі болды да, барлық тұрғындардың үлесіне теңдей бөлінді. Ауыл әкімшілігінің құзіретінде кеңес заманында қосалқы шаруашылық есебінде қарастырылған ауыл тұрғындарының мал жайылымы ғана қалды. Ауыл тұрғындары негізінен жеке тұлға болуды жөн көрді. Себебі сол кезде «Шаруа қожалығымен заңды тұлға да, жеке тұлға да айналысуға құқылы» деп заңдастырылды.
Бұған қосымша, жайылымдық жерді ұлтарақтай қылып бөліп алғанда, ол жерге өз малын жеке-жеке жайып отыра алмасы да белгілі. Сондықтан ауыл тұрғындарының 10–15 пайызы ғана заңды тұлға болды да, қалғандары жеке тұлға болып қала берді. Кез келген ауылды алып қарасаңыз да, барлық тұлғалардың 10–15 пайызы заңды тұлғалар, 5–10 пайызы мектеп, аурухана, әкімшілік қызметкерлері де, қалғандары санақта бар да, санатта жоқтар. Үкіметтің қаулы-қарарларында, биік мінберлерде, бұқаралық ақпаратта шағын және орта кәсіпкерлік туралы айтылады да, ауылдардағы жеке тұлға өздерін-өздері жұмыспен қамтушылар туралы үн қатпайды.
Ауылдардың 75–80 пайызы жеке тұлғалар. Осыншама азық-түлік өндіретін өндіруші күш өнім өндіруге (әсіресе ет пен сүт) мүмкіншіліктің жоқтығынан қолдағы барын да ұқсата алмай, жоқтан бар жасаудың күйін кешуде. Атқарушы билік өз құзіретіндегі 10 пайыз жер қорымен қоса, рәсімделмеген ауыл маңындағы барлық жайылымдық, шабындық жерлерді ол ауылда тұрмаған, әлі де тұрмайтын жекелеген адамдарға жүздеген, мыңдаған гектарлап үлестіріп жіберді. Жеке тұлға ауыл тұрғындары қолдағы малын ауыл әкімшілігінің құзіретіндегі алақандай жайылымға қамағандықтан, мал күйсіз болып, 2 жылда бір төл алып, әр сиырдан 4–5 литр сүт сауып, шықпа жаным шықпаның күйін кешіп, амалсыздан балаларына батасын беріп, қала жағалауға шығарып салуда. Ауыл маңындағы жайылымдық, шабындық жерлерді ауыл тұрғындарынан бірде-бір құрылтайшылары болмаса да, жүздеген, мыңдаған гектарлап алғандар саусақпен санарлық қана мал ұстап, қалған шөбін ауыл тұрғындарына сатып, шалқып жүр.
Атқарушы билік осы келеңсіздікті күнде көріп те жүр, тек қолданыстағы заң негізінде өз нысанында тиімді пайдаланылмаған жерлерді кері қайтару туралы ешқандай әрекет жасамайды. Бұл жағдай мемлекет тарапынан жерге деген көзқарасты түбегейлі өзгертпей, түзеле қоймайды. Мемлекет тарапынан көзқарас өзгеретіндей сыңай болмай тұр. Қайта бүгінгі таңдағы қиыншылықтарды одан әрі ушықтыра түсетін бағыт ұстанған. Соның салдарынан ауыл шаруашылық жерлері әлі де бос жатыр. Сатсақ, бос жатпайды деген ұстаным.
Бос жатқан жерлер қандай нысанда және қайда жатыр? Рас, бос жатқан жайылымдық жерлер бар. Олар бұрынғы алыс қыстаулар мен жайлаулар. Осы күндері орман шаруашылығы құзіретінде болар. Осы жерлер бос жатыр. Бұл жерлерді пайдаланудың жолын атқарушы билік әу баста-ақ кескен. Қыстау мен жайлаудың арасын жалғайтын күзеу, көктеу керек. Бұрынғы күзеу, көктеу болған жерлер баяғыда-ақ жекелеген адамдардың иелігіне өтіп кетті. Енді ауыл маңындағы құм етегіндегі өзен-көлдердің бойындағы жайылымдық, шабындық жерлер бүгінгі иелеріне сатылып кетсе, облыс орталығынан 15–20 шақырым, аудан орталықтарынан 5–7 шақырым алыс ауылдарда орта мектеп те, аурухана да, әкімшілік те жабыларына көз жеткізу қиын емес шығар.
