Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 11332 0 пікір 14 Желтоқсан, 2015 сағат 12:49

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ... ТОҢДЫРДЫ МЕНІ...

Желтоқсан көтерілісі туғызған Оңтүстіктегі саяси  қозғалыстар мен Азаттық күштер туралы

Боданда жүрген халқымның

«Бауыздауы» болайын!

Еркек тоқты құдайы,

Ез болғанша Ер боп өт,

«Құрбандықпын» ағайын! 

(Исатай Тайманұлы)

1985 жылдың  сәуірімен  келген  қайта  құру  дәуірі  қоғамда, елімізде  көптеген сілкіністер туғызып, ұлттық  республикаларда, метрополияның  орталық  қалаларында  октябрь  дауылдарынан  кейінгі уақыттарда  болмаған, қоғамдық-саяси  өрлеу  қозғалыс-тарын  туғызды. Октябрь  төңкерісіне  дейін, ұлттық  республикалардың тарихы  болмаған  деп  кеңес  идеологтарының  сендіріп  келген  догмаларының  күлі көкке ұшып, отарлықтың  қамытын  киіп  жүрген  халықтар  өткеніне  ой  жүгіртіп, ұйқыдан  оянып, оң  солын  түгендей  бастады. 

Әсіресе  саяси  өрлеудің  күшті  дүмпулері  КПСС  Орталық  Комитетінің  Қазақстан  компартиясының  1 хатшысы, Советтер  Одағы  компартиясының Саяси  бюросының  мүшесі, Үш рет Еңбек Ері Д.А. Қонаевты, Саяси  бюроның мүшелерінің бірі де  емес, Орталық комитеттің  көп  мүшелерінің бірі Разумовскийдің  Алматыға  келіп, Республикаға  бұрынғы-соңды таныс  емес, беймәлім Г.В.Колбинмен  ауыстыруы, қазақ  халқының  ар-намысын  аяққа  басуы  мен  компартияны  әділеттілік  туының  тұғыры  деп  санаған  сенімнің   күйреуінен  кейін  бастау  алды. Қазақ  халқы  елдің  елдігі, ердің  ерлігі  сыналатын, бүкіл  ССРО-ның  халықтары  іштен  тына  күтіп  отырған  сәтте, тас  қараңғы  түнде  жарқ  еткен  найзағайдай, жер  жүзіне  қазақ  деген  Ұлы  халықтың  бар  екенін, анадан  құл  болу  үшін  емес, Ұл  болу  үшін  туғандарын  паш  етті. Еліміздің  тарихында, қашанда  ел  басына ауыр күндер  туғанда, ерлермен  бірге  тізе  қосып  жауға  шабатын  ару  қыздарымыз  да  ерен  ерліктің  үлгісін  көрсетіп, мұздай  қаруланған  әскерлермен  қарусыз, жалаң  қолмен, жігіттермен  бірге  ар-намысты  ту  етіп, жалындаған  жігерлі  рухты  қару  етіп, қайтпай  шайқасып, Республика  алаңын  қандарымен  жуып, Тәуелсіз  елдің  ертеңі  үшін  жас  өмірлерін  құрбан  етті. Желтоқсан  дауылының  өртінен  бастау  алған  ғаламат  сілкіністер  отарлық  қызыл  империяны  күйретіп, бүкіл  әлемдік  дамуға өзіндік әсерін  тигізді.

Қазақ  жастарының Желтоқсандағы  ерлігі  жігерлендірген, он алтының ұлт азаттығын, 17-19 жылдың  аштығын, ақ  пен  қызыл  қырғындарын, 28 жылдың  кәмпескесін, 32 – 33 жылдардың нәубетті аштығын, 37-38  жылдардың  жаппай  репрессиясын көрмеген,  интеллигенттері негізінен сақталып  қалған Балтық  бойы  елдері  тәуелсіздік  туралы  ашық  әңгімені  Советтер  елінде алғаш рет белсенді түрде көтере  бастады. Кейінерек  Грузияда, Әзербайжанда, Арменияда, Молдовада, Якутияда  көтерілістер  басталып, Мәскеу мен Петроградта  демократиялық  шерулер  толастамай  жатты.

Сол 1986  жылдың  қаңтар  айында, басқа  республикадан осы  Шымкент  мұнай  өңдеу  зауытына  цех  бастықтығына  жұмысқа  шақырылып, жұмысқа  кірістім. Бірақ арнаулы  шақырумен  келгеніммен, В.Лебедев  деген  цех  бастығының  орынбасарын  бастықтыққа  тағайындап, мені  соның  орнына  жұмысқа  қабылдады. Елге келгенге  қуанған  мен  бел  шеше  жұмысқа  кірісіп, бірден  бетімен  кеткен  тәртіп  пен  документацияларды  реттей  бастадым. Одақтың  талай  химия  зауыттарында өндіріс көрігінен  өткен   маған  бар  кемшілік  көзге  көрініп  тұратын. Жастайымыздан  басқа  республикаларда  жүріп, КПСС  мүшелігіне  өтіп, одақтық маңызы бар  химиялық өндірістік бірлестіктердің, үлкен цехтарына басшылық жасап, ол ұжымдарды бір-екі  жылдарда  коммунистік  еңбек  коллективтеріне  айналдырған   мен  үшін, мұнай  өңдеу  зауытындағы  жұмыс  онша-лықты  қиыншылық  туғызған  жоқ.

Сол 1986  жылдары  зауытта  біздің  ұлттың  бірде-бір  жігіті  участок, цехтарға  басшылыққа тағайындалмапты. Республикадан  тыс  жерлерде  осы  жігіттер  технологиялық қондырғыларға, цехтарға  басшылық  жасағанымен, Қазақстанға келгенде олардың бәрі  дерлік жұмысшы  мамандықтарына, яғни қондырғыларға оператор, машинистікке  қабылданып, бірен-сараны  ғана  мастерлік  қызметтер  атқаратын. Мен  келген  цехта  бар  болғаны  тоғыздай  ғана  өзіміздің  ұлттың  жігіттері  жұмыс істейді  екен. Лебедев  екі  айдан  кейін, мартта  жұмыстан кетіп, Ресейге қоныс аударды, орнына  цех бастығының  міндетін  атқарушы  ретінде, мені  тағайындады. Тәртіпті  түзеп, ішкілікке  салынған, көкірек  керген, қазақтарды кемсітіп, төмен санаған, шовинизмнің  вирустарымен  уланған  басқа  ниетті  тоғыз  адамды (мүмкін кездейсоқ) жұмыстан  шығарып, орнына және бос орындарға өз  ісін  білетін, сайдың  тасындай  жергілікті  ұлт  өкілдерін  жұмысқа  қабылдай  бастадым. Ол кездері мұнай өңдеу зауытында  еңбек ақы мөлшері басқа  зауыттарға  қарағанда көп төмендіктен, мамандардың жұмыстан кетуі мен  ауысулары жиірек кездесетін. Технологиялық цехтар іске жаңадан қосылып, әлі  технологиялық режимге дұрыстап кіре алмай жатқан уақыт, әрі біздің  цехтың  кінәсінен  күніге оншақты  рет  тоқтайтын  зауыт, өндірістік және технологиялық  тәртіптің  күшеюіне  байланысты  жұмыс  ырғағы  бір қалыпқа  түсе  бастады. Зауытта бірінші рет әкімшілік ғимараттары  мен  жол, қондырғылар  айналасына  ағаштар мен гүлдер отырғыза бастадық. Ең  артта  қалып  жүретін  біздің  ұжым, социалистік  жарыс  жеңімпазы  атанып, зауыт  еңбеккерлері  алғашқы  рет жоспар  орындап, премияны  да  ала  бастады. Зауыт бойынша партия, профсоюз жиналыстарында, батыл сөйлеп, кемшіліктерді бастық па, басқарма ма бет-жүзің бар демей, бала-жастан тіке айтып үйренгенмін, өз жемісін бере  бастады. Тіке айтқанды кім жақтырсын, бұл әрекеттерім кейбіреулерге  ұнамай, үстімнен неше түрлі домалақ  арыздарды  зауыт  парткомынан бастап, горкомға  дейін  айдай  бастады. Ол кездерде  домалақ  арыздарға  қатты  көңіл  бөлінетін, тексерістен-тексеру, ешнәрсе  таппаса  да, уақытты  кетірумен  жүйкені  жұқартатын  пайдасы  күмәнді, шындығына  келгенде  сол уақыттарда  талай  адал  партия  қызметкерлерінің түбіне жетіп, өміріне  балта шапқан, сталинизмнен  қалған  зиянды  сарқыншақтар  болатын.

КЗОТ  бойынша  үш  айдан  асса  менің  цех  бастықтығына  бекітіліп  кетуімнен  қорыққан  отаршыл-шовинистер, енді анонимканы қарша бората  бастады. 1986  жылдың   декабрі  басталған  кезде, цехтың  жартысына  жуығының  жергілікті  қазақ, өзбек, түрік  болғанын  сылтау  етіп, мені  ұлтшыл, пантюркист  деп  те  кінәлады.

Жағдай  шиеленісіп  тұрғанда  Қонаев  ақсақалды  орнынан  алып, орнына  Колбинді қойғаннан  кейін, шовинистер  ашық  түрде  бірін-бірі құттықтап, біздікілер алды, дәл осылай ету  керек  деп  намысқа  тиіп, ұлтаралық салқындықтар пайда  бола  бастады.

