АҚЫН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ АЛМАТЫДА ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСЕДІ
Наурыз айының бесі күні Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің поэзия номинациясы бойынша бас жүлдегері, айтыс өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, халықаралық және республикалық жыр додаларының бірнеше дүркін жеңімпазы Дәулеткерей Кәпұлының «Жалғыз түп аршаны аңсадым» атты шығармашылық кеші өтеді. Аталмыш шара кітапхана тарапынан бастау алған «Атырау - Алтай арасы» атты жобаның аясында жүзеге асырылмақ.
Құлағымда құбылады қыдыр үн,
Қыдыр үнге қосылғанда күбірім.
Сұлбамды Айдың сүт сәулесі танытқан,
Елес қуған ессіздердің бірімін! – деп жырлады Дәулеткерей... Шындығында ол елес қуған жоқ, жыр жолына түсті, оның соңынан Өлең қуды. Өлең – кие. Кез-келгеннің басына қонбайтын бақ. Дәулеткерей Кәпұлы сол киенің қасиетін танып, жыр атанға жүгін артты. Қазақтың нар ұлының киелі өлеңдерінен сусындайтын қоңыр кештің берері көп.
Шараның мақсаты ұлттық құндылықтарды қайта ояту және жастарды ақсүйек өнердің ауылымен таныстыру болып табылады. Жыр кешіне ақынның шашбауын көтеріп бірқатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тұлғалары ат басын бұрмақ. Олар: Жүрсін Ерман, Ұлықбек Есдәулет, Жанарбек Әшімжан, Ринат Зайытов, Бақыт Беделхан, Еркін Шүкіман, Бақтияр Ақымжановтар. Сонымен қатар айтулы поэзия мерекесіне дүйім жұртты ерекше таланттарымен таңқалдырып жүрген жас дарындар Қуаныш Кенешбай мен Нұрсұлтан Қалмахамбетұлы да келеді.
Тамырын тереңге жайып, табиғат - анамен етене өрілген ақынның шығармашылық кешінен қалыс қалмаңыздар.
Кеш Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 43 мекенжайында, күндізгі сағат 12:00-де басталады.
Байланыс телефондары: 2 71 14 24; 702 750 64 50
Ақын Дәулеткерей Кәпұлының арыптан туған жырларын оқи отырыңыздар.
***
Тобылғы торы тіршілігім –ау,
Көбеңсіп қапсың көптен шын.
Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау,
Дүр рухыма от берсін!
Сексеуіл шоқты жанарым менің,
Жасын ойнатшы жалғанға.
Бақытқа байтақ бала күндерім,
Алақан жайсын арманға.
Бала күндерім- балауыз бақыт,
Баяның кеткен жырақтап.
Қаймақ ерінге қара уыз қатып,
Қаймана жылдар жұбатпақ.
Жұбаныштарым-жыр ағыстарым,
Балауса белдің тұмасы.
Жанымның жазға құрақ ұшқанын,
Сарғалдақтардан сұрашы.
Бөрте жусанды,бұйырғын белді
Үйірлі жылқым жусаған.
Құйғыта шапқан құйын күндерді,
Талғажау етіп жүр санам.
* * *
Жота кездім, жүдедім,
Қыр басына түнедім.
Балбалтасқа бас сүйеп,
Қалғып кетсем – тілегім.
Таң нұрына боялсам,
Күнге құшақ жая алсам.
Балбалтастың жүрегі,
Бүлк еткенде оянсам.
Балбалтасым – балбөбек,
Саған да әлди ән керек.
Құсасы ма бабамның –
Құлағымда зар бөлек.
Балбалым-ай, мұңлығым,
Көк Тәңірге құлдығым.
Туған жерге сен ғана,
Байлап қойған кіндігін.
Құлағымда мұңлы үнің,
Іңір кештім, ілбідім.
...шекесін кеп қасып тұр,
Жұртта адасқан бір құлын.
03.06.2011
* * *
Желекті жиде ой ырғап,
Көзімді қайың көгендеп.
