Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 11681 0 пікір 31 Наурыз, 2016 сағат 20:22

АТТАН, ҚАЗАҚ!

(Мiржақыпша)

 

Ауыл шаруашылығы жерлерiн жеке меншiкке беру мақсатында жергiлiктi атқарушы органдар 2016 жылғы 1-шi шiлдеден бастап аукциондар арқылы сауда-саттыққа 1 млн 700 мың гектер жердi шығаратын болады. Олардың 645 мың гектары бүгiнгi күнi дайын.

Ерболат Досаев, ҚР Экономика министрі

Аттан қазақ, сатылмақшы жер Анаң,

Жерiң кетсе,  төндi дей бер зобалаң.

Кеттi дей бер уысында басқаның,

Қолтығыңа кiрiп кеше тонаған.

 

Аттан қазақ, атыңа мiн қалғыма,

(Аттандасаң жан салмаушы – ең алдыңа).

Бiлек күшi, найза ұшы, қанымен,

Бабалардан қалған жалғыз жер-мұра.

 

Аттан қазақ, ақша құмар пенде – ұлың,

Көк қағазға саудаламақ ел мұңын.

Аш қасқырдай көздерiне шел тұнып,

Пайда болып елестейдi кеңдiгiң.

 

Аттан қазақ, шамырқан да,  атқа мiн,

Жау қолында тапталмасын пәк тәнiң.

Ұрпағыңа билiк құрып, құл жасап,

Сiлтемесiн десең ертең жат қолын.

 

Аттан қазақ, аттан, аттан, аттан да,

(Төнер нәубет бұдан асқан жоқ маңда).

Қалай ғана есiнерсiң, ес жимай,

Баба рухы жат табанда жатқанда.

 

Аттандайық сен де, мен де, бар қазақ,

Көк бөрiлiк көрсетейiк жауға жат.

Жылы сөзбен болар бәлкiм алдамақ,

Жүректерде тұрсын намыс, ар қарап.

 

Аттан, аттан, аттандаған ер Бабаң,

Ұрпағымыз рухтары қолдаған.

Мәңгүрт бауыр қайдан шыққан таң қалам,

Өр сөзiмдi өткiзе алмай дал болам.

 

Аттан қазақ, аттандайтын кез келдi,

Тарих-Ана алға тартты безбендi,

Көрсеттi өмiр өгейтiсiп өз елiн,

Жат шаһардан сарай салған ездердi.

 

 

Аттан қазақ, төрiмiзде дұшпан бар,

Асыңды iшiп, аяғыңа құсқандар.

Кей ұлың жүр шен-шекпенге мәз болып,

lштен шалып көсемсидi iштарлар.

 

Аттан қазақ, оянып ең теңдiк ап,

Алаш атын мойындайды ел жырақ,

Жер сатам деп желпiлдейдi мәңгүрт ұл,

«Көккөз көршiң»  көпiредi сандырақ.

 

Аттан қазақ, байлық қуып, бiр ұлың,

Жезөкше боп жан бағады тұлымың.

Өз бауырын тонап-қорлап, өзгенiң,

Мәз болады жалағанға жұлығын.

 

Аттан қазақ, қайта ұйқыға енген жұрт,

Түлейленсек қашар жерден, елден құт.

Адасады Абылайлық көргендiк,

Көз iледi Махамбеттiк мен-мендiк.

 

Аттан қазақ, “ашпын”, “жоқ” деп жыламай,

Мал бiтпейдi ақылмен iс құрамай.

Алпыс екi тамырыңда туласын,

«Бес асыл iс» мұрат еткен ұлы Абай.

 

 

Аттан қазақ, жiгерiңдi жер етпе,

(Жаныңды қи елiң үшiн, керек пе?!)

Қайратыңнан дүр сiлкiнсiн дүние,

Қуат алсын бесiктегi бөбек те.

 

Аттан, аттан... жау шапқан жоқ түсiнем,

Жатқандаймыз іріп-тозып, iшiнен.

... Мәңгүрттiктiң майданында мен дағы,

Ат қояйын найза-қалам ұшымен.

Серікжан ҚАЖИ

Abai.kz

 


0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036