Әлі  есімде, 1986  жылдың  16-17 декабрьдегі  жастар  көтерілісі  басып  жаншылғасын, 18 декабрь күні сағат бестер  шамасында біздің  мұнай  өңдеу  зауытының  партия  мүшелерін  тез  жиналысқа  шақырды. Зауыт  партия  ұйымының  хатшысы  М.А. Ривкин  жиналысты  ашып, күн  тәртібіндегі  негізгі  мәселе  Алматыдағы  қазақ  жастарының  экстремистік  әрекеттеріне  саяси  баға  беріп, әшкерелеу  туралы  екенін  жариялай  келіп, жоғарғы  партия  ұйымдарының  лауазымды  басшыларымен  таныстырды. Олар  Шымкент  облыстық  партия  комитетінің  2 хатшысы  Черненко, Шымкент  қалалық  партия  комитетінің  1 хатшысы  Борисов, Еңбекші  аудандық  партия  комитетінің  1 хатшысы Борис Рузанов  және  көптеген  идеологиялық  хатшылармен  бірге  КГБ, МВД-ның жергілікті басшылары  мен  қызметкерлері болды. Сонымен, сол кездегі әдеттегідей кезекші, белсенді «жиналыс шешендермен» бірге  партия  басшылары  бар, барлығы  қазақ  жастарын  жаппай  жамандап, бұзықтар, экстремистер, нашақорлар  деп, жерден  алып, жерге  салып  жатты. Қазақ  коммунистерінің  саны  аз  болатын, екі  жүзге таяу коммунистердің  он-он бес  пайызын ғана  құрайтын  олардың  белсенділігі  белгілі, бастарын  жерге  салып, айтар сөзі жоқ, көздерімен  жер шұқып  отырғаны  есімде. Соңғы  сөз  обком  хатшысы  Черненкоға  берілді. Ол  кісі  біраз  ұлттар достығы жайлы, коммунизм туралы сөйлеп, алдыңғы шешендердің  қатты сөздерін  жұмсарта  келе, кімде  қандай  сұрақтар, ұсыныстардың  бар  екенін  сұрады. Жиналыстың  басынан  жүрегім  аттай  тулап, сөйлегім  келіп, неге  екені  белгісіз  қалшылдап, өзімді  зорға  ұстап  отырғанмын, бір  кезде қолымды көтеріп  рұқсат  сұрағаным есімде. Даусым  мүмкін  қатты, жайсыз  жарықтанып шығып  кеткен  болса  керек, жартылай  үрейленіп, мүлгіп  отырған  көпшіліктің  селк  етіп, не  айтар  екен  дегендей  бәрінің назары  маған  ауғаны  есімде. Әсіресе  зауыт  директоры  Ю.Ф. Попов  пен  Бас  инженері  А.Э. Бауманның мынау  не  бүлдіргелі  тұр  дегендей, бірінің  қызарып, екіншісінің  бозарып  кеткені  тура бүгінгідей  көз  алдымда.

Сонымен  орнымнан  тұрып, Қазақ  халқының  ешуақытта  ұлтшыл  болмағандығын, табиғатынан  қонақжай, мейірімділік  пен  жомарттықтың  небір  үлгісін  көрсетіп  кешегі  айдалып  келген  бар  халықты  ұлтына, нәсіліне, дініне  қарамай  бауыр  басқанын, өзі аш отырса да бала – шағасының жейтін нанымен бөліскенін, силағанды  силайтынынын, шалқайғанға шалқаятынын  айта  келе, кемшілікті  қазақ  жастары мен қазақтардан  емес, КПСС  Орталық  комитетінен, оның  Бас  секретары  М.С. Горбачевтың  Лениндік  ұлт  саясатын  бұрмалаудан  іздеу  керектігін, уақтысы келгенде бүгінгі қаралап, жерге  таптап  отырған  жастардың  ертең  батыр  атанатынын айтып, қыза-қыза  келе  қалай  аузымнан  шығып  кеткенін  білмеймін, «Бұл  Советтер  Одағының  күйреуінің  басы!» -  деп  айқайлап  жіберіппін. Сол  жиналыстан  кейін, диссидент  атанып, сенімсіздікке  ілігіп, КГБ-ның бақылауында, бастықтыққа  бекітілмей  екі  жылдан  астам  и.о.  болып  жүрдім. Бірақ  мен  басқарған  цех  екі рет «Коммунистік  Еңбек  коллективі»  атанды. Осы  уақыттарда  демократияландырудың  алғашқы  жеңістерін  пайдаланып, біраз  жігіттердің цех  бастықтықтарына  сайлануларына  септігім  тиді. Қарамағымда  мастер, аға  мастер, участок  бастығы  болып  істеген, марқұм  Серік Асылбековті, тауар-шикізат  цехына  бастықтығына  сайлануын  ұйымдастырып, кейінерек ол зауытқа  директорлыққа тағайындалды (мұнай  өңдеу саласы бойынша республикадағы тұңғыш қазақ  директор еді). 1 цехта  аға  оператор  болып қызмет атқарған  Тобашов Сақтаған, зауыт  әкімшілігінің  қарсы  болуына  қарамастан, өз цехына  бастық  болып  сайланды да, өзіміздің жігіттер басшылыққа келе бастады. 1988 жылы зауыт партия ұйымын  басқаруға  горкомнан  Бахадүр Өмірзақұлы Әтемов  келді, мені  зауыт коммунистері қоғамдық негізде оның  орынбасарлығына  сайлады. Сонымен  нағыз  қайта  құрулар  басталып, елде қоғамда  көп  өзгерістер басталды. 1990 жылдың  сәуір айында қалалық  партия  конференциясына  делегат  ретінде  қатысып, қалалық  компартия  комитетінің  1 хатшысы  В.А. Шеманскийдің баяндамасынан кейін, партия тарихында  қалада  бірінші  рет қазақша  сөйлеуге, әрі қаладағы  жетістіктерді оның 1-ші хатшысымен  байланыстырып, оны  мақтауға  тиісті болдым. Ең  басты  назарды  В.Шеманскийдің  араласуымен  космодром  Ленинскіден  әкелінген, сол кезде, қазіргі Шымкент  телевидениесін  ашуға  негіз  болған  қымбат  аппаратуралар  жайлы, өндірісте  қол жеткен  жетістіктер  жайлы  айтуым  керек  болатын. Баяндама  қайта-қайта  жазылып, тексеріліп  оқылынып, Горкоммен мақұлданып, машинкаға  орыс  әріптерімен  басылды.

