Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 87302 13 пікір 18 Наурыз, 2016 сағат 11:16

"ЖЕЛТОҚСАН" ОҚИҒАСЫНЫҢ КЕ ЙБІР ҚҰПИЯЛАРЫ

Биыл КСРО-ның ыдырауын жеделдеткен Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне тура 30 жыл. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңына (қазіргі Республика) жиналған мыңдаған жас Д.Қонаевтың қызметтен кетуіне наразылықтарын білдіріп, ҚКОК-нің 1-хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап еткен болатын. Жиналған топтың оңайлықпен тарамайтынын білген Кеңес билігі жастарды алаңнан күштеп қуды.  

Желтоқсан оқиғасында қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты емес. Ресми деректерде қайтыс болған төрт адамның ғана аты айтылса, бейресми дереккөздер марқұм болғандар санының бұдан әлдеқайда көп екенін мәлімдеп келеді. Сондай-ақ, осы көтеріліске қатысқан 99 жас азамат сотталып, 264 студент оқудан шығарылған.

Жалпы, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін посткеңестік елдердің сарапшылары КСРО-ны құлатуға бірден-бір түрткі болған оқиға екенін айтады. Өзге елдер мойындағанымен, Қазақстан билігі аталған оқиғаға әлі нақты бағасын берген емесі. Тәуелсіздік алғалы бері осынау көтеріліс жай ғана "Желтоқсан оқиғасы" деген ресми атауға ие. "Ұлт-азаттығын" айтпай-ақ қояйық, тіпті, "көтеріліс" деген баға да берілген жоқ.

Бұл өз алдына бөлек әңгіме, біздің айтпағымыз басқа. Неге екені белгісіз, Қазақстан билігі "желтоқсан" десе жаны қалмайды. Әр жылдың 16 желтоқсаны жақындаған кезде университет жатақханаларындағы студенттер ауылдарына "қуылып", қаладағыларының өзі мұғалімдердің бақылауында болады. Ал, аза тұту күнінің орнына мемлекеттік органдар жаппай концерттік бағдарламалар, мерекелік шерулер өткізіп, халық санасынан Желтоқсан оқиғасын барынша ұмыттыруға тырысады.

Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік алған күнінің 16 желтоқсанға тұспа-тұс келуі кездейсоқтық емес секілді. КСРО құрамында болған елдердің барлығы 1991 жылғы Тамыз оқиғасынан кейін бірінен соң бірі егемендіктерін жариялап жатқан. Тек Қазақстан ғана ақырын күтіп, желтоқсанға дейін уақытты созып отырып алды. Тіпті, КСРО-ның мұрагері саналатын Ресейдің өзі барлық елге тәуелсіздігін берген тұста да біздің билік 16 желтоқанды күтті.

Міне, қазақ егемендігінің орнауына себеп болған Желтоқсан оқиғасы 1991 жылдан бері тек мектеп қабырғаларында ғана аталып келеді. Бұл күн Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен республика аумағында жаппай мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Сондықтан, биыл айтулы оқиғаның 30 жылдығына орай мемлекет бірқатар шараларды қолға алуы тиіс дейді танымал журналист Марат Тоқашбаев.

Өзінің Фэйсбук-парақшасына жазған мәлімдемесінде ол билік ең алдымен Желтоқсан оқиғасына саяси бағасын беруі тиіс екенін айты.

Биыл Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы аталып өтілетіндігі баршаға мәлім. Бірақ ол кәдімгі ресми шара ретінде аталуы үшін оған Үкімет қаулысы қажет. Төменнен қозғалыс болмаса ол «жабулы қазан» күйінде қала беруі де ықтимал. Сондықтан жұмыстар нысаналы жүру үшін қоғамдық ұйымдар атынан Үкіметке Ашық хат әзірленген дұрыс па деймін. Ашық хатта желтоқсан көтерілісіне қатысты іс-шаралар тізбесін ұсынған жөн сияқты. Шамамен төмендегідей іс-шаралар тізбесін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Атап айтқанда ол мынандай шаралар:

1. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне саяси баға беру.

2. Бүкіл Қазақстан бойынша 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысқан адамдардың тізімін түзу. Бұл іске барлық облыс, аудан, ауыл, селолар бойынша жүргізілуі тиіс. Тек Алматы қаласы емес барлық облыстар бойынша.

3. Кезінде желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін қудаланудан қорқып, алған жарақатын, көрген азабын жасырған адамдардың тізімін жасау. Қазақ халқы өз қаһармандарын білуге тиіс.

4. Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арнайы статус белгілеу. 

5. Желтоқсан оқиғасына қатысты «Желтоқсан - КСРО ыдырауының бастауы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу.

6. Жер-жерде әкімшіліктер тарапынан желтоқсаншыларды қабылдау ұйымдастыру.

7. Қайтыс болған желтоқсаншылардың еске алу «Тағзым» кітабын шығару.

8. Мектептерде жас ұрпаққа желтоқсаншылар көтерілісінің мән-маңызын түсіндіретін патриоттық линейкалар өткізу.

9. Жоғары оқу орындарында «Аллажар» фильмін көрсетуді ұйымдастыру және оны талқылау.

10. Еліміздің болашағы үшін күрескен желтоқсаншыларды марапаттайтын «Желтоқсан көтерілісі» орденін тағайындау жөнінде ұсыныс әзірлеу.

11. Желтоқсаншыларға арнап Астана қаласында ескерткіш орнату.

12. Желтоқсаншы ардагерлерге қоғамдық көлікте жүруге 50 пайыздық жеңілдік беру, - дейді М.Тоқашбаев өз жазбасында.

Желтоқсан тақырыбынан барынша айналып қашуға тырысатын біздің биліктің жоғарыда аталған талаптарды орындауы әрине, екіталай. Дегенмен, көп түкірсе көл болатынын естен шығармайық.

Дереккөзі: sn.kz

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050