Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 16067 0 пікір 20 Шілде, 2016 сағат 08:53

«СӨЗ ТҮЗЕЛДІ, АЙТУШЫ, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ»

Абайдың әрбір сөзі – алтын кірпіш. Бір сөзін дұрыс жазбасақ, айтпасақ сол кірпіштерді шетінен бұза берген боламыз.

Осыған байланысты, көкейде жүрген көп ой бар. Соның бірі – «Сегіз аяқтың» екінші шумағының алтыншы тармағында кездесетін «бәһра» сөзінің дұрыс айтылмай жүруі жайы.

Осы бір ғана «бәһра» сөзі туралы ақын Жақан Сыздықов шамамен 1960 жылдары болуы керек, абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедхановқа арнайы хат жазады.

Бұл сырды 2016 жылы «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры шығарған «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді» атты кітаптан алып отырмыз.

Сол Жақаң хатында:

«Абайдың өлеңдерін бұзып басылуына, кей жерлері мүлдем қате екеніне ызаланатын едім. «Толық жинақ» деп басып, біздің ғалымдарымыз «Қол қойғанына» әсіресе радио арқылы «бәһра» деген сөздің «бәһар» деп ән салатынына ішім удай ашитын» (43-бет), - деп кейістік білдіреді.

Абайдың өзі «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демеуші ме еді?! Бірақ дұрыс қаланып тұрған сөздерді неге бұрмалауға әуеспіз осы? Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы құрастырып шығарған Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағында бұл сөз – «бәһра», басқа жинақтарда да солай, 1995 жылы шыққан соңғы академиялық жинақта да «бәһра». 

Жалпы бұл сөздің мағынасы – «пайда, білімнен үлес алу, ләззәт, ғанибет, үлгі алу» дегенге саяды.

«Бәһар» да «бөтен» сөз емес екендігін айтуға тиіспіз. «Өнеге, үлгі» деген мағынадағы сөз.

Бұл таңсық сөзге А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты шығарған «Қазақ сөздігінің» (Алматы, 2013) 210-бетінде: «Баһра – (ир.) – пайда, олжа, нәтиже», - деп түсінік беріледі. 

Жақан Сыздықов «баһәр» деп ән салып жүргендерге кейіп жүргенде, енді бүгінгі әншілеріміз «бәһира» деп айтатын болды. Бұл қалай? Болмысы бөлек, дауысы ерек әнші Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Сегіз аяқты» тыңдағанда «баһира» деп айтқан сөзін естіп есеңгіреп қалғандай болдық.

Өлең құрылысын тексеру арқылы да бұл сөздің дұрыс-бұрысын анықтауға болады деп ойлаймыз.

«Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін (3) сендей (2) сала алмас (3).

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар (3) бәһра (2) ала алмас (3).

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ».

Қараңыз, мұндағы «бәһра» 2 буынды сөз. Өлең жолы толық оқылғанда 8 буын.

Жалпы, «Сегіз аяқтың» әр шумағының 3-інші және 6-ыншы тармақтары 7 не 8 буынмен бітіп отырады. «Надандар бәһра ала алмас» деген өлең жолы сол 6-ыншы сатыға орналасқан.

Ал «Надандар баһира ала алмас» деп оқысақ та, айтсақ та, өлең жолы 9 буынға созылып кетеді. Бұл Абай айтқан талапқа қайшы.



Бауыржан Берікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636