Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 5132 0 пікір 20 Шілде, 2016 сағат 14:03

АЛМАТЫ БАТЫР ҰЛДАРЫН АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде шілденің 18 күні болған атыс кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерін ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қоштасу рәсіміне «Abai.kz» тілшісі де барып келді.

Шетін оқиға кезінде шейіт болған сақшылар – зейнеттегі полиция подполковнигі Нұриманов Ғани Айтбайұлы мен полиция қызметкері, старшина Аян Ғалиевті Алматы жұрты ақтық сапарға шығарып салды.

Марқұмдармен қоштасуға Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, қалалық ІІД басшылары мен ІІМ өкілдері, Алмалы, Алатау, Түрксіб аудандарының әкімдері және саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері де қатысты.

Таңғы 09:00-ден бастап Баулан Шолақ спорт кешенінің алдына жиналған жұрттың қарасы мол болды. Бейбіт күнде қанды қол содырмен айқасып, ел тыныштығы үшін  кеудесін оққа тосқан отандастарына соңғы құрметін көрсетуге келген қала тұрғындарының саны шамамен бірнеше мың адамнан асып жығылды.

Қаралы жиында сөз алған қала әкімі марқұмдардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетілетінін жеткізіп, туыстарына көңіл айтты.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласы әкімі:

- Бейбіт күнде кеуделерін оққа тосып, қаламыздың, еліміздің тыныштығы үшін ақтық демі үзілгенше қанды қол қылмыскермен айқасқан батырларымыздың ерлігі ұмытылмайды. Айналасы 25 минуттың бірнеше жерде атыс жасаған қылмыскер жазасын алады.

Ал 18-күнгі шетін оқиға кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері бүгін жер қойнына тапсырылмақ. Бүгін біз осы жерге бауырларымыз Аян Ғалиев пен Ғани Айтбайұлын ақтық сапарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Аянның артында өрімдей екі баласы қалды. Қылмыскермен атысып, өз кеудесін оққа тосқан полиция қызметкері Аян Ғалиев қанды қол қылмыскерді атыс кезінде ауыр жаралаған еді. Соның арқасында қылмыскер тұтқындалды. Осы оқиғадан соң Мемлекет басшысы марқұм болған полиция қызметкерлерінің отбасына көңіл айтып, қолдан келер көмектің барлығын көрсетуді тапсырды.  

Саян Ғалиев, қаза тапқан полиция қызметкері Аян Ерболғанұлының ағасы:

- Аян сол оқиға кезінде өзінің антына адалдығын көрсетіп, өзі ауыр жараланса да, қылмыскерді құрықтаған екен. Сол күні күзетте болған. Күнделікті жұмысқа барып жүргендей, ертеңгісін үйден шығып кеткен еді. Атыс басталғанда ол күзетте тұрыпты. Кейін жаңағы қылмыскер Аянға оқ атқан. Сонда Аянның бірнеше жеріне оқ тиіп, құлап бара жатып, қылмыскерге қарсы оқ атыпты. Аянның құлап бара жатып атқан екі оғы тиген екен. Артында әйелі мен шиттей бала-шағасы қалды, шешем қалды. Шешемнің жасы сексеннен асып кеткен. Аянның үлкен қызы 10 жаста, ал кіші ұлы бар болғаны 7 айдан енді асты. Бауырым осы ұлды ұзақ жыл күткен еді, қызығын да көре алмады. Зейнетке шығуына екі-ақ жыл қалып еді...

Балуан Шолақ атындағы спорт кешешінде өткен қаралы жиыннан соң марқұмдар Алматыдағы Кеңсай-2 зиратына жерленді.

Айта кетейік, шілденің 18-күні болған атыс кезінде қаза тапқан тағы үш полиция қызметкерінің мәйіті отбасыларының қалауымен туған жерлеріне жіберілді. Сондай-ақ, бүгін Алматы облысының Панфилов ауданында, Ұзынағаш қаласына қарасты Қарақастек ауылында және Қордай қаласында да марқұмдармен қоштасу рәсімі өтуде.

Ал атыс кезінде ауыр жараланып, ауруханада қайтыс болған тағы бір полицейдің жерлеу рәсімі ертең өтеді.  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5628