Сонымен  ертеңіне, жұма күні Мир  көшесіндегі сол  кездегі обкомның  Саяси  ағарту  үйінің  акті залында 1 хатшы В. Шеманскиий  қалалық  партия  ұйымының  есеп  беру-сайлау  конференциясын  ашып, күн  тәртібін  белгілеп, регламентті  бекіттіріп, есеп  беру  баяндамасынан  кейін  жарыссөз  басталатынын  хабарлап, сөзді келісім  бойынша  бастауға  шақырылдым. Сол  кездегі  екі ұдай  сезім  мен толқуды, үлкен  зал  тола  облыстың, қаланың  шаруашылық  активі алдында  бірінші  рет  қазақша  сөйлеуім  керек, айтып  жеткізу  қиын. Сонымен  іштен  бір  құдайға  сиынып, сөздің  кіріспесін  баяндама  бойынша  бастап, ары  қарай  қағазсыз қазақшамен төпелеп, ұлттық  теңсіздік  жайлы, пропискасыз, үйсіз - күйсіз жүрген  тек  қана  қазақ  жастары  екенін, кадр  таңдауда  да  өндірісте де орыс тілді  ұлт өкідеріне  көңіл  бөлінетінін, ұлттық конститутциялық  құқықтардың сақталмайтынын, қаладағы қазақтар мен қазақ тілінің бишара халін, жергілікті  ұлт  өкілдерінің  облыстық, қалалық  партия  басшылығына  сайланбайтынын, Шымкент  жерін орталықтан жіберілген  басшылардың  өсу үшін, трамплин  ретінде  пайдаланатынын, фамилия, аты жөндеріне шейін айтып, жайып  салдым. Зал  гуілдеп, қайта-қайта  шапалақ  ұрылып, залдан  қазақша  қолдаған  репликалар  естіліп  жатты. Үзілістер  арасында  көптеген  мен танымайтын жастары үлкен  кісілер  қолымды  қысып: «Дұрыс айттың айналайын!» - деп жатты. Ал облыстық  атқару  комитетінің  төрағасы  Мұхамеджан Қарбаев  дүйсенбі  күні өз ұсыныстарыммен  келіп  кетуімді өтінді. Ол кісінің қабылдауына зауытта  бірге  істейтін  Естібай Керімбеков деген  жігітпен  бірге  барып, біраз  әңгімелестік. Қазақ  тілін  қоғамның  бар  саласына  кіргізу  үшін, іс-шаралар  атқару туралы, бұған  тіл  мамандарын  тартса  дұрыс  болатынын  айттым. Мәкең  сол кездегі  пединституттың  басшыларына  телефон  соғып, қазақ  тілін дамытуға арналған іс-шараларға  кеңес  беру  туралы, әрі  оларға бізді арнайы жіберіп отырғанын айтты. Сонымен  пединститут  ректоры  Омаров  бізді проректор Керімбековке, ол кісі қазақ  тілі кафедрасының  меңгерушісі  Жұмашовқа  жіберді. Айналасы  бір аптада ұйымдастыру комитеті құрылып, бір  ай  ішінде  республикада  бірінші болып, Шымкент облыстық «Қазақ Тілі»  қоғамы  құрылып, Алматыдан ғалым, тіл заңының авторларының бірі Өмірзақ Айтбаев пен Жұмағали Әбуов қатысып, төрағасына Керімбеков  сайланып, (барлық қара жұмыстарды белсене атқарған мен әуелі сырт  қалып, Ж.Әбуовтың күш салуымен ғана басқарма мүшелігіне кірдім) жұмысқа  кірісіп  кетті. Сол  жылдың  көктемінде  өндіріс  орындарының  ішінде  ғана  емес, облыста  бірінші  болып, мұнай  өңдеу  зауытында  аталмыш  қоғам  құрылды. Оның  төрағалығына, арамызда  белсенді  қызмет  атқарып  жүрген  инженер  Бақыт  Наурызбаевты  бірауыздан   сайладық.

Қордаланып  қалған  ұлттық проблемаларды  тіл  қоғамының  аясында  шешу  мүмкіндігінің  шектеулілігі, бізді  жаңа  саяси  ұйым  құруға  алып  келді. Дәрігер  Әбіласан Шәдинов, пединституттың  аға  оқытушысы  Шакен Орынбеков  үшеуміз  саяси қоғамдық ұйымның Жарғысы  мен  Бағдарламасын  жасап, көп  ұзамай  «Бетбұрыс» (Перестройка) саяси ұйымын  құрдық. Іштен тынып  жүрген патриот  жігіттер  мен  қыздар  көптеп  кіріп, ұйым  күшейіп, қаладағы, облыс  көлеміндегі  барлық  іс-шараларда  өз  үнін білдіре  бастады. Қазір айтуға  оңай  болғанымен, компартияның  қылышынан  қаны  тамып  тұрған  сол  кезеңдерде, әрбір  қадамымыз  аңдулы  болатын. Көбінесе  парктерде, қаланың  шет  жақтарындағы  нахаловкаларда  жиналыстар  өткізетін  едік. Қазақстанның  және одан тыс жерлеріндегі саяси ұйымдармен астыртын байланыстарды да күшейте бастадық. Сақтық пен қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында, бұл байланыстар жайлы Әбекең Шадинов  екеуміз ғана білетін  едік. Кейінерек  Алматыда Қазақ ССР-нің  бұрынғы Сыртқы Істер министрі М.И. Есеналиев, В.Колбин  келгенде, партхоз актив жиналысында партбилетін лақтырып кеткен Алматы горкомының  2 хатшысы  Марат Шорманов, жазушы-журналист Батырхан Дәрімбетов, архитектор Нұрбақыт Қойшыбеков, педагог Гулбану Биболдинова, тарихшы-әдебиетші Советқазы Ақатаев бастаған  «Азат»  қозғалысы  құрылды. Олар  өкілдерін  біздерге  жіберіп, тізе қоса  қимылдау қажеттігін, азаттық  алу  үшін  бірігу  керектігін  ұсынды. Сол  кездерде  Дос Көшімов, Сергей Дуванов  бастаған  Қазақстан  демократиялық партиясы, Хасен Қожаахмет  бастаған  «Желтоқсан»  ұйымы  мен  Арон Атабек пен Алмас Естеков  бастаған «Алаш»  партиясы  дүниеге  келді.

