Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
46 - сөз 4748 0 пікір 8 Желтоқсан, 2015 сағат 15:29

БОРАН БОЛҒАН КҮН ЕДІ...

Сексен алтының соңғы күндерінің бірі еді. Аудиторияда отырмыз. Далада үскірік аяз, түтеген боран. Ақ бас профессорымыз сабақтың тақырыбын бастап қойғанымен әрі қарай ештеңе жарытып айтпады. Әлсін, әлсін жүрегін ұстап, терезеден сыртқа қарап басын шайқайды. Ауыр күрсінеді. Бәрін көріп отырмыз. Бір кезде бізге бұрылды. 
- Әлемдегі ең интернационалист ұлт біз едік қой. Мынау деген сұмдық! Енді сол әлемнің алдында масқара қылып. ..
Ешкім үндемеді. Ұстазымыз тағы да терезе жаққа барып, долданып жатқан Алматының ауа-райына көз салып біраз тұрды. Қолы әлі жүрек тұсында. 
- Енді не болады? Иттің балалары-ай, не істедіңдер?
Дауысы ақырын естіліп тұр. Кімді айтып жатқаны түсінікті. Алаңда болғандардың барлығына арналған сөз бұл. Осы сәтте сықыр етіп аудиторияның есігі ашылып, ішке қара пальтолы екеу енді. Рұқсат сұрап, есік қағып әуре болған жоқ. Жүрістері суыт. Кім екендіктерiн ақ бас профессорымыз бірден түсінген секілді. Өңі қуарып шыға келді. Біз де білдік. Ана жақтан ғой. Олардың алаңдағы суреттерді көтеріп, аудитория аралап жүргенін мана естігенбіз. Әлгілер көп созбалақтамады. Бірден іске көшті. 
- Біз бәрін білеміз, - деді, - Бүгін, ертең алаңда кімдердің болғанын бәрібір анықтаймыз. Одан да қазірден-ақ араларыңда алаңға кімдер барғанын өздерің айта беріңдер! Бармағандарды да білеміз...
Тағы да үнсіздік. Ешкімнің тіс жармайтынына сенімдіміз. Жүрегін ұстап профессор тұр. Осы сәттегі түріне қарау қандай аянышты еді. 
- Қорқақтар! - деген ащы дауыс селк еткізді бәрімізді. Анау әңгіме жазатын қыз екен. Әлем классикасын жіліктеп береді дейтін. Тым ақылды қыз сияқты еді. 
- Неменеге бұғып отырсыңдар! Кеше ғана батыр едіңдер ғой... Ал, айтыңдар енді ерліктеріңді!
"Тым ақылды " қыз тоқтамай біраз сөйледі. Бәрібір үнсізбіз. Аузын ашса ертең оқумен қош айтысатынын әркім-ақ іштей сезіп отыр. Сөзінің соңында әлгі қыз тым қатты кетті. 
- Мен сендермен бір аудиторияда отыруға намыстанамын, ұяламын, - деп орнына отыра берді. 
- Отырмасаң отырма бізбен, - деген дауыс шықты арт жақтан, - Намыстансаң қазір кет! Сендейлерді біздің жақта "тряпка" дейді. Ұлтын сүймейтін сендейлердің аяқ астында жатқан "тряпкадан" айырмашылығы жоқ. Аяқ сүрту керек сендермен...
Мә, сөйлеп тұрған Жәкең ғой. Қақ-соқпен ісі жоқ, томаға, тұйық жігіт еді. Алаңда оның да болғанын "ақылды " қыз білетін. Не болар екен? Қыз үндемеді. Қара пальтолы екеу түк шықпасын сезгендей, Жәкеңе жақсылап бір қарап алды да сыртқа беттеді. Арттарынан бетін басып еңіреп "ақылды " қыз да шықты. Бір айдан соң Жәкеміз оқудан шыққандардың тізіміне ілініп, алыс аудандардың біріне газетке жұмысқа кетті. "Тым ақылды" қыз басқа оқу орнына ауысты деп естідік. 
...Жиырма сегіз жыл өтті ғой. Басылым беттерінен "ақылды қыздың" туындыларын анда-санда көзім шалып қалады. Жұрт керемет деседі. Мен оқи алмаймын. Оқымай өтетін шығармын. Ал, Жәкең... Кеше ғана көрдім оны.
- Біраз болды жұмыссыз жүргеніме, - дейді, - Әйтеуір, бала-шаға аш емес. Еркек емеспіз бе! Бірдеңесі болар...

Арман Сқабылұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1553
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6217