ҚАНША ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРІ КСРО МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫН АЛДЫ?
Қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиетте де алатын орны бар. Бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясының өзі дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. Ал кеңестік кезеңде кімдер КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды? Қаламгердің қай шығармасы лайық деп танылды? Бұл туралы «Baistars.kz» порталы жазады.
Қазақтан тұңғыш КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған Мұхтар Әуезов. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін 1949 жылы жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін 1959 жылы ол Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды.
1974 жылы қазақтың тағы бір қаламгері КСРО Мемлекеттік Сыйлығына ие болды. «Қан мен Тер» трилогиясы үшін Әбдіжәміл Нүрпейісов ең үлкен атақпен марапатталды.
Жазушының бұл шығармасы әлемнің 35 тіліне аударылған. Дегенмен «Қан мен Тердің» 1-кітабы «Ымырт» деген атаумен 1961 жылы жарыққа шықты. Кейін «Сергелдең», «Күйреу» болып үш кітап бірігіп трилогияға айналды.
Мемлекеттік Сыйлығына қазақтан шыққан тағы бір қаламгер ие болды. Құрманғазының күйлерін зерттеп, оны поэма тілінде сөйлеткені үшін 1978 жылы ақын Жұбан Молдағалиевте осы марапатқа ие болды. Қазақстанның Халық жазушысының қаламынан туған «Кісен ашқан», «Қыран дала» поэмалары жоғары атаққа лайық деп танылыпты. КСРО Мемлекеттік сыйлығынан бөлек, Жұбан ақын 1970 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығында алған еді. Дәл осы үш қазақ қаламгерлері Кеңес одағы тұсында КСРО Мемлекеттік сыйлығына қол жеткізген болатын...
Abai.kz