Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 6005 0 пікір 25 Ақпан, 2016 сағат 09:01

ҚҰРМАШ ЫБЫШЕВ: "ӨНЕРДЕ ЖОЛЫМ БОЛҒАН АДАММЫН"

 

Қазір не көп, «заманына қарай әнші» және т.б. болған, өнерді пайда табудың құралына айналдырған халтурщиктер көп. Тележәшікті де, сахнаны да солар жаулап алды. Шәлдірік әншіден, әңгүдік әзілкештен халық шаршады. Шоу-бизнес деген дәуге керегі осы – халтурщиктер. Белгілі жазушы, мәдениеттанушы марқұм Таласбек Әсемқұлов ағам айтқандай, «ол жұлдызды, талантты қолдан жасайды. Сол жұлдызды аямастан жұмысқа жегіп, аямай қанап, ақша табады. Мұндай бизнеске қарсы тұру – өте қиын». Алайда өнер өлкесінің нағыз хас таланттарын халық бәрібір біледі. Барынша қадірлейді. Себебі олар ұлттық өнерімізді тап-таза қалпында көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп келеді. Сондай хас таланттардың бірегейі, Арқаның арқалы әншісі, өрелі өнерпазы – Құрмаш Ыбышев.

20 ақпанда Құрмаш ағам ердің жасына жетті. Мерейтойымен құттықтап, ғаламтор арқылы сыр-сұхбатқа шақырдым. Қарапайымдылығынан қайтпай, бірден бас тартты. Қолқалап қоймаған соң, өзі аз сөйлеп, көп іс тындыратын, әр сөзіне зор жауапкершілікпен қарайтын қалпымен әр сұрағыма бір-бір сөйлемнен жауап қайырыпты. Осылайша мөлтек сұхбаттың жаңа формасы дүниеге келді. Мұны басқаша «Қаз-қалпындағы сұхбат» немесе «Жедел сыр-сұхбат» деуге де болады. Қысқасы, ғаламтор арқылы жасаған мөлтек сұхбатымның ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты. Ұлық оқырмандарға қызықты болар деген ниетпен жариялап отырмын.

Әкем өз заманының серісі болған

- Құрмаш аға, қазақтың небір текті тұлғалары, жақсы-жайсаңдары туғанқазақ Қарқаралы топырағында дүние келіпсіз. Әнші болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба? Неше жасыңыздан бастап ән орындадыңыз?

- Бала кезден әнші болам деген арманым болған жоқ. 7-8 сыныптардан бастап домбырамен ән айта бастадым.

- «Мені қаршадайымнан өнерге баулыған анам» депсіз бір сұхбатыңызда. Асқар таудай әкеңіз бен мөлдір бұлақтай анаңыз өмірде қандай адамдар болған еді?

- Әкем Сапан өмірден ерте өткен. Ол кезде мен 4 жастамын. Ол кісі өз заманының серісі болған адам. Әнші палуан болған. Бізді анамыз Айкен тәрбиелеп өсірді. Сол Анамның арқасында осындай дәрежеге жеттік. Анам бүкіл туған-туыстарына, ауылдастарына өте қадірлі жан болды. Еңбек озаты, өз ісінің майталманы. Шынын айтсам, бізді бала күнімізден өнерге баулыған анамыз.

- Арманға толы жастық шағыңызда Қарағандыдағы киелі өнер шаңырағы – Тәттімбет атындағы музыка колледжінде оқыдыңыз. Ол дәуреніңіз бір бөлек әңгіме. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте еңбек еткеніңізге 15 жылға жуықтапты. Өзіңізді «Өнерде жолым болған адаммын» деп санайсыз ба?

- Иә. Өнерде жолым болған адаммын...

- «Шалқар» радиосынан сіздің дауысыңызды әрегідік тыңдап тұрамыз. Радио және телеэфирлерге неге жиі шықпайсыз? Үлкен сахналардан төбе көрсетпеуіңіздің сыры тек провинциялық қалада тұратыныңыздан ба? Әлде мұның басқа бір себебі бар ма?

- Шынымды айтсам, оның сыры мен себебіне үңілмеппін.

- Егер жаңылмасам, Сіз 2005 жылы республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы байқауда 2-ші орынды, 2007 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы ән-додасында 1-ші орынды жеңіп алдыңыз. Бұрын: «Мына әнші Жүсекеңнің байқауының лауреаты» деп құрметтейтін еді. Бүгін неге ондай құрмет жоқ? Әлде әнші-өнертанушы Ерлан Төлеутай айтқандай, «қазақ әніне тобырлық музыканың вирусы» түсіп, жабайы эстрада дәстүрлі ән өнерінің «өңешін» бітеп тастады ма?

- Мен Ерлан Төлеутайдың пікірімен толық келісемін.

 - «Қазақ әнінің патшасы» (Е. Төлеутай), Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов ағамыз «түлкі заманда, тазы тірлікке» көшкен шәлдірік-бәлдірік әншісымақтардың халық әндерін эстрадаға салып, бүлдіріп жүргенін талай айтты. Осыған тыйым салу үшін не істеу керек? Ойыңызды білуге бола ма?

- Бүлдіріп жүргендері де бар, жақсы оранжировка жасап орындап жүрген әншілер де бар.

 

Біздің қоғамда көзбояушылық көп

- Сіз классикалық әншілік пен эстраданы да қатар алып жүрген әншісіз. Мұның сырын білуге бола ма? Эстрадалық әнді көбінесе жанды дауыспен орындайсыз ба, әлде, фонограммамен бе? Фонограммаға заңды түрде тыйым салу керек дегенге қалай қарайсыз? Себебі қазір сахнаға өзінен бұрын «фонограммасы» шығып кететін әншілер көбейді.