Біз  көп  пікір  таластан  кейін, Ә. Шәдиновты  сол  ұйымдардың  жұмыстарымен  танысып, жарғы-бағдарламасын  әкелуге және  келіссөздер  жүргізу  үшін, Алматыға  жібердік. Екі-үш  айдан  соң, Оңтүстік  аймақтық «Бетбұрыс»  саяси ұйым - қозғалысы, Қазақстанның  Азаматтық  демократиялық «АЗАТ» саяси  қозғалысымен  бірігіп, оның (республикада бірінші) Шымкент  облыстық  бөлімшесі  болып  қайта  құрылып, оның  тең  төрағалары  болып  өндіріс саласынан  инженер  Ілесбек Байжанов, әлеуметтік саладан дәрігер  Әбіласан Шәдинов, автотранспорт  қызметкері Данияр Ильясов, жер  комитетінен  маркшейдер  Серғұлы Тұржаубаев, жоғарғы  оқу  орындарынан философ  Шынбай (Шакен) Орынбеков  сайланды. Конференцияға  Алматыдан  Марат Шорманов, Батырхан Дәрімбетов  және  Сатыбалды Дәурен  қатысты. Саясатты ашық жүргізу мақсатында, жергілікті совет-партия орындарынан да адамдар шақырып, олардың қызметкерлерінен  Шымкент қалалық  компартия  комитетінің  2 хатшысы Райхан Ищанова бастаған  көптеген  өкілдері  болды...

Кейінерек осы Шымкенттік «АЗАТ» қозғалысы,  Чернобль  апатынан  кейін  жұмыссыз қалған  МАГАТЕ-нің еврейлері мен советтік  атомшыларының, алты қазақтың  бірі тұратын  Шымкент  облысындағы Шардара су  қоймасының  жанында  жер  үстінде, Георгиевкі мен  Байжансайда  жер  астына, есептен  шығарылған советтік атом сүңгуір  қайықтарының  реакторларын  әкеліп  орналастырмақ  болған   авантюрасына  қарсы  бетпе-бет  тұрған  жалғыз ғана күш  болды. Атом  электр  станциясының  басты идеясының  сойылын  соғушылар  облыстық Советтің  басшысы  Сергей Александрович Терещенко, Южказэнергоның  басшылары  Лаврентьев  және  мәскеулік  атомшылар  болды. Олар  Шымкентте  бар ғалымдарын жиып конференция  өткізгенімен, тиісті  мамандарды бізде жер – жерден шақырып қосып, жан-жақты дәйекті, дәлелдемелі ғылыми  тұжырымдамалармен, ақиқатты  фактілермен, айтыста  атомшыларды  ұтып  шықтық...

Осы  жерде  қозғалыс  мүшелері, елдің нағыз азаматтары инженер-энергетик Қамбар Мұсабековтың, марқұм Райымбек Әбсейітовтың еңбегінің  ұшан-теңіз  екендігін  айта  кету керек...

Облыста, қалада  қордаланып  қалған саяси-әлеуметтік  мәселелерді  шешуге  қатыса  отырып, жұмысты  ақсатқан талай басшылардың   қызметтерінен  кетулеріне  ат  салыс-тық, бірақ  өкінішке  орай  істі  ақсатқандар республикалық деңгейлерде өсіп  кетіп  жатты.

Біздің  қозғалыс  мүшелері елде  болып  жатқан, барлық  саяси  шараларға  белсене  қатысты. Семей  атом  полигонын  жабуға, Табақбұлақтағы уран кенішінде  экологиялық  басыздықтарды  жоюға, Солтүстіктегі  бес  облысты  Қазақстаннан  бөліп  әкетеміз  деуші-лерге  тойтарыс  беруге, Ақсу (Ермак) қаласындағы  Ермактың  ескерткішінің  алынуына, Көкшетаудағы  бүлікшілерге  қарсы  күрестерге, Оралдағы  казактардың  бүкіл  советтер  елі бойынша  жиынын  өткізбек  болған  ұлт-аралық арандату  іс-шараларын  өткізуге  қарсы  күрестердің  бел  ортасында  жүрді. Тіл  туралы  заңды  қабылдауға, барлық  жерде  ұлттық  рухтың  оянуына  ықпалы  зор болды. Өзбекстандағы  Бостандық, Фариш, Канимех  аудандарындағы  қандастарымызбен  байланыс күшейіп, Ресейдің  Ноғайлы  елінен  өкілдер  келіп  қазақ  еліне қосылмақ  ниеттері  барын  жеткізіп  жатты. Бірақ  біздер  ұлт аралық  жағдайды  шиеленістірмей, тәуелсіздік  алайық, уақыттың, әр нәрсенің  сәті  болатынын  айтып, оған дейін байланысты  нығайта  беру  керектігін  түсіндіріп, ол жаққа  да  өкілдер  жіберіп, өнерпаздарды да бұл істерге қосып, «АЗАТ» газеттері мен ұлттық әндер мен күйлердің  күйтабақтарын да таратып тұрдық.

