НАУРЫЗДЫҢ ТАРИХЫН БІЛЕСІЗ БЕ?
Наурыз мерекесі әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. "Наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "Жаңа күн" деген мағынаны береді.
Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді.
Наурыз мерекесінің туу тарихы турасында талас көп. Көбі ел аузындағы аңызға жүгінеді. Аңыздың өзі сан алуан. Дегенмен, аңыздың түбінен ақиқаттың бір ұшы қылт ететіні рас... Кейбір ғалымдар бұны зороастризм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Кейбіреулер Парсы патшасының жорықтарымен байланыстырып жүр.
Парсы патшасы Джамшид өз елінің аумағын аралап жүріп, Азербайджан атты мекенге тап болыпты. Осы жерде уәзірлеріне күнгей бетке қаратып үлкен тақ орнатуды бұйырған екен. Күн сәулесі тақпен шағылысып, айналаға ерекше нұр шашыпты деседі. Содан кейін жұрт осы күнді жаңа жыл есебінде тойлауды әдетке айналдырған екен.
Қалай болғанда да, бұл мереке 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген.
Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтар тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені "Бәйшешек", "Гүлгардон" не "Гүлнавруз", татарлар "Нардуган", бирмалықтар "Су мейрамы", хорезмдіктер "Наусарджи", буряттар "Сагаан сара", армяндар "Навасарди", чуваштар "Норис ояхе" деп атаған.
Ежелгі жыл санағы бойынша, 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы «Армысың, Әз Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған.
Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.
1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты.
Наурыз мерекесі 1991 жылы, 15 наурызда Қазақ СР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын "Наурыз мейрамы" деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне "Наурыз мейрамы" деген атақ берді.