Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8890 0 пікір 15 Желтоқсан, 2015 сағат 14:44

АҚ КҮШІК – БЕЛКА


(деректі әңгіме)

Теңіз бен Дала кездесіп, бір-біріне таңғала қарап тұрғалы қай заман... 

Кей күндері Теңіз буырқанып, алай-дүлей ашуға мініп, аспанға шапшып, Далаға қарай атылады. Мұндай кезде бүкіл дүниені су басып қалатындай көрінеді. 

Кей күндері Дала да бұлқан-талқан боп, жел соғып, шаңды дауыл көтеріліп, Теңізді көміп, жермен-жексен етіп тастағысы келеді.

Бірақ... Екеуін де анау байтақ Аспан сабырға шақырып, үнемі татуластырып отыратын секілді.

Күн жадырап ашылып, шөкім-шөкім ақша Бұлттар күлім қағып, Жер беті мейірім шуағына шомылады.

Теңіз жағасынан алыстап, қала шетіндегі бір шоғыр әсем ғимараттарды бетке алып бара жатқан шақта көңілімді толқытқан осы бір сурет көпке дейін көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды...

***

– Теңіз бен Даланың шегіне орналасқан осы бір қалаға ерекше бауыр басып кеттім, – дейді біздің бүгінгі бас кейіпкеріміз – Гүлшарат Қошқарбайқызы Досаева ханым.

Ол кісі мұндағы қазақ-түрік лицейінде химия, биология пәндерінен сабақ береді.

– Ал өзіңіз қай өңірде туып-өскенсіз?

– О-о, біздің ауыл алыста-а, – дейді Гүлшарат жымиып. – Оңтүстіктегі  Ақсу-Жабағылы тауларын білетін боларсыз?

– Әрине.

Көз алдыма ұшар биік шыңдарын мәңгілік қар басып жататын аспантаулар тізбегі елестейді. Қу түлкінің ініндей бұлың-бұлыңы көп терең шатқалдарды қуалап, бұрқ-сарқ қайнап ағатын Ақсу өзені, қысы-жазы аң-құсқа пана болып, жеміс-жидегі шашылып-төгіліп жататын қалың тоғай, аттылы кісі аздан соң көрінбей кететін көкорай шалғын, ну қамыс...

– Япыр-ай, мына далаға қалай келіп қалдыңыз деп, таңырқап тұрсыз ба?

Рас-ау. Алыстағы Ақсу-Жабағылы тауларының бөктерінен қоныс аударып, ұшан теңізбен астасып жатқан құмдауыт, сортаң, шөлейт далаға келген адам алғашында қандай күй кешеді екен, а?.. Қайран, біздің қазақтың кең даласы-ай!..

– Ауылды сағынатын шығарсыз?

– Әуелгі көшіп келген жылдары түсіме жиі енуші еді. Кейін... Маңғыстауға үйреніп, бауыр басып кеткеніміз сондай, Ақсу-Жабағылыға қыдырып барғанда Ақтауды, теңізді сағынып, тезірек қайтуға асығатын болдық. Бірақ, туған жер туралы әңгіме бола қалағанда, есіме ылғи да бір оқиға түсіп, көзіме еріксіз жас іркіледі...

– Ол қандай оқиға?..

***

...Бірде үйдің алдындағы үлкен арықтың ішінде қыңсылап жүрген бір кішкентай ақ күшікті көзім шалды. Құлдыраңдап келе жатып байқамай түсіп кеткен екен-ау деп, қасына жақындадым. Мені көрген соң ол арықтың жиегіне қарай тырмысып, «шығарып алшы» дегендей екі көзі мөлтілдеп, жалына бастады. Еңкейіп қолымды созып, өзіме қарай тарттым.

Күшік әбден ашығып, жаурап қалған екен. Дір-дір етіп, әлсіз қыңсылап, бауырыма тығылды. Шамасы, арықтың ішінде ұзақ жатқан болса керек.

Ас үй жаққа әкеліп, жаңа ғана сауып алған сүттен бір кесе құйып, алдына қойдым. Кіп-кішкентай тілімен сылп-сылп еткізіп жалағаны болмаса, өздігінен іше алмады. Содан соң: «Менің аузым... тіпті, икемге келмейді» дегендей жәудіреп маған қарады.

Енді сүтті бөтелкеге құйып, емізікпен бердім. Біраздан кейін ол маужырап, ұйқысы келіп, қалғып-мүлги бастады. Даладағы ошақтың бір бүйіріне ескі көрпешенің бірін төседім де, соған апарып жатқыздым. Күшік ақырын ғана қыңсылап, ұйқылы-ояу күйде маған рақмет айтқандай болды.

