Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 9856 0 пікір 3 Мамыр, 2016 сағат 09:47

ЖОШЫ ХАН МЕРКІТ ЕМЕС

Кеңес дәуірінде Жошы ханды меркіттің ұлы дегенді ешкім де, айтпаушы еді. Бұл мәселеге ешкім де мән бермеген, өйткені, Жошы кім болса, ол болсын, Шыңғыс хан жауыз еді.  Сондықтан, Жошының тарихына қазіргідей ешкім де, үңіліп жатпаған.  Мен болсам, он бес жасымда Жошының Шыңғыс қағанның ұлы екенін нақты білген едім. Өйткені, осы кезімде менің қолыма «Маңғол-татарлар жөніндегі толық сипат» атты кітап тиді. (Мен-да Бей-лу). 

Бұл кітапты, анығын айтқанда нағыз дереккөзді Қытайдың елшісі Чжао Хун жазған еді. Чжао Хун өзі түрік тектес  адам болған.  Қытайларға қызмет жасаған соң, солардың Чжао деген әулеттік (династиялық) атауын алған. Шын аты Ғұн болса керек.  Осы кісі Шыңғыс ханның маңғолдарына барып солармен түрік тілінде аудармашысыз сөйлескен. Пекинде наместник болған Мұқалымен кездесіп, содан  Шыңғыс ханның әулеті жөнінде көптеген мәліметтер алған.  Мұқалының маңғол дегендердің кімдер екенін білмегендігін Қойшығара ағамыз да айтқан еді. Мұқалы Чжао Хунға өздерінің түрік екендерін айтқан.

Қытайлардың  Хуайдун шекара әскерлерінің бас қолбасшысы Цзя Ше, осы Чжао Хунды  маңғол әскерлеріне Хебейге келіссөздер жүргізу үшін жіберген еді.  Осы кездерде Чжао Хун маңғол әскерін, халқын, Шыңғыс хан әулетін,  оның қолбасшыларын жете зертегендігінен өзінің жазғандарын «Маңғол-татарлар жөніндегі толық сипат» деп атаған.  Ең алғаш бұл еңбекті орыс тіліне орыстың ғалымы В.П. Васильев біраз қателерімен аударған.  Мендегі дерек -  Н.Ц. Мункуевтің осы қателерді ескере аударғаны.

Алдыңғы жазғандарымда мен осы Чжао Хунның, және де,  қытайлардың,  көшпенді түрік тайпаларын өздерінің деректерінде «татар» деп, жалпы атаумен атағандарын айтқан едім.  Бұл қытайлардың «татар» дегендеріне Шыңғыс ханның қырып тастаған татар тайпасының қатысы жоқ.

Осы еңбегіндегі әңгіменің басында Чжао Хун: «Племена татар (түріктер Қ.З.) происходят из особого рода ша-то. Поэтому о них ничего не было известно в течение ряда поколений» дейді.

Яғни, бұл жерде 450 жыл тау шатқалында жасырын жүрген ерекше тайпа Ергенқоңдықтар жөнінде айтылып тұр.  Осының түсініктемесінде былай делінген: «Ша-то - конфедерация племен западных тюрков, обитавших по одним данным в районе Ферганы».  

Бұл жердегі әңгіме Батыс түрік қағанатының тайпалар бірлестігі жөнінде айтылып тұр. Сондықтан да, «Құпия шежіреде» маңғолдар өздерін Батца гааннан, яғни, Батыс қағаннан таратқан.  Бұл жөнінде толығырақ Ютубтағы менің: «Шыңғыс хан Қият емес» деген лекциямнан біле жатарсыздар.  Мен бұл жерде тек Ферғана дегендерінің Ергене қоң екенін айтып кетейін. Ферғананың ескі атауы Ергене қонысы болған. Өйткені, Ферғананың көне замандардағы соғда-тәжік тіліндегі атауы Иарғана – тау шатқалындағы аңғар дегенді білдіреді. (ҚСЭ).  Осы Иарғананың сипаты «Ергене қоң» дастанындағы жер ұйығының сипатымен дәлме-дәл.  Яғни, үлкен дария өзен – Сырдария бар, бау-бақша, жүзім өседі, көгілдір таулар ретіндегі бес жоталармен қоршалған қазаншұңқыр, қақпасы бар, қақпасы Мырзашөлге қарайды.  Міне, күллі Түрік әлемінің қасиетті қонысы осы болады! Өйткені, дастанда Ергене қоңнан шыққандардың Түрік қағанатын құрғандар екені айтылады.

Демек, Ергене қоң дегеніміз жер атауына қатысты - Иарғана қонысы дегенді білдіреді. «Тік беткейлі құз қырат» деп Рашиден қате айтқан екен. Рашиден Ергене дегенді түрік-қазақтың Өр деген сөзіне балаған. Тілеуберді Әбенай да осыны айтқан. Тек қана марқұм Серікбол Қондыбайұлы өзінің «Арғы қазақ мифологиясы» атты ғылыми еңбегінде Ергене қоңның қоныс екенін айтып кеткен еді. Аллаһ тағала оның жәннаттағы жанын разы қылсын! дейміз. Марқұм жұлдыздарға қарап сөйлейтін, қасиетті адам болған дейді. Мен аян алып жазатын шежіре жазушымын. Ергене қоңды іздеп жүрген кездерімде үш күн қатарынан осы кісіге бағыштап Құран оқығаным соң, үшінші күннің таң намазының алдында аруағы келіп: «Ша-то» деген сөзді менің оң құлағыма салып кеткен еді...

Енді, Жошыны айталық. Маңғолдан келген заты қазақ ғалым тарихшы  Зардықан Қинаятұлы Жошыны Бөрте ханымның меркіттен тапқанын  айтады. Расында да, Зардықан ағамыз айтқандай Бөртені он айдан кейін Темежандар меркіт тұтқынынан босатып алғанда, ол кісі жолда келе жатып меркіттің баласын табады. Алай да, бұл бала Жошы болмаған. Бұл бала Бөртенің тұңғышы Бүйен еді.  Найманның ғұлама шежіресі Ғұлам Қадырдың айтқанында: «Бүйенді Шыңғыс ханның шешесі өсіріп жеткізіп үйлендіргеннен кейін, қағанның тапсырмасымен жалайыр Мұқалы өлтіріп тастаған.  Осыдан кейін, Мұқалы гәуәң Айұлұн ана мен Бөртеге келіп, Бүйеннің қытай қабырғасына шабуыл жасағанда қаза болғанын айтқан».

Ғұлама шежіре жалайырдың тарихын жақсы білген еді. Бұл әңгіме шежіренің жалайырлар жөнінде айтқанында туындаған. Жалайырды білетіні, өзіменен аталас, Ленин мен Сталинді көрген, «Үш жүз» партиясын құрған Көлбай Төгісұлы мен Ғұлам Қадырдың әкесі Жазыбай  Санкт-Петербургте оқыған. Жазыбай да, Көлбай да, Байжігіт-Тәукенің қыдыр қонған Өтебінен тарайды. Қазіргі Дархан Кәлетаев та осы Өтептерден. Көлбай оқудан кейін Жетісуда нағашысы Маманның қасында адвокат болып қызмет еткен. Матайдың Мамандары шежіре жазған адамдар, атақты меценаттар болған. Жалайырды Көлбай жатқа білген, және де, Маманмен бірге жалайырда билік жүргізген болған. Осыны білген Жамбыл атамыз жалайырдың ақыны Досмағамбетпен айтысқанда:

                                 Аузың бармай отыр ма,

                                Айтуға Көлбай, Маманды.

                               Мырза, Күшік – Жалайыр,

                               Аңдысты зұлым әмәнді.

                              Жақсылық іздеп басына,

                              Жоламай пенде қасына,

                              Маман берер сазаңды.

                              Қарсы жауап айтуға,

                              Келтірмеген шамаңды.

      - деген еді.

Міне, осы Көлбайдың жалайырлар жөнінде айтқандарын Ғұлам Қадыр естіген. «Сұраусыз қалған Кенсарының кегін жалайыр алған» дегенді де, ғұлама шежіре - Көлбай, Мамандардың айтқандарынан білген деседі. Қазіргі жалайырлар Сырманақ, Шуманақ болып екіге бөлінеді. Ғұлам Қадыр бұлардың Бірманағының да, болғанын айтқан. Естігенім, қазіргі таңда Жалайырдың шежірелері үш томдық шежіре кітәптарын баспаға дайындап жатыр екен. Біреулері Шыңғыс ханды шежірелеріне енгізген десе, біреулері енгізбеген деседі. Өздері маған қатты өкпелі екен, шежіресіне телефон шалып едім, дауысымды естіп телефонын өшіріп тастады, өйткені, менің жазғандарымда Шыңғыс хан жалайыр болмай тұр.  Мен бар болғаны: «Бірманақты таптыңдар ма?» деп сұрайын деген едім. Кітәптары шықсын көрелік, артық-кемі болса, Найманның ғұлама шежіресінің жалайыр жөнінде айтқандарын толығымен сәті келгенде, жарыққа шығарармын.

Ал енді, Жошының қарауыл жасағын басқарып жүріп жетілген Кетбұқаның руластарының айтқандарында, Меркіттің баласын  Шыңғыс ханның балалары 13 жасында абайсызда жардан құлатып өлтіріп алған екен-мыс.  Алай да, найман-терістаңбалылар баланың атын білмеген.

Енді, Мұқалының жоғарғы Чжао Хунға берген мәліметін талдайық.  Чжао Хун өзінің кітәбінің «Князья и царевичи» атты тарауында былай дейді:

«У Чингиса весьма много сыновей. Сарший сын Би-инь был убит в бою при штурме западной столицы цзинцев Юньчжуна во время разгрома государства Цзинь. Ныне второй сын является старшим царевичем  и зовут его  Йоджи. (Жошы. Қ.З.)  Третьего чаревича зовут Одей».  

Бұл жердегі Чжао Хунның Жошыны «Йоджи» дегені, Жаушы дегенге келеді. Ал енді, Зардықан Қинаятұлының Жошы дегеннің маңғолша «Зочин» яғни, «сырттан келген қонақ» дегенінің ешбір қисыны жоқ. Шыңғыс хан да, Айұлұн ана да, Бөрте де, түркі тілінде сөйлеген. Сондықтан да, ұлдарының есімін мәнжі тілінде қоймаған болар. Қытайлардың «Хэй-да ши-люе», «Шен-у цинь-чжен лу», «Юань ши» атты деректерінде Жошыны – Чжо чжи, Чжу чи деп жазады. Зочин болса, онда, Чжо чжин, Чжу чин деп жазылар еді ғой.

Осымен қатар, кітәптағы «Одей» есімінің түсініктемесінде: «Форма А-дай употребляемая нашим автором, очевидно, представляет собой дейтвительно существовавшего произношения» деп айтылады.

Демек, түрік тілін білетін Чжао Хун  Өгедейді Адай деп атаған. Өгедей дегеніміз – Ақ Адай болса керек. Тағы да, Адай. Шыңғыс хан Адай болмаса, баласының атын Адай деп қояр ма еді?

Келесі, «Полководцы и заслуженные чиновники» атты тарауында Чжао Хун былай дейді:

«Второй за ним некто по имени Лю Бо-линь, уроженец округа Юньей в землях Янь. Раньше он был начальником – командующим войсками у цзинцев и перебежал  к татарскому владетелю.  У него есть сын. Он весьма храбр, и, когда погиб старший сын татарского владетеля Темоджина, последний  выдал замуж за сына Бо-линя жену старшего сына».

Бұл жерде Чжао Хун «старший сын» деп, әрине, Бүйенді айтып отыр.  Осыдан біздің ұққанымыз, Бүйен қаза болғаннан кейін Жошының «Үлкен ханзада» аталғаны, Шыңғыс қағанның Бүйеннің жесірін қытайларға беріп құтылғаны.  Деректің аты дерек.  Бүйен туралы Чжао Хунға Шыңғыс қағанның ең сенімді адамы Мұқалы айтқан.

Ол заманда Бүйен деген енді бір адам болған. Ол адам, Шыңғыс ханның құдасы оңғыт ханы Алакүш тегіннің ұлы Бүйен-Сибан еді. Бұл Бүйен-Сибанды наймандарды жақтаған оңғыттардың өздері өлтірген. Ал енді, меркіттің баласы Бүйенді болса, Чжао Хун «погиб», яғни, қаза тапты демейді, «был убит», яғни, өлтірліген дейді. Осыған қарағанда Чжао Хун бір нәрсенің сыбысын білгендей. Әрине, ол заманда Шыңғыс қағанның қаһарынан сескенгендер Бүйеннің меркіттің баласы екенін ашықтан-ашық айта алмаған. Сондықтан, Бүйен туралы хабар басқа ешбір деректерде жоқ, өйткені, Бүйен өлтірілді, іс жабылды. «Құпия шежіренің» жазылуын қадағалаған кейінгі хандар, шежіре-баянда  Бүйеннің атын ататпаған болса керек.

Қазіргі таңда Жошының меркіттің баласы екенін айттырып жүргендер, әрине, қазіргі маңғолдардың көсемдері. Өйткені, Жошыдан тараған төре біткеннің бәрі де, қазақ елінде. Сондықтан, олар біздің төрелердің түбін меркітке тартып, Шыңғыс қағанымыздан аулақ етпекші болған.  Осыдан кейін, Жошыны меркіт дегеннің бетіне түкірерсіздер деп сенемін. Қазіргі халха-маңғолдардың аңыздарын талдайтын болсақ, онда, Шыңғыс ханды осылардың өздерінің өлтіргендерін түсінеміз. (Таңғұт сұлуы). Шыңғыс ханды өлтіріп, коммунизмнің буымен өздеріндегі төрелердің бірін қалтырмай қырып тастап, енді, Жошыны меркітке жаздырып былықтырып отыр.

Біздер, наймандар, Жошының тарихын бәрінен де, артық білеміз, өйткені, Жошының қасында жүрген Кетбұқа - найман еді.  Найман шежіресінде терістаңбалыдан Кетбұқа, шүршейіттен Кербұғы таратылады.  Найман шежіресін білмейтін «білгіштер» осы екеуін үнемі шатастырып жүреді. Жошыны құлан тепкенде қасында Кетбұқа ноян болған. Арашалай алмаған, өйткені, аяқ астынан қалың тұман басқанда, Жошыдан көз жазып қалған.  Сондықтан, өзін кінәлі санап, шүршейіт Кербұғыға келген. Кербұғы Кетбұқамен бірге келіп Шыңғыс ханның алдында «Ақсақ құлан» күйін тартып берген.  Осыдан кейін Шыңғыс қаған Кетбұқаға: «Көзіме көрінбе!» деп, оны Мысырға жөнелткен.  Кербұғыны қасында алып қалған.  Шыңғыс қаған өзінің тұңғышы Жошыны жанындай жақсы көріп, оған ең үлкен ұлысты берген. Жошының қазасын білгенде, қабырғасы қайысып тоқтаусыз жылаған. Осындай кездерінде шүршейіт Кербұғы күй ойнап қағанды жұбатып отырған. Жошы өзінің ұлы болмаса: «Суық хабар әкелгеннің аузына қорғасын құйдырамын!» деп, соншама қайғырар ма еді?  

Ал енді, Кетбұқаның болса, Шыңғыс ханның қасында домбыра шертіп отыратындай жағдайы болмаған. Менің әкемнің қолжазбасында: «Кетбұқадан ұрпақ жоқ» деп айтылған екен. Алай да, терістаңбалылар өздерін таратқанда аталарын Кетбұқаға жапсыра береді. Бір жағынан бұның ешқандай да, ерсісі жоқ, өйткені, Кетбұқа бәрібір де, терістаңбалының атасы саналады.

Құтұзбен соғысамын деп Кетбұқаның жалғыз ұлы қаза болғанда  жаужүрек  сардар: «Ұлымнан жаным артық па?  Ұлым қалған жерде мен де, қаламын! деп,  Құтұздың қалың қолының арасына біраз әскерімен  қойып кетіп қапыда қаза болған.

 Қазіргі таңда том-том қылып кітәп жазып жатқандардың Шыңғыс хан жөнінде айтатындары, Шоқанның сөзімен жеткізгенде: «Одни предположения и догадки». Олар Ергене қоңды тауып, Сарсен Аманжоловтар түйінін шеше алмай кеткен түйінді шешіп, яғни, қоңырат дегендердің жылқы малына ешқандай да, қатыстары жоқ екендерін, тарихи деректердегі Хонкират дегеніміздің  Қоң қыратынан шыққандар екендерін айтып, Жошының меркіттің баласы емес екендерін дәлелдеп жатса бір сәрі. Басында миы бар адамдар осы Ергене қоңнан шыққандардың қазақ болғандарын күндердің бір күндерінде түсінер.  Рашиден кезінде: «Ғұн, Түркі, Хасағ, Моңғол – осы терминдердің  бәрі бір-ақ этностың атауы» деген еді.

Қазіргі таңдағы Шыңғыс қаған жөнінде дұрыс  сөйлеп жүрген әуесқой тарихшылардан Қарағандылық Мырзабек Қарғабайұлын, Алматылық  Қалымбек Толғанбаевті  атағым келеді.  Басқалары жөнінде Шоқанның тілімен айтатын болсақ: «Они своими баснословными, порой, и бредовыми умозаключениями вводят в заблуждение и без того уж темный казахский народ, две третьи оного,  ничем иным, кроме как, индийских фильмов не интересуется.  У сознательной же части населения их баснословные умозаключения наподобие того, что английская королева из найманских Қарауыл-жасақов,  вызывают только смех. Қараул-жасақи есть коныраты, потомки Охранной гвардий Джучи хана, и к сарматскому племени Язиг не имеют никакого отношения».  

«Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» дегендей, тарихты айтқанның бәрі шежіреші емес. Орыс тілінде жазатын қазақтарға бұл іске тіпті араласпағандары жөн болар еді. Өйткені, қазақтың бір ауыз сөзінде, кейде, терең мағына жатады. Сондықтан, қазақтың   шежіресін, тарихын айту үшін, қазақтың тілін жақсы білуіңіз керек!

Шыңғыс ханды түсіну үшін Ұлт порталындағы менің жазған «Қазақ шежіресіндегі Шыңғыс ханның ата тегі», «Арғы ана мен Ару ұрық Шыңғыс хан» атты мақалаларыммен танысыңыздар. Ютубтағы «Шыңғыс хан Қият емес» деген лекциям, осы жазғандарымның қорытындысы болып келеді. Біздер, қазақтың ұлы ғалымдарының тырнақтарына да, тұрмаймыз. Әңгімеміздің аяғында Шыңғыс қағанның нәсілі, қазақтың ұлы перзенті Шоқанның айтқанын келтірейін. Шоқан «Юань әулетінің тарихы» жөнінде айтқанда: «В историй династий Юань являются кочевники, может быть те же самые, которые были и прежде, но под другими названиями» деген еді.

Осыдан біздер, қазақтар, бәріміздің де, түбіміздің бір екенін түсінеміз. Сондықтан, найманның қаны, үйсіннің қаны, арғынның қаны дегендеріміз бекер сөз. Бәріміздің де, қанымыз түрік-қазақ.  Белгілі ақын-жазушы, тіл қайраткері Шекербану Рахметоллақызының айтқанында: «Біздер, Ұлы дала деген үлкен қара қазанның ішінде қайнап жүрген бір халықпыз».

Сондықтан, рушылдыққа баспалық, ағайын! Рушылдық - жабайылықтың нышаны. Одан да, ұлтшыл болып, Шыңғыс хан үшін басқа ұлтпен таласалық.  Өйткені, Шыңғыс қаған да, Жошы хан да, қазақ болған.

Қайрат Зәріпханұлы Дәукеев, шежіреші

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053