ЕУРООДАҚТЫ "ЖАҢАӨЗЕН ТІЗІМІН" ҚАБЫЛДАУҒА ШАҚЫРУДА
Варшавадағы «Ашық диалог» үкіметтік емес ұйымы Еуроодақ пен халықаралық қоғамдастықты «Жаңаөзен тізімін» («Магнитский тізімі» секілді) құруға және қабылдауға шақырды.
Ол бойынша, 2011 жылы желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзендегі шерушілерге оқ атуға қатысы болғандардың жеке басына санкция қолдануды ұсынады.
4 жыл бұрын, желтоқсанның 17-де, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында полиция ереуілдегі мұнайшыларды қолдаған шерушілерге қарсы оқ атты. Ресми дерек бойынша, 16 адам өліп, жүзден астамы жараланды.
«Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды және оған қатысты» деген айыппен 17 адам сотталды, тағы 16 адам шартты жаза алды. Сотталушылар тергеу барысында өздерін азаптағаны және қысым көрсетілгені туралы айтты. 2014 жылдың соңында мұнайшылар ереуілінің жетекшілерінің бірі Роза Төлетаева босатылды, ал 2015 жылы түрмеден басқа мұнайшылар босап шықты.
«Жаңаөзен ісі» бойынша соңғы түрме тұтқыны ретінде «әлеуметтік араздық тудырды», «конституциялық құрылысты күшпен құлатуға шақырды» және «қылмыстық ұйым құрды» деген баптармен 7 жарым жылға сотталған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың есімі аталады. Желтоқсанның 8-де Козловтың шартты түрде мерзімінен бұрын босау туралы өтініші қабылданбады.
Қазақстан билігі Жаңаөзендегі оқиғалар жан-жақты, шынайы түрде тергеп-тексерілді деп санайды.
Абай-ақпарат