Жексенбі, 7 Наурыз 2021
Кәсіп-түбі нәсіп 3122 0 пікір 15 Сәуір, 2016 сағат 14:33

Қазақстандық азық-түлік немістерге таңсық

Ауылшаруашылық министрлігі Отандық ауылшаруашылық өнімдерінің ЕО елдеріне экспорттау көлемін арттыруды қолдайды.

Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің Астанада Ауылшаруашылық және ауылды өңірлерді дамыту мәлелелері жөніндегі еуропалық комиссар Фил Хоганмен кездесуінде Қазақстан  мен ЕО-ның ауылшаруашылық саласындағы әріптестігі сөз болды.

ҚР Ауылшаруашылық министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы ауылшаруашылық өнімдері мен қайта өңделген өнімдер бойынша 2015 жылы сыртқы тауар айналым 635,9 миллион доллар болған. 2015 жылы Қазақстан ЕО-ға 92 мың тонна бидай мен май, 247,7 мың тонна зығыр дәнін, 15,9 мың тонна мақта талшығын және 5,9 мың тонна балық етін экспорттаған.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, «Қазақстан дәстүрлі түрде ЕО нарығына астық, май, дәндер жеткізеді». «Сонымен қатар, ЕО елдері қазақстандық бидайды жергілікті астықтың сапасын көтеру үшін жоғары протеинді өнім ретінде сатып алады. Қазақстан жыл сайын 100-200 мың тонна органикалық бидай тасымалдайтындығын ерекше атап өту қажет. Оны ЕО-да тиісті сертификаттары бар швейцариялық немесе басқа компанялар сертификаттаудан өткізген және бағасы кәдуілгі астықтан екі еседей қымбат», – деді министр.

Министр Қазақстанның дәстүрлі экспорттау саласынан бөлек, «қазірше аздап жеткізілетін өзге өнім түрлерін одан ары қарай арттырудың болашағы бар» деп санайды.

Оған  Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан фермердің тәжірибесі айқын мысал бола алады. «Жақында ОҚО фермері Германияға қияр тасымалдады. Оның айтуынша, сол жақтың кеденінде есірткі апара жатқан жоқ па екен деп күдіктеніпті. Қасында Голландия мен осы өнімді тасымалдаушы елдер тұрғанда, қалайша Қазақстаннан Германияға қияр апаруы мүмкін?», – дейді министр. «Менің ойымша, өнім түрлерін кеңейтудің әлеуеті зор. Айталық, біз жыл сайын Еуропаға 50-60 мың тонна көксерке (балықтың түрі) тасымалдаймыз.  Тіпті оны Еуропаның ең мықты мейрамханаларында пайдаланады, өйткені, ол таза органикалық өнім», – деп атап өтті А. Мамытбеков.

Ауылшаруашылық және ауылды жерлерді дамыту мәселелелері жөніндегі еуропалық комиссар Фил Хоганның пікірінше, келешекте ЕО елдерінен Қазақстанға экспортталатын өнім көлемі артуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанға Еуропалық одаққа мүше әр түрлі елдерден 600 түрлі сан алуан өнім тасымалданады екен.

«Егер кедендік алымдарға, тарифтерге, транспорттық бағыттарға қатысты мәселелерді шеше алсақ, тасымал ағынын арттыруға болар еді.  Ресейлік эмбаргомен байланысты жағдайлар да бұл іске кедергі. Бүгін біз министрмен ЕО-дан келетін тауарларды Қазақстанның нарығына жеткізу бағыттарын талқыладық. Бұл Қазақстаннан ЕО елдеріне жеткізілетін өнімдерге де қатысты», – деп пікір білдірді Ф. Хоган.

Abai.kz

0 пікір