ДАНИЯЛ АХМЕТОВ ДАРХАН БА, ДАРАҚЫ МА?
Суретте: ШҚО әкімі Даниал Ахметов соғыс ардагеріне сыйлық табыстап тұр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовке қатысты мынадай сұрақтың тууына оның мынадай әрекеті себеп болып жатқанға ұқсайды. Қандай істі қолға алса да, төтесінен қозғап жіберетін Кенжетайұлы 9-мамыр қарсаңында кенеттен мырзалығы тасып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы бермек болып шешім қабылдапты. Әлгі жарты миллион теңге облыстық бюджеттен бөлінеді екен. Демек, Ахметов мырзаның ашық қолдылығына бұл арада облыстық мәслихат депутаттары, әкімшіліктегі жауапты тұлғалар тегіс ат қосты деуге болады.
Былтырығы есеп бойынша, ШҚО-да 594 соғыс ардагері мен 27605 тыл еңбеккері бар. Облыс бойынша үш елді мекен, 160-тан астам көше, 20-дан астам мектеп соғыс батырларының есімін иеленген. Соғыс құрбандары мен қаһармандарына арналған 338 ескерткіш-ғимараттың барлығы 2015 жылы жеңістің 70-жылдығының құрметіне тегіс жөндеуден өткен-ді.
Бұның бәрін жөн-ақ делік. Алайда, қаржы дағдарысы мен қаржы тапшылығын жиі есімізге салып, әлеуметтік жәрдемге мұқтаж жандарға жасайтын көмегін аяп қалатын Үкіметтің ШҚО-дағы «шығынға» үнсіз қарап отырғанын түсіну қиындық тудыруда. Неге десеңіз, былтырғы тамыз айынан бастап Үкімет қандай қаржы шығынын болсын үнемдеуге көшіп, тіпті, мектеп оқушыларының бір уақ жейтін тамағын тартып алып еді ғой. Жас отбасыларына мемлекеттік бағдарламалар арқылы тиетін тұрғын үйлердің құрылысы да, берілуі де тоқтады. Төменгі жалақы төменгі шегінде қалып, жұмыс орындары қысқарып жатыр. Әрине, бұның бәрін ел іші қаржы дағдарысы кезіндегі қысқартулар мен үнемнен туған шаралар ғой деп түсіністікпен қабылдауда. Сөйтіп отырғанда Ахметовтар аңқып шыға келеді. Жә, 594 соғыс арадагері мен 27605 тыл еңбеккеріне берілетін теңге көлемі 14 995 00 000 болсын делік. Бұл сома ШҚО сияқты өндірісті, кенді, шаруашылықты өңір үшін түк емес делік. Алайда, осы соманың шегінде Ахметов мырза Тәуелсіз Қазақстанның отан қорғаушыларына, ұлттық әскеріміздің сайыпқыран ұлы мен қызына сыйақы жасап жатса не дер едік? «Уа, бәрекелді», - дер едік. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік жасаған аталардың даңықты жолын жас ұрпақтың бойындағы рухпен көргісі келген дәстүр жалғастығы дер едік. Ал, енді, кешіріңіз, осыны ойға алмастан баяғы Кремльге адалдығын сақтап қалуға асығып, «соғыс арадагерлеріне беретін сыйақымды жеңістің 70-жылдығынан кем қылмаймын» деп күшенген Кенжетайұлының тап мына тірлігін біз дархандық емес, дарақылық деп түсінуге мәжбүрміз.
Кремль дегеннен шығады. Мәскеуде, Кремль қабырғасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі үшін батыр-қала атағын алған он екі қалаға арналған мемориалдық кешен бар. Сол мемориалдардың қатарында Киев қаласының аты да аталып, «Батыр қала - Киев» деп тұрушы еді. Жыл сайын, Жеңіс күнінің қарасаңында Мәскеу тұрғындары, қалалық зиялы қауым, билік органдарының қызметкерлері, студенттер мен оқушылар әлгі мемориалдардың алдына барып, гүл шоқтарын қоятын. Биыл «Батыр қала - Киевтен» өзгесінің алдына гүл дестелері қойылыпты да, Украина астанасының алды бос қалыпты. Неге? «Осылайша, Жеңіс күні қарсаңында нацистік Германияға қарсы күресте тұрғындары жанқиярлық ерлік көрсеткен "батыр-қалалар" ескерткіштерінің бәріне гүл қою дәстүрі бұзылды» деп жазып жатыр интернет пайдаланушы тұлғалар.
Осындай жайтты көрген соң кейбір интернет пайдаланушылар мұны Мәскеу мен Киев арасындағы жаулық қатынасты көрсету үшін әдейі жасалған деп бағалады. Өйткені, советтік батыр-қала есебіндегі, тағы бір украиндық қала - Одессаға арналған ескерткіш гүлсебеттерімен безендірілген.
P.S. Айтпасқа тағы амал кем. Бізде, тегі, «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске» деген құрмет шексіз. Содан кейін интернациональ жауынгерлеріміздің де жат жердегі ерлігін айтып мақтанудан танбаймыз. Олардың бейнелері көрініс тапқан мемориалдық ескерткіштер әр ауыл, әр ауданда тұр. Тағзым жасаймыз. Көзімізге жас алып, олардың қайтпас қайсарлығы туралы тебірене сөйлейміз. Былтырдан бері (Қазақ хандығының 550 жылдығынан кейін) сол қатарға ұлы даламызды қас жауларынан азат еткен ұлы бабаларымыздың есім-сойлары, ерлік-даңқы жазыла ма деп күтіп едік. Жоқ, оның бірі болмады. Бізде жалғыз ұран: «Артымызда Москва. Шегінерге жол жоқ!»
Abai.kz