ТІРІ ӘКЕСІН ТЕНТІРЕТІП ЖІБЕРДІ
70-тен асқанда осындай сергелдеңге түсемін деген ой Сейілхан Аяпов ақсақалдың үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар-ау. Бір кездерде төрт бала – үш ұл мен бір қызды қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқтырмаймын, ешкімнен кем болмасын деп өзінің жүк машинасымен табыс тауып, Астана мен Қостанайдың арасын шаң қылған ақсақалдың ендігі күйі мынадай... Тентіреп қалды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырамын деген ата-аналық асыл мақсат қандай қиындыққа да қабақ шыттырмаған-ды.
Ал енді бүгіндері сол асыл арманы быт-шыт болып, сағымға айналды. Боровской кентіндегі бір үш бөлмелік, бір төрт бөлмелік екі пәтерінен айырылып, қазіргі таңда өзіне жанашырлық танытқан бір әйелдің қолында тұрып жатыр. Жан дегендегі жалғыз қызы қақылдап қоймаған соң сонау 2007 жылы үш бөлмелік пәтерін сыйға тартқан. «Бірге тұрамыз, мен саған көмектесемін» деген соң, сенбей қайтеді. Арада екі жыл өтпей жатып, Айсұлу екінші пәтерді де өзіне қаратып алды. Сонан соң.. Иә, сонан соң ақсақалды отырса опақ, тұрса сопақ етіп күн көрсетпеді. Күнде ұрыс, күнде айқай-шу. Үймен бірге, күй де кетті. Шал артық жүк болып қалды. Ақыры Сейілхан ақсақалдың денсаулығы сыр берді. Бір күнде инсульт алып, сөйлеуден қалып, жарымжан жанға айналды. Қызының сонда да жүрегі селт етпеді. Осыдан он жыл бұрын кемпірі қайтып, өзінің сопақан басы ғана қалған әкесін жат жанға санады. Тіпті осы мәселе бойынша өткен сот барысында әлгі жан дегендегі жалғы қызы еш айылын жыймастан «Сен маған ешкім де емессің» дегенде сонда отырған жандар жағасын ұстаған.
Міне, Сейілхан ақсақал бір кездері аңқаулықпен беріп қойған пәтерлерін қайта даулаумен ғұмыры өтіп барады. Сот болса сағыздай созып, ақсақалдың емес, қызының ісінің заңды екендігін алға тартып, бұл шырғалаңның бітетін түрі байқалмайды. Ақсақалдың қасында қазір соның қорғаушысы Лимара Серғазинадан басқа ешкім де қалмаған.
– Мұның өзі көз көріп, құлақ естімеген сұмдық қой, – дейді ол жылармандай болып. – Аяқ-қолы сау, денсаулығы темірдей төрт баласы бар. Солардың бірде-біреуі әкесін қарауға жарамайды. Ал тиісті органдар болса, «бұл кісінің балалары бар, сондықтан оны қариялар үйіне де ала алмаймыз» деп бастарын ала қашады.
Иә, былай қарағанда заң жүзінде, қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Үйін сыйға тартқан өзі. Ешкім зорлаған жоқ. Бағымға қарттар үйіне де алмайды. Бір емес, бақандай төрт баласы бар. Қысқасы, заң жүзінде қарттың қаңғып қалғанына ешкім де кінәлі емес, шалдың өзі. Тығырыққа тірелген ақасақалдың бүгінгі жайы осындай.
Қызының айтуына қарағанда ақсақалдың қаңғып қалуына тікелей өзі кінәлі екен. Бұлардың жас кезінде әкесі үнемі ұрып-соғатын көрінеді. Енді міне қартайғанда осылай өш алған сыңайлы. Сонда дейміз-ау бала кезінде аздап тұщы етіне ащы таяқ тисе, осыны өмір-бақи есіне сақтап, өзі өзіне келген соң жарық дүние сыйлаған жаннан теріс айналу керек пе? Артық-ауыс қолы тиіп кетсе, дұрыс өссін деген ниеттен шығар. Ау, қайсымызға шапалақ тимепті, қайсымыз таяқ жемеппіз? «Бізді ұрып, соқты» деген балаларының бәрі де зіңгіттей азаматтар, ешқасысының қабырғасы сынып, басы жарылған күйін байқамадық. Бәрі де жоғары білімді, денсаулығы тепсе темір үзгендей. Бәрі де жақсы қызметте. Тіпті бір ұлы осындағы Ломоносов ауылында лауазымды қызмет атқарады. Ең сорақысы сол, әкесін тентіретіп жіберген қыз – педагог. Боровской кентінде қазақ мектебінде мұғалім болып «жемісті» жұмыс атқарады. Міне, айдың-күннің аманында жалғыз әкесін қаңғытып жіберген жанның еліміздің ертеңі – жас жеткіншектерге қандай үлгі көрсетеді, қалай тәрбиелейді деген сауалға жауап таба ала алмай жүрген жайымыз бар.
Сот барысында осындай жанына жарақат салған жаланы есту ақсақалға да оңай соқпады. Қызы емес пе, өз қолын өзі қалай кессін. Тек:
– Ұятсыз, ұятсыз. Айтатының бәрі өтірік, -- деп кемсеңдеуден ары аспады.
Иә, қай-қайсымыз да қартаятын шығармыз. Ол – өмір заңы ғой, оны ешкім де аттап өте алмайды. Алайда, төріңнен көрің жақын қалған кезеңде өзіңнің бауыр етіңнен жаралған қайырымсыз ұл мен қатігез қыздың осындай қара ниетінен сақтасын құдайІ Сергелдеңге түскен Сейілхан ақсақалдың осынау аянышты күйін көргенде осы ой санамызды сан мәрте сыздата бергені рас еді.
Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай
Abai.kz