РЕЙТИНГ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙДЕН ГӨРІ БАЙ. РАС ПА?
Жақында Global Finance Magazine басылымы әлемдегі ең бай елдердің рейтингісін жасапты. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының дерктеріне сүйене отырып жасалған бұл тізімге әлемнің 185 мемлекет кірген. Американдық басылымның түзген тізімінде Қазақстан Ресейден гөрі бай деп көрсетілген. Бұл туралы «tengrinews.kz» порталы жазады.
Тізімді түзушілер әуелде халықтың сатып алу қабілетінің тепе-теңдігіне, адамдардың өмір сүру деңгейіне және елдердегі инфляция деңгейіне басты назар аударыпты.
Сонымен американдықтардың көзімен жасалған рейтинг бойынша, пост-кеңестік кеңістіктегі елдердің ішінде ең байы балтық елдері – Литва екен (41-орын). 42-сатыда Эстония. Мұндағы сатып алу деңгейі 28 245 және 27 729 долларға тең екен.
Біз бұл тізімде елуінші орындамыз екен. Елімізде халықтың сатып алу қабілеті – 25 367 долларды құрапты.
Тұяғымызды басып, Ресей 51-орында тұрса, Латвия 52, Әзірбайжан 64, Беларусь 65, Украина 109, Армения 116, Өзбекстан 127, Қырғызстан 142 Тәжікстан 153 орындарға жайғасқан.
Global Finance Magazine-нің зерттеуінің нәтижесінде жер шарының ең бай мемлекеті – Катар екен. Мұнда халықтың сатып алу қабілеті 146 мың долларды құрайды екен. Екінші орында Люксембург (94 167), үшінші орында - Сингапур (84 821).
Әнеу жылы қазақстандық зерттеушілер Қазақстанның қазіргі ішкі жағдайын сараптап, елімізді әлемнің ең кедей Чад Республикасы және Африканың елдерімен теңестірген-тін. Сонда, «Мұнайдың үстінде отырған араб - бай, қазақ неге кедей?» - деп сұрақты төтесінен қойдық. Осы тұста тағы бір ескере кететін жәйт бар еді. Қазақ қарамайының тарихында қазақтар немен шұғылданды дейсіз ғой. Ең алдымен кеніштерді ағылшындар тапты, одан кейін патшалық Ресей қожайын болды. Қазақтар солардың бұйрығына бағынып, шикізатты шелектеп тасып, қара жұмыс атқарды. Кеңес кезінде мұнайгаз секторын зертеген ғылыми база да болған жоқ. Басқару ісін Мәскеу түгелдей өз қолында ұстады. Қорыта айтқанда, геологиялық барлаудан бастап, өндірістің толық циклын өзі жасаған елдерде мұнайдың өзіндік бағасы төмен болуына бұл да ықпал етеді. Арабтар 8-10 доллар арзан мұнайды соның арқасында алып отыр. Бұл қазақ мұнайы қазақтікі емес екенін айқын аңғартса керек-ті.
Айтпақшы, Еуропа Одағының статистика қызметі салыстырмалы түрде деректер келтірді. Қазастанның 60 пайыз адамы кедей тұрады деді.
Ал Қазақстандағы ең бай 50 адамның байлығын біріктірсе, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарының жылдық бюджетін құрайтынын бірнеше жыл бұрын «Азаттық» жазған еді.
Шын мәнісінде, біздегі ауыл адамдарының кедейшілігі қала кедейлерінен бес-он есеге өсіп кеткен. Танауларына есекқұрт кірген бай-шонжарлардың дені – Астанада, Мегапилостерде. Шерағаңша айтсақ, бір кем дүние...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz