АНА МАХАББАТЫ
Пәлі, мына Ержан Тәліп деген "біздің" ауылдың қуы "осы күні ылғи жыртқыштардың арасында адам көрсек қуанамыз" деп онсыз да шығайын деп тұрған көзді орбитасынан итеріп жіберді. Тамаша айттың! Ақиқаттың ауылы қайда екенін көрсетіп.
Өткенде өңшең бір жан-жануарлар туралы көрсететін телеарнадан фильм көрдім./Қазір соларды қызықтаудан басқа дүние қалған жоқ қой/. Африкадағы жағдай: бір аш арыстан гну антилопасының бұзауын асырап алыпты. Арыстанның баласын не деуші еді, иә, әйтеуір күшіктерінен айрылған аналық болса керек. Аналық сезім аштықтан да күшті бола ма деймін? Әлгі арыстанның қабырғасы ырсиып, бұраңдаған сауырын сүйретіп әрең жүр. Күні санаулы. Құдайы беріп қалады аяқ астынан. Антилопаның жаңа туған бұзауына тап болады. Кез-келген жалқау арыстанның арманы! Бір тоқ басып алатын мүмкіндік. Жоқ, біздің аш арыстан аналық сезімді бәрінен жоғары қояды екен.
Біздің тоқ қыздар аң құсап, перзентін айдалаға лақтырып кетіп жатқан жоқ па? Аш арыстан - адам екен! Мынау дүниенің қулық-сұмдығынан бейхабар, бейкүнә бұзауды тұмсығымен түртіп оятады, итермелеп жүргізеді, бауырына басып ұйықтайды. Түртпектеп суатқа апарады. Арыстанның иісі шыққан жерге ұсақ-түйек сүйек-саяқ жеп, әлсізді талайтын қорқаулар жақындаушы ма еді?! Әрі-беріден соң аш арыстанның аналық махаббатына олар да алыстан қарап таңқалумен болған шығар?! Жыртқыштың махаббатына аң тұрмақ адамдар да таңқалсын!
Африканың аңдары да, адамдары да қызық қой, біртүрлі! Сол жерде адамнан автомат көп-ау деймін. Қазақ сияқты бір халық емес, ру мен тайпаға бөлініп атысады да жатады ғой әйтеуір. Қандай пері болса да ана махаббатының алдында бас иеді екен. Біз кейде аналарымыздан именбей өңмеңдеп те кете аламыз ғой. Ал африкалықтар, арыстанның қасиеті дарыған ба, қанша атысып, алысып жүрсе де асыл махаббаттың алдында тоқтай алады екен. Автоматтарын тастай салып, бала-шағасын артып алып, әлгі ана-арыстанды іздеп жөңкілсін! Африканың жартысы жүр сол жерде. Тәу еткені - махаббат! Кәдімгі ананың махаббаты! О, ана, құдыретіңнен айналдым, сіздің махаббатыңызға адамзат баласы аманда, елжіреумен болатын шығар?!
Содан, дүние пәленің бәрі еркектен шығады емес пе? Күші де көп, көзі де тоймайтын қомағай. Ананың көңілі - балада, баланың көңілі - далада. Апталап нәр сызбаған әлсіз арыстан-ана көз шырымын алып жатады. Аңқау бұзау аңқылдап, орман араламақ болады. Ажалына көрінген екен, аюдай ақырған арыстанның айғырына тап болады. Неше күн бойы нәрестені бағамын деп терісі сүйегіне жабысқан арыстан-ана аңырап қала береді. Осы оқиғаны ана-арыстанның ізінен қалмай, неше күні бойы камераға тартып, әңгімелеп отырған куәнің күңіреніп отырып айтуына қарағанда, Арыстан-ана орманға сіңіп кетіпті. Содан кейін бес бұзау асырап алыпты дейді аңыздар. Сенгің келеді, сенесің. Өйткені біздің де анамыз бар, құдайға шүкір.
Ананың махаббатына тең келетін дүниеде ешнәрсе жоқ! Болмаған! Болмайды да! Біз ананың махаббатына тәнті болумен өтеміз. Мүмкін, технологияның жаңаруы - дүниенің бәрін қайта туғызады. Әй, бірақ, ананың махаббатын туғыза алмайды-ау! Табиғи түйсікпен тіршілік ететін аң екеш аң да аналық махаббатын жоғалтпайды екен, біз ше? Қу тілді Ержан Тәліп бауырым, қозғап жібердің ғой. Әйтеуір, махаббаттан айырылып қалмайықшы деп айтып жатқаным ғой. Баршы әрі, өзің де бір адамды түртпектеп қоймайды екенсің!
Серік Жанболат
Facebook-тегі парақшасынан