 - Біздің «Жас дәурен» деген отбасылық-эстрадалық ансамбліміз болған. Сол ансамбльде ағам, екі қарындасым, ініммен бірлесіп, 7-8 жылдай өнер көрсеттік. Әскер қатарында да эстрадалық ансамбльдің мүшесі болдым. Сондықтан маған эстраданың жаттығы жоқ. Бұның сыры осында ма деймін. Ал эстрадамен әнді тек жанды дауыста ғана орындаймын. Әрине, фонограммаға заңды түрде тыйым салу керек. Әйтпесе, біздің қоғамды көзбояушылық көп.

- Репертуарыңызда қазір қанша ән бар? Оны қаншалықты жаңа әндермен толықтырасыз?

- Репертуарымдағы әндерді санамаппын. Әр кезде жаңа әндермен толықтырып отырамын.

- Өнерпаз ретінде Сізді не мазалайды?

- Мені біздің қоғамдағы біраз мәселе мазалайды. Соның ішінде ең бастысы ұлттық мүддеміз. Ұлттық мүдде деген ұғымның аясы өте кең. Мысалы, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап, бізге аманат етіп қалдырған өлмес өнерімізді кіршіксіз қалпында жас ұрпаққа жеткізсек деймін. Жаһандану заманында ұлттық болмысымыздан, салт-дәстүрімізден айрылып қалмасақ деп ойлаймын.

 

Бас жүлделерді «беріп» қойыпты

- Мына әңгімені бір жолы қонақта болғанымда Қайрат Байбосынов ағамның өз аузынан естіп едіп: «Бір жолы қазақтың әйгілі композиторы Әбілахат Еспаевтың әндеріне арналған кеш өтті. Сол кеш туралы жазуға әлдебір газеттен келген тілші қыз: «Әбілахат ағаймен сұхбаттасайын деп едім, ол кісіні қайдан табуға болады?» демесі бар ма. Оның бұл сөзіне не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Сол жерде азаматтардың бірі: «Ол кісіні Кеңсай зиратынан табасыз» деп мырс етті». Шыны керек, өнер тақырыбына жазуға тыраштанған әріптестеріміздің кейбірінің қырсыз қылығына қарының ашатыны рас. Жуырда концертіңіздің алдында сізбен сұхбаттасуға келген «Арқа ақшамы» газетінің тілшісі біраз нәрсені былықтырғанын естідік. Соның ақ-қарасын өзіңіздің аузыңыздан естісек... Арзан сенсация іздеп, нені және қалай бұрмалағанын ашық айтып берсеңіз?

- Е-е-е... Тілші- қарындастың шалалығы шығар, маған 50 жасыма сыйлық ретінде біраз республикалық байқаулардың Бас жүлдесін «беріп» қойыпты (күліп алды). Таң қалғаным, менің айтпаған сөзімді өзі қосып, «аузыма» салған. Сұхбаттың тақырыбын да біртүрлі қойыпты. Сауатсыздығы сол шығар, туған күнімді де «25 ақпан» деп дұрыс жазбаған. Дұрысы – 20 ақпан. Негізінде мен республикалық байқаулардан бас жүлде алған емеспін. 2005 жылы М. Бәпиұлы атындағы республикалық байқауда 2-ші, 2007 жылы Жүсекеңнің байқауында 1-ші орын алдым. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмас» дейді ғой. Әлі жас қой, ондай кемшіліктер бола береді. Бірақ кейінірек өзі арнайы хабарласып, кешірім сұрады.

- Өнерде де, өмірде де асығы алшысынан түскен бақытты жанның бірісіз. Олай дейтініміз, ошағыңыздың отын лаулатып отырған жан жарыңыз Роза Орынқұлқызы да өнер адамы, балаларыңыз да өнерден құралақан емес. Әншілік қасиетіңіз қай балаңызға дарыған?

- Аллаға шүкір. Құдай қосқан жарым Роза екеуіміз Алланың берген балаларың өсіріп, тәрбиелеп жатырмыз. Қайсысының өнер жолыңа түсетінін өмір көрсетеді.

- Әнсүйер әлеумет 25 ақпанда Қарағандыдағы Кеншілердің мәдениет сарайында өтетін «Әуелетіп ән салса...» атты шығармашылық кешіңіз туралы білгісі келеді.

- Мен үлкен сахнаға шықпағалы біраз уақыт болды. 50-ге келгенімді сылтауратып, елге бір концерт бергім келді.

- Олай болса, барлық істеріңізге Алла жар болсын! Жасыңыз 100-ге жетсін!

 

Өмірдерек

(Құрмаш ағамның өзі жазып берген өмірбаяны)

1966 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Темірші ауылында туған.

Әкем – Ыбышұлы Сапан, шешем – Ыбыш келіні Айкен. Отбасымда 5 қыз, 2 ұл өстік. Әкеміз 29 жасында дүниеден өтті. Анамыздың тәрбиесінде өстік. Өнерге баулыған да анамыз. 1983 жылы орта мектеп бітіріп, Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыка колледжіне оқуға түстім. 1985-1987 жылдары Мәскеу қаласында әскери міндетімді өтедім. 2001 жылдан бері Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісімін. Қатысқан байқауларым: 2005 жылы М. Бәпиұлы атындағы байқау – 2-ші орын, 2007 жылы Ж. Елебеков байқауы – 1-ші орын.

Жарым: Ыбышева Роза Орынқұлқызы. Балаларым: Дидар Ыбышев, Әсел Құрмашқызы, Әлия Құрмашқызы, Мұхтар Құрмашұлы. 

Мөлтек сыр-сұхбатты жазған Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана қаласы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3227
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5286