Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4321 0 пікір 17 Мамыр, 2016 сағат 11:13

ЖАМАЛА! ЖАМАЛА-АРУ! ЖАМАЛА-ЖАН!

Биылғы «Еуробайқау» ән конкурсының бас жүлдесін тегі қырым татары, украина әншісі Жамала жеңіп алды. Жамала -  Сусанна Алимовна Жамаладинова 1983 жылы Қырғыз елінің астанасы Бішкекте дүниеге келген. 1989 жылы Қырымға көшіп барып, балалық шағы сонда өткен. Жамаланың әкесі – хор дирижері, анасы – пианиношы. Өзі де бала кезінен ән айтады.

«Еуробайқауда» Жамаланың жеңіп шыққанын Ресей баспасөзі тағы да сол үйреншікті әуеніне басып, "Батыс елдерінің Ресейге көрсеткен қыры, Жамаланың айтқаны әні де Ресейді кінәлап тұр" деп, жазып жатыр. Барша жұрт білетіндей, Украина билігі ауысып, елде «Майдан» болып, оның соңы Ресеймен қақтығысқа апарып соққан. Сол тұста Ресей билігі Украина құрамындағы Қырым автономиясын аннексиялап алған болатын. Содан бері екі ел арасындағы ақпараттық соғыс әлі жалғасып жатыр. Бұл соғыс Жамаланың өнерін де айналып өтпеді.

Алайда ән өнері саясаттың әуіре сарсаңынан қашанда биікте тұрады. Сондықтан біз түбі бір түркі халқының бүгінгі ұрпағы -  әнші Жамаланың «Еуробайқау» финалында айтқан әнін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ЖАМАЛАНЫҢ ӘНІ

Жамала!
Жамала-Ару!
Жамала-Жан!
Үніңнен айналайын "Аға!"-лаған;
Мен тұрмын тілеуіңді тілеп сенің,--
Алла-Тағаладан!

Қырымның Ай-Аруы Жамала қыз,
Баһадұр--әкең сенің, анаң--аңыз.
Алла-- алқап, Аруақ-- жебеп асқақ тұрсың,
Зақһарын шашса-дағы заманаңыз.

Сен барда Қырымда күн ашық болған,
Арнадан Қара теңіз асып-толған;
Татардың аруына , мен түгілі,
Мағжан көкем-дағы ғашық болған!

Алдыңнан Жаһан шығып жайқалып ап,
Құшағын ашып тұр ғой айқарып-ақ;
Қырықтың Қыдыры боп тұрсың, міне,
Қырымды әніңменен қайтарып ап!

Шерлі еді бұл екі егіз халық неткен,
Аңырап азалы әнге салып кеткен?
Қобыздың* зарлы даусы естіпеді,
Кобзардың* көзден жасы тамып кеткен?

Жамала!
Жамала-Ару!
Жамала-Жан!
Түрікке--жан-жағын жау қамалаған,--
Бір жылы хабар келе жатқан сынды
Ақжолтай болып Алла-Тағаладан...

Серік Ақсұңқар

16.05. 2016 ж.

 

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498