Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 8476 1 пікір 25 Сәуір, 2016 сағат 09:15

ТАРИХТЫ «ТАЛАПАЙҒА» САЛУ ЖӨН БЕ?

(Шыңғыс ханның тегі туралы таласқа уәж)

Таяуда «Ұлт.кз» порталынан Қаржаубай Сартқожаұлының  «Шыңғыс ханнан қазақ жасауға тырысқан» атты мақаласын оқып едім...Соңғы кезде сайттарда, порталдарда, кейбір газеттерде Шыңғыс ханның тегі туралы түрлі болжам жазған мақалалар көбейіп кетті. «Қасым.кз», «Керей.кз» порталдарында менің де Шыңғыс ханның дәуірі туралы « Карамзин: татар- моғол шапқыншылығы туралы» атты көлемді мақалам жарияланған еді. Менің мамандығым тарихшы, бірнеше кітаптарым жарыққа шыққан жазушымын. Сондықтан, тарихтың шет жағын ептеп білетін болғасын, Шыңғыс ханның тегі туралы жазған Т.Әбенайұлы мен Қ.Сартқожаның  тұжырымдары туралы  мен де өз пікірімді ортаға салғым келді.

Тарих әр дәуірдің талабына қарай, әр мемлекет патшаларының қалауына  орай өзгертіліп, қайта жазылып отырған кездері де болған.Ресей патшасы Петр I-ден бастап, одан кейін Ресейді билеген Романовтар әулеті Ресей тарихының орыс патриотизмі рухында жазылуына мүдделі болды. Ресейдің  историографиясы (тарихнамасы) мен тарихы басқа Еуропа елдерінен гөрі біраз кештеу, XVIII-ғасырдың ортасынан бастап дами бастады. Дегенмен,XIX-ғасырдың бас кезінен бастап-ақ, Н.Карамзин, С.Соловьев, Ключевский және т.б. белгілі тарихшылар орыс патриотизмі рухында жазылған  «Ертедегі дәуірден басталған орыс тарихын» қалыптастырып үлгерді. Мұны тәптіштеп айтып отырған себебім,  бізді Кеңес өкіметі билеген тұста жазылған «Қазақ ССР тарихы» сол орыс тарихының сүрлеуімен, кеңестік идеология көзқарасы негізінде жазылып еді. Айтып отырған «Қазақ тарихында» сол себепті орта ғасырдағы татар-моғол шапқыншылығы, Шыңғыс хан мен Алтын орда туралы деректер солардың қалауынша бұрмаланды. Ал, Кенесары хан мен Алаш қозғалысы мен қайраткерлері туралы деректер тіпті жазылмайда қалды. Міне, тарихты саясатқа ыңғайлап, өзгертіп жазу дегеніміз осы.

Сондықтанда, бұл жолғы да айтпағымыз ТАТАР-МОҒОЛ тарихына әр дәуірде түрліше көзқарастар мен пікірлердің тоғысқаны туралы, жоғарыда атап өткеніміздей Қаржаубай Сартқожаұлының « Шыңғыс ханнан қазақ жасауға тырысқан» атты мақаласы туралы болмақ. Мен Т.Әбенайды да, Қ.Сартқожаұлында  танымаймын.  Әбенайдың Шыңғысханның тегі туралы жазған мақалаларымен түгелдей таныс емеспін. Тек, бір шағын мақаласының шет жағын оқыдым. Ал,шынын айтсам, Т.Әбенайдыңда, Қ.Сартқожаұлының тұжырымдарына қосылмаймын. Өйткені, Шыңғыс ханды сол кезеңдегі тарихымыз әлі толыққанды зерттелмей тұрып, оны руға бөлу артық қадам болады. Сол сияқты, Қ.Сартқожаұлының «Шыңғыс хан – моңғол» деп кесіп айтуы да таза ғалымның айтатын сөзі емес.

Асылында, «Ұлт.кз» порталында жарияланған Қ.Сартқожаұлының  Шыңғыс ханның тегі туралы мақаласы түрлі әсерлер қалдырды, өйткені, бір сыдыртып оқып шыққан адамға автор жақсы дәлелдер келтірген, әдемі мақала тәрізді әсер қалдырады. Ал, салмақтап, таразылап оқыған адамға бұл мақала басынан аяғына дейін Әбенай дегеннің «көзін шұқуға» арналғанын сезер еді. .

«Ақыл дос, ашу дұшпан», «ашу – орға жығар» деп бабаларымыз тегіннен тегін айтпаған. Содан болу керек, Қ.Сартқожаұлы мақаласының  көп жерінде өзінің сөзіне өзі қайшы пікір айтқан.

