Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 4597 0 пікір 5 Сәуір, 2016 сағат 12:58

МЕКТЕПТІ БИЗНЕС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРУ МҮМКІН БЕ?

ДАРИҒА ХАНЫМ МҮМКІН ДЕЙДІ

Ендігі жерде қазақстандық мектептер қосымша қызмет түрлерін ұсыну арқылы өз қаражаттарын өздері табатын болады, - дейді вице-премьер Дариға Назарбаева.

Еліміздегі жалпы білім беретін мекемелердің қызметіне еркіндік әм ұйымдастырушылық-құқықтық статус берілуі бек мүмкін. Бұл дегеніңіз ендігі жерде мектептер қосымша қызмет түрлерін ұсыну арқылы өз бюджеттерін өздері толықтырады деген сөз. Жанымыздан алып-қосқанымыз емес, Премьер-министрдің орынбасарының сөзі осы. Бұл туралы  Дариға Нұрсұлтанқызы ҚР БҒМ  өткізген жиында мәлімдеген.

Мектептер өздерін-өздері қамтамасыз ету үшін, алдымен корпоротивті менеджментті игеру керек екен.

«Қосымша қызметтер арқылы түскен қаржыны мектеп директорлары өз қалталарына салып кетпейді. Ол үшін мектеп жанынан қоғамдық кеңес құрылады. Қоғамдық кеңес құрамы ата-аналардан жасақталады. Кеңеске мүше мектеп оқытушылар мен ата-аналар мектеп бюджетіне түскен қаржыны басқарып отырады», - дейді Дариға ханым.

Вице-премьердің айтқандарынан аңдығанымыз сол, жалпы және орта білім беру мекемелері мұндай қызмет түрлері арқылы тапқан қаражатты қосымша керек-жараққа жұмсайды.

Депутаттықтан Мәсімовтің орынбасары болып бір-ақ секірген Дариға Нұрсұлтанқызының үлкен мінберлерде айтып жүрген әңгімелері аз емес.

Мысалы, осы жылы Дариға Нұрсұлтанқызы орта және жалпы білім беретін мекемелерде оқушылардың жазғы уақыттары бос өтіп кетпеуі үшін, оқу маусымын шілдеге дейін созуды ұсынды. Вице-премьердің айтуынша, жазғы демалыс кезінде оқушылар арасындағы қылмыс артады екен. Сондықтан Дариға ханым бастама көтеріп, оқу маусымын шілденің 1-не дейін созуды қолға алыпты. Оның айтуынша, Еуропада оқушылар 5-шілдеде жазғы каникулға шығады екен.

Премьер-министрдің орынбасары Дариға Нұрсұлтанқызының осы және өзге де мәлімдемелеріне қоғам белсенділері мен саясаткерлер былай деп пікір білдіріп жатыр:

Әміржан Қосанов, саясаткер:

-Конституция бойынша, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Және де әрбір азаматтың тегін білім алу мен тегін медициналық қызмет алуға құқы сол Ата Заңымызда жазылған. Яғни, мемлекеттік әлде жеке мектеп не емханаға бара ма – жұрттың өзі таңдауы тиіс. Ал халықтың салығын жинап жүрген мемлекет сол таңдау мүмкіншілігін жасап, қамтамасыз етуі тиіс. «Тек қана ақылы оқу орнына не аураханаға барасың» деген сөз - Конституцияға қарсы! Өз басым вице-премьер Назарбаеваный сөзін дәл осылай, Конституциялық талаптар тұрғысынан қабылдаймын! Қалған сөздің бәрі – далбаса. Екінші жағынан мемлекеттің әлеуметтік функциясының азаюы, сөзсіз, қоғамдық-саяси салдарға, бірінші кезекте, жұрт наразылығының артуына әкеп соқтырары анық. Сондықтан да әлеуметтік салада экспромт не эксперимент дегендердің өзі өте-мөте қауіпті! Және де осынау әрбір адамға тікелей қатысы бар жанды әрі аса нәзік тақыраптар бойынша пікір білдіріп не шешім қабылдарда, жеті өлшеп, бір пішу керек деп ойлаймын!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053