БАУЫРЖАННЫҢ БАТАСЫ
Ежелден ер тілегі – ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
Қол жайып шын ниетпен берген бата
Шаршаған жауынгерге бел тірегі.
Бауыржан Момышұлы
« ...Саяси қызметкер капитан Егемқұл Тасанбаев
ұрыстарда қатарынан үш рет жараланды.
Сонда да ол ұрыс даласынан кетпеді,
жауынгер жігіттердің ортасында болды.»
Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз»
Соғыс - Баукеңнің (Бауыржан Момышұлы) сөзімен айтқанда «халықтың күш-қуаты мен ерік-жігерін сынайтын ұлы емтихан». Босанған буынға батырлық пен батылдықты арқау етіп, адамды қайыспас қайсарлыққа ұштай түседі. «Ұлы» деген сөзді былай қойғанда, жәй ғана қарапайым емтиханның өзінде қиналғаның соншалық тіпті аяқ-қолың діріл қағып, маңдайда бұлқыныстан туған тер жіпси бастайды.
Сұрапыл соғыс қателікті кешпейді. Өмірің – қылдың үстінде, жаның мұрынның ұшында. Демек, ажалың адым жерден алқымнан алады. Яғни «ұлы емтихан» ерлік пен ездік таразыға тартылатын, балапан басымен бастау алар тұрымтай тұс. Бұл емтиханда жарымес жанкештінің емес, ойлы да шапшаң, жаудың тозағынан иненің жасуындай сескенбейтін, диірменнен бүтеу, судан құрғақ болып шығатын құрыштай атпал азаматтардың жан қияр ерлігі сарапқа салынады. Сұрапыл соғыста белуардан от кешкен жан болаттай беріктікті керек етеді. Төзім – батырлық пен өжеттіліктің тереңге кеткен тамыры. Сол сұм соғыста ерлігімен дараланған жауынгерлердің бірі, социалистік еңбек ері, капитан Егемқұл Тасанбаев. Ол кісі - менің нағашым. Ендігі тербелер қалам, айтылар шағын ойымыз, Егекең хақында болмақ.
Жау жеңетін жігіттің,
Жарағынан танылғы.
Дау жеңетін жігіттің,
Талабынан танылғы, -
демей ме көреген, дана қазақ? Әжемнің айтуынша нағашым жастайынан өршіл, намысшыл әрі қара тілдің шешені болған көрінеді. Сұрапыл соғыста үш рет ауыр жарақат алады. Сол ұрыстардың бірінде атама жаудың жебесі қадалып, көп қан жоғалтады. Өмірі қыл ұшында тұрғанда мұқым Алашқа аты мәшһүр, Кеңестер Одағының батырлары Қасым Шәріпов пен Мәншүк (Мәнсия) Мәметова қанын беріп, ажалдың тырнағынан арашалап қалған деседі. Сондай-ақ Егемқұл атам қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлымен Панфилов дивизиясында неміс басқыншыларына қарсы тізе қосып соғысқан. Бұл туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романында Бауыржан ата мұны былайша баяндайды. «Немістерді гранатамен жойып, найзамен шанышқылап құртып, тірі қалғандарын кері шегіндіріп, фашистер бекініп жатқан орға өздері орналасып алды. Саяси қызметкер капитан Егемқұл Тасанбаев ол ұрыстарда қатарынан үш рет жараланды. Сонда да ол ұрыс даласынан кетпеді, жауынгер жігіттердің ортасында болды.» [9.321-322-бет]. Ұлы батырдың жас жауынгерге деген ыстық ықыласы осылайша ауған болса керек.
1944 жылы Балтық бойында жүргізілген ұрыстардың бірінде Егемқұл атамыз Баукеңе сәлем бере барған екен. Ол кезде Бауыржан ата 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі қызметінде болыпты. Әңгіме үстінде Баукең Егекеңе сыйластықтың белгісі деп, елден майданға әкелінген сәлем-сауқаттан дәм таттырады. Тағы бір кездесу соғыс аяқталып, жеңіс туы желбірегеннен кейін болған-ды. Бауыржан атамыз Оңтүстікке жасаған сапарларының бірінде Егемқұл атамның шаңырағында қонақта болыпты. Арқа-жарқа әңгіме үстінде батырлар өткенді еске алысып, бастарынан өткерген бірталай уақиғаларды сөз етіседі. Сол әңгіме үстінде Егекең Бауыржан атамызға: «Соғыстан есен қайтқаным осы келініңіздің арқасында. Оқылған дұғасына менің сау-саламат оралуымды тілеп, келген қонаққа дастарқанын жайып, күтіп жіберіп, елдің разылығын көптеп алды» деп алғысын жаудыра отырып, өзін Ұлжалғас анамыздың ұлылығының алдында бас иетінін тілге тиек етеді. Сонда Бауыржан ата: «Қарағым! Сіздей жары бар Егемқұл бақытты, өркенің өссін, бақытты бол!» деп батасын беріпті.
Ердің жақсысы,
Елімен ойласады.
Әйелдің жақсысы,
Ерімен ойласады, - деген сірә, осы болса керек.
Әзімхан ИСАБЕК, студент
Abai.kz