Үйдегілерге таңғы шайын әзірлеп беріп, жұмысқа баратынын – жұмысқа, мектепке баратынын – мектепке шығарып салған соң, ыдыс-аяқты жуайын деп, су әкелуге сыртқа шықсам, әлгі ақ күшік аулада жүгіріп ойнап жүр. Әлгіндегі жаурағанын да, қарны ашқанын да ұмытып, әп-сәтте шапқылай жөнеліпті.

Түске таман мектептен келген балалар оны көріп таңғалып әрі қуанып, иықтарындағы сөмкесін есік алдына қоя салған күйі «кә, кә!» деп, өздеріне қарай шақыра бастады. Ақ күшік құлағын тікірейтіп, оларға тесіліп қарағаны болмаса, бірден жүгіріп бара салған жоқ.

– Мүмкін, оны өз атымен атап шақыру керек шығар, – деді балалардың біреуі кенет тапқырлық танытып. – Сонда келеді-ау дейім!..

– Біз оның атын білмейміз ғой.

– Қане, көрейік. Ақтөс, Ақтөс, кә, кә, кә!

Ақ күшік бұған елең ете қоймады. Қайта кіп-кішкентай құлағын қайшылап, тіксініп қалғандай болды.

– Ақжол, Ақжол! – деді енді олардың екіншісі.

Ақ күшік оған да елікпеді. Бірақ, балалар оның атының «ақ»-пен басталатынын ішкі бір түйсіктерімен сезгендей-ақ, «Ақмойнақ», «Ақтабан», «Ақтұйғын» деген секілді аттарды атап, есік алдында біраз кідіріп қалды. Бірақ, күшік «қанша айтсаңдар да, таба алмадыңдар» дегендей селтиіп тұра берді. Содан соң, сөмкесін қайта қолына алып, киімін ауыстырып шығу үшін үйге кіріп бара жатқан балалардың біреуі артына қарай жалт бұрылып:

– Белка! – деп еді, ақ күшік «ақыры таптыңдар-ау!» дегендей орнынан бір қарғып түсіп, балаларға қарай жүгіре жөнелді.

Сол күннен бастап ол біздің үйде қалып қойды. Алғашында иесі іздеп келіп, алып кететін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, ешкім келмеді. Тіпті, ауылда күшігім жоғалып еді деген адам да болмады.

Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Ақ күшік – Белка есейіп, біздің үйдің бір мүшесіне айналды.

«Ит – жеті қазынаның бірі» дейді қазақ атамыз. Бірақ, өзіңіз жақсы білесіз, ауылда ешкім де қаладағыдай итін жетектеп алып, серуен құрмайды. Ешкім де дүкеннен арнайы тамақ сатып әпермейді. Өздері ішкен ас-ауқаттан қалған-құтқан жуындыны итаяғына толтырып құя салады да, жайбарақат жүре береді.

Мұны айтып отырған себебім, біз де Белканы соншалықты бір еркелетіп, мәпелеп, ерекше күтіп, бағып-қаққан жоқпыз. Рас, кейде балалармен бірге асыр салып, арсалақтап, ары-бері жүгіріп ойнайтыны болушы еді. Күнделікті тамағын ұмытпай, итаяғына апарып құямын. Қазақтың үйі қонақсыз, иті аш болмайды ғой, әйтеуір.

Содан... тоқсаныншы жылдардың ортасында біз жұмыс бабымен Ақсу-Жабағылыдан қоныс аударып, Ақтауға көшетін болдық. Үйдегі жүк-мүгімізді алдына ала жөнелттік те, өзіміз ағайын-туыстың ақ батасын алып, қайыр-қош айтысып пойызға отырдық.

Белканы бір жақын ағамыздың қолына қалдырдық. Себебі, жердің бір қиырынан екінші қиырына көшіп барамыз ғой. Оның үстіне, өзіңіз де сезіп отырған боларсыз-ау, баяғы тоқсаныншы жылдар – елге бір ерекше ауыртпалығын салған қиын кезең болды емес пе...

Бірте-бірте Маңғыстаудың маң даласына да бауыр басып, біржола сіңіп кеттік. Теңізге де көзіміз үйренді. Бірақ, алғашқы жылдары телефоннан ауылдағы ағайын-туыс, құрбы-құрдастың даусын естіген кезде сағыныштан көзімізге жас іркіліп қалушы еді. Бірер жылдан соң өзіміз де көшіп, Ақсу-Жабағылыға қайтып оралатындай болып жүргеніміз де рас.

