БАС ТАҚЫРЫПҚА ҒАНА БАС ҚАТЫРАТЫН МЕШЕУ ЖУРНАЛИСТИКА ПАЙДА БОЛДЫ
Бүгін шулаймыз...
Ертең түк болмағандай ұмытып кетеміз.
Ақтөбедегі теракт болған күні де қара аспанды төндіріп, қара жамылып едік. Ары кетсе бір апта дабырладық та, террористер жайлы мүлдем ұмыттық.
Қазір ұлтымыз бен мемлекетімізге қауіп төндірер проблемалар бір күндік бас тақырыптыққа қана жарайтын, мешел журналистика пайда болды.
Енді екі аптадан кейін Алматыдағы осы оқиға жайлы жан-жақты сараланып, бұл қандықырғынның артында кімдердің тұрғаны, кімдер тұруы мүмкін екені, мұндай жағдайдың алдын қалай алу керектігі жазылсыншы, бүгін шулағанның ешқайсысы ол мақаланы оқымайды.
Өйткені, бұл ланкестік те бір күннің ғана бас тақырыбы. Ертең ұлардай шулап жүріп, тағы бір сұмдық бас тақырып тауып аламыз.
Біздің билікке ойланатын кез баяғыда жеткен. Жалпы ойлана алмайды-ау, солар!
Елді түрлі ағымдардан сақтау үшін нендей қадам жасап жатыр?
Арамызда осыншама көп ланкес "кіріп кеткенін" (өсіп-өнгенін) байқамай қайда қарап отыр?
Қашанғы бейкүнә бейбіт тұрғындар көз жұма береді?
Тараздағы оқиғадан бастасақ, тым тереңге кетіп қаламыз.
Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамассыз ете алмайтын бүгінгі жүйеден шаршадым.
"Бізде қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман" деп көкитін ағайын жауап берсінші...
"Шаңырақ" оқиғасынан бастап, бүгінге дейін қанша қырғын болды? Санасаңыз саусағыңыз жетпейді.
Діні бар, саясаты бар, басқасы бар, әйтеуір бір тынышталған емеспіз...
Осындайда әлемнің 70-80 миллион халқы бар елдермен 17 миллион халқы бар Қазақстанды салыстырмауларыңызды сұраймын!
Бейбіт болсақ екен! Қан төгілмесе екен!
Біздің тілеуіміз осы ғана!
P/S
"Діни бостандықты" желеу етіп, халықты түрлі жолға салып жатқан әр ағымның ісіне мемлекет жауапты. Олардан келіп-кетер қауіпті бағамдай алмағандығы үшін...
Қанат Әбілқайыр
Abai.kz