Азаттық жолында  күні-түні денсаулықтарын  да, қаржыларын да  аямай  тіпті  кейбір-еулері  қызметтерінен босап кетулеріне де қарамай  белсенді  түрде, қызу ат салысқан  азаматтар  Әбіласан Шадинов, Шакен Орынбеков, Данияр Ильясов, Серғұлы Тұржаубаев, ардагер - ұстаз Шажат Оспанов, Әсілхан Оспанов, қалалық типографияның жауапты қызметкері, ақсақал Әбдікерім Қадырбаев, инженер-энергетик Қамбар Мұсабеков, түрік бауырымыз тарихшы-ғалым Эльдар Алиев, марқұм ақсақалдар МВД  ардагері Қазалы  Әлібеков, Ұлы Отан соғысының және еңбек, партия ардагері Райымбек Әбсейітов, жазушы, ұстаз Өсербай Сүйіндіков, Ордабек Шаяхметов, қалалық оқу бөлімінен Орынбасар Көшекбаев, атақты ақын  Нәмет Сүлейменов, Темірландық  Жолбарыс Сарбасовтарды, Түлкібастық Мұрат Қораласовты, бүгінгі күнге  дейін  белсенді  түрде  күрес  жүргізіп  келе жатқан  Арал  апатынан зардап  шеккендерге  көмек  қорын  ұйымдастырып жүрген Мұнай  өңдеу зауытының тепловоз машинисі Құлмақанбет Мақановты, жұмысшылар Сапар Дауренбековты, Естібай Керімбековты, Мұхтар Атаханұлын, сол зауыт қызметкерлері инженерлер Жандар Қыдыров пен Әбутәліп Ормановты, имандылық нұрын сеуіп жүрген Халиолла  Мәтжанды, білім саласында әділетсіздікпен  қайтпай шайқасып жүрген Жарқынбек Сейтіметовты, Батыр Әбдірайымовты, Асқар Есентаевты, автожолдар құрылысы шебері Нұридин Ерескеновты, журналистер Орал Бекболатов пен Дулат Әбішті, дәрігерлер Ғанизат Асабаевты, Бағлан Ашировты, Гүлзипа Палымбетова мен Көмекбай Қайқыбасовтарды, марқұм Мәт Қуанышпаевты, Әуелхан  Нахаевты, Тұрғанбай Мұздақбаевты, Жұмабек Құдайбергеновты, заңгерлер Сұлтанғали Атыхаев пен Қыдырбек Мақанбетовты, Әбдікәрім Өмірді, Қалмақан  Ильясовты, Қалмахан Омаровты, Нұрлан Әуесбаевты, Сәдібек Төлтебаевты, ғалымдар Анарбай Әлзақов, Шаруа Пірматов пен Иманәлі Анарбековтерді, Байменов Қарсыбайды, Талғат Махатовты, Мақат Құлмановты, «Шымкентпромстрои» бірлестігі жұмысшысы Пернебай Керімбекұлы Құдайбергеновты, Пресс-автомат зауыты өкілі, кейін ОҚО Кеден Басқармасы қызметкері Махмут Бердібаев пен Шина зауытынан Мейізкүл Cахова, Оспанова Айткүл, Айман деген  қыздарды, дін өкілдері, имам Зейнолла мен өзбек бауырымыз  Әбдіғаппар қажыларды, Шардаралық Тілеуберген Асановты атап өту парыз, ал белгілі демократ, саясатшы, журналист  Отырарлық  Сейсенбай  Ахметов пен  «Алматы – Хельсинки» және Республикалық «Ұлт Тағдыры» бірлестігінің ОҚО облыстық филиалын басқарып келе жатқан                                                                                        Аманқұл Күмісбектің  тәуелсіздік  пен  кейінерек  әділеттілік  жолындағы  күрескерлік  еңбектерінде атап өткеніміз абзал болар.

 

Кейбіреулердің қаншама сынап  жүргенімен, уақыт пен заман туғызған Қазақстанның Азаматтық «АЗАТ» қозғалысы  тәуелсіздік алу  жолында, өзінің  тарихи  миссиясын абыроймен орындап  шықты. Алтайдан, Атырауға  дейінгі  аралықта, барлық  облыстарда  қозғалыс бөлімшелері  жұмыс істеді.  