Ал Белка, Белка... Ағамыздың ауласынан қайта-қайта қашып кетіп, бұрынғы тұрған үйімізге барып, бізді іздеп, есікке қарап жаутаңдап жүреді екен. Соны естігенде көңіліміз теңіздей толқып, арнасына симай, ауылға қарай тартып кеткіміз келетін кездеріміз де болды...

Бір күні бала кезден бірге өскен ең жақын құрбым телефон шалды.

«Гүлшарат, сен білесің бе, мен қазір жылап тұрмын,» дейді біртүрлі қамығып.

«О, неге?» деймін мен үрейленіп.

«Айтсам... Қазір сен де жылайсың!..»

«Үйбай, не боп қалды?»

«Бүгін бар ғой, біз, баяғы өзіңмен бірге жұмыс істеген бір топ келіншек түс ауа шілдеханадан қайтып келе жатқанбыз. Кенет, жанымдағылардың біреуі: «Ойбай, анау бір итті қараңдар! Тура бізге қарай жүгіріп келеді, – деп қалт тоқтай қалды. – Байқаңдар, қауып алып жүрмесін!» Бәріміз жалт қарадық. Расында да, көшенің арғы бетінен бері қарай жүгіріп өткен бір ақ ит бізге қарай ұшып келеді екен. Әне-міне дегенше болған жоқ, бір-біріне жабысып, қорқып қалған келіншектерге бұрылмай, тура менің аяғымның астына келіп жата кеткені. О тоба! Аяқ киіміме басын қойып, иіскеп, біртүрлі жалынышты түрде қыңсылайды.

Сонда барып таныдым. Бұл... бұл баяғы Белка екен ғой. Мені танып, сені сұрап... «Гүлшарат екеуің дос едіңдер ғой, ол қайда кетіп қалды, неге келмейді?..» дейді...

Құрбымның даусы құмығып, сыбырлап сөйлеп, булығып қалды. Мен де жылап тұрмын мұнда. Ауылдан көшкелі бері алғаш рет егіліп, өзімді өзім ұмытып, жан дүнием босап, көз жасыма ерік бергенім осы шығар...

«Содан соң мен де отыра қалып, Белканың басынан сипап: «Япыр-ау, сен де сағындың ба Гүлшаратты?» деп бәйек болдым, – дейді құрбым. – «Рас, ол менің ең жақын досым. Олар ауылда тұрған кезде мен сендердің үйлеріңе жиі барушы ем ғой. Екеуміз жұмысқа ылғи да бірге келетінбіз. Сен... сен соның бәрін байқап, біліп жүреді екенсің-ау, Белка!» деймін жүрегім езіліп. Ал ол болса, аянышты түрде қыңсылап, қолымды жалап, маған мұңын шаққандай болады. Қайтсін-ай, енді...

Әне, сөйтіп, Белка екеуміз бір-бірімізге қарап, көз жасымыз мөлтілдеп отырған кезде әлгі келіншектердің бірі иығымнан тартып: «Әй, қыз, итпен бірге қосыла ұлып не болды саған?» деп күледі.

Иә-ә, Гүлшарат, біздің ауылда осындай да қызықтар болып жатыр...»

Кешіріңіз, жаңа өзіңіз: «Ауылды сағынбайсыз ба?» деген соң есіме түсіп кетті ғой. Әйтпесе, сіз негізі, біздің лицей туралы жазамын деп келген жоқ па едіңіз?..

***

– Содан соң не болды? – деп сұрадым мен қазақ-түрік лицейлеріндегі қалыптасқан әдеп бойынша алдыма әкеліп қойған ыстық шайдан бір ұрттап.

– Біразға дейін ауылға барудың сәті түспей жүрді, – деді Гүлшарат жеңіл ғана күрсініп. – Ол кездегі жағдай қазіргідей емес, қиын еді ғой... Елге барғанда Белканы көріп, басынан сипап, іштей алғыс айтып, өз қолыммен тамақ құйып берсем бе деуші ем. Балалар тіпті, осында алып келеміз деп те жүрді. Бірақ, бір күні ауыл жақтан Белка із-түзсіз жоғалып кетті деген хабар жетті...

***

Ақтау қаласындағы қазақ-түрік лицейіне барғанда естіген осы бір әңгіме әліге дейін есімнен кетпейді.

Көз алдыма бір-бірімен шектесіп жатқан Теңіз бен Дала елестейді...     

Нұрғали Ораз

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059