Ауыл маңындағы жайылымдық, шабындық жерлерді өз нысанында тиімді пайдаланудың, ауылды тоздырмай, өсірудің жолдарын қарастырып, заң баптарына өзгерістер енгізіп, мүмкіндігінше жер иелерін өндіріп отырған өнім түріне сәйкес қайта қоныстандыру шараларын жүзеге асыратын уақыт өтіп те бара жатыр.
Ауылдардың ел болып отырғандағы тірегі – жеке тұлғалар. Осылардың өнім өндіріп, тұрмыс-тіршілік деңгейін жақсартуына, тіпті өндірген өніміне мемлекеттен субсидия да алмай-ақ, бар керегі – кең мал жайылымы мен қыстық мал азығын даярлап алатын шабындық. Сондықтан әу баста ауыл тұрғындарына деп берілген жер неге сол тұрғындардың игілігіне жаратылмайды? Бар жерді тиімді пайдаланбағандардан кері қайтаруға қолданыстағы заңға сәйкес мүмкіншілік әлде де болса бар.
Ауыл тұрғындарының негізгі кіріс көзі қолдағы малы болғандықтан, ауыл әкімшілігіндегі бүгінгі мал жайылымы осы кері қайтарылған жер есебінен неге толықтырылмасқа?! Есепсіз толықтырылсын демей-ақ, бүгінгі ауыл әкімшілігінде тіркелген отбасылар 10 пайыз өседі, әр отбасы 7–10 сауын сиыр, 30 бас саулық қой ұстайды. Сиыр төлі 2 жыл, қой төлі 1 жыл ұсталады деген есеппен осыншама малға жайылымдық жер мен шабындықты ауыл әкімшілігінің құзіретіне бөлінбейтін негізде бекітсек. Бас-басына жер берудің қажеті жоқ. Егістік жердің жөні мүлде басқа.
Дей тұрғанмен, көші-қон үрдісі үнемі қайталанатын құбылыс болғандықтан, ауылдағы әр отбасы санына қарай тым болмаса 2 гектар егістік жер де қарастырылып, ол да бөлінбейтін негізде ауыл әкімшілігінің құзіретіне өткені дұрыс болар еді. Сонда ғана ауылдан біреу көшіп кеткенмен, көшіп келген адамның өз-өзін жұмыспен қамтуына мүмкіншілік туады. Жер мәселесі шешілген соң, «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларына өзгерістер енгізсек. Ол өзгеріс ауылда тұрып, отбасын құраған жастарға ауыл әкімшілігінің «Жем-шөппен қамтамасыз етіледі» деген анықтамасымен несиеге қол жеткізсе. Жайылымы кең, қыстық мал азығын даярлап алуға мүмкіншілік бар болғандықтан, жастар қалаға ағылуын тоқтатар еді. Осы шараларға мемлекет тарапынан ешқандай қосымша қаржы бөлудің қажеті жоқ.
Солай бола тұра, айналасы 2–3 жылда ет пен сүт өнімі молаяды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілік деңгейі артады. Ең негізгісі – ауылда жастар тұрақтап, қаладағы келеңсіздіктер азаяр еді. Келесі бір мәселе – ауылдың жеке тұлғаларына көрсетілер қолданыс саналатын өнімге арналған субсидияның берілуін өзгерту. Сүт зауыттары, қант зауыттары сүт пен қант қызылшасына берілетін субсидияны алса. Ол қаражат шикізатты сатып алу бағасына қосылса. Сонда ғана баяғы замандағыдай ауыл тұрғындары бақшасына қант қызылшасын егер еді.
Негізі, ауылдардағы жеке тұлғалардың азық-түлік өндіретін үлкен күш екенін ескеріп, осы күшті барынша тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыру қажет. Әр өңірдегі жағдайға байланысты өкім түрі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ ауыл малсыз күн көре алмасы анық. Сондықтан ауыл маңындағы жайылымдық, шабындық жерлер ауыл игілігі үшін пайдаланылатындай заңдарға өзгерістер енгізу әлі де болса мүмкін.
Нұрқасым АСУБЕКОВ,
зейнеткер
Алматы облысы,
Қаратал ауданы,
Тастөбе ауылы
«Общественная позиция»
проект «DAT» №44 (315) от 17 декабря 2015 г.