1991 жылдың  тамыз  айының 19 дағы  Мәкеудегі  ГКЧП – і кезіндегі  жағдайлар кезіндегі бізде болған жағдайлар өз  алдына  бір тақырып, оған  арнайы  басқа  мақалаларда  тоқталармыз. Ал кейінерек қозғалыстың республикалық  басшылығындағы  оппортунистік  пиғылдардың  пайда  болуымен қатар, тәуелсіздікті жаңадан алған мемлекеттің  жағдайында бұрынғы  бағдарламаларды  өзгертіп, уақытпен  үндес, көп  ұлтты  елдің  қиын  жағдайында  жол  таба  білетін  жаңа  партиялар  құру  қажеттілігі  туды. 130 ұлт өкілдерінен тұратын біздің Қазақстан жағдайында, жергілікті ұлттың саны бар болғаны 40 пайызға жетпей тұрғанда, таза ұлттық  партиялар  құру аса қауіпті болатын. Сол 1991 жылдың  июнь  айында  Алматыда  «АЗАТ» Азаматтық қозғалысының  республикалық съезі  өтті. Оған  барлық  облыстардың  делегаттарымен  қатар  Өзбекстан, Ресей, Украйна, Қырғызстан, Әзербайжанның  демократиялық  қозғалыстарының  өкілдері  қатысты. Съезде  «АЗАТ» қозғалысы  базасында  жаңа  демократиялық  партия  құру  жөнінде  шешім  қабылданып, 27 адамнан  тұратын ұйымдастыру  комитеті  мен   редакциялық  коллегия  құрылып, оған партияның   жарғысы  мен  бағдарламасын  жасап, дайындау тапсырылды. Ұйымдастыру  комитеті  1 қыркүйекке  дейін  бағдарлама  мен  жарғыны  бітіріп, облыстарға  танысуға  жіберіп, ал облыстар  барлық  ұсыныстарымен  қайтадан 10  қыркүйекке  дейін  Алматыға  жіберуге  тиіс  болатын. Орталық  үйлестіру  комитеті  мен  басшылық  толықтырылып, мақұлданған  құжаттарды  төтенше  съезге  дайындап, яғни оның  өткізілетін  уақытын  1991 жылғы  қазанның  бірінші  онкүндігіне  белгілеген  болатын.         

«АЗАТ» қозғалысы  базасында, қозғалыспен  аттас  партия  құру жөніндегі   басшылары  арасындағы  теке - тірестің  арқасында  марқұм  С.Ақатаев, Б.Дәрімбетов, Г.Биболдинова  бастаған  топ  «АЗАТ» партиясын  құру  туралы  шешім  қабылдап, кейбір облыстық  бөлімшелердің өкілдерімен астыртын жұмыстар  жүргізіп, 1991 жылдың  5  қыркүйегі  күні  шұғыл  түрде, қозғалыстың  төтенше  съезін  шақырды. Бұл асығыстықтың себебін, сьезде  сөз  сөйлеген  С. Ақатаев  7 қыркүйекте  компартияның  сьезі  болатынын, және  оның  біздің  бағдарламаларымызды, тіптен  атымызды да алып  қоятынымен  түсіндіріп  әлек  болды. Оны  жандары  таза, патриот, бірақ  саяси  тәжірибесі  аз  жас  жігіттер (әсіресе Ақтөбе, Маңғыстау, Шалқар  жастары) қолдап, азатшылап  айқайлап  жатты. Әсіресе оны қолдағандардың ең белсендісі Шымкенттік «Азаттың» тең төрағасы, қозғалысқа кейін келіп, аз уақытта С.Ақатаевтың досына айналып үлгерген  Әнуар Әмірбеков болды...

Қозғалыстың М.Шорманов, Н. Қойшыбеков  сияқты  басшыларының  жан-жақта  іссапарларда  жүргендігін, марқұм Михайл Иванович Есеналиевтің науқастанып  қалғандығын  пайдаланған, әрі  сьездің  алдында  ғана  бір  институтқа  ректор  болып  тағайындалып, жаңа  пәтерлі, қызмет  көлікті  болған  Сәбетқазы  Ақатаевтың бар қимылдарынан билікпен  ымыраласқандығы, және  түп мақсатының құрылмақ  партияға  жеке-дара  басшылық  жасамақ  пиғылы  айқындалып  қалды. Үш  рет  трибунаға  шығып, Қазақстан  жағдайында  130  ұлтпен  бірге, біте  қайнасудың  керектігін, ұлттық  партия  құрудың  қазақтардың  санының  40 пайызға  жетпей  тұрғанда  аса  қауіптілігін  және  партияға  «Азаттан»  басқа  ат  беру  керектігін, егер  қозғалыстың  атына  тисек  қозғалысты  да, партияны  да  құртатынымызды  айтқаныммен, Сәбетқазы  мен  оның  жақтастары  микрофонды  мүлдем  өшіріп  тастады. Қозғалыстың  июнь  сьезінің  шешімдеріне  сатқындық  жасаған, құм  үстіне  іргетассыз  салынған  ғимараттың  ұзақ тұрмайтыны  сияқты, қозғалыстың  да, партияның  да  ұзақ  өмір  сүрмейтінін  сьезге  және «Азаттық» радиосына  берген  сұқпатымда  айтып, сол  күні  сатқындар мен келісімпаздар басып  алған  қозғалысты  басқа  облыстардағы  пікірлес  жолдастарыммен  тастап  шықтық. Кейіннен  алты  айдан  кейін Ақатаевтың арқасында «Азат»  партиясы  тарап, орнына  «Респуликалық халық» партиясы  құрылып, кейін  ол  «Алаш»  партиясына  айналып  кетіп, соңы  құмға  сіңген  судай  саяси  аренадан  біржола  кетіп, жоқ  болды...

 Өкінішке  орай, сол  кездері мықты  жігіттерінің  ауызбіршілігі болмай тарап кеткен, нағыз  жауынгер  саяси-демократиялық  «АЗАТ»  қозғалысының  сол  уақыттарда  билікті  бұра  бастырмай, атқарған  жұмыстары  ересен еді. Олардың  атқарған  істерін, қазіргі  ергежейлі, азусыз, әлжуаз  партиялардың  бірі  де  бірі  атқара алған  жоқ. Басты  себеп, «АЗАТ»  қозғалысы  нағыз  халықтық, қалың  бұқараның  мүддесін  көздеген  бірден, бір  қайта  өрлеу  кезеңінің  басында  тұрған  саяси күш болды...

