ҚАЙРАН, КҮЛПӘШ...
- Директор іште ме?
- Иә. Кіріңіз, сізді күтіп отыр.
- Шақырдыңыз ба?..
- Қайда жүрсің, Күлпәш? Сені күткеніме жарты сағат болды. Қане, тез оқушыларыңды ал да, әкімнің үйіне бар. Жем-шөбін тасып үлгере алмай, қиналып жатқан көрінеді.
- ...
- Күлпәш, неге телефоныңды көтермейсің?
- Мен оқушыларыммен бірге егістікте жүрмін. Даусын естімей қалыппын...
- Егістігі несі? Онда кім жіберді сендерді?
- Өзіңіз өткенде айтып едіңіз ғой. Әкімнің орынбасарына масаққа көмектесіп жіберіңдер деп...
- А, иә. Онда ертең ертемен маған кіріп кет!
- ...
- Сәлеметсіз бе?.. Кіруге бола ма?
- Кел, кел. Қазір ешқайда бұрылмай біздің үйге бар. Ауданнан тексеру келе жатыр екен. Соларды күтіп жіберейік.
- Менің бүгін ашық сабағым бар еді...
- Ашық сабақты қайтесің? Бір тапсырмаларын бере сал. Үйден дайындалып келсін!
- ...
- Келіңдер, кіріңдер. Үздік-создық болмай, неге ертерек жиналмайсыңдар! Қысқасы, сайлау да келіп қалды. Әр үйді аралап жүріп дауыс жинайсыңдар. Білесіңдер ғой, үйді-үйіне бармасаң бірі қозғалмайды.
- Директор мырза, сайлау, комиссия күту, картоп жинау деп жүріп, оқу үлгерімі мүлде нашарлап кетті...
- Тоқтат. Саған мұндай ақылды сөздерді кім үйретіп жүр? Әлде орныңды босатқың келе ме?
- ...
- Кел, Күлпәш. Жағдайды мен айтпай-ақ түсініп отырған шығарсың. Оқушыларың ұлттық тесттен аудан бойынша ең төменгі баға алды. Сен ғана емес, менің де басыма бұлт үйіріліп отыр. Сондықтан, өз еркіңмен арызыңды жаза ғой!
Қанағат Әбілқайыр
Facebook-тегі парақшасынан