Жұма, 22 Қараша 2024
Қаза 10642 0 пікір 26 Ақпан, 2016 сағат 12:32

ӘЙГІЛІ КОМПОЗИТОР, ӘНШІ ТҰРСЫНҒАЗЫ РАХИМОВ ДҮНИЕ САЛДЫ

Қазақ өнері мен мәдениеті орны толмас ауыр қазаға душар болды. Әйгілі композитор, әнші, ұстаз Тұрсынғазы Рахимов 65 жасқа қараған шағында дүние салды.

Тұрсынғазы Рахимов - қазақ аспанын әнмен биіктеткен тау тұлға. Әр қазақ баласының жүрегінде ойнап тұратын бір ән болса, ол - Тұрсынғазы Рахимов әндері. Оның әндері өмірдің әр кезеңінің терең философиясы, қат-қабат болмысын нәзік иірімдермен ашқан әр жүректегі ән сандық. Өлмейтін өнер тудыру әркімнің маңдайына жазылып, бағына бұйырмаған десек, Тұрсынғазы Рахимов сол өлмейтін өнер иесі. Өмір есігін әнмен ашып, аз күн жалғанда бар қазақты ән бесігінде тербеп, сол әнмен, аяулы жүрегі ән салған бойда мәңгілікке кетті. Аспан мен жердің арасында әуелеген ән қалды. Жетім қалған жоқ. Барша қазақтың күмбірлеген кеудесінің төрінде тұр. Әнге айналған Тұрсынғазы Рахимов мәңгілік жасай бермек.

Алаштың аяулы тұлғасының қазасына орай, отбасына, туған-туысына, дос-жаранына, өнердегі шәкірттері мен аға-бауырларына және миллиондаған тыңдармандарына қайғырып, көңіл айтамыз.

Алла иман байлығын беріп, пейіште нұры шалқысын!

Бақұл болыңыз, Тұрсынғазы аға!

Abai.kz

Ұлықбек Есдәулет

Қош

«Қазағым-ай!..» дегенде 
көкірегің
қарс айрылып, қабаржып от реңің,
құлын даусың Құдайға жеткенменен
қайдан ұғам - саңырау, соқыр едім?!.

Әнің көкте
тұп-тұнық, таза, сырлы,
(айырбастай алмайды жез асылды...)
Қайран боздақ, қазаңды естігенде, 
құлағы естіп, еліңнің көзі ашылды!..

«Қазағым-ай!..» - 
арызың бақұлдасқан,
арман кетті-ау ішіңде оқылмастан...
«жердегілер ұқпаса маған кел» деп,
бәлкім, сені өзіне шақырды аспан?

аспандағы аққудан ән үйреніп,
ұшып кеттің қайтадан «сәби болып»...
қолындағы қазақтың қыраны едің,
қолдан шығып кеткен соң зар иледік...

 

Тұрсынғазы Рахимов 1951 жылы 15 қазанда дүниеге келген. Алматыдағы эстрадалық-цирк колледжін бітірді. 1994 жылы «Сәби болғым келеді» деген атпен әндер жинағы шықты. «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл», «Сәби болғым келеді» секілді әндерді жазған композитордың барлығы жүзге тарта әні бар. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері. Республикалық деңгейдегі бірталай өнер байқауларының лауреаты.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279