Ал енді, негізінен  «АЗАТ» қозғалысының  демократиялық  зиялыларынан  тұрған, басында тағы да Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбековтер бас болып, күні-түні жұмыс жасап, барлық облыстардағы жігіттермен байланыс жасаған біздер тағыда Алматыда Ғылым Академиясы  үйінде бас қосып, Қазақстанның  барлық  ұлт  өкілдерінің  көрнекті  тұлғаларын біріктіріп, басын  құраған  Қазақстанның  Халық  Конгресі Партиясы құрылып (05.10.1991), тең төрағалығына бұл іске кейіннен келген Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шахановтар сайланды. Себебі халық сөзін сөйлеп жүрген, ел алдында беделді болған бұларды ұлттық демократтар үлкен үмітпен қуана қарсы алып, қатарына қабылдаған еді. Үйлестіру комитетінің хатшылары болып, Нұрбақыт Қойшыбеков, Бірғаным Айтимова, Александр Княгинин, Александр Гарковец және шешен халқының өкілі, профессор Абай Гунашов  сайланды. Оның Құрылтайына Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев  қатысып  сөз сөйлеп, тәуелсіздік пен  ұлтаралық  татулық  жолында, партияға табыстар тіледі.

Біздің облыстан делегация  мүшелері қазір дүниеден өтіп кеткен марқұмдар Әнуар Исмайлов, Әбіласан Шәдинов, Махмуд Есіркепов, Қуаныш Төлеметов, Әмірбек Айдапкелов, Данабек Батыршаев, Тамимдар Пазылбеков, Әшірхан Оспанов, Темірхан Сүлейменов, Райымбек Әбсейітовтер, және Әбжаппар Тұрашбеков, Сырлыбай Ордабеков, Майдан Сүлейменов, Ілесбек Байжанов, Виктор Чупиков, Бекемтас Өтепов мырзалар қатысып, профессор Ә.Исмайлов пен инженер І.Байжанов ҚХКП–ның Орталық Кординациялық Комитетінің  мүшелігіне сайланды. Басқа  республикаларда  ұлт  аралық, территориялық, кландық  топтардың  қантөгіс, азаматтық  соғыстары  жүріп  жатқанда, бұл партияның елдегі  тыныштық  пен  мемлекет құрудағы  тарихи  маңызын  ерекше  атап  өтуге  тұрады. Ол  жайлы  да  алдағы  уақыттарда кеңірек, жетістіктері  мен  кемшіліктерін  де  жан-жақты баяндармыз.

Советтік кезеңде билік  басында  жүріп, біздерге астыртын болса да белсенді  көмек  көрсеткен, митингілерге  рұқсат беріп, арнайы қызмет орындарының арандатуларына жол бермеген  билік  басындағы  көптеген  Амалбек Тшанов, Полат Дулатбаев, Қасым Ақтаев, Әбдіғаппар Мырзалиев, Әділхан Сұлтанбеков, Жолдияр Адырбеков, Қуаныш Төлеметов пен облыстық табиғат қорғау комитетінің төрағасы М.И.Миркин сияқты  ел ағалары  да  болды. Біздерге ақылшы болған, тіліміз бен салт - дәстүрлерімізді дамытуға үлкен үлес қосқан апайларымыз ақын Ханбибі Есенқараева мен Нәбира Жүзбаеваны қалай атап өтпеске. Бір  кішкене  мақалаға  бар  кісілердің  аттары  мен  еңбектерін  сиғызу мүмкін емес, әрі олардың  аттарын жариялайтын уақыт алда, әлі  бұйыртса  талай  еңбектер  жазылар. Ең өкініштісі,  қозғалысқа  кейінерек тәуелсіздік  алғаннан  кейін  келген, тіпті кейбірі қозғалыстың басы-қасында ешуақытта да  болмаған, КГБ мен прокуратураның  тергеуі мен аңдуында жүріп, ешкімге  оны міндетсімеген  қарапайым  ұлттық  патриоттардың  еңбектерін өздеріне  теліп жүрген  кейбір   кісілердің, баспасөзге  беріп  жүрген  интервьюлерінен пендешілік  пен  аярлықтың  исінің  жиі  шыға  бастауы...

      Кезінде  арамызда жүріп, қала мен облыс басшыларына, КГБ-ға  тактикалық, стратег-иялық информацияларды  жеткізіп, өткізейін деп отырған іс-шаралардың тиімділігін төмендетіп, талай рет сан соқтыруға  әкелген, қозғалыс белсенділері мен басшылары арасына от салған, сатқын итаршылардың  аттарын  атауға да, қағаз бетін олармен былғауға да тұрмайды...

Көптеген  уақиғаларға  алдағы  уақыттарда  тоқталармыз, біздегі  кезінде  жазылған  хаттамалар  мен  айғақты  мұрағаттар  жетерлік, аты аталмаған талай азаматтар  мен  азаматшалардың (қазір  үлкен  қызметтерде) аттары  да  жарияланар. Осы Азаттық жолында Асфаһани шейіт болған миллиондаған ата - бабаларымыздың төгілген қанымен, аналарымыздың төгілген жасымен келген Тәуелсіздік  Күні құтты  болсын, ағайын! Ертеңгі  күн  нұрлы  болсын, Азаттығымыз  баянды, қазағымыз, жалпы көп ұлтты  халқымыз ынтымақты, дендеріміз сау, от-бастарымыз  аман  болсын  дегім  келеді.

Ілесбек  Байжанов. Шымкент  қаласы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5515