Есентай өзен бойында,
Есімді жидым өлең деп.
Арман тұрды Айға асыла,
Басылмай жүрек лүпілі.
Ғалым Боқаштың басына,
Кітап құлаған бір түні.
Қара өлең – қарашығымда,
Басымызға онда бақ ғашық.
ҚазМҰУ-дың қалашығында.
«Ақшамнан жүрдік хат тасып».
Тауып ап мәз боп қаладан,
Өзгеріп салды бар таным.
«Торғайлар жұмыртқалаған»,
Тыныштықбектің «қалпағын».
Жан жүрекпенен сүйініп,
Алтайдың алқатасына.
Оралханды оқып, ұйыдық;
«Тағанның пәлсапасына».
Асқардан тауып марқадам,
Ақан, Біржанмен тілдестік.
Ақсұңқарұлы Арқадан,
«Ұлыған» даусын күнде естіп.
Бәсіре жырым бұла тай,
Қасиет тегің – Қамбарда.
Кенежиренді Жұматай,
Кеңсайға кетіп қалғанда.
Кешігіп келген кекілді ұл,
Өксігін қалай басарсың?!
Өмірім өтпей өкіндір,
Көктемім мәңгі жасарсын!
05.02.2011
Аңсар
Толыбай да жоқ заманда Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп?
Әбдіғайса шал жасаған ауыздығымен,
Ауылға барсам іздеймін жүген қайда деп?!
Басымнан менің аса алмай бұлт табандасын,
Жүйрік деп өткен бабамның ұрттағам жасын.
Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай,
Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын.
Елеңдеуменен құлақты еліме түріп,
Сонау күндерге қызығам шегіне тұрып.
«Халықтың жауы» Құмар шал қатал ед, неткен,
Жез сыбызғысын ап кеткен жеңіне тығып.
Туған жер сені көп болды жырламағалы,
Көліңнен аққу-қаз әнін тыңдамағалы.
Әке, сен аңғал екенсің, «қожанасырлау»,
Құлынға құда түсетін тумаған әлі.
Еңіреп ерлер жетеді ел деп арманға,
Жүйріктер сүйреп жүйткиді кең даламды алға.
Құрдастарың да есімде, әлі сенбейтін,
Жотасы биік сол құлын жорға болғанға.
Мінем деп талай құлынды өскенде ат қылып,
Бәсірелерді санаушы ем, бас бармақ бүгіп.
Тайқызыл жорға тағдырың қандай болды екен,
Әкеммен бірге жылаған көштен қап тұрып?!
Заманның мынау жеткендей заңды асқарына,
Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?
Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін,
Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма.
Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың,
Бүгін де жүйрік мінбедім, соған қайғырдым.
Атам басына барар ем, білмеймін қайда,
Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!!!
* * *
Үрпі ұшынған үр жалғанның,
Ешкіемері емшек тістеп.
Тұлдыр жаным тұлданған күн,
Кебінімді өлшеп пішпек.
Жанға тәнді құл ете алмай,
Құбылуда құбылам мың.
Күллі иманым күнәһардай-
Ірігені қымыранның.
Қасқа маңдай қақшияды,
Мүсіркесе мүләйім күн.
Ұртқа сыймай ақсияды,
Ұры тісі уайымның.
Сәулеленер сәтті ой қашан,
Ай да жатыр жаңаланып?
...Оңашада қап қоймасам,
Қастауыштан қалам алып!
* * *
Көне жота көз тастап, қырымына,
Туған далам телмірдім тұғырыма.
Құлынымда қоңырау таққан елім,
Риясыз сеніп ем ырымыңа.
Төбемізден төнгенде төбет іңір,
Күн Қыранға қызыл тау- көне тұғыр.
Есіңде ме, туған ел, жұмасына
Екі тайдың қолтығын сөгетін ұл.
Құба белден жортқанда өмір құлан,
Көкке самғап кететін көңіл қыран.
Есіңде ме, әкесі ұрсатын ұл,
Шеки басып қалғанда шегір құнан.
Шаңын қосып шапқанда белге белдің,
Тізгін бермей көзұшы дөңгелендім.
Есіңде ме, еңкілдеп жылайтын ұл,
Тайдырып ап сырғасын кер дөненнің.
Шапқан сайын сезімім тасқындарға,
Айналатын арманым ақшуланға.
Есіңде ме, кемсеңдей беретін ұл,
Қоңыр бесті тұрасын тасқа ұрғанда.
Тасқа, талға, жыраға соғылам- деп,
Ойламаушы ем, бір қазық жолығар- деп.
Әкем сонда ұрсатын « осы сенің
Тақымыңның, әйтеуір, желі бар»-деп.
Апам « сақта, Құдай» деп күбірлесіп,
Тербететін жанымды қыдыр бесік.
Додаға ендім құйғыта шапқан күйде,
Домбыраға жырыммен дүбір қосып!
Базарында бал күннің, бұла шақтың,
Тізгін тисе қолыма тұра шаптым.
Асау мінгім келетін ауыздықтап,
Жалықтырса мимырты жуас аттың.
Соның бәрін түсірсем есіме бір,
Келер ме екен қайтадан хошы көңіл?
Қайыс арқан сүйреткен қашағандай,
Қайда зытып барасың, есіл өмір?
«Басынан Жыландының құлағаным»
Ақан сері
* * *
Сол кеште тарқатылып бір ән бұрым,
Басынан құлады Ақан Жыландының.
Батқан күнге бата оқып, жүрек қалды,
Жайнамаздай жайып сап құмарлығын.
Қыз кетті, қызырлы ән жұртта қалды,
Ал, Ақан өкініш у ұрттап алды.
Жүз арман жанын жалын өрттей жалмап,
Қызарған Күн кірпігін бұлтқа малды.
Ауылдан қыз кеткесін қызық кетті,
Сезімнің қыл пернесін үзіп кетті.
Ақанның қайғысына айдыны ортақ,
Зеренді зер таналы жүзік текті.
Есілді өрлей біткен ерке мүсін,
Кім тыңдайды енді өмірдің ертегісін?
Бұлаңдап асау тайдай өсті ме екен?
Жүрегін жүз қайтара өртеу үшін.
Кекілі сыланбады кербестінің,
Арманның аяламас енді ешбірін.
Ақаннан да адыра қалған дәурен,
Бақыттың тапқан кім бар өлмес құнын?
…«Қызы едің Балқадиша Ыбырайдың»,
Неліктен шытынадың шыны қайғым?
Сол кеште дәл төбемнен жұлдыз туып,
Ақанның арманы-ау, деп сығырайдым.
* * *
Мұнар таудан ұшқалы,
Мұң басады кеудені.
Ұлар таудан ұшқалы,
У жүректі кеуледі.
Мұнар таудың басынан,
Мұнартады кілкіп мұң.
Жүрегімнің жасынан,
Ұларымды үркіттім.
Әппақ нұрын Ай бүрікті,
Тауды ойлатты, қайғыртты.
Жанымда еді жайлауы,
Ұлар құсым қайда үрікті?!
Ұлартектес ұлт едім,
Үрей буған, үркегім.
Ұлт көзінен сораны,
Қай жеңіммен сүртемін?!
Баяғымдай бақ аса,
Аспан текпен таласа.
Ұлар қонар биіксіз –
Асқақ рухым аласа.
Ал,
Ауырса жан ауырсын,
Емі қайдан табылсын.
Ұлар ұшқан жайлауда,
Мен – жалғыз тал қауырсын!
30.06.2011
* * *
Аягөздің аспанында Таңсық, Ай,
Сақ санама сәуле құйып тамшыдай.
Махаббаттың мәңгі күйін шертіп тұр,
Аңыздардың арнасындай қаңсымай.
Таңсық, Айым күліп тұра береді,
Тағдырымнан сыр ұқтыра береді.
Өкпетінің өкпек желі өзеуреп,
Қозы даусын құмықтыра береді.
Таңсық емес, таныс айым секілді ең,
Мен де Қозы қоңырыңдай кекілді ем.
Арман ада болғанына өкінбей,
Маң далада маңыраумен жетілген.
Бас қойдырып мөлдір сезім бұлаққа,
Ей, тағдырым, жүрегіме кінә артпа.
Базар-жалған, Қодар қазған ешқашан,
Күдігіңнің құдығына құлатпа!
Аягөздің аспанында Ай, Таңсық,
Жан мұңыңды түсінер ме ем қайта аршып?!
Енді, Қазақ, махаббатты жылатпа,
Жолама енді кірпігіме сайтан шық!
* * *
Ақ сағымның ұлпасына,
Таң жиектеп жылт асыла.
Елік қызыл ерте ілінді,
Ерейменнің қырқасына.
Түн тынысын зорықтырып,
Ен далаға еніп кіріп.
Күн құлағы қылтиды, әне,
Елік қырды еліктіріп.
Бөбек қала бал тілегі,
Қараңғылық тәлтіреді.
Гүл етегін самал желпіп,
Түн етегін таң түреді.
Арда туған қазағынан,
«Қараөткелдің базарынан».
Күн қымсынып қызарады,
Астананың ажарынан.
Сарыарқаның төсіне құт,
Күн керуен көші жетіп.
Есіл бөбек есінейді,
Ескі арнаны бесік етіп.
Күн тілегін ұғынғанша,
Дала төсі суынғанша.
Оқжетпеске оқша атылып,
Ілбіс-іңір тығылғанша.
Күн құшағында Астана!
* * *
Қамырық оймен қамалып қалаға мәжнүн,
Шаттығын күтіп шаршап ем, шағала жаздың.
Көктемге көңіл ұмсынтып, көкке қаратты,
Санамда сарқыт даусы сарыала қаздың.
Жап-жасыл торғын жапырақ құшып әлемде,
(Айналса шіркін, түндегі түсім өлеңге!)
Көктемнің демін алқынған аспаннан сездім,
Кезқұйрықтар кенеттен кісінегенде.
Анау бір көлден сұқсұрлар сымпылдап ұшып,
Қыңсылап қалды сақманның жұртында күшік.
Жуасып қалған жусан да жал күдірейтті,
Құмырсқалар шаттықтан мұртын қағысып.
Қараторғайдың көк иіскеп тұмсығыменен,
Көктем ғой келген кешігіп, бұл шыныменен.
Сәуірге маңдай сүйеген балапан қайың,
Өмірге өлең арнап тұр бүршігіменен!
* * *
Мәрмәрдің жағасы мамыр күн,
Ақанның әнінде лағыл мұң.
Әніңді үзбеші, достым-ау,
Сағыныш соңында сарылдым.
Айлы ақшам, Стамбұл шаһары,
Ешкіммен жоқ сынды шатағы.
Еріксіз есіме түседі,
Балдырлы көлдерім, бақалы.
Топқапы сарайы – патшалық,
Баязит дүрлеген бақ шауып.
Бір тегім Күлтегін емес пе ед,
Білмеймін қай тұста ақсадық?!
Азаншы, мүлгіген мұнара,
Теңізде тербелген Күн ана.
Османлы түркінің бақыты,
Тәңірден тартылған сыбаға.
«Өтүкен қойнауы да Алтайда,
Үкөктің жайлауы да Алтайда.
Күлтегін құратын қағандық,
Түркінің байрағы да Алтайда.
Қағаннан қағаны алмасқан,
Алтайда басталып алғашқы ән.
Сондықтан тұғырым тым биік,
Содан да рухым алдаспан!
Ақтүтек боранын түтеткен,
Тарадық Алтайдан, Үкөктен.
Жалауын жау жыға алмаған,
Қағаны қадамын құт еткен!»
...Осы оймен теңізге телмірем,
Осқырына берді жел-күрең.
Cтамбұл, аштың-ау көзімді,
Ертекті сүймеймін енді мен!
* * *
Ахмет пен Жүніс қажы,
Тағдыр емей кім ұстазы?!
Анкарада кәрілік кешкен,
Алтайда өтіп күміс жазы.
«Шилі өзенім, қамыс-ай» деп,
Әнге басты жарыса-ай кеп.
Жас сорғалап сақалынан,
Самайының ағы сөйлеп.
Құмыл қайда, Алтай қайда,
Кәрі кеудең зар толғай ма?!
Туған жердің боз жусаны,
Татыр ма енді бал таңдайға?!
Баркөлдегі кер бетеге,
Жаныңды енді тербете ме?
Мәрмәр жайлап жатқаныңмен,
Көкірегіңнен шер кете ме?!
Туған жерің зарды ұқтырған,
Тағдыр екен шалдықтырған.
Салтанатты күнің қайда,
Сарсүмбеде салдық құрған?!
«Әуел баста бұлақ Ертіс,
Бала Ертіс пен Қыран Ертіс.
Өр Алтайдан өрекпіген ,
Сай қуалап, құлап еңкіш.
Бұлғын, Шіңгіл бай қуатқа,
Жойқын ағыс, айдыны ақпа.
Қырық жерден Қытай буған,
Қара Ертісте қайғы жоқ па?!»
...Сағынышы, құр сүлдері,
Көк Тәңірдің тылсым демі.
Жүрегімді жылатпашы,
Қос қажының күрсінгені
* * *
Көктеміме айтсам деп едім кәміл шынымды,
Самайға мынау самалсыз сәуір сүрінді.
Қайдасың қараторғайым, кешіктің неге?
Сипайын қауырсыныңды.
Сағынып жүрген сәтімде құрақ сыбдырын,
Күнгейіме алшы қонақтап шуақ – шындығым.
Көктем бағыма жетелеп әкелер едім,
Ұстатса бұлақ шылбырын.
Сүйінші құсы көктемнің – жыршы әндеткенде,
Қойшының көңіл хошы жоқ қырсауды ерттеуге.
Қырмызы белге жанарым суарсам деп ем,
Қырдағы жусан бөрткенде.
* * *
Суретің қандай сүтті іңір,
Балтырлы қайың жұп-жұмыр.
Қасқайған қарағайлардың,
Сырғауыл бойы сыптығыр.
Атқандай мүлде жұмбақ таң,
Бақыттың қолын бұлғатқан.
Тағдырдың ғажап тартуы-ай,
Табиғат даусын тыңдатқан.
Айдынға құлап алып қыр,
Өзегін жусан жарып тұр.
Тамырсыз тастың бетінде,
Қып-қызыл қына жанып тұр.
Қиялым қыран құсқа ерсе,
Сағыныш одан да үстелсе.
Үлгірер ме едім жыр жазып?
Бүлдірген ағып түскенше.
Табиғат өзің табындыр,
Арнадым саған лағыл жыр.
Таңқурай тастап таңдайға,
Тамсанып тұрған шағым бұл!
Шалқар, 2002 ж. 15-шілде.
* * *
Алтайдан күн көтерілді,
Ақ бесік-нұр мекенімді еске сап.
Аманат қылдым кімге төрімді?
Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,
Есіме түсті-ау, ескі ошақ.
Менің айбалта төзімімді төске сап!
Көгеннен қозы ағытқанда,
Бозқырау бозамық таңда ұйқы ашып.
Қозы-лақ таңнан шұбырып,
Көнектен саумал сіміріп,
Кеудемнен қоңыр күй тасып.
Табиғат жатар таңғы мезгілмен ұйқасып!
Сабаны күрпілдеткендей,
Даланы дүрсілдеткендей қарқынмен.
Жотадан жортқан күндерім,
Додадан көкпарды ілгенім-
Самалды жұтқан, салқын дем.
Балалығымды жырлай алам ба бал тілмен?!
Тартпа айыл тартылып қатты,
Асаукер алқынып бақты - тасып қан.
Жүрісін жолға сайлатып,
«Дәй-дәй, дәй, жорғатайлатып»
Кештер-ай, ауылға асыққан.
Тілініп езу, астымдағы асау басыққан.
