Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8735 0 пікір 18 Наурыз, 2016 сағат 11:15

ДІНИ МАГИЯ - ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДА

(Думан Рамазанның «ПЕРІ МЕН ПЕНДЕ» әңгімесі бойынша)

Біздің отандық әдебиеттануды айтпағанда, барша Шығыс гуманитарлық ілімінде дәлелдеуді керек етпейтін «ғылыми аксиома» әдеби ағымдар мен бағыттардың әуелі Батыстағы христиан елдерінде, одан кейін рет-ретімен ислам мен шығыста бірінде – ерте, бірінде – кеш пайда болғаны. Шын мәнісінде, солай ма!?

Сопылықты бізде ағым дейді де, оның екі қыры – діни абсурдтық және діни магиялықты  біріктіріп жібереді. Осы екеуін Еуропа әдебиеті ислам әлемінен мүлдем кеш игергені ғылыми естен тарс шығып та кетеді. Бұл бір. Батыс ғалымдарының һәм қаламгерлерінің жұртты шатыстырып, әрі діннен алшақтатып, фрейдизмнің қазығына байлап, «сюрреализм» деп сала құлаш әдеби манифест пен әдеби платформа жасап жүргендері біз үшін бар болғаны діни магиялық әдебиет. Неге екені белгісіз ол бізде «сопылық ағым» деп аталады, әрі ғылыми тұрғыдан сюрреализммен еш сорпасын қосқызбайды. Ал, Жүсіп Баласағұннан бастау алатын әлемге үлгі болған мұсылман символизмі туралы түркі ғылыми дүниесінде ешкімде сөз еткен емес. Өйткені, бәрінің ғылыми еңсесін Батыстың әдебиеттанушылық беделі басып тұр.  Осы орайда «Неге бізді Батыс рухани-мәдени құлдануы керек!?» деген заңды сауал туындайды. Осы сауалға түркі готизмінің өзіндік ерекшелігі саналатын діни магиялық бағытын (батысшаласақ, сюрреалистік ағымдағы) қазіргі қазақ прозасының дамуында ерек із қалдырып отырған – Думан Рамазанның «ПЕРІ МЕН ПЕНДЕ» әңгімесі арқылы жауап бермекпіз. Біз Аристотел таңған концепцияны емес, Платондық бағыттағы концепцияны ұстасақ, гуманитарлық ғылымда көп нәрсеге қол жеткізер едік.

Магиялық реализм – Еуропа үшін ХХ ғасырдағы жаңа әдеби құбылыс. Бұл терминді Батыс әдебиеттануда ең алғаш неміс өнер тарихшысы Франц Роо өзінің 1925 жылы шыққан «Постэкспрессионизм. Магиялық реализм. Жаңа Еуропа бейнелеу өнерінің проблемалары» атты еңбегінде суретшілердің жаңа толқынының көркемдік әдісі ретінде қолданды. Араға екі жыл салып, аталған еңбекті ішін ара испан философы Х. Ортега-и-Гассет испан тіліне аударды да, кеңістіктегі өмірге ұқсасымды «магиялықпен» араластырған магреализм әлем прозасына өзінің бар екендігін танытты.

Осы бірінші аңғарған италилік әдебиеттанушылар мен әдеби сыншылар 1920 жылдардағы ұлт прозасындағы әдеби ағымды «Магиялық реализм» деп атады. Оның назарияттық тағантасы 1927–1928 жж. жазушы М. Бонтемпелли шығарған «Новеченто» журналында италиян суреткерлерін айтпағанның өзінде, неміс қаламгері Г. Кайзер, ағылшын жазушылары Дж. Джойс, Д. Г. Лоуренс, В. Вульф және француз прозашыларының шығармаларының жариялануымен қалыптасты.

Ресей зерттеушілері ұлттық магреализмдерінің бастау көзінде Н. В. Гогол туындылары, атап айтсақ, «Портрет», «Нева даңғылы» (1835), «Мұрын» (1836) сынды Петербург хикаяттары тұр деп уәж айтса, біз магиялық реализм қазақ әдебиетінде қисса-дастандар мен М.Көпейұлы туындыларынан бастау алады деп нық сеніммен айта аламыз. Ал, ұлттық магреализмді прозада қалыптастырған Адам Мекебаев болды, қазақ әңгімелерінде осы салада Думан Разаман классикалық үш әңгімені («О дүниедегі әңгіме», «Жан» және «Жын») өмірге әкелді.

Біз енді осы қаламгердің төртінші әңгімесі «ПЕРІ МЕН ПЕНДЕ»-ні талдауға бел шеше кіріспекпіз. Әлем тарихында ой жүгіртетін болсақ, адамзат қашанда реалды өмірдің шегінен шығуға талпыныс жасайды. Мысалы қазақ исламға қанша жерден сенгенімен бақсыларды ерекше жандар деп санауын әлі қойған емес. Үнділердің рухани дәстүрінде бұл болмыс жалған құр елес деп саналады. Қазақта «дүние жалған» деген сөз тіркесі бекер өмірге келмеген. Басқа әлемнің айырықша сипатын қабылдаудағы күй кешуді бірінші рет сөз еткен жазушы және антрополог Карлос Кастанеде болды. Қазақ әдебиетіндегі бақсылар туралы жазған қаламгерлеріміз Ж. Ахмеди мен А. Алтай да осы бір тылсымға оранған жандар турасында өз романдарында жекелеген эпизодттарды арнады.

Енді Думан:

«Бақсы тек қана жасыл түсті қазақы киімдер киеді екен. Басында жасыл пүлішпен тысталған үкілі құндыз бөрік, үстінде жасыл бешпент, иығына іліп алып жүретін құндыз жағалы ұзын шапаны мен іш жағынан киген жейдесінің өзі жасыл матадан тігілген, бұтында жарғақ шалбар, аяғында кебісті мәсі. Қолында жыланның қабығына ұқсас сұрғылтым затпен қапталған ұзын асатаяғы бар. Ауруларды сонымен түртпектеп емдейді екен. Келінімді көріп, түшкіріп-пысқырып, отпен аластап, сумен ұшықтады. Жеті түрлі шөпті суға қайнатып, оған сүт қосып, соны ішкізді. Сонымен не керек, бір апта оқып, барын сала ем-домын жасады. Жетінші күні мені жеке шақырып алып:

– Еш уайымдама, келінің толық жазылады. Бірақ енді аздаған демалыс керек, үш айдан кейін тағы бір рет әкелерсің, ал қазір бара беріңдер! – Сәл кідіріп барып, – Салақсып жүрме, ем толық аяқталған жоқ, егер қайтып әкелмесең, ауруы қайтадан қозып кетуі мүмкін! Онда обалы сенің мойныңда! – деді қатаң ескертіп.

 Осыдан кейін жан қала ма?! Бақсыға ризашылығымды білдіріп, айтқан уақытында қайтып әкелетінімді айтып, уәде беріп аттандым. Қуанышымыз қойнымызға сыймаса да, әбден шайлыққан көңілде күдік те жоқ емес еді.

Үйге қайтып келген соң ойланам,  бақсының жүзі таныс, бір жерден көрген сияқтымын. Қайдан көрдім? Олай ойланам, былай ойланам... Әбден басым қатты. Содан бір кезде есіме түсті-ау!..» деп әңгіменің жылтыраған шоғына тамызық құя түседі. Осы арадан бастап сюжеттік өзге өрілім бастау алады.

Нұрға бөлену (өзге реалдылыққа ену) XX ғасырда батысеуропа әдебиетінде шығармашылықтың қажетті кезеңі ретінде танылды. Неміс жазушысы Герман Гессе «Бисер ойыны» романында ойын магистрі Кнехт өз өрелілігі арқыл бейреалды әлемге енеді. Оның соңғы тарауы романға кірістірме новелла түріндегі «Үнді өмірбаяны» хикаятына ұласқан. Онда автор үнді әлем тануын оқырманына ұсынады. Қазақ қаламгерлері де өз оқырманына алаш мифологияның құпиялы қойнауын қопарып ұсынатын тың тәсілді игеру үстінде. Оған Т.Рымжановтың «Гүл Ағашы» ертегі романын жатқызуға болады. Қазіргі қазақ ақындары мен жазушылары бейреалдылықты көне түркілік мистикалық ілімдер арқылы танып-білуге талпыныс жасайды. Осы әңгіменің соңғы сюжеттік бөлігі кірістірме новелла түріндегі «Үнді өмірбаянына» ұқсайды. Әрі осылай екі тағдырды бір әңгіме бойына сыйдыру ұлт прозасы үшін ерекше жаңалық.

Джеймс дін туралы сөз еткенде «қаламгер парасаты мистика алдында бас иеді» деген тамаша ой айтады. өйткені, әр қаламгердің ақыл-парасаты негізінен экономикалық, психоаналитикалық, діни, интуитивтік, ерік-жігерлік және жыныстық-тектік деп тарамдалады. Осының негізінде авторлық діни-сенім, діни-білім, интеллектуалдық пен сезімталдық бірде – «саналықпен», енді бірде – «санасыздықпен» атойлай көрінеді. Осы орайда ойға В.С. Соловьёвтің «Адамзат өлі дене емес, тарих жасанды қозғалыс емес» деген пікірі оралады. Өйткені, Думанның сюрреализмі «Батыстың белбаласы емес, прозадағы Ахмет Иассауи дәстүрінің көрініс беруінің белгісі».

Біз бабаларымыздан мұраға қалған әдеби үрдісті ескінің жәдігері деп санаушылықтың «балалық ауруынан» айыға алмай келеміз. Бізге зор мұра қалды. Бірақ біз оның қадірін білуден қалдық. Барлық әдеби үрдісті Батыстың көзімен қарауды дағдыға айналдырдық. Шығармашылық процесті алаш баласының осылайша елестетуінің пайдасынан гөрі зияны басым. Біз өз жадымызды өзгенің құлдануына мүмкіндік беріп алдық. Батысқа үйреткенімізбен, Батыстан үйренгеніміздің шегі қайда, бөлектену мен үндесудің аражігін қалай айыруға болады?! Христиандық магиялық реализм көне түркілік готизмге не қосты? Сауал өте көп әрі оған жауап беруде өте қиын. Шын мәнісінде қазақ жазушылары өзгелер басқаша ойлап қалады екен деп галлюцинация, иллюзия һәм аян беруден бас тартпауы керек. Өйткен жағдайда ақылды ақымаққа айналып, қиялдың байрағын жығып аламыз. Өзінің ерекше әлемімен «қиялдың байрағын жықпай» жүргендердің арасыннан Думан Рамазанды бөле-жара айтуға болады.

Біз алаш шығармашылық қиялына тұсау салған қосарлы құлып:  материалистік философия және әдеби реалистік көзқарастарға қаламгерлік сот процесін жүргізіп, мехнатты күреске түскендер жайында сөз етпекпіз. Орыс әдебиеттануы мен мәдени-рухани әлемі бізге енгізген осы екі құбыжық қазақ қаламгерінің өрелілігі мен адамгершілік имандылығының қас жауы ретінде: «Батысша жаз, Батысша жаз» деп сайтандай құлағына сыбырлап тұрады. Думандай қаламгерлеріміз оған құлақ ілмей «Мен түркіше жазамын» деген әдеби протесін христиан әлеміне білдіре бастады. Бұны тек отандық әдебиеттанудағы рухани көрсоқыр жан ғана сезінбейді. Қарапайым оқырман Думан Рамазан жататын буынның шығармашылығының бітімі бөлектігін мойындап та үлгерді.

«Журналистің жүрмейтін жері бар ма?! Бірде жолым түсіп, Қызылорда облысының Қазалы ауданына бара қалдым. Сондағы Нұрсұлтан есімді тарихшы танысымнан адам сенгісіз бір қызық әңгіме естідім. Майын тамызып айтып бергенде аузымды ашып, көзімді жұма беріппін.

– Бұны қайдан естідің? – дедім таңданысымды жасыра алмай.

– Осындағы Бекен ақсақалдан, – деді ол ағынан жарыла.

– Сол кісінің өзіне жолығуға бола ма? – деймін қызығушылығым одан сайын артып.

 Неге болмасын?! Аузын ашса, жүрегі көрінетін көркем мінезді жан. – деді Нұрсұлтан құрдасым. – Бізге құда болып келеді, мен жіберді десең болды, жылы қабылдайды. Өзі де қонақ жатырқайтын адам емес» деп автор өзінің беймәлім тылсымды әлемін құруға алғашқы қадамын жасап, оқырманды ынтықтырып, дебіргін қашырып қояды. Кім ұтады, кім ұтылады бұл тылсымды әлем шымылдығын түретін автор мен оқырман рухани-мәдени әріпестігінде оны тек осы әңгімені толық оқып шыққанда ғана ұғына аласыз.

Ислам дүниесі үшін түк құндылғы жоқ Батыс қаламгерлерінің авторлық анықтамасымен христиан әдебиеттануы көкке көтерген, ТМД түркі дүниесіне теліген қаһармандар шейіт болса, біз мұсылман әлемі олардың жол таба алмай, кейіпкерін амалсыз өлтіріп,  тосылған жерінен өз кейіпкерлерімізді табамыз. Не болмаса, мәңгілік әдеби адасудың тұманынан шыға алмай қаламыз да, әдеби атақтың орнына кейінгі ұрпақтың табасына қаламыз. Думан осы «Пері мен пенде» арасындағы тылсымның жұмбағын шешуде авторлық табаға қалмаудың жолын шығармашылық мехнат кеше отырып таба алған.

Осы табаға қалмау ұлт сөзін ұстаған прозаиктердің милети намысын жани бастады.

Жалған Батыс католиктік өркениетінің туының астына мәдени-рухани құндылықтардың бәрін жиюға талпыну, өзге өркениет өкілдерінің ізденістерін жалғандық деп санайтын концепцияны орнықтырды.  Мұсылман магиясы мен Будда магиясы өзінше әлем. Оны ұғыну үшін сол діндерді тұтынған жан болуың керек. Әрі оған батыстың көзәйнегімен қарай алмайсың. Ақыл-парасат түпкіріндегі «саналық» пен «санасыздықты» әр өркениет діни канондары негізінде өзінше бағамдайды. Және де түрлінше тыйым салады.

Осындай тыйым салу – соғыстан қашқан жігіттер тағдырын күстаналау болса. Думан оны – Дәдәм Қорқыттың тірлігімен байланыстырады. Бұл қаламгерлік ерлік. Жалған сөйлемеу һәм ұлттық адалдықтың ақ жолын аттамау. Енді осы ой түйіндеуге кезек берейік:

«1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанын өзің де жақсы білерсің. Ауылдағы жас жігіттерді кезекпен майданға шақырта бастады. Сол жылы-ақ қыршындарынан қиылған талай боздақтың сүйегі елге қайтып оралып жатты. Содан аудандық қомиссарияттан әскерге шақырту туралы қағаз келгенде соғысқа барғымыз келмей, үш жігіт алдын-ала ақылдасып алып, ажалдан қашқан Қорқыт бабамыз құсап қашып кеттік. Қазақстан мен Қарақалпақстанның ортасында Қызылқұм құмы жатыр. Осы Қазалы ауданының аумағы ғой. Ол кезде елсіз құла түз, қу медиен болатын. Сол Қызылқұмның ішінде қашып жүрдік. Сондағы кәсібіміз не дейсің ғой?! Қызылқұмның ішімен адамдар ары қарай астық тасиды, бері қарай әртүрлі зат-бұйымдар әкеледі. Соларды торуылдаймыз. Шіркін, жастық не істетпейді, маңайдағы ауылдарға жақындап келіп, шеттеу шыққан малдарды айдап әкетеміз. Сөйтіп күн көріп жаттық. Бір керуеннің соңына таман қалып қойған кәрі атанды ұстап алып, мініп жүрдік. Қосымыз бар, соны түйеге артып аламыз да, ізімізді жасырғансып, әрі-бері көшіп-қонып жүреміз. Бір жерде көп тұрақтай алмаймыз. Тым ұзап кетпейміз де. Адамдардың көзіне түсе бермеуге тырысамыз. Қысты күні де құмның іші онша суық болмайды, қосымызға от жағып отыра береміз. Қызылқұмда не көп, сексеуіл көп. Аң аулайтынымыз тағы бар. Енді қайтеміз, өлместің қамы. Осылай қысты өткіздік, күлімдеп көктем шықты. Бір күні қосымызды үлкен бір құмның етегіне тігіп тастап, шай ішіп отырғанбыз.  Көзкөрім жерден шұбатыла шыққан түтінді байқап...»

Думан жай бермейді, тылсымдап береді.

Думан Фрейдтің сайтан ілімін қоспай сөйлесе іші кебетін кейбір ғылымдағыларға «жадының оянуының» Ұлық құпиясын өзінше танытады. Думан «Тотынама» үрдісімен қазақ санасындағы Ұлық Құпияны ашуға тырысады. Әрі жұрттың аузында жүрген тылсымды ел әңгімесін оқырман назарына һәм талқысына ұсынады.

Қазақ әдебиетіндегі тылсымдылық бір Думанмен бітпейді, әрі ол қазақ өмір сүретін рухани-мәдени кеңістікте мәңгіге жалғаса береді.  Үш қашқынды тылсыммен жазалап, әскер қатарына барғызудың құдіреті бей-жай қалдырмайды. Енді осы  «Ғажайып танытудың» толық мәтінін берейік.

Жайлап жөткірініп қойып, жасқаншақтай лашықтың есігін аштық:

– Ассалаумағаликум! – деп ішке кірдік. Төр жақта орта жастардағы еңгезердей ер адам малдас құрып отыр. Жападан жалғыз.

– Уағаликумассалам! Уа, жігіттер, келіңдер, төрге шығыңдар, – деп ысырылып бізге орын ұсынды. – Қайдан келе жатырсыңдар?

 Қазақша сөйлейді. Томпақ бет, қызыл шырайлы адам. Жүзінен нұр төгіліп, көзінен мейірім шуағы шашырайды. Секем алатындай ештеңе байқалар емес.

– Ой, ағасы, біз Қарақалпақстанға бір тығыз шаруамен жолаушылап бара жатыр едік. Лашығыңыздан шыққан түтінді көріп, арнайы бұрылдық, – дедік өтірікті суша сапырып. – Танысып-білісейік дегендей...

Әжетке жарайтын бірдеңе болса, қағып кетуді ойлап, жан-жағымызға жалтақ-жұлтақ қарап қоямыз. Іліп алар ештеңе жоқ. Тек босаға жақта көнелеу темір шайнек пен үстіне ақ шүберек жабылған ыдыс-аяқтар тұр. Сәлден кейін әлгі кісі:

– Енді келіп қалған екенсіңдер, бір-екі кесе шай ішіп кетіңдер, – деді қонақжайлылық танытып. Біздің күткеніміз де осы сөз еді. Іздегеніміз алдымыздан табылғандай қуанышымыз қойнымызға сыймай тұрса да:

–  Айтқаныңыз болсын, ағасы! – дедік өзімізше сыпайылық сақтап. Ол босаға жаққа қарап басқа бір тілде, біртүрлі мақаммен сарнап қоя берді. Сол-ақ екен, шайнек өзінен-өзі көтеріліп келіп, ортада жанып тұрған оттың үстіңгі жағына ілініп тұра қалды. Ақ шүберек ортамызға дастархан боп жайылды, оның үстіне қойдың басындай қара нан топ ете түсті. Артынша үлкен пышақ жарқ ете қалып, бізге қарай бағытталып келе жатты. Шошып кеттік, зәреміз зәр түбіне жетті. Екі көзіміз пышақта, тұра қашуға дайындала бастадық. Бірақ, абырой болғанда пышақ бізге тақаған жоқ, өзінен-өзі нанды турады да, жанды зат сияқты қайтадан орнына барып жата қалды. Сол кезде барып «Уһ» деп демімізді бір-ақ алдық. Сосын кішкене кеселер  ауада қалқып келіп, әрқайсымыздың алдымызға тұра-тұра қалды. Әлгі кісі бізбен емес, көзге көрінбейтін басқа біреумен өзгеше тілде сөйлесіп отыр. Ара-арасында әйелдің сыңғырлаған дауысы шығып қалады. Біз оның не деп отырғанын түсіне алмадық.

Аздан соң бұрқылдап қайнай бастаған шәйнек көтеріліп келіп, кесемізге кезекпен шай құя бастады. Аң-таңбыз, қорыққанымыздан тіліміз байланып қалғандай болды.

– Әй, жігіттер, сендер үрейленбеңдер, шай құйып беріп жүрген жеңгейлерің ғой, – деді жаңа танысымыз жылы жымиып. Сосын тамақ батсын ба, құйылған шайдан ұрттағанымыз да жоқ. Тезірек қарамызды батыруды ойладық.

–  Аа... аа... Аға сау болыңыз, аман болыңыз! – деуге ғана шамамыз әзер жетті. Біз түрегеліп жатқанда ол асып-саспастан:

– Әй, жігіттер, келмей жатып не болды сендерге, астарыңнан су шықты ма? – деді жайбарақат түрде. Біз оның сөзіне жарытып жауап та қатпастан, құрғақ рахметті жаудырып, алды-артымызға қарамай зытып отырдық. Тіпті қоштасуға да мұршамыз келмеді. Содан судан шыққан саршұнақтай сүмпиіп қосымызға қайтып келіп:

–  Мынау жын ба, пері ме? – деп қарадай қорқып жаттық. Бойымызды үрей биледі. Түні бойы әрнені бір ойлап, көз іле алмадық. «Адам сенетін нәрсе емес қой мынау. Сірә, бұл жын болу керек, бізді Құдай сақтаған шығар!» – дейміз бір-бірімізге. Бұндайды көрмек түгіл, естіген де емеспіз. Ертесіне қосты тез арада жықтық та, түйеге артып алып, «бәледен машайық қашыпты» дегендей, тұрған жерімізден едәуір ұзап кеттік. Тіршілік етуге ыңғайлы бір жерге келіп, қосымызды қайта тіктік. Ішімізде еті тірі, ку тілді бір жігіт бар еді. Соның аяқ-астынан батырсынып шыға келмесі бар ма:

– «Қорыққанға қос көрінеді» деген. Бізге жалғыз адамнан қорқып не болды өзі, бұл масқара ғой, айтудың өзі ұят. Мен білсем, ол бір көз бояушы алаяқ, онда ешқандай тылсым құдірет жоқ. Қайта барып мән-жайды анықтап сұрайық, айтса айтар, айтпаса тонымызды шешіп алмас, несіне қорқамыз?! – деді бойына бір ерекше желік біткендей желпініп. Екінші жігіт те оны қостап:

– Иә, айтқаның  көңілге қонады, барсақ барайық. Бірақ түйе мен қосты осы жерге қалдырып кетейік. – деді сақтық ойлап.

Мен қанша жүрексінсем де, намысқа тырысып, ешқандай тоқтау сала қоймадым. Бір жағынан бұл құпияның сырын білгім келді. Сонымен бәріміз бір ортақ шешімге келіп, қайтадан кері ізге түстік. Қанша жерден жігерімізді жани түссек те, бойымызда қорқыныш басым. Әжептәуір алыстап кетіппіз.  Түтін көрінер емес. «Әй, ол осы уақытқа дейін ай қарап отыр деймісің, кетіп қалған шығар, тым құрымаса орнын көріп кетейік» деп жүгіре басып келеміз.

Жал-жал болып жататын құм төбелер болады. Сондай бір құм төбеге шыққанда төменде тұрған өзімізге таныс лашықты көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Маңайында тірі жан жоқ. «От жақпай отырған шығар, неде болса бара көрейік!» деген ойға бекіндік. Әлгі батырсынып келе жатқан жігіт:

– Әй, ол да адам баласы ғой, бекер қорқасыңдар! Қорықпаңдар, мен өзім одан бәрін сұраймын, сендер тек қасымда қара көбейтіп тұрсаңдар болды, – деп аяғын нығыздай басады. Екеуміз артында салпаңдап келеміз. Содан зулап отырып жетіп бардық. Алдыңғы жақта қасқайып келе жатқан «батырымыз» лашыққа тақап барды да, сәл кідіріп, жөткірінді. Ешқандай дыбыс шықпаған соң:

– Ассалаумағалейкум, – деп есіктен басын сұға бергені сол еді, атылған пуржинадай қайтадан кері серпілді. Арт жағында әліптің артын бағып тұрған екеумізді қаға-маға анандай жерге барып шалқасынан гүрс етіп құлады. Қапелімде не болғанын түсіне алмай қалдық. Сабазыңның көзі алақтап кеткен. «Не болды?» дегенімше болған жоқ, тіл қатуға да шамасы келмей, атып тұрып, тұра қашты. Біз де жүгіре жөнелдік. Қос өкпемізді қолымызға алып, алды-артымызға қарамай зытып келеміз. Сізге өтірік, маған шын, әлгі «батырдың» шашы тікірейіп тұрып кеткен. «Әй тоқтасайшы, тоқтасайшы» деп айғайлап келемін, құлақ асар түрі жоқ. Мұнша жүйрік болар ма, жеткізер емес. Тек анда-санда арт жағына жалтақ-жұлтақ қарап қойып, «Әй, жүгірсеңдерші, жүгіріңдер!» деп безек қағады. Зәресі ұшып кеткен. Түрінен адам шошырлық. Содан қосымызға жақындаған кезде бір-ақ тоқтады. Алқынып тұрмыз, тер басып кеткен. Ай, бір жеті-сегіз шақырым тоқтамастан жүгірдік-ау деймін.

– Не болды? – дейміз ентелей түсіп.

– Ойбай, сендер сұрамаңдар, мен айтпайын, Құдай сақтасын, Құдай сақтасын, – дей береді.

–  Әй, не болды, айтсайшы! – дейміз екі жақтап. Ол арт жаққа жалтақтап қарап қойып:

–  Жоқ, тезірек қосқа жетіп алайықшы! – дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Оның аппақ қудай қуарған жүзіне қарап одан сайын құтымыз қашты.

Содан не керек, ақыры алқынып қосымызға да жеттік-ау.

–  Қосты жығыңдар, қашу керек, кету керек бұл маңнан! – дей береді безілдеп.

–   Ей,  енді айтсаңшы, не болды? – дейміз тағы да қосанжарласып.

–   Ой, сұмдық-ай!.. Есікті аша беріп, әнеукүнгі кісінің ортада жүресінен отырғанын көріп қалдым. Оны бастарына ақ сәлде ораған бес-алты шал қоршап алыпты. Есік жақта отырған қаба сақалдысы маған жалт қарады, шіркіннің жанарының өткірін-ай, жасындай жарқ етіп, тоқ ұрғандай денемді дір еткізді. Содан көзден ұшқан ұшқынмен бірге бір алапат күш кеудемнен қатты соғып, қалпақтай ұшырды ғой. Құдай сақтасын, бұл жерден аулақ кетейік. Мен бірдеңе білсем, бұлар адам емес, жын-шайтандар.  Ана лашық солардың ұясы болса керек! – деді дір-дір етіп...»

Ақыры жігіттер «Қашып-пысып жүріп ай далада арам қатқанша, қан майданда ерлік жасап, абыроймен өлейік!» деп шешіп, ауылға қайтып, бәрі де «айып батальонына» алынып, тек Бекен ғана тірі оралады.

Кіші келінін қаратып келген ақсақал Пауиддин бақсыны сол баяғы жапандағы жалғыз лашықтың ішінде отырған қырық жастағы кісіге ұқсатады.

Осы сұрақ көкейін тесіп, ақыры кім екенін біледі:

«– Қырқыншы жылдардың басында соғысқа барудан қашқан үш жігіт Қызылқұмның ішін біраз шарлап едік. Бірде құпия бір лашыққа тап болып, таң-тамаша күйде қалғанбыз. Соның ішінен сізге қатты ұқсайтын бір адамды көріп едік, қателеспесем, сол сізсіз-ау! Оны одан кейін көрген жоқпын, – дедім сөзімді нықтай түсіп. Бақсы басын төмен сала үн-түнсіз отырып қалды да, аздан соң:

–   Ой, бауырым-ай, есте сақтау қабілетің сондай күшті екен, қателеспедің! – деді кеудесін кере ауыр күрсініп. – Иә, ол мен едім!

–   Сол бір оқиға  әлі күнге дейін ойымнан кетпей жүр. Есіме түссе, күндіз түгіл, түнде түсімнен шошып оянам. Егер құпия болмаса, сол бір жұмбақтың шешімін өзіңіз айтып бермейсіз бе? – дедім сынай қарап. – Ол жерде не істеп жүр едіңіз?

Бақсы еш бәлденген жоқ, сол баяғы сабырлы қалпын сақтап:

–  Оның құпия дәнеңесі жоқ. Егер шынымен білгің келсе, айтайын! – деп кең тыныстап, тамағын кеней жөткірініп алды да, әңгімесін бастады. – Әкемді осы Қазалының маңайындағы елдің бәрі біледі, әрине, көзін көргендердің көбі дүниеден өтіп кетті. Ол кісі ерекше қасиеті бар, әулиелік дарыған атақты бақсы болған. «Қара дүкен» ұстаған. Қызған темірді тілімен жалайтын адам болған, сол «қара дүкеннің» ішінде аруақтары болған. Негізі бақсылар ислам дінін онша мойындай қоймаған ғой. Солай бола тұрса да, әкемнің қойнында Құран жүретін.  Алақандай ғана, сырты жылтыр кітап.  «Кезінде Самарқаннан алдырғам» деп айтып отыратын. «Бұл Құран – қамқоршым, қорғанышым» деп,  ешқашан жанынан тастамайтын. Тек дүниеден өтерінің алдында ғана мені шақырып алып:

– Балам, елде көптеген өзгерістер болып жатыр. Тілімді алсаң, менің жолымды қумай-ақ қой, бағың байланады. Кеңес үкіметі бақсы-балгерлікті қолдай қоймайды. Бірақ, есіңде болсын, мен о дүниеге аттанғаннан кейін менің жанымда жүрген жын-перілердің барлығы сені жағалайды. Саған көшеді, саған келеді. Сені перілер өздерінің әлеміне көтеріп алып кетуі мүмкін. Сондықтан мына Құран кітапты жаныңнан тастама, әркез қойнында жүрсін. Егер бұдан айырылсаң, жер бетіндегі татар талқаның таусылады. Осыны жадыңнан шығарма! – деп құран кітабын қолыма ұстатып кетті.

Мен мәселенің мәнісін толық түсіне қоймасам да, әйтеуір оны жоғалтып алсам бір жамандықтың боларын сезіп:

– Жарайды, әке, айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын! – деп қойныма сүңгітіп жібердім...»

     Думан бір кірістіме әңгімеден екінші кірістірме әңгімеге шығарманың шырайын кетірмей, жеңіл ауысады. әрі тылсымдылық ауаны оқырманды өзіне елітіп баурап отырады. Осылайша кірістірме новеллаға құрылған тамаша туынды өз сюжеттік-композициялық сынын бұзбайды.

...Содан кейін көп ұзамай әкем о дүниеге аттанды. Көз жасымызды көл қыла жүріп, ақтық сапарға арулап шығарып салдық.

Әке аманатына адал болуға тырысып, қасиетті құран кітапты төс қалтамнан тастамайтын болдым. «Күндіз де, түнде де жаныңда болсын! Ешқашан алшақ қойып ұйықтаушы болма!» – деген өсиет сөзін ешқашан есімнен шығарған емеспін. Сөйтіп үш-төрт жыл бойы оны бойтұмардай бойымда сақтап, бір сәтке ұмыт қалдырған  жоқпын.

Біз жылда бидай, күріш, тары, қауын-қарбыз егетінбіз. Бірде шілденің шіліңгір аптабында ауыл маңындағы дарияның жағасында егістікке су жіберу үшін кетпенмен терлеп-тепшіп арық қазып жатқам. Жиырмаға жаңа шыққан кезім, білегімде бұла күш ойнап тұрғанымен, ыстыққа шыдай алмай, денемді сергітіп алу үшін суық сумен жуындым.  Киімдерімді шешіп қойғам. Қыза-қыза ұзап кетіппін. Есімнен қалай шығарып алғанымды өзім де білмеймін, құран бешпентімнің жан қалтасында қалып қойыпты. Ойымда ештеңе жоқ, бір алып еменнің көлеңкесіне барып, азырақ демімді басып алайыншы деп арқамды төсей отыра қалсам, албасты басып, қалғып кетіппін. Көзімді ашсам, басқа бір жерде жатырмын. Жұмақ па дерсің?! Жер-дүниенің бәрі жап жасыл. Басымды көтеріп, жан-жағыма жалтақтай қараймын. Маңайымда бөтен тілде сөйлейтін, бейтаныс адамдар жүр. Түрлері де, киімдері де өзгешелеу. Жер бетіндегі тіршілікке мүлде ұқсамайды, өзге әлемге өтіп кеткен сияқтымын. Менің оянғанымды байқап қалса керек, басына сәлде ораған орта жастағы еңгезердей еркек қасыма жақындап келіп:

–  Пауиддин, – деді күлімсіреп. Мен сасқалақтап орнымнан атып тұрдым. – Арманымыз сені осында әкелу болатын, соған қол жеткіздік. Сен перілер еліндесің! Саған сүйкімді қызымды беремін, сүйікті күйеу балам боласың, бізбен бірге тұрасың!

Содан не істерімді білмей, жанталасып жан терге түстім. Бұлқынып былай  жүгірдім, жұлқынып олай  қаштым, бірақ қайда барсам да сол жап-жасыл әлем. Содан жаңағы дәусары сақ-сақ күліп:

–  Қашып қайда барам дейсің?! Сен адамдар арасында емес, перілер елінде өмір сүру үшін жаралғансың! Әкең де солай еді. Бірақ, ол Құранды жанынан бір елі тастаған жоқ, сөйтіп бізге алдыра қоймады.

 Ол кәдімгі қазақ тілінде, яғни маған түсінікті тілде сөйледі. Әйтпесе олардың тілі мен сөйлеу мәнері мүлде бөлек екен.

Содан не керек, мен перілер елінде жиырма жылдай ғұмыр кештім. Амалсыздан перінің  қызына үйлендім, солармен бірге өмір сүрдім. Тілдерін үйрендім, дәстүрлеріне қанықтым, тылсым құдірет-күштерін меңгердім. Алланың әмірі-ай, перінің қызымен ерлі-зайыпты болып жиырма жылдай бірге тұрсам да, арамызда бала бола қойған жоқ. Елімді, жерімді, туған-туысқандарымды есіме алсам, санам саққа жүгіріп, ойым онға бөлініп, жүрегім қан жылайды. Сағыныштын сарғайып, жаным жабырқау тартады. Қас-қабағымды мұң торлап, кеудем шер-шеменге толады.

 Қазір ойлаймын, не деген ақымақ болғанмын, Құдайдың басқа салғаны осы екен деп жүре беріппін ғой! Содан жиырма жылдай уақыт өткеннен кейін ғана «Ей, мен мұнда нағып жүрмін, ел-жұртым қайда» деп ойлана бастадым. Жер планетасына,  адамдар арасына қайтып барғым келді. Жатсам да, тұрсам да осы бір ой көкейімнен кетпей қойды. Алайда «қалай кетем, туған жерге қалай жетем?» деген сауал туындаса, тұла бойым мұздап қоя береді. Содан жіпсіз байланып, тағы да екі-үш жылдай жүріп қалдым. «Неменеге кегежем кері тарта береді, перілердің неден қорқатынын, оларға қарсы күресудің амал-айласын жақсы білем ғой. Ендеше, неден қорқамын, одан да перінің қызына шындықты ашып айтып, басын айналдырып көрейін. Сөйтіп бірге қашуға көндірейін!» деген ойға бекіндім. Сосын «Ағайын-туысты әбден сағындым, адамдардың арасына барайықшы» деп күнде құлақ етін жей бердім. Көзімнен жас, тілімнен зар төктім. Перінің қызының көркіне ақылы сай болатын. Өтірік айтып не ғылайын, біз бір-бірімізді шынымен жақсы көрдік. Ол мені түсінді. Сөйтіп бір күні жылап отырып келісімін берді. Тек «адамдар арасына барсақ, сен тірі қалуың мүмкін, ал мені өлтіреді ғой» деді жанары жаутең қағып. Өйткені перілер елінде арнайы жазылған заң болмаса да, тәртіп  сондай қатал. Тәртіп бұзғандар қатаң жазаланады. Кешірім жасалу деген түсінік атымен жоқ. Егер қашып кетсе, перілердің оны тірі қоймайтынын жақсы білсем де, «жоқ, олай деме, екеуміздің де тірі қалуға толық мүмкіншілігіміз бар» дедім алдаусыратып.  «Иә, шынымен адам баласын сағынып жүргеніңді білемін. Бірақ, мен жер бетінде өмір сүре алмаймын ғой, сен сол жағын ойладың ба» деді қыз мұңайып. Сосын амалсыздан өтірік айтуға тура келді. «Адамдар арасына барып, шамалы ғана уақыт  боламыз да, кері қайтамыз. Мен адамдарды көріп, мауқымды бір басып келейінші» дедім бетім бүлк етпей. Әрине, ол сене қойған жоқ, бірақ «Жарайды, керек болса, саған деген ақ-адал махаббаттым үшін өмірімді қияйын!» деді жыламсырап. Мені шынымен жақсы көретін, маған жан-тәнімен берілген еді, байғұс.

Қыз көнгеннен кейін көп ұзамай жер планетасына жол тарттық.  Перілердің елі ғарышта. Оларда алыс-жақын деген ұғым болмайды. Баратын жерлері қанша қашық болса да, зыр етіп жылдам ұшып бара салады. Келіншегімнің көмегімен оны мен де жап-жақсы меңгеріп алғам. Содан ұшып жерге түскен күннің ертеңінде сендер тап болдыңдар. Жиырма жылдан кейін қайта көрген алғашқы адамдар едіңдер. Қасымда зайыбым болды. Бірақ оған көрінуге болмайды. Сондағы дастархан жайып, шай құйып беріп жүрген сол байғұс болатын. Сендерді, яғни адамзат баласын сондай бір сағынышпен көрдім. Сол үшін ғой, дастархан  жайдырып жүргенім. Егер екінші мәрте көрген болсам, ондай ыстық ықылас білдірмес едім, өйткені бізге құпияны ашуға болмайды. Содан үш-төрт күн өткеннен кейін жиырма жыл жұбымыз жазылмаған жұбайым «Елге қайтайық!» деп қыңқылдай бастады. Ол менен айырылғысы келмеді, ал мен оған көне қойған жоқпын. «Мен жер бетінде қалам, кетсең өзің кете бер, жолыңды бөгемеймін!» деп қасарысып тұрып алдым. Менің өз еркіммен қайтып бармайтыныма көзі жеткен перінің қызы «Олай болса, жарайды. Не көрсем де сенімен бірге көрем, сені тастап ешқайда кетпеймін!» деді қинала-қинала. Мен де оған әбден бауыр басып қалған едім, шыны керек, қимадым, кеткенін қаламадым. Төрт-бес күннен кейін ізімізден қуып қуғыншылар да жетті. Бізді оп-оңай тауып алды. Қыздың әкесі мен ағалары келді, олардың дәстүрі бойынша алғашқы келісте маған ешнәрсе істей алмайды. Алдымен қыздарын  өлтіріп, алып кетеді. Сосын екінші рет қайыра келген кезде мені де қатаң жазалайды. Олардың алғашқы келген кездерінде сендер тағы келдіңдер ғой.  Мен сол сәтте ортада әрқайсысына бір басымды иіп, кешірім сұрап, жалынып-жалбарынып отырғанмын. Сол жолы қызды менің көзімше қинап өлтіріп, мәйітін елдеріне алып кетті. Бір аптаның ішінде айналып келіп, менің де жанымды жаһаннамға жіберулері керек еді. Мен содан  құстай ұшып Қазалыға келдім де, осы өзің көріп отырған үйді тез арада тұрғызып алдым. Олардың темірден өте алмайтынын жақсы білемін. Сосын олар мұсылман перілер, харам нәрселерге жоламайды. Менің ит пен мысық сияқты үй жануарларын көп ұстайтыным сол. Ал мына темір үйден шықсам, менің көзімді құртатыны айдай ақиқат. Олар төңіректеп жүрсе, мен бірден сезіп қоямын. Келмеген болса да анық білемін, ондай кезде далаға шығып, еш алаңсыз күнделікті тірлігімді жасай беремін. Десе де көбіне-көп осы темір үйден ұзап шықпауға тырысамын. Бұл үй менің жай ғана баспанам емес, жау өте алмайтын қамалым, қорғаным. Содан көп ұзамай немістің қызына үйлендім. Мұсылман емес, кәпір ғой, христиан дінін ұстанады. Ал енді бұл маған екінші қорғаныш болды. Үшінші қорғанысым – ит-күшіктерім мен мысық-мәулендерім. Менде бір емес, үш қорғаныс бар. Сондықтан онша қорқа да қоймаймын. Олар келгенмен, бәрібір мені ала алмайды. Тіпті енді менің керек болмай қалуым да бек мүмкін, қартайдық қой! Міне менің басымнан өткізген жағдаятым, көріп-білгенім осы. – деп әңгімесін аяқтаған еді Пауиддин бақсы».

Осылайша, Бекен ақсақал өзі білген құпияны жайып салады.

«Күн қызарып ұясына батып барады. Аузында Алласы, жүрегінде иманы бар сексендегі қарттың өтірік айтпайтынына сенгендіктен де әңгіменің әсерінен арыла алар емеспін. Осыдан кейін перілер мені де көтеріп әкететіндей көрініп, бойымды біртүрлі қорқыныш сезімі биледі. Қою қараңғылық түспей, тезірек қонақ үйге жетіп алуға асығып, аяғымды жылдамдата басып келемін.

Кенет ту сыртымнан күбірлеген дыбыстар естілгендей болды. Дауыс тіпті құлағымның дәл түбінен шығатын сияқты. Сасқанымнан арт жағыма қарауға да батылым бармай, алға қарай тұра жүгірдім.

Зымырап келе жатқанмын, аяғым бірдеңеге шалынып кеткендей болды да, екпіндеп келіп, етпетіммен құладым. Ар жағы есімде жоқ. Көзімді ашсам, міне қызық, жап-жасыл бақтың ішінде жатырмын», – деп әңгіме тылсымдана басталып, тылсымдана аяқталады.

Өздері діннен аулақтаған Батыс әдебиеті тылсымдылықтың Шығысқа тән екендігін мойындайды. Жазушы бізді балаша сендіре алды ма, әлде, Батыс бірде – дінсіздікпен, енді бірде – аярлықпен санамызға сіңірген христиан діни түсінігінің шырмауынан құтқара алды ма, о жағын осы туындыны ден қоя оқыған оқырман өзі түйіндей жатар.

Думан – өз төл әдебиетінің сюрреалисі, бұл атақты одан ешкімде тартып ала алмайды. Жыл сайын оның әңгіме жанрындағы сюрреалистік туындыларын оқушылардың саны арта түседі. Әр оқырман осы төрт әңгіме арқылы оның қаламгерлік даралығының әлдебір қырын ашып отырады. Бұл әңгімелер кезінде бабаларымыз, енді бүгінгі ұрпағы біздер де сенетін тылсымды әлемнің шымылдығын түретін «қара кітаптың» әрқайсымыз өзімізше ашатын жабық беттерін парақтауға  жетелейді. 

Әбіл-Cерік Әбілқасымұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1656