Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4602 0 пікір 19 Шілде, 2016 сағат 01:57

Қ.ҚАСЫМОВ: АЛМАТЫДА АТЫС ЖАСАҒАН ЖАЛҒЫЗ АДАМ. ОЛ – РУСЛАН КҮЛЕКБАЕВ

Кеше (18 шілде күні түнде) ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мырза Алматыға арнайы келіп, шұғыл брифинг өткізді.  «Abai.kz» порталының контент-рекдакторы Министр мырзамен кездесіп, брифингке қатысты.

Алматы қалалық ІІД ғимаратының жиналыс залында, түнгі сағат 22:30 шамасында басталған брифингте министр мырза   Алматыдағы терактіні жасаған жалғыз адам екенін айтты. Министрмен жедел түрде өткен сұхбатымыз төмендегідей болды.

-Қазір атысты ұйымдастырған қылмыскерлер туралы нақты деректер жоқ. Тек бір ғана азаматтың ұсталғандығы айтылуда. Неге?

- Атыс жасаған азамат біреу ғана және оған көмектесті деген күдікпен тағы бір азамат анықталды. Қазір қылмыскер құрықталды. Ол Қызылорда облысының тумасы, 26 жастағы Руслан  Күлекбаев деген азамат. Бұрын екі мәрте қылмысты болған. Барлығы 2 жыл 11 ай жазасын өтеп шыққан.

-Шетін оқиға қаланың бірнеше нүктесінде болды ғой. Ал осыған дейін БАҚ-та тараған ақпараттарда қылмыскерлер бір нешеу болды емес пе?!

-Жоқ. Айтып отырмын ғой, қылмысты жасаған  жалғыз адам. Ол және бар кінәсін толық мойындады. Күдікті бұл әрекетті қасақана, ішкі істер қызметкерлеріне кегі болғандықтан жасағандығын айтты. Сондай-ақ, екі шабуылдың арасында 24 минут айырмашылық бар. Ал бұл айырмашылық - қылымыс бір мезетте жасалды деген ақпаратты теріске шығарады. Әуелі Алмалы аудандың басқармасына шабуыл жасаған соң, ондағы күзеттегі полицейді өлтіріп, оның қаруын алған. Сосын көшедегі көлікті тоқтатып, ҰҚК-ға барған.

-Атысты жасады деген азаматтың бұрын қылмысты болғанын айттыңыз...

-Иә, солай. Ол аз уақыттың ішінде жазасын өтеп шыққан. Жеке ісінде оның жеке басына қатысты бар мәлімет тіркелген. Қаңтар айында қылмыскер Алматы қаласына келеді. Бірнеше ай жалдамалы пәтерлерде тұрған. Бостандыққа шыққан соң да, қылмыскер заңға қайшы әрекеттер жасаған, қару сатып алған.

-Сонда атыс кезінде жарақат алғандардың нақты саны қанша адам? Нешеуі полиция қызметкері? Бейбіт тұрғындар бар ма?

- Жалпы атыс кезінде 6 адам жарақат алған. Олар полиция қызметкерлері. Тағы үш адам - қала тұрғыны.

-Ал қанша адам қаза тапты?

-Атыс кезінде 5 адам қаза тапқан. Олардың үшеуі полиция қызметкері, бір адам ҰҚК шекара қызметкері және бір қала тұрғыны бар.

-Осыған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың саны сіз көрсеткен деректерден едәуір көп екендігі айтылды ғой...

-Қаза тапқандардың саны 5 адам.

-Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды ма?

-Қазір аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде «Бір немесе бірнеше адамды өлтіру», «Терроризм», «Мемлекеттік нысандарға шабуыл» және «Мемлекеттік қызметкерге шабуыл жасау» секілді баптар бойынша  ҰҚК мен Прокуратура іс қозғады. Алдын ала тергеу амалдары барысында анықталғандай, күдікті Күлекбаев 17-нен 18-не қараған түні азаматша Сыдықованы қаладағы қонақ үйде азаптап өлтірген. Сыдықова Өзбекстан азаматы екен, Алматы қаласында заңға қайшы келетін интимдік қызмет көрсетумен айналысып келген. Бұл қылмысы үшін жауапқа тартылатынын білген соң, Күлекбаев қару кезеніп, бөтен көлікті ұрлап кеткен. Жасаған қылмысы үшін өзінің ауыр жазаланатынын білген Руслан Күлекбаев полицияға шабуыл жасауды жоспарлайды. Және солай жасайды да.

-Аталған оқиға бойынша іс сіздердің қарауларыңызда ғой?

-Құқық қорғау органына шабуыл жасалуына байланысты бұл істі ҰҚК өз бақылауына алды және оның қалалық әкімшілікке еш қатысы жоқ.

-Қазір Күлекбаев қамауда ма?

-Атыс кезінде жарақат алуына байланысты қазір ол ауруханада жатыр.

Сонымен,  Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мырза Алматыға түнде келіп, БАҚ өкілдеріне қылмысты жасаған адамның жалғыз екендігін айтты. Асығыс келген министр, жиналыс залынан да асығыс шығып кетті.

Осыған дейін Алматы қалалық шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасына 8 адамның келіп түскендігін өз көзімізбен көреген едік.

Аталған ауруханаға Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Зәуреш Аманжолова да келгенін көріп, сөзге тартқан болатынбыз.

Зәуреш Аманжолова, Мәжіліс депутаты:

-Қазір мұнда жағдай түсініксіз. Кешіріңіздерші, мен дәрігер емеспін ғой. Қазір 5 бірдей операция залында ота жасалып жатыр. Дәрігерлер босаған соң, сіздерге шығып мәлімдеме жасайды. Менің білетінім сол ғана, операция залдарының барлығы бос емес. Менің өзім қазір бауырымнан айрылып тұрмын...

Түскі сағат 12:30-дан 16:30-ға дейін созылған отадан соң хирургтар баспасөз өкілдерімен сұхбаттасуға уақыт таппады. Ота жасаған хирург дәрігердің бірі бізге, «көбісінен айырылып қалдық. Бізге кеш жеткізді. Өте көп қан жоғалтқан»,-деді (дәрігердің аты-жөні, өзінің өтініші бойынша жасырылды).

Ал аталған аурухананың бас дәрігері деп таныстырған Алмас Болатұлы бізбен телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндігі барын ескертіп, «қазір операциялар аяқталды. Жағдай қалыпты. Мен сіздерге ҰҚК мен ІІМ келіспестен ештеңе айта алмаймын . Себебі, нақты ақпараттар менде жоқ»,-деді.

Ал кешкі сағат 21:00 шамасында қалада қауіптің "қызыл деңгейі" алынып тасталды.

Алдағы уақытта Қасымов мырза өткізген брифингтің бейне нұсқасын сайтымызда жариялайтын боламыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652