ҮЙСІЗ ЖҮРГЕН ДЕПУТАТТЫҢ ҮПТЕП ЖИҒАНДАРЫ ЖАРИЯ БОЛДЫ
Астанада бапанасыз жүрген депутат Қарақұсова ханымның «мәлімдемесі» әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желіде «жұлдыз» болған депутат Гүлжан Қарағұсованың өмірі туралы біршама деректерді NUR.KZ порталы ұсыныпты.
Гүлжан Ханым өзі профессор, экономика ғылымдарының докторы. Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетін басқарады.
«Википедиядағы» мәліметтерге сүйенсек, депутат апайдың ұлдары - Қарақұсов Фархад Сергейұлы(1971), Романов Роман Сергейұлы (1976 ); қызы - Қарақұсова Дана Сергейқызы (1984 ).
"Менің отбасым өте қызық: мен аралас некеден туғанмын, балаларым да әр ұлттың өкілі. Мұсылмандық ортада өстім. Қызым да өзін мұсылман санайды. Балаларға мұраға қалдыратын басты құндылық - адал есім деп ойлаймын. Ата-аналары жаман атқа қалдырғаны балаларға өте ауыр тиеді. Ата-бабаң күнәға батса, ол бүтін ұрпаққа таңба болып қалады... Шығыста ұрпақтың абыройын бекерден бірінші орынға қоймаған", - депті Гүлжан Қарағұсова сұхбаттарының бірінде.
Қарағұсованың үлкен қызы Данна ұзақ уақыт Лондонда білім алған, кейін First Media Group медихолдингісінің басшысы Бейбіт Әлібековке тұрмысқа шығып, ортақ отбасылық бизнеспен айналысады.
Отбасылық өмірін көпке жая бермейтін Гүжан мен Данна Қарағұсоваға қарағанда, Бейбіт Әлібеков өз жарымен түскен фотоларын белсенді түрде көпшілікке жария етіп отырады.
Бейбіт қымбат көліктері, тікұшақтары және жарымен Венаға саяхаттаған сәттерінен фотоларды әлеуметтік желідегі парақшаға жиі жүктейді.
Ал Данна 2010 жылы Bentley Continental көлігінің иесі ретінде мемлекетке берешектер қатарынан табылып, БАҚ назарына амалсыз іліккен еді.
"Қызыңыз мемлекетке салық төлемей келген көлік иелері тізімінде жүргенін білесіз бе?" деген "Время" басылымы тілшісінің сұрағына сол кездері депутат "жоқ білмеймін, ол баяғыда бұл көлікті сатып жіберген, күйеуі туған күніне сыйлаған кезде мен оған бірден сатып жібер деп айттым" деген жауап қайтарған.
Айта кетсек, Астанада қызметтік пәтерлері берілгенше үйсіз-күйсіз жүрген депутат ханымның отбасы осы уақытта Мальдив аралдарындағы демалыстан қайтқан екен. Мұны Қазақстандағы "Бентли иелері клубының" мүшесі Бейбіт Әлібековтің Инстаграмдағы парақшасынан байқауға болады.
Today.kz сайтына берген соңғы сұхбатында мәжіліске қайтадан оралған депутат ханым ашу үстінде журналистерге айтқан сөздері үшін өкінбейтінін, тек қызуқандылыққа бекер салынғанын айтты.
Сондай-ақ ешқашан да "халыққа қызмет етуді естен шығарған емеспін" деген Қарағұсова интернет-пайдаланушылар өзімен қатар, отбасын да "лайға батырғанына" уайымдайтынын айтты.
"Бәрінен бұрын бала-шағам уайымдап жатыр. Ренжулі. Олар мен шын мәнісінде қандай адам екенімді жақсы біледі. Ал мына жерде (интернетте - автор ескертпесі) отырған түсініксіз адамдарға (сидящие и безликие) бізді сынауға кім құқық берді?!", - деді депутат сұхбатында.
Abai.kz