Алтын күн күңгейден асып,
Қотанда «күргейге» басып- кешкілік.
Түн жайып алып қанатын,
Ұйқыға ел қарық болатын.
Құтпанның даусын сес қылып,
Ырғайлы сайдан байғыздың үні естіліп.
Ұйқыда уыздай ұйып,
Ата мал күйіс қайырып саркідір.
Түсіме көкдөнен кіріп,
Кететін кермеден мініп,
Тәтті елестейсің таңғы бір.
Қайран да менің, балалығым-ай, бал ғұмыр!
... Алтайдан күн құлап келеді,
Алтын жал судырап келеді- бабында.
Емгесін төсіңнен нәрді,
Алтайым, есімде мәңгі-
Жанымды орап жалынға.
Тәңір сыйлаған тақ төбемде Күн барында!
Таң бозымен
Қырмызы күн жолынан нұр алаулап,
Таң көбесі сөгілді ырауандап.
Тобылғының басынан қотырторғай,
Құйрығымен отырды шуақ аулап.
Неше күндей шөлдетіп, сағындыртып,
Ақ жаңбырын кеше өткен Тәңір бүркіп.
Апам ұйтқан айранның беті құсап,
Қоңыр жота жонымен сағым кілкіп.
Таңғы шықпен көк майса зер түктеніп,
Бөрте жусан шуаққа елтіп, бөгіп.
Таң бозымен шалғысын шыңап алған,
Арбакеш шал барады қолтыққа еніп.
Құлдыраңдап жөнеді тау бұлағы,
Бөгетсіздей сезініп алдын әлі.
Енесінің ізімен елпең қаққан,
Құла құлын сүрлеуді шаң қылады.
Табын өре бастады кедір дөңмен,
Жайылымға жоңышқа, тобылғы өнген.
Ақберлі шың тұманын сейілтпеді,
Алатаңның көбесі сөгілгенмен.
Таңның тыңдап тұр едім тылсым әнін,
Ақтөс күшік сен неге қыңсыладың?
...Қыр басындағы апамның моласынан,
Маған қарай асырды Күн шуағын!
Тарбағатай
Бозталың бүршік жарғанда бозбала ақындай,
Қусақтың күйін жататын боз дала тыңдай.
Қоңырлап самал ескенде қоңырқай кеште,
Қонжық жон қоңыр жоталар қозғалатындай.
Аюлысайдың ну тоғай жынысы-ай қалың,
Аққайран өзен-тасыған күміс айраның.
Алланың ісі- деймін де басымды иемін,
Алманың иісі аңқыған ұры сайларың.
Бидайлы бөктер масаты -пүліш аймағым,
(Жұдырықтай құс, қарашы тілі сайрауын.)
Шаң жуытпастан шыңыңды сүртіп жүретін,
Асқарыңдағы ақ бұлтпен туыс ойларым.
Көгеріп беткей біткенде- көктемде атырап,
Баба тау күйін жамбастап шерткен жатып ап.
Керемет қандай- кереге қанатын керген
Қыран шәулі жүр ұясын көктен бақылап!
Көшкен бұлтпенен көрінген құзы сыңар боп,
Көктеді ме екен өткеннің сыры шынар боп.
Сайларды қуып беремін, сүрлеуге түсіп,
Қытайға асқан бабамның ізі шығар деп!
Заманың жетті сорыңа бағың алмасқан,
Іздесем әрбір тасыңнан табылар дастан.
Мойыл мұңыма батам да, телмірем саған,
Суырлы тауым, сырыңа қаныға алмастан.
Қарағаштарың қаз-қатар жол үсті емініп,
Тамылжып тамыз жеткенде жеміс төгіліп.
Табиғатыңның табынам ғажайыбына,
Танытып пенде пейілден періште қылық.
Шалқығанменен төсіңде шайыр-ақының,
Мақтауға сені жетпейді қайыра тілім.
Апам айтатын сен бе едің, сол –Тарбағатай,
Төрт түлік түгіл адамы жайылатұғын?!
Abai.kz