Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4093 0 пікір 11 Наурыз, 2016 сағат 09:26

АШЫНҒАН ЖҰРТ ӘКІМДІКТІҢ АЛДЫНА ШАТЫР ТІГІП, НАРАЗЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Алматы облысының тұрғындары жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселесін төтесінен қойды. Үйлеріне барар жол, жарық пен судың жоқтығына ашынған саяжайшылар аудандық әкімдік алдына шатыр құрып отырды.

Өйтпесе, Талғар ауданында шаруа шешетін шенеунік табылатын емес. Іс насырға шаба бастағанын көргенде ғана қимылдаған жергілікті билік енді уәдені үйіп-төгіп жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Әкімдік алдындағы бұл шатырлар әдеттегідей меймандарды күту үшін емес, наразылық білдіру мақсатында құрылған. Талғар ауданына қарасты «Көкдала» саяжайының тұрғындары жер сатып аларда уәдені үйіп-төккен төрағаға алдандық деп отыр. Жарық жүргізу үшін ай сайын жұрттан ақша жиналып, орнына қолхат берілген.

Жол, суы мен жарығы жоқ 28 үйдің иелері өкпелерін аудан басшылығына осылай жеткізбек болды. Олар ғимарат алдына шатыр құрып, көрпе-жастық пен ішер асын да көтере келіпті. Өйтпеске амалдары жоқ. Арыз айтып, әкімдікке талай келгенімен, уәж тыңдайтын атқамінер табылмаған.

"70 мың теңгеден жинап бердік. Бағананы әкеліп орнатқанымен, жарамайтын ескі болып шықты. Ақыр аяғында жеп-жеп жоғалып кетті", - дейді саяжай тұрғыны Ерлан Байысов.

Ақша жеді деп айыпталған бірлестік төрағасы келмегенімен, иектерінің астындағы айқайды естіп, әкімдіктегілер тез жетті. Жұртты сабырға шықарған шенеуніктер, кезекті уәделерін үйіп-төкті.

"Әкімдікке  жеке бау-бақша ұжымының жұмысына араласуға болмайды. Бірақ қаншалықты төрағаның ақша  алғанын нақты талқылаймыз. Әрине, біз осы сұрақты шешуге тырысамыз", - дейді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы.

Десе де бұл тұрғындар жақын арада жарықты келмейтіні анық. Себебі, бірінші кезекте бірлестік төрағасы жауапқа тартылып, жиналған қаржының қайда кеткені анықталуы керек екен. Ал уәдеге тағы сенген жұрт келесі наразылықтың әлдеқайда ауқымды болатынын ескертіп тарқасты.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434