Әділін айтсақ, Шыңғысханның тегінің шындығы тек Қазақ тарихы ғана  үшін емес, әлем тарихы үшінде өте құнды. Сондықтан, Шыңғыс ханның тегін біреу, руына, біреу өзінің туған жеріне «күштеп», тартып жатса, оны орынды деп айту оңай болмас.

Әңгімені көп соза бермей, мен Қ,Сартқожаұлының осыдан шамалы уақыт бұрын «Ұлт.кз» порталында жарияланған «Шыңғыс ханнан қазақ жасауға тырысқан»  атты мақаласындағы қайшылықтарға тоқтала кетейін. Оның мақаласының бас кезінде « Тарихтың  деректану саласы (бар)...» деген сөйлем бар. Қ.Сартқожаұлы өзін бір жерде  «тіл маманымында» деп таныстырған. Олай болса тіл маманы жоғарыдағы сөйлемді «Тарихтану ғылымында деректану саласы бар» деп жазса, сауаттырақ болар еді.

Кез келген елдің тарихын жазуда осы деректану саласы өте маңызды орын алады. Әлем тарихындағы көптеген қателер, адасулар осы деректануда кездесетін ертедегі жазбаларды (транскрипцияларды)  жәй жобалап немесе долбарлап аудара салудан кетеді. Әсіресе, көп қателер XIII-ғасырдағы қытай, XIV-ғасырдағы парсы тіліндегі, қытай тіліндегі тарихи жазбаларды, жылнамаларды жобалап, нобайлап аударудан  туындауда. Мәселе, ертедегі қытай жазбаларын орыс тіліне аударған адам, қытай тілі мен орыс тілінің лингвистикалық сырларын терең білумен қатар, әлем тарихын терең білуі тиісті. Олай болмаған жағдайда транскрипциядан аударма соншалықты дәл, түпкі мағынасын бере алмауыда  мүмкін.

Қ.Сартқожа айтып отырған  1224-жылы жазылған Чжаоның «Мэнде бейлу» (мұны кейінгілер «Моңғол-татар естелігі» деп аударыпты) естелігінің немесе, 1425-жазылған « Юанлэ жылнамасының үлкен ұлағаты» шежіресінің  ішінен табылған дейтін «Моңғолияның» құпия шежіресі»  басқа тілге аударылған нұсқаларын  ешкім әлі «дәл, дұрыс аударылған екен» деп дәлелдеп бере алмаса керек. Өйткені, Шыңғыс ханның тегі туралы, оның дәуірінде өткен оқиғалар мен кейін де болған тарихи оқиғалардың мән жайы туралы әлі талас көп.

Осы әңгіме болып отырған мақалада «Шыңғыс хан империясы  құрылғаннан бері әлем Шыңғыс ханды «моңғол» деп танып қойған» деген жолдар бар. Осы сөйлемнің анығын талдасақ, мұнда еш шындық жоқ, қайшылықтарға толы.

Бірінші дәлел – 1311 жылы  Рашид ад диннің парсы тілінде жазылған «Жамиғат ат тауарих» атты тарихи еңбегінде «моңғол» деген атау бірде-бір кездеспейтін көрінеді. Ал, Рашид- ад диннің тарихынан  500-жыл кейін, 1818-жылы жазылған Н.Карамзиннің орыстың алғашқы кең көлемді «История  государства Российского»  көп томдық тарихында  Шыңғыс ханның тегі, Алтын орда тарихын жазғанда да «МОҒОЛ-ТАТАР» атаған. Олай болса, Қ.Сартқожаұлының Шыңғыс ханды әлем сол кезден «моңғол» деп атаған деуіне жол болсын!

Сөйтіп отырып, Қ,Сартқожаұлы М.Полоның, Т.Рубруктің, Рашид- ад диннің, Ә.Бахадүрдің, М.Дулатидің, Бартольдтің Шыңғыс ханды өз еңбектерінде «моғол» деп атағанын, cолай деп жазғанын көрсеткен. Оларды Қ.Сартқожаұлы «парсы, ағылшын, орыс тілдерінде «ң» ғарпі болмағаннан деп түсіндіреді. Сонда автордың түсіндіруінше жоғарыда есімдері аталған ұлы тарихшы тұлғалар «ң» әрпі болмағандықтан, ойына келгенін жаза салған сияқты болып тұр. «Орыс, ағылшын, парсы тілдерінде «ң» ғарпі болмаса, «н»ғарпі бар ғой. Яғни, бұл жерде Қ.Сартқожаұлынан «Рашид -ад дин, Бартольд, Карамзин, М.Поло және басқа да саяхатшылар мен тарихшылар, «н» әрпін қолданып, неге Шыңғыс хан «монгол» деп жазбаған» деп сұрауға қақылымыз!

Бұл мақаладағы өз-өзіне қайшы келген пікірлерді тере барсек, олар өте көп. Мәселен, Сартқожаұлының осы мақаласында «Рашид- ад дин еңбегінде «Шыңғыс хан құрған Моңғол империясы бір тудың астында ... түркі тілдес ондаған тайпалық одақтар құрды...» деген Рашид-адиннің еңбегінен мысал келтірген жолдар бар. Мынаны қараңыз, басқа зерттеушілерде, осы мақаланың авторы да Рашид-ад диннің «Жамиғат-ат тауарих» еңбегінде  Шыңғыс ханды «моғол» деп жазғанын айтып кетсе, жоғарыдағы жолдарда Қ.Сартқожаұлы Рашид-ад диннің аузына «моңғол» деген сөзді өзі қосып жіберіпті. Бұл ненің көрсеткіші, әрине, автордың тарихты  бұрмалап, күштеуінің көрсеткіші.

Мақаладағы тағы бір өз өзіне қайшы айтқан пікірін келтіре кетейін. Мақалада мынадай «...Жошы және оның ұрпақтары билік жүргізген қыпшақ ұлысының халықтары түркілер. Жошының өзінің баба тегі түрік...». Жөн сөз! Өйткені, Жошы әскери билікке де, Алтын орда билігіне де Шыңғыс ханның баласы ретінде келді.

Онда  Жошының тегін түрік деп, Шыңғыс ханды моңғол деп  екі тұлғаның арасын бөліп отырған Сартқожаұлын қалай түсінуге болады! Ал, «Жошы Шыңғысханның туған ұлы емес екен» деген сөз, ел арасына тараған аңыз, дәлелденбеген болжам. Олай болса, «ғалым тарихшы» ретінде мақала жазып отырған Қ.Сартқожаұлы дәлелі жоқ қайшы пікірлермен ойларын қалай тұжырымдап отыр?.

Мәселе, міне осында. Тізе берсек, аталмыш мақалада ойға қонбайтын осындай пікірлер мен тұжырымдар бықып жатыр.

Қытайлар ерте заманнан солтүстіктегі басты жауы «татарлар» туралы шежіреде жазуы қалай алып қарасаң да заңды. Қытайдың солтүстіктегі жауынгер халық туралы 945-жылы жазылған «Таңнамеде» бұл жақтағы елді «Мэн -у» деп атапты.  Кейбір деректерде «Мэнде бай- лу»да  «мэн-гу» деп жазылса, «Қара татарлар оқиғасының шежіресінде «мөн-гу» деп белгілеген екен. Тарихтану ғылымындағы деректану саласының заңдылықтары бойынша транскрипцияны оқудың ерекшеліктері бар екені біраз ғалымдарға белгілі. Бұл өте күрделі әлем. Оны түсінбейтін басқа елдің ғалымдары мен зерттеушілерін адастыратын да осы деректану. Бұл салада сондықтан бұрмалаушылық бар, әр зерттеуші түрлі болжам жасап, түрлі түсініктеме беріп отырған. Мақала авторы айтып отырған  қытай жазбаларын аударушылар В.Васильев пен П.Кафаров  кезінде осындай қиындықтарға тап болған деп ойлаймын.

Орта Азия тарихы Ресей тарихынан көп бұрын қалыптасқан. Ресейдің ерте заманнан бергі тарихын жазған Н.Карамзиннің  Рашид ад дин мен Әбілғазының  еңбектерін пайдаланғанын « Карамзин: моғол-татар шапқыншылығы туралы» атты мақаламда айтқан едім. Орта ғасырдағы есімдері белгілі тарихшылар мен саяхатшылардың Шыңғыс ханның тегін «моғол», не татар» деп жазғандарын Қ.Сартқожаұлының өзі де осы мақаласында мойындаған.

Сонымен «моңғол» деген атау қай кезде тарихта пайда болған. Бұл сұраққа да мен сол «Карамзин: моғол-татар шапқыншылығы туралы» мақаламда жауап берген едім. Ресей тарихында «моңғол» атауын өз еңбектерінде алғаш ашық пайдаланған  XIX-ғасырдың белгілі тарихшысы С.Соловьев еді. «Моңғол» атауының туындауының себептерінде сонда айтқанмын.

XX-ғасыр алапат өзгерістердің ғасыры болды. Жаңа қоғамдық жүйелер пайда болды. Кеңестер Одағы дүниеге келіп, картада әлемнің жартысы өзгеріске түсті.

XX-ғасырдың ортасында Кеңестер үкіметінің қолдауымен бұрын болмаған Моңғолия Халық республикасы дүниеге келді. ХХ-ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, Кеңестер одағы мен оған қарайтын республикалардың тарихы марксизм идеологиясы негізінде қайта жазыла бастады. Жаңа құрылған Моңғолия мемлекетінің тарихының жазылуынада  Кеңестер үкіметі мүдделі болды,тарихын жазуға көмектесті. Кеңес үкіметі билік құрған жетпіс жыл ішінде Шыңғыс ханның тегі мен моғол-татарлардың Ресейге шапқыншылығы  туралы бұрмаланған миллиондаған «ғылыми еңбектер» жазылды.

Сол еңбектердің бәрінде жетпіс жыл бойы «татар-моғолдар» «татар-моңғол» деп жазылды. Бұл түсінік пәлен буын ұрпақтың санасына сіңді. Содан бүгінгі ұрпаққа Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының «моңғол» емес екенін түсіндіру қиын болып жатыр.

 Дегенмен, мен бұл жолы Қ.Сартқожаұлы «Шыңғыс ханды қазақ жасауға тырысқан» атты мақаласында  Шыңғыс ханның тегі «моңғол» екендігін ғылыми дәлелдей алмағандығын баса айтқым келеді. Ал, автор өз мақаласында қайта қайта айта беретін «Моңғолдың құпия шежіресі» деп аталатын шежіре, білетіндердің айтуынша, моңғол тілінде жазылмаған, тіпті Моңғолияның өзінде ондай ертедегі тума шежіре болмаған көрінеді. Қытай шежіресінің ішінен табылды десетін «Моңғолдың құпия шежіресінің» қытайлық транскрипциясы  дәл аударылған деп айту қиын. Онда түрлі «мэн-у», «мэн-гу», «мөн-гу», «татар» сияқты транскрипциялық баламалар болған, яғни даулы.

Сонымен. Қ.Сартқожаұлының  «Шыңғыс ханнан қазақ жасауға тырысқан» деген мақаласы туралы пікіріміз аяқталуға таяу. Мен автордың мақалада айтылған тұжырымдары арқылы Шыңғыс ханның тегінің «моңғол» екеніне нақты көз жеткізе алмадым. Кім кімнің де тарихтың шындығын білгісі келетіндігі айқын. Сол шындықты аталмыш мақаладан көре алмағаным өкінішті. Автордың ең басты кемшілігі бірді айтып, біріне кетіп, өз пікіріне қайшы сөздерді көп тоғытқандығында.

Бір сөзбен айтсақ, Қ.Сартқожа ұлы  біз талдап отырған мақалада Шыңғыс ханның тегі «моңғл» екенін ғылыми дәлелдеп шыға алмаған.

«Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген мақал бар еді. Аталмыш автор мақаласының соңында «Сендер, Шыңғыс ханды қайтесіңдер» дегендей, «Қазіргі жағдайда түрік текті ұлттар мен ұлыстар өздерінің тарихи басшысын меншіктеп алып, ұлықтау үстінде. Айталық , өзбектер Әмір Темірді, татарлар Алтын орданы, Түркиялық түріктер Селжуктерді, ноғайлар Едігені, ұйғырлар  Қашқариді меншіктеп алып, ұлттың рухын көтеріп жатыр. Біз көк түріктерді ұлықтауымыз, меншіктеуіміз керек...» деп жазыпты.  Ашығын айтсам, «меншіктеп алу керек» деген сөйлем ғалым адам айтатын сөз емес. «Көлденең көк аттының» айтатын сөзі ғой. Шыңғыс хан ды, Жошыны, Батыйды, оларды былай қойғанда Әмір Темірді Қазақ тарихынан, Орта Азия тарихынан  былай ысырып тастай алмайсың. Бұлар Қазақ даласында жүріп мемлекет құрған, басқа мемлекеттерді жаулап алған Ұлы қолбасшылар. Тарих өз бетіңше қалағаныңды «меншіктеп алып», өз бетіңмен «лағатын»  емес, әр оқиғаны орын орнына қойып, өткеннің шындығын ашатын пән.

Шынайы тарих қана мәңгілік болмақ.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, жазушы